Воскресенье , 6 июля 2025

Қытайдан қарыз алу – «ТЫШҚАҚ ТЕКЕНІ» құрбандыққа шалу ма?

Қаза­қстан­дық ақпа­рат агент­тік­тері апта басын­да таратқан хабарға қараған­да, ҚР пре­мьер-мини­стрі Кәрім Мәсі­мов ҚХР төраға­сы­мен Бей­жің­де­гі кез­де­су бары­сын­да 23 мил­ли­ард дол­лар келісім­ге қол қой­ған екен.

Еске салай­ық, науры­здың 27-сі күні Қытай төраға­сы Си Цзин­пин мыр­за Қаза­қстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның пре­мьер-мини­стрі Кәрім Мәсі­мо­вты қабыл­даған бола­тын. Ресми ақпа­рат көз­дері таратқан құрғақ ақпа­рат бой­ын­ша, атал­мыш кез­де­су­лер бары­сын­да екі ел ара­сын­дағы қарым-қаты­на­стар­дың бүгіні мен келе­ше­гі тура­лы сөз етілген.

Деген­мен, қаза­қстан­ды­қтар үшін маңы­здысы – біз­ге беріл­мек-мыс 23 мил­ли­ард дол­лар­дың қызы­ғы болып тұр. «Бүгін қол қой­ы­лған жаңа келісім біздің ел үшін «жақ­сы старт» болып табы­ла­ды», – деген екен Кәрім Мәсі­мов Қытай төраға­сы­мен кез­де­су­ден кей­ін. Қаза­қстан­ның бір жыл­дық бюд­жетіне жетеға­был бұл қыру­ар қар­жы елі­міздің темір өнер­кәсібі, мұнай өңдеу, су энер­ге­ти­ка­сы және авто­мо­биль өндірісі сала­ла­ры­на жұмсалмақ.

Мәсі­мо­втің мәлім­де­месіне зер сал­сақ, «Қаза­қстан өз кезе­гін­де Қытай­ға шикі­зат, тау­ар, табиғи газ, уран руда­ла­рын және мұнай өнім­дерін экс­порт­тай­ды». Бұл ара­да біз тау­ар­дан басқа­сын соңғы 15 жыл көле­мін­де онсыз да есе­леп экс­порт­тап жатқа­ны­мыз жал­пақ жұр­тқа мәлім.

Бұл «23 мил­ли­ард­тың» тағы бір басты қызы­ғы – мұн­дай орас­ан зор сома саудаға түс­кен келісім­ге ел пре­зи­ден­ті Нұр­сұл­тан Назар­ба­ев емес, неге пре­мьер-министр қол қой­ды? Әдет­те «елге инве­сти­ция әке­летін» басты тұлға бұл жолы неге тағы бір мақта­ну­дың ретін жіберіп алды? Бұл ара­да «сай­лау науқа­ны­нан шыға алма­дым» деген сыл­тау сөз бол­ма­са керек: тағы да «бес минут­сыз» пре­зи­дент болай­ын деп тұрған елба­сы­ға мына тұрған Қытай­ға, оның үстіне ғала­мат сома­ны «алып қай­туға» бір күнін қию – сар­саң сапар болар ма еді?

Осы сұрақтар­дың аста­рын­да күлбіл­те­лен­ген күдік көп. Бірін­ші­ден, құны 23 мил­ли­ар­дқа баға­ланған бұл келісім­де Қытай тара­пы­нан Қаза­қстан­ды кіріп­тар­лы­ққа мәж­бүр ететін шарт қой­ы­луы мүм­кін. Ал ондай лаж­сызды­ққа қазақ билі­гі қар­жы дағ­да­ры­сы­нан құты­лу мақ­са­ты­мен мой­ын ұсы­нуы ықти­мал. Сол себеп­ті бола­шақтың қарғы­сы­на қал­мау ама­лы­мен Нұр­сұл­тан Назар­ба­ев Мәсі­мо­вті «өрт­ке лақты­рған» сыңай­лы. Егер сол кіріп­тар­лық өзінің пре­зи­дент­тік дәуірін­де қылқын­ды­рар бол­са, Кәрім-ака­ны «тышқақ теке» қыла салады.

Екін­ші­ден, қаза­қстан­дық билік­тің алдағы өтпе­лі тран­зит­тік кезеңін­де тақ басы­на Мәсі­мо­вті мұра­гер ету үшін, оны да ел алдын­да «инве­сти­ция әке­ле ала­тын» бас­шы ретін­де көр­се­тудің ама­лы жаса­лу­да деген жора­мал­дың реті бар. Оның үстіне Назар­ба­ев өзінің досы әрі ұста­зы Ли Куан Юдың жана­за­сы­на қаты­сып қай­туға Мәсі­мо­вті жұм­са­уы да тегін емес сияқты. «Мұра­гер­лік» қисы­н­мен қарай­тын бол­сақ, бүгін­гі – пре­мьер, ертең­гі – пре­зи­дент Мәсі­мо­вті «жара­тып алу­дың» осын­дай әдісін есеп­тен шыға­руға болмайды.

Қалай десек те, бұл «23 мил­ли­ард­тың» мех­на­ты әзір­ге біз үшін жұм­бақ бола­ры – нақ нұсқа. Оның үстіне бұдан бұры­нғы Қытай­мен жасасқан жал­пы жиы­ны 20 мил­лард­тық мөл­шер­де­гі келісім-шар­ттар­ды есеп­ке алсақ, қаза­қтың батар қары­зы қыру­ар бола­тын түрі бар.

Деген­мен, дәт­ке қуат болар­лық үшін­ші бір жора­мал­дың жолы бол­са игі деген дүдә­мәл үміт­ке алданғың келеді. Ол – Қытай­мен осын­дай орас­ан зор келісім жаса­су арқы­лы Ресей­ге сес көр­се­тудің ама­лы. «Біз сені­мен одақ­тас­пай-ақ күні­мізді көре ала­мыз!» деудің әлпе­тін осы­лай сезді­ру – сая­сат деген құдірет­тің қитұрқы қисабы.

Бұлай болған жағ­дай­да, әлбет­те, Путин пат­ша­ны пұшай­ман қыл­май, Назар­ба­ев­тың «ақша әке­лу­ге» бар­маға­ны да дұрыс. Ертең­гі күні сол «23 мил­ли­ард» күн­шу­ақта еріп кетер мұзға қашалған жазу ғана бол­са, тағы да пәлені жаба салар «тышқақ теке» дай­ын тұр: келісім­ге кел­ген Кәрім еді дей салу қиын емес.

Шама­сы, осы келісім­нің көлең­кесін­де көке­міздің көп­век­тор­лы осы қулы­ғы жат­са, біз дәл осы жолы оның ойын құп көретін шығар­мыз… Басқа­дай бол­са, басы­мыз – оры­стың орма­нын­да, сирақ-бұты­мыз – қалың қытай­дың қол­ты­ғын­да қалғаны.

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн