Зәуреш БАТТАЛОВА: НАЗАРБАЕВТЫҢ «СОҢҒЫ АҚҚУ ӘНІ» елге өзгеріс әкеледі деп ойамаймын

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №14 (285) от 09 апреля 2015 г.

 

ДАТ!

 

Шын мәнінде балама үміткерсіз өтіп жатқан президенттік сайлауға барып, дауыс беру-бермеу мәселесі – биліктің саясаты сарсаңға түсірген қазақты алаңдатып отырған жәйт. Алдын ала «жеңімпазы» белгіленіп қойған саяси науқан төңірегінде өз ойын ашық айта алатын азаматтар да жоқтың қасы. Ел іші биліктің қорасынан «жем жеп», айтқанына көніп, айдауында жүретін зиялы қауымның жарамсақ пікірінен әбден жалыққан. Осы ретте қалың қазақтың құлағына өткір ойын жеткізген қоғам қайраткері, экс-сенатор Зәуреш БАТТАЛОВАНЫҢ ашық әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

  • Зәуреш ханым, сонымен нәтижесі алдын ала белгілі сайлауда дауыс беруге сіз барасыз ба?

– Сайлау бюллетенінде «бәріне қарсы дауыс беремін» деген тармақ болса, сайлауға баратын едім. Биылғы мерзімінен бұрын өтіп жатқан науқанға қатысушы үш үміткерді де қолдамаймын. Үшеудің бірі – президент Назарбаев сайлану үшін емес, өзінің өкілеттілігін созуға әрекеттенсе, екеуі сол «жасанды» сайлауды заңдастыру үшін қатысқалы отырған «қуыршақ» үміткерлер екені белгілі. Сондықтан дауыс берудің қажеті жоқ деп санаймын. Кейбір адамдар «дауысың ұрланады» деген уәж айтады, Тәуелсіздіктің 24 жылында билік өз дегенін істеп бағуда, дауыс санау, сайлаудың қорытындысында қандай пайыздық мөлшерді жариялау – солардың еркіндегі шешімге айналғандықтан, әдеттегі «ұрлықтан» қауіптену қажет емес. Сайлауға барсаң да, бармасаң да, Назарбаевтың 95 пайыздан астам дауыс «алатыны» алдын ала белгіленіп қойған.

 

– Ал өзіңіздің жақтастарыңызға, жалпы сайлаудан үміті үзілген қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз: бұл сайлауда халықтың кімге дауыс бергені дұрыс?

– Әрбір сайлаушы кімге дауыс беретінін өзі шешуі тиіс. Негізгі мәселе – кімге дауыс берумен шектелмеуі тиіс, керісінше, не үшін дауыс беруім керек деген мәселені пайымдауы керек. Қазақстан азаматтарының әлеуметтік-тұрмыс жағдайы, тұрғын үй мәселесі, елді жайлаған жұмыссыздықтың дұрыс шешілуі үшін дауыс беруге баруы керек.

Білім беру, денсаулық сақтау саласы халыққа тегін қызмет етуі үшін дауыс берілуі тиіс. Ал мерзімінен бұрын өткізу әдетке айналған қойылымда кімге «дауыс беру» керектігі белгілі болғандықтан, сайлауға бармай-ақ, нәтижесі қалай болатынын біліп отырмыз. Ширек ғасырдың ішінде қазақстандықтар әлеуметтік саланың ешқандай жақсылығын көрген жоқ. Көргені – жердің астындағы-үстіндегі байлық талан-таражға түсіп, оның қызығы елді билеген алпауыттарға бұйырды. Өндіріс ошақтары жабылды, отандық бизнес тұралап қалды, «жаңа» президент алдағы бес жылдың ішінде халықты осы тауқыметтен құтқарып қалады дегенге кім сенеді? Ширек ғасырға жуық уәдеден ел тұрғындары әбден жалықты.

 

– Дұрыс айтасыз: біздің газет те бұл сайлаудың нәтижесінен бұрын, сайлаудан кейін не болады деген тақырыпты көбірек қаужап жүр. Себебі Назарбаев кезекті мерзімге өзінің президенттік құзырын созып алары бес енеден белгілі жәйт. Ендеше, егер кезекті бес жыл – оның соңғы перзиденттік мерзімі деп есепке алсақ, ол өзінен кейінгі өтпелі транзиттік кезеңге дайындалуы тиіс қой. Сіз қалай ойлайсыз?

– Өкінішке қарай, бүгінгі билікке, президентке деген сенімім жоғалды. Өйткені мемлекеттің дамуы үшін, халықтың жағдайын жасау үшін, қандай жолмен жүретін бағыттар әлі күнге белгісіз. Неге дерсіз? Себебі сол – мақсат айқын, бағыт белгілі болса, мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, әлекке түспес едік. Сайлаудан кейінгі бес жылда елді жаңаша өзгерістер күтіп тұрған жоқ: сол баяғы қалыппен билік бір жақта, халық бір жақта күн кешетін сыңайлымыз.

Егер президент Назарбаев елдің жағдайына бір сәт мойын бұрып, шын жүрегімен ойлайтын болса, Украинада болған жағдайдың кейпін киіп қалмас үшін, өзінен кейін билік басына келетін тұлғаға қатысты демократиялық үрдістерді бүгінгі күні заңдасдастыруы керек. Өтпелі кезеңдегі президентке, «тақ мұрагеріне» қатысты ел ішінде алып-қашпа әңгімелер жиі айтылып жүр. Өз басым транзиттік президентке де, тақ мұрагерлігіне де қарсымын: демократиялық сайлау арқылы Қазақстан азаматтары сенім артқан тұлға билік басына келгені дұрыс деп санаймын. Президент Назарбаев елін, жерін сүйемін десе, халқының болашағы үшін «2050» деген қияли межеден гөрі, демократиялық даму жолындағы қадамы бүгіннен бастап өз қолымен жасап кеткені дұрыс болар еді. Себебі оның өмірі де шексіз емес екені белгілі.

 

– Сонда осы бес жыл ішінде Назарбаев елде конституциялық реформа жасамайды деп ойлайсыз ба?

– Тәуелсіздік жылдарындағы «жүргізілген» реформалардың санынан жаңылысатын шығармыз. Тағы де кезекті бір реформа жарияланатынына да күмән жоқ. Біз осы реформалардың нәтижесі қандай болды, халықтың еңсесін көтеретіндей өзгеріс болуы мүмкін бе деген сұрақтың жауабын талап ете аламыз ба? Әрине, жоқ! Өйткені ширек ғасыр уақытта шешілмеген қыруар тірлік Назарбаевтың «соңғы рет айтар аққу әнімен» іске аса қояды дегенге сенбеймін. Себебі – конституциялық реформа жасалуы мүмкін деген ниетті де, мысқалдай нышанды да көріп тұрған жоқпын.

 

– Кейбір билік тарапының саясаттанушылары бұл сайлау Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ жағдайындағы позициясын нығайту үшін қажет деген пікір айтады. Ол уәжге ден қойсақ, Ресейдің Украинадағы әрекетінен кейін қалыптасқан геосаяси әлемде билік басында әккі саясаткер Назарбаевтың өзі қалуы керек екен. Сіз осы пікірді билік саясат технологтарының алдарқатуы деп ойламайсыз ба?

– Отанын, елін сүйген басшы өзінің билігін ғана нығайту үшін әрекет жасамайды, керісінше, мемлекетінің мүддесін үстем етуге бар күшін жұмсайды деп санаймын. Мезгілінен бұрын сайлау өткізіп, биліктегі құзіретін созып алу – Назарбаевтың өзіне ғана пайдалы мәселе. Бір адамың тағдыры, жеке ұстанымы, дара билігі үшін бүкіл ел, мемлекет құрбандыққа шалынбауы керек.

 

– Жекелеген саясаткерлердің пікіріне қарағанда, алдағы бес жылдың ішінде Назарбаев сырт елдерге кетуге мәжбүр еткен саясаткерлер Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Төлен Тоқтасынов және басқаларды елге қайтаруға қам жасауы мүмкін бе?

– Егер президент осындай қадамға баратын болса, онда елге демократиялық қағидаларды енгізіп кетуге әрекет жасап жатыр деп, қуана қабылдар едім. Әрі осы қадамын ел-жұрт та қолдар еді. Қазақстанның болашағына үлес қосуға қабілеті бар азаматтарды елге қайтаруы керек. Саяси ұстанымы, саяси көзқарасы үшін, саяси қарсылас болғаны үшін өз елінен, өз жерінен безіндіріп жіберу – ақсақал жасына жеткен адам үшін үлкен күнә. Сондықтан Назарбаев шетте жүрген білімі мен білігі мықты азаматтарды елі үшін қызмет етуге шақыртса, елдің алдындағы беделі біршама көтерілер еді.

 

– Қазіргі депутаттар корпусы жөнінде «қалтадағы парламент» деген атау тұрақты тіркеске айналып кеткенін білесіз. Бұл парламент президенттің «нотариалдық кеңсесіне» айналды деген сөз тағы бар. Атқарушы биліктен түсетін заң жобаларына байланысты қарсы пікір айта алмайтын депутаттар ел ішінде «иә» мырзалар» аталып жүргені тағы мәлім. Арғысын айтпайық, соңғы бес жылда өзінің азаматтық ұстанымы үшін парламентті тастап кеткен бірде-бір депутат болмағанын бүкіл халық біледі. Осының барлығы парламентте отырған бір қора азамат үшін ұят жағдай екенін сіз қалай бағамдайсыз?

– Жеке тұлғаға қатысты пікір айтудан аулақпын, ал парламент тұрғысынан келгенде, Қазақстан мемлекеті өзін демократиялық елміз деп санайтын болса, Конституцияның үшінші бабында биліктің үш тармағын атап көрсеткен: заң, сот, атқарушы билік тең өкілеттілікпен қоғамға, халыққа қызмет етуі керек. Бірақ Ата заңда жазылған норма, іс жүзінде іске аспай жатады: 1995 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша, парламенттің өкілеттілігінің басым бөлігі президентке берілген. Мен парламентті президенттің «құқықтық бөлімі» деп атаушы едім, ал сіз айтқандай «нотариалдық кеңсе» деген атау да дұрыс екен. Парламенттің шешім қабылдайтын нақты өкілеттілігі болмағандықтан, олар ел азаматтарының мүддесін қорғай алмай отыр.

Парламент халықтың мәселесін қорғай алмайтыны былай тұрсын, өзінің өкілеттілігін кеңейтуге де әлі жоқ. Өйткені басым бөлігі билік партиясынан жасақталғандықтан, биліктің уысынан шыға алмайтын депутаттың парламентті тастап кетуге дәрмені қайдан болсын? Халықтың қалауымен сайланбаған, билік партиясының ырқымен тағайындалған депутаттың сес көрсете алуы бүгінгі таңда адам сенбейтін жәйт емес пе? Олар үшін «ұят» деген ұғымның ауылы алыс қалған. Салық төлеушілердің арқасында күн көріп отырған депутаттардың біресе президенттің Жолдауын насихаттауға, біресе президенттік сайлау науқанында әнші-күйші, бишілермен бірге «үгіт пойызына» отырып, ел аралағанын қалай түсінуге болады? Сол депутаттарды көргенде, көз алдыңа көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі елестейді.

 

– Соңғы кездері Кәрім Мәсімовтің жария, ашық саясаттан жалтарып жүруінде, үкіметте атқарып жатқан жұмыстарына байланысты жақ ашпауында не гәп бар болуы мүмкін?

– Биліктегі саяси лауазымды тұлға бастама көтеріп, белсенділік танытса, қуғынға ұшырайтыны немесе түрмеден бір-ақ шығатыны – елдің жаңа тарихынан белгілі жәйт. Сондықтан Мәсімовтың үнсіз отыруын түсінуге болады. Оның үстіне Мәсімов бір сөзінде: «Мен президенттің көмекшісімін, көмекшісі болып қала беремін» дегенін еске алсақ, көмекшіден не қайыр, не үміт?!

 

– Дегенмен, Мәсімовтің үкімет басына қайтып келуінен және әсіресе оның соңғы Қытай сапарынан кейін, бүгінгі премьерді тақ үміткері ретінде сынға салу, ысылдыру, тәжірибеден өткізу науқаны басталған жоқ па?

– Біздің елде бәрі мүмкін. Биліктің саяси технологтары таққа үміткер болады-мыс деген бірнеше шенеуніктің атын атайды – Мәсімов те солардың бірі. Содан соң, ел-жұрт қалай қабылдайды екен деп, құлақтарын түреді. Бірақ табиғат байлығы ұшан-теңіз мемлекеттің үкімет басшысы Қытайдан қарыз сұрап, қайыршының кейпіне түскеніне ел азаматтары наразы екенін олар ескеріп жатқан жоқ. Ал өз басым Мәсімов мемлекетті басқаруға лайық тұлға деп айта алмаймын.

 

– Өзіңіздің бүгінгі қоғамдық қызметіңіздің бағыт-бағдары жөнінде не айтасыз?

– Қазақстандағы саяси өзгеріс тек қана бір адамның шешіміне тәуелді. Саяси шешімнің салдары қоғамдық қозғалыстар мен бірлестіктерге кедергі болатынын да атап өткім келеді. Демократиялық дамуға үлес қосуға, адам құқы мен бостандығына қатысты мәселелерді қолға алған ұйымдар қуғынға түсуде немесе жабылып тынады. Баспана, тұрғын үй мәселелерімен айналысқан қоғамдық ұйымның дауысы билікке жетпейді. Қоғамдағы саяси күрес саяси қуғынға ұласты.

Сондықтан ел азаматтарының кез келген мәселе бойынша экономикалық, әлеуметтік құқын қорғау үшін заңды кеңес беру ісімен айналысамын. Конституцияның 33-бабында Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттің басқару ісіне араласуға құқы бар екендігі жазылған. Билік халықты азаматтық, саяси құқығына шек қойып отырғандықтан, әлеуметтік құқын талап ете алмайды. Сондықтан ел азаматтарына қолдау көрсету жұмысын мойныма алдым.

 

– Зәуреш ханым, өзіңіз айтып отырған азаматтардың бір тобы әлеуметтік желіде, ғаламторда сіздің президенттік сайлауға түсуіңіз жөнінде ұсыныстар айтты. Бірақ ол ұсынысты қабыл көрмеуіңізді қалай түсіндірер едіңіз?

– Ең алдымен, сайлауға түсуіме ниеттес болған азаматтарға рахмет айтамын! Екіншіден, «президенттікке үміткер» болдым деген атақты мақтан тұту үшін сайлауға түсудің қажеті қанша? Сондай-ақ билікпен текетіресіп, саяси ұпай жинаймын деп, сайлауға барудың қажеті жоқ: мен ондай популизмнен аулақ адаммын. Президенттікке үміткердің басты мақсаты – ел азаматтарының сеніміне ие болып, сол сенім үшін сайлауға қатысу болуы тиіс. Елі сенген үміткер билікке де қасқая қарсы тұра алады. Кейбір азаматтар билікті сынау мүмкіндігі туған кезде сайлау алаңын пайдалануыңыз керек еді деген ұсынысты да айтты. Мен осы билікті сайлауға қатыспай-ақ сынаудан ешуақытта жалыққан емеспін. Бұл орайдағы нақты ұсыныстарым «ДАТ»-тың бетінде үнемі жарияланады, тіпті менің өткір айтқан сынымды басатын жалғыз басылым – осы ғана.

Ал шынын айтқанда, қазақстандық демократиялық қауымдастықтың бүгінгі билікке қарсы тұра алатындай күші де, мүмкіндігі де шектеулі. Оның себебі де елге мәлім: тәуелсіздіктің жиырма төрт жылының ішінде билік саяси алаңда көш бастап жүрген, азаматтық ұстанымына берік азаматтарды қуғынға түсіріп, абақтыға қамап, кейбірін атып өлтірді. Биліктің қысымымен осындай саяси мәжбүрсіздік қалыптасқан шақта, бұл сайлауға лигитимді рең беріп, оған қатысудың қажеті қанша?!

Дегенмен, маған ұсыныс айтқан «Фейсбук» қауымдастығын бүкіл қоғаммен салыстыруға келмейді. Желі арқылы ой айтқан 100-ге толар-толмас адамды бүкіл Қазақстан халқының пікірі деп қабылдау – алдамшы жағдай. Осыны түйсінбей, далбалақтап жүрген саясаткер-сымақтарға таңым бар…

Сайлау алдында сауалнама жүргізген агенттіктер президент қандай адам болуы керек деген сұрақ қоюдың орнына кімнің президент болуы керектігін, тіпті бүгінгі президентті қолдауымыз керек деп, алдын ала елдің аузына сөз салып берді. Осындай сайлауға үміткер ретінде қатысу – саяси көрсоқырлықтың белгісі деп білем.

 

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн