ҚЫЗЫЛ ШЫРША («Мен – жындымын» романынан үзінді)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №10-11 (375) от 16 марта 2017 г.

 

Уақыт уыты


 

Шіркін, біздің елдегі адамға деген қамқорлық әлемнің ешбір елінде, тіпті супер деп мақтайтын Америкаңда да жоқ шығар-ау! Ұлы болсын, ұры болсын, әркімнің бойындағы талант, қабілетін барынша жарқыратып ашуына толық мүмкіндік жасалған. Қандай дін ұстанам, немен айналысам десең де – өз еркің. Партиялар, қозғалыстар, орталықтар… қаншама! Гейлерге дейін өз клубы бар. Жезөкшелердің де алаңсыз, емін-еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Құмарлық отына өртенгің келсе, «Саинға» бар да, күйек майын төлеп, ағы-қарасы, семізі-арығы… қайсысы керек, кез келген сылқымды шекесінен шертіп әкете бер. Құлдарға да «Сейфуллин» деген ең ұзын көшені беріп қойған.

 

Енді жындыларға да қоғамның мүшесі ғой деп қамқорлық танытып, Лондондағы сияқты Гайд-парк ашыпты деген хабарды естігенде, қуанғанымнан жыртық қалпағымды аспанға атып едім, зәулім теректің төбесінде «аттандап» плакат іліп жүрген әлемдегі ең демократ, күрескер қажының басына киіліп қап, түспей қойды. Гайд-паркті «Бетпақдала» кинотеатрының артындағы саябақта ашыпты. Бұрын қаланың ең көрнекті жерінде айдыны асқақтап тұратын лениндер, маркстер, революционерлер мен қызыл командирлер… аядай гүлзардың бұрыш-бұрышынан жетім баладай сығалайды.

Айтпақшы, Лондондағы Гайд-парк он алтыншы ғасырда Ричард-ХІV король тұсында қалыптасқан. Ақыл-ойы қоғамның рамкасына сыймайтын қияс мінез жындылар наразылықтарын осында келіп білдіретін болған. Кесілген ағаштың түбіріне шығып ал да, сайрай бер. Не айтсаң да, ешкім аузыңнан қақпайды, корольді балағаттасаң да мейлің. Тек сөзіңді түбірдің үстінде тұрып айтуың керек. Түбірден түсіп айтсаң – жазаланасың. Сол дәстүр Англияда әлі жалғасып келеді-дүр.

Біздің ел әлемнің ең үздік отыздығына ұмтылып отыр ғой, әлбәттә, неге солардан үлгі алмасқа. Мұнда да солай. Тек түбірдің орнына (ағылшындар сияқты варвар емеспіз ғой, ағаш кесуді табиғатқа жасалған зұлымдық деп) қос табаның сиярдай қызыл шаршы сызылған. Шаршының ішіне тұрып ал да, ішегіңнің қырындысына дейін қопарып, бар запыраныңды ақтар. Жемір-жегіштерден бастап, нән-нән көкелерге дейін не ойлайсың – жалтақтамай ұра бер. Шаршының сыртында тұрғандар бірдеңе деп қоярмыз деп, өздеріне сенбей ме – ауыздарын скочпен шаптап алады. Жындының сөзіне жыны қозатындар көп емес пе, айналайын үкімет біздің қауіпсіздігімізді ойлайды ғой, біздің сөзімізге біреулер шыдай алмай кетіп, тиісе ме, әлде өзді-өзі төбелесіп жүрер дей ме екен – полицияны қаптатып қояды, штат киіміндегі сыз қабақ жігіттер одан да көп. Бір жындыға жүз адамнан келетін шығар. Осыншама «қорғаушың» тұрғанда, неден жасқанасың?

Жындылардың ішінде де небір бұлбұлдар бар-ау, айызыңды қандырып сайрағанда, риза болғаннан шапалақты ұра-ұра қызыл-ала жауыр боп қалады алақаның. Мен де олардан қалыспаймын. Тіпті талайлардан бәсім басым түсіп жататын сияқты.

Алаңның әр тұсындағы қызыл шаршыда сөйлеп жатқан шешендер бір-бірімен іштей бақталас. Жындылар да сөз таниды. Қай шешеннің сөзі дәмді, өзек тілер уытты, өткір болса, солай қарай тобымен төңкеріле салады. Сөзімнің дәм-татуын алдымдағы жұрттың қарасы мен шапалақтың шартылынан аңғарамын. Ел қолпаштаған сайын еліріп, арқам қозып кетеді. Кинодағы Ленин бабамыз сияқты қолымды үсті-үстіне сермеп қойып, сағаттар бойы қызылсөзді қызыл желдей сапыруға бармын. Жазылғанымен ешқайда жарияланбаған романдарымдағы ой-тұжырымдарымды, күнделікті тұрмыстың көз шұқыған көріністерін, ең ақырында әнеукүнгі есек мініп, қыр басында қалған баланың көкірек шеріне дейін айтамын. Жынды деген әсершіл халық қой: «Рас, рас. Бір қатесі жоқ, өмір дәп осындай!» деп айғайға басады жан-жақтан.

Біздің сөзіміздің салмағын өлшеп, сарапқа салып отыратын арнайы ұйымдар бар екен. Жиналған адамның саны мен олардың көрсеткен қошемет-ілтифатына қарап бағалайтын болса керек. Мен рейтинг бойынша алғашқы ондыққа кіріппін. «Жындылардың танымал қайраткері» деген халықаралық сертификат берді. Оһ, өңкей жындылар жиналып, сол күні «Жұлдыз» ресторанында айды аспанға бір шығардық қой!

 

Қара күздің ақырына қарай Лос-Анджелесте өтетін жындылардың дүниежүзілік конкурсына аттандық. Сапар алдында жындылардың түп атасы Қожанәсір Әпендім мен Алдар Көсе бабаларымыздың аруағына бағыштап, аймүйізді ақсарбас қошқар сойып, Түркістандағы соқыр абыздан бата алдық. Шетімізден алтындаған сертификаты бар үкілеген жындылармыз. Білегімізді сыбанып, «кәне, қандай мықты болса да, әуселесін көрелік!» деп арқамызды жын буып күркірегенде, қаңтарда жараған үлектей, аузымыздан ақ көбік атқылайды. Күміс қанат «Боингпен» жарты күн ұштық. Иллюминатордан қарасаң, төмендегі көк дүлей телегеймен көк аспан тұтасып, шексіздікке сіңіп бара жатқандайсың.

Лос-Анджелес бір беткейін тау қоршаған, түні мақпалдай қоңыр-барқын, күндіз күн жарқырап тұрса да, аптабы жоқ, жанға жайлы, шуақты шаһар екен. Адамдары ізетті, ашық-жарқын, күлімдеген жанарларындағы жайдары жұмсақ ұшқыннан бұлтты күннің өзі жаймашуақтанып жадырап кететіндей. Мұнда тұнжыраған, тымырайған біреуді көрмейсің. Танымаса да, бәрі саған жымиып, жылы жүзбен қарайды. Адам бойындағы осынау ізгілік қыспағы жоқ еркіндік пен өмірге деген ризашылықтан тамыр тартса керек. Жадыраған жүздерден азат рухтың лебі есіп тұрғандай.

Біздегідей емес, мұнда жындылар қадірлі екен. Олардың өзіндік пікірімен санасып, қоғамның толық құқылы мүшесі ретінде құрметтейді екен. Жындылар конкурсы мұнда ұлан-асыр шоу, ұлттық мейрам сияқты. Қала әсем безендірілген. Көшенің көрнекті жерлеріне қазақшалағанда: «Жындылардың халықаралық конкурсына қатысушыларға жалынды сәлем!», «Хош келдіңдер, қардаштар!» деген сияқты плакат-билбордтар ілінген. Кәрі Батыс пен Американың сорпа беті жайсаңдары мен қасқалары түгелге жуық осында: лордтар, сенаторлар, принцтер, Голливудтың рок-жұлдыздары, экс-президенттер, Рокфеллер мен Морган әулеттері… газеттен оқитын, экраннан көретін «тірі тарихтың» ортасында жүргендейсің.

Алғашқы күні шаһар мэрі меймандардың құрметіне ресми қабылдау жасады. Әр елден келген делегацияны таныстырғанда, залдағы жұрт сол ел туралы білетін мәліметтерін айғайлап айтып, қошемет білдіріп отырды. Қырғыздардың аты аталғанда: «О, Айтматов… Тюльпан – революция!.. Отунбаева!..» – деп, ду қол шапалақтады.

Өзбек делегациясы орнынан тұрғанда: «Обсерватория!.. Тюбетейка!.. Андижан!..» деген сөздер әр жерден шашырай шығып, солғындау алақан соғылды.

Бізді қалай қарсы алар екен деп, жүрегім дүрсілдеп қобалжып тұр едім, айналайын елімнің абыройы асқақ екен – мың жасағыр азаматтарымыз әлемге танытудай-ақ танытқан екен ғой! Біздің атымыз аталғанда, түгел болмаса да, залдың жартысы қопарыла ұшып тұрған шығар-ау. «О, гут, гут, Казахстан!.. Бешбармак!.. Саммит!.. Форум!.. Той!.. Сый-кәде!.. «Казахгейт»!.. Подарка!!!» – деп, ұзақ овация жасап, тұрып алды. Көңілім толқып, көзіме жас үйірілді. Әйелім егіз тауып, алғаш рет әке атанғанда да, дәл бұлай толқымаған шығармын. Әсіресе «Подарка! Подарка!!!» деп жамырай қышқырып-қышқырып жібергенде, сай-сүйегім езіліп, тебіреніп кеттім. Халқымның сый-сыяпаты, даласындай шет-шегі жоқ дархан пейілі жарты әлемді жаулап алған екен ғой! Бәсе, табанының астына миллион шашсаң да, ешкімді көзіне ілмейтін мен-мен принц, сенатор, саркозилар, тониларға дейін иіліп-бүгіліп, отыз тісінің ағын көрсетіп, астанашыл болып алған жоқ па?! Шаттанғаным сондай: «Вива, Қазақстан!» деп, орнымнан секіріп-секіріп кеткенімде, төбем көкке жетпесе де, көне король залының үш метрлік күмбезіне тақ ете түсті.

 

Ең кереметі – көппен бірге мұнда Борат көкем де жүр екен. Нұрлы бейнесі мың адамның арасынан менмұндалап, көзіме оттай басылды. Серейген кісі ғой – қара мұрты қопсып, дөңгеленген қауға шашы түркіменнің сең-сең бөрігіндей, жұрттың төбесінде қалықтап жүр. Шидиген жүн-жүн қисық сирағын қара санына дейін көрсетіп, Американың ала туынан шорт-дамбал киіп алыпты. Бізді көре сала:

– О-о, қазақтарым, қардаштарым!.. – деп, қазақша судай сылдырап, құшағын жая ұмтылды. Қатты сағынған екен, әрқайсымызды кеудесіне басқанда, басқаларды қайдам, тынысым бітіп, жүрегінің лап-лап алауынан бір минут қорғасындай балқып тұрдым өзім.

Борат ағамның Абыралыда тұратын шешесі сол ауылдағы ең кәрі әйел еді. Былтыр отыз жеті жасында офат болған иманы саламат болғыр марқұм. Көрген жерде көңіл айт деген емес пе, қайғысына ортақтастығымды білдіріп, «арты қайырлы болсын» айтып едім:

– Өзім де топырақ сала алмадым! – деп еңкілдеп жылап жіберді. Қазақстан туралы төрт жүз сексен сериялы фильм түсіріп, қолы босамапты. – Уақыт қымбат қой. Өлген кемпірді бәрібір тірілте алмаймын. Одан да жан-тәніммен еңбек етіп, отанымның даңқын әлемге паш етейін дедім. Асай-мүсейі әзір екен, әрқайсымызды бейнетаспаға түсіріп, интервью алды. Басқалардан не сұрағанын білмеймін, маған бірнеше сұрақ қойды:

– Қазіргі қазақ қоғамының дамуы мен моральдік бет-бейнесін айқындайтын басты кредоны бір сөзбен қалай тұжырымдар едіңіз?

– Ақша – бәрі!

– Сонда сіздерде бәрін сатып алуға бола ма?

– Әлбәттә. Біз нарықтық экономика заңдылықтарымен өмір сүреміз ғой. Сондықтан бәрі нарықтық рельске қойылған. Нан, колбаса, арақ, ректор, министр, депутаттықтың … өз нарқы бар. Базардағы тауар сияқты ақысына келіс те, кез келген лауазымды ала бер. Бізде жиырмадағы балалар әкім, сексендегі шалдар депутат бола береді.

– Ал қылмыс жасаса ше?

– Бізде байлар қылмыс жасамайды. Өйткені осы жасыма дейін сотталған байларды көргемін жоқ. Біз демократияның ұлы принциптерін бұлжытпай сақтайтын елміз ғой. Тек сол шекті арам аяғымен аттағандар ғана аяусыз жазаланады. Мың-миллион көк қағаздың бетіне қарамай, ондайларды Лондон, Париж түгіл, жердің тесігіне кіріп кетсе де, іздеп тауып, сазайын береміз!

– Хош, жауаптарыңыз көп нәрсеге көзімізді ашып тастады. Аз жыл ішінде базар экономикасын ұңғыл-шұңғылына дейін меңгеріп, елдеріңіздің осыншалық табысқа жеткеніне тәнті боп отырмын. Рокфеллер, Морган, Мюллер, тағы басқа миллиардерлер Америкада үш жүз жылда әзер қалыптасса, сіздерде үш-төрт жылдың ішінде-ақ қаншама миллиардерлер шықты. Бұл деген ғажап жетістік, әлемдік практикадағы сирек құбылыс!

– Рахмет! Осындай сөзді естігенде, мақтаныштан көзімнен жас шығып кетеді!.. Кешіріңіз!.. Хым-хым… (бырқ еткізіп кір-кір орамалыма бір сіңбіріп алдым). Бәрі біздегі дана басшылықтың арқасы ғой!

– Тағы бір сұрақ: Совет Одағы құлаған кезде сіздердің елдің ең соңында азаттық алғандарыңызды әлем біледі. Оның себебі не деп ойлайсыз?

– Дұрысы – біз алған жоқпыз, бізге берді. Орыстың еркөңіл патшасы: «Алсаң да аласың, алмасаң да аласың, мә!» – деп, еріксіз қолымызға ұстатқан. Шынтуайтында, бізге еркіндік керек емес. Осыдан үш жүз жыл бұрын біздің дана хандарымыз бен сұлтандарымыз: «Мүбәдә, бұ қазақ деген жамағатлы басқару жүдә, қой баққаннан да қиын екен-дүр, одан да сырбаздың етін сылқытып жеп, сары қымызды сапырып ішіп, ақордада ақ тоқалдарды алаңсыз құшып, саба қарыныңды сипап жатқанға не жетсін, шорту, біз шаршадық, бодан болып ғұзырыңызға жығылайық-дүр!» деп Руссияның қатын падишағына ант беріп, екі тізгін, бір шылбырды қолына ұстатқан болатын. Көреген бабалар бірдеңе біледі ғой, шіркін, одан һеш жамандақ көрген жоқпыз: бұрын қатқан құрт пен көгерген ірімшікті қытыр-қытыр қаужаңдаушы едік – аппақ бөлкеге аузымыз жетті; қыста дірдек қағып киіз үйде отырмай, там соғатын болдық. Тегін оқыдық, тегін емделдік. Ескінің кертартпа сарқыншақтарынан арылдық. Пайдалануға жарамсыз, икемсіз болғандықтан, қазақ тілі де сол күресінге лақтырылған қоқыстың ішінде кетті. Оған дұрыс тіл жасай алмаған ата-бабамызды кінәламасақ, кімге өкпе артамыз?

 

Міне, тәуелсіздікті қолақпандай ғып ширек ғасыр бойы салақтатып ұстап жүргенде не пайда көрдік? Сол баяғыша руссша гәпірамыз. Тыңдайтын әніміз, көретін қызық-шыжығымыз – бәрі орыстікі. Ақыры не істерімізді білмей жүргенде, ұлық ақынымыз, Кремль мен Ақорданың ақылман абызы Алжекең ( Шумер дәуірінен арғыдағы тауарих қойнауынан мың жыл бойы «Мың бір сөзді» іздеп жүріп, динозаврлардың бірінің мишығынан тауып алған даналығы болса керек): «Абсолюттік азаттық – қауіпті!» деп данышпандық тұжырым айтқан соң, өз миларымен ештеңе ойлай білмейтін шенеуниктер шошып кетіп, Астанаға келген Жолдекеңе: «Осы бір бостандығы құрғырды жиырма бес жыл түйенің көтеніндей босқа салаңдатып ұстап жүрміз, бізге жүдә керегі жоқ нәсте екен-дүр, сіз ала салыңызшы, алдияр!» – деп, пәдәрить ете салғанбыз.

– Тым қымбат пәдәркі сыйлапсыздар!

– Қымбат мейманның қолайын табу – ата дәстүріміз. Ондайда ештеңенің бетіне қарамаймыз ғой.

– Ғажап жомарттық екен… Жалпы, қазақтың ешкімге ұқсамайтын ұлттық ерекшелігі не?

– Көнбістік!

– Бұл деген «зұлымдыққа қарсыласпау» философиясымен үндес жатқан ұғым ғой. Толстой да осы идеяға бой ұрған.

– Толстой дүниенің оқу-тоқуын тауысып барып әрең жетсе, біздің бабаларымыз қойын құрттап жүріп-ақ ол даналықты меңгеріп алған! Тіпті Толстой сондай даналыққа жетем деп, жынданып кеткен жоқ па?! Біздің шалдар жынданған жоқ. Өмірлік ұстанымдарына лайықтап, небір тамаша мәтелдер шығарған: «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз», «Бөксеңнен тепсе, бетіңді төсе», «Көппен көрген ұлы той», «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Артық қайрат – жанға қас», «Тек жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің»… деп, өмірдің талай тар қыспағынан аман өтіп келеді. Жерін өрт шалып, елін жау шапса да, «әй, менің үйім өртеніп жатқан жоқ, маған тиісіп жатқан ешкім жоқ, бір бұйыртқаны болар, пешенеге жазғанды көрерміз» деп сабырын сақтап, маңғаз қалпынан мызғымайды. Қандай естілік! Көптен, күштіден қорыққан, көндіккен ғана аман қалады емес пе?! Ана Қап тауында чешен деген қызу қанды, жұлымыр халық бар. Өмір бойы орыспен алысып келеді. Аюға шапқан абадан сияқты. Көпке не істейді, қырылады да қалады. Әр елу жыл сайын болатын қасаптың кесірінен саны миллионға жетіп көрген емес. Ал біз ше? Байсалдымыз, сабырлымыз, соның арқасында, сонау ашаршылықта жартымыздан көбіміз қырылып қалса да, шүкір, міне, он миллионнан асып, шаршымызға толып отырмыз шалқып. Көршіміз қырғыз бен өзбек те тынышсыз, дыз етпе, шақар. Қоңқай қырғыздар иттің арты тырқ етсе, Алаңға атып шығып, қатынын қуған бақырауық жаман еркекше, президенттерін артынан бір теуіп, елден айдап шығады. Масқара-ай, төрт президентін ауыстырды. Жаман әдет – жұқпалы дерт, оларға еліктеген өзбектер де Ислам окаларына доқ танытып еді, Андижанда «мә, синга анаңди!..» деп окаларды қырды да салды. Қаңғып, міне, қазақтың тамын соғып, палауын басып жүр. Ал дана қазақ ақырын жүріп, анық басады. «Оу, алашым, әдәшім, көп отырып қалдым-ау осы, менен шаршаған жоқсыңдар ма? Телевизорға қарасам, қартайып қалған сияқтымын!» деп, ширек ғасырдан бері қайта-қайта сұрап пысықтаған басшымызға «О не дегенің, садағаң кетейін, сенсіз күніміз не болмақ, отыра бер. Қартайдым дегенді айтпа, телевизор түскірі қисайтып теріс көрсете береді!» деп, жыл өткен сайын үдетіп, дауысын тоқсан жеті проценттен де асырып беріп келеді. Тек жүзге жеткізе алмай келе жатқанымыз аздап көңілге қаяу түсіреді. Біздей бақытты жұрт қай жерде бар екен. Ешқандай уайымымыз жоқ. Бешбармақ асаймыз да – би билейміз; бауырсақ жейміз де – ән саламыз… Күнде думан, күнде той. Шат-шадыман қызыққа күле-күле екі езуіміз ырсиып құлағымызға жетті. Сенбесеңіз – телевизорларыңызды тамашалап көріңіз. Екі көргеннен кейін есіңіз шығып ентелеп ішіне түсіп кетпесеңіз, маған келіңіз. Кейде бақыттан жалығатынымыз соншалық, жоқшылық, кедейлікті өтірік ойлап тауып, қайыршы, бомж болып қоқыс ақтарамыз, жарықсыз, сусыз қаусаған үйлерде тұрамыз. Осындай стресс те керек қой. Шыли баршылық, тоқшылық та помайды жүдә, аздырып жібереді. Абайдың өзі солай деген жоқ па: «Тамағы тоқтық, \Жұмысы жоқтық\ Аздырар адам баласын!» О кісі айтса, тегін айтпайды ғой.

– Дұрыс, шынында да, адамзат үлгі тұтарлық асыл қасиет екен. Сіздің әңгімеңізден көп жайға қанық болдым. Бұйыртса, Қазақстан туралы тағы бір тамаша фильмнің сюжетін көріп отырғандаймын!..

Борат көкем әлемдік танымал тұлға ғой. Оның назарына іліккен нәрсенің ешқайсысы елеусіз қалған емес, дүниенің төрт бұрышын дүрілдетіп, сенсация туғызып жатады. Бүгін бізге айрықша ықылас танытқанына анталаған сырт көз қызыға да, қызғана да қарады.

(Жалғасы бар)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн