Заттыбек КӨПБОСЫНҰЛЫ: Биылғы «Жыл таңдауы» атанбасам да, ЕЛ ТАҢДАУЫ БОЛЫП ЖҮРМІН

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №44 (361) от 01 декабря 2016 г.

Бейсенбідегі бетпе-бет


Өнер жолын қарапайым ауыл ұстазының қызметінен бастаған, бүгінгі елге ең танымал әншілердің бірі Заттыбек Көпбосынұлы жуықта Алматының Республика сарайында шығармашылық есебі тұрғысында концерт берді. Сол концерттің қызуы қайтпай тұрып, біз тыңдарман құрметіне бөленген Заттыбек мырзаны сұхбатқа шақырған едік.

– Заттыбек мырза, бұған дейін сізді шәкірт тәрбиелеуге кетті деп жұрт шулаған еді. Сөйтсек, күні кеше ғана Алматыда дүркіретіп концертіңізді өткіздіңіз: бұл концерт шоу-бизнестің жобасы болды ма, жоқ әлде басқадай мақсаты бар ма еді?

– Бұл сұраққа тарқата жауап берер болсам, өнерге келмей тұрып, 1995 жылдан бастап, Бәйдібек ауданы «Шалдар» балалар саз мектебінде мұғалімдік қызметте болғанмын. Осылай бірнеше жерде 2007 жылға дейін ұстаз болып келдім. Шымкент қаласындағы №2 балалар музыка мектебінде домбыра пәнінен сабақ бердім. Бұдан кейін киелі сахнаға бет бұрғалы бері шәкірт тәрбиелеген емеспін. Тіптен қазіргі кезде қайтадан ұстаз болуға деген құлқым да жоқ.

Дегенмен, алда не боларын уақыт көрсете жатар. Өнерде артымнан ілесуші інілерім болды. Өз тәжірибеммен бөлісіп, оларға біраз уақытқа дейін ағалық қамқорлығымды көрсетіп жүрдім. Содан не тындырдым, не қойдым деген оймен есеп беру мақсатында жеке шығармашылық концерт беруге бел будым. Бұл – сонша жылғы еңбегіміздің есебі. Сондықтан бұл концертті бизнестің жобасы деуге болмайды. Себебі үлкен деңгейде мұндай концерттерді жыл сайын беру оңай емес. Оның шығыны мен төгілген тері қайтарым береді деуге келмейді.

– Жалпы, білетіндердің айтуына қарағанда, сіздің кез келген концертіңізге жұмсалған шығын ақталып қана қоймайды, үстінен түсер пайдасы да мол көрінеді. Ал кейбір әншілер Алматыдағы Республика сарайында концерт өткізу – қып-қызыл шығын дейді…

– Біз халыққа есеп беру концертін пайда көру үшін өткізбейміз. Керісінше, шығармашылық кешін беруге үлкен қаржы жұмсаймыз. Қалтаңа түсетін ақшаны емес, ең бастысы – елге әдемі кеш сыйлау керек деген мақсатты ойлаймыз. Керек десеңіз, концертті сапалы өткізуге қосымша қаржы жұмсауға тура келеді. Сондықтан өз басым есеп беру концертін ешқашан пайда табу үшін өткізген емеспін.

– Бір кездері әншілікпен бірге продюсерлікті де қолға алған едіңіз: ол кәсіптің бет алысы қалай болып жатыр?

– Продюсер болу − үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мен бұған дейін де продюсер болған емеспін. Тек өз шығармашылығымды нығайту мақсатында ғана өз-өзіме продюсер бола аламын. Жоспарымда шығармашылық кешімді кәдімгі вокалды-аспаптар ансамбльдерінің сүйемелдеуімен өткізу ойымда болатын. Соны жүзеге асыру үшін өзіме продюсер бола білдім.

Эстрадаға келген алғашқы жылдардан бастап, өзімнің әндерімді аспаптарда сүйемелдейтін ұжым құруды армандаған едім. Көрші Ресейде үлкен музыкалық ұжымның сүйемелімен өтіп жататын концерттерді көргенде, ерекше рахат сезімге бөленіп, рухани ләззат аласың. Осы нәрсе неге біздің қолдан келмеске?

Осыдан бірнеше жыл бұрын жоспарға алған осындай ойымды жүзеге асыра алдым. Жеке жоба ашып, оған продюсер болу үшін, бірінші кезекте сол салада өзіңді сынап көруің керек. Себебі бұл кәсіпке дайын емес едім. Ал үлкен музыкалық ұжымның басын біріктіру – үлкен шаруа. Оның үстіне қазіргі дағдарыстың қысылтаяң шағында ондай ұжымды алып жүру өте қиын.

Содан не керек, «Нұр-Дастан» тобындағы жігіттердің ауызбіршілігінің және өнерге деген үлкен махаббаттарының арқасында ол ұжыммен екі жылдай жұмыс істедім. Бірақ, әрине, ұжым болған соң, ауыс-түйіс пен барыс-келіс болып тұрады. Бұл топтың уақытша көрінбей жүргені де сол. Алайда түбегейлі тарап кетті деп айтуға әлі ертерек. Ішіндегі кейбір жігіттер басқа қалаға қоныс аударды. Соған байланысты құрамында өзгерістер болды. Алдағы уақытта сахнаға шығып та қалатын шығар.

– Бір кездері сіз «Той королі» деген атқа ие болып едіңіз: Заттыбексіз той өтпейтін. Енді ол атақты Қайрат Нұртас пен Төреғали Төрәлі сияқты ізбасар жастар иемденіп кеткен жоқ па?

– Өнерге қандай да бір жаңа тұлға келіп жатса, оның өз аудиториясы біртіндеп қалыптасады. Ал тыңдармандар аудиториясының қалыптасуы талғамнан туады. Сондықтан маған дейін сахнада жүрген бірде-бір әншінің талғампаз тыңдарманы ешуақытта жоғалған емес.

Сол сияқты өнерге енді ғана аяқ басқан жастардың да өз тыңдармандары табылады. Эстрада сахнасына келген жастар «менің орнымды алып қойды» дегендей көреалмаушылық, қызғаныш деген секілді сезім менде мүлдем жоқ. Мұндайға бас ауыртатын уақытым және жоқ. Сол себепті қай өнерпаз болсын, бір орнында тұрып қалмай, ары қарай өзін шыңдай түсер болса, ол өз орнын ешкімге бермейді.

Таланттың арқасында танымалдылыққа жету – ол Алланың адамға берген үлкен сыйы. Және оған талмай еңбектенудің арқасында ғана жете аласың. Тек халықтың өзіңе деген ықыласын абыроймен ұстап тұра білу керек.

– Жақында бір топ әншілерге «Жыл таңдауы-2016» жүлдесі тапсырылды, бірақ марапат иелері арасында сіздің есіміңіздің болмағанына өкініш білдірген бір тыңдарман жанкүйеріңіз инста-парақшаңызға бұл жүлдеге Заттыбек те лайық еді деп жазған екен. Өзіңіз қалай ойлайсыз?

– «Жыл таңдауы» атанбасақ та, ел таңдауы болып жүрудің өзі мен үшін үлкен абырой. Жұрттың қоңыр үнімді іздеп, шығармашылығыма көңіл бөлуінен асқан құрмет жоқ деп ойлаймын. Ал «Жыл таңдауы» – «Қазақстан» ұлттық арнасының жобасы. Оны жалпы халықтың таңдауы деуге болмайды. Оның үстіне елімізде осындай жыл таңдауы атағына лайық өнерпаздар аз емес. Солардың көпшілігін ол жобадан көре алмадым. Бұл біреуге кінә артқаным емес. Не болмаса, «мен неге өтпей қалдым» деген ой да жоқ менде. Ең бастысы – халықтың сүйіктісіне айналған және таңдауында жүрген өнерпаз ұлдардың бірімін. Бұдан асқан қандай таңдау қажет?!

– Кезінде біздің «ДАТ» газеті: «Шымкенттік тойларды өзбектің мақамынан тазартқан Заттыбек пен Ержан Серікбаев сияқты таза қазақи әншілер» деп жазған еді. Солай бола тұрса да, біздің көптеген әншілер мен композиторлар дутардың дауысы араласқан өзбек сарыны басым әндерге неге ынтық деп ойлайсыз? Бұл той әндеріне деген сұраныстың ғана белгісі ме, жоқ әлде қазақ эстрадасы жанр дағдарысына тап болды ма?

– Өнер – ұлтқа, тілге бөлінбейді деп жатамыз. Кейде өзге ұлттардың да әуенін, белгілі бір саз сарынын, әлдебір аспаптың үнін ұнатып қалатынымыз бар. Сол тұрғыдан алып қарағанда, өзбектің ашық үні − шығыстық стильдің сарыны. Дутардың дауысы араласқан өзбек сарыны – шығыстық стильге тән үндесетін дыбыстар. Соны музыкалық өңдеуге ара-тұра қолданып жатса, ол ешбір әбестік болмас деп ойлаймын.

Негізі қазақ әр тойы мен қуанышында өз ұлтының әнін салып, биіне билеп жатса, құптарлық және қуанарлық жағдай деп түсіну керек. Ұлт мұрасына адалдық деген осы болса керек. Ал «ДАТ»-тың еңбегімді бағалағанына ерекше ілтипат білдіремін.

– Тек орындаушылық талантыңызбен ғана емес, азаматтығыңызбен де жұртты өзіңізге тәнті қылдыңыз. Зәулім үйіңіздің қасындағы дүкеніңізді ауылдастарыңызға намазхана ретінде сыйға беріпсіз. Басқалары секілді өнер мектебі немесе ән жазу студиясы емес, неліктен намазханаға айналдырғыңыз келді екен?

– Жаратқанға деген сенімім зор болғандықтан, ол дүкенді намазханаға айналдырдым. Бұл ишарам осы күніме, жеткен жетістігім мен жағдайыма шүкіршілік еткенімнің белгісі. Алла бойыма өнер дарытты. Сол арқылы жақсы жетістіктерге жеткізді. Басыма бақ, отбасыма береке берді. Аллаға деген ризашылығымды осындай игі іс-әрекетім арқылы жеткізгім келді. Жалпы, әрбір мұсылман Аллаға деген құлшылығын жасап, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. сүннеттерін орындап, мүмкіндігінше дұрыс бағытта жүруі керек деп ойлаймын. Сол намазханаға келген адамдар сәждеге басын тигізіп жатса, жастар дін туралы дұрыс дәріс алса, өте керемет болар еді.

– Сонымен, кезекті концерт қойылды. Ендігі мақсат, шығармашылық өріс, ізденіс қалай болмақ?

– Айтпақшы, сол концертімді «Екі ғасыр, бір ғұмыр» деп атаған едім. Неге бұлай қойды деп ойланған адамға түсінікті болар. Біз барлығымыз екі ғасырдың тоғысында бір ғұмырды кешіп жатқан адамдармыз. Дүниеге XX ғасырда келсем, XXI ғасырда өнерім елмен ұштасты. Шығармашылығымның өсуіне осы жиырма бірінші ғасырдың үлкен үлесі бар.

Шүкіршілік, концертім абыроймен өтті. Оған бірнеше музыкалық ұжым атсалысты. Солардың бірі, арнайы мерекелік шараларды өткізумен айналысатын «Jan alemi group» компаниясының директоры Жан Мұқановқа алғысымды білдіргім келеді. Өте үлкен жұмыстарды атқарды.

Енді алдағы көктемде шығармашылық кешімді Астана қаласында өткізуді жөн санап отырмын. Негізі, бұл концерт 17 желтоқсанға белгіленген болатын. Бірақ бірнеше мәселелерге және мерекелік шаралардың көбеюіне, әрі ауа райының да кейбір қолайсыздықтарына байланысты аналар мерекесіне қарсы ұйымдастыруды жөн санадық.

– Ендеше көп кешікпей келетін көктемде астаналық жұртшылықпен жылы жүздесуге жазсын! Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан –

Анар ДӘУКЕН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн