Жұлдызай ДҮЙСЕНБИЕВА: Мені «шатақ мінезді» деуге ЕШКІМНІҢ ҚАҚЫСЫ ЖОҚ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №43 (360) от 24 ноября 2016 г.

 

Бейсенбідегі бетпе-бет

 


 

 

«Шаншар» әзіл-оспақ театры арқылы елге танылған актриса Жұлдызай Дүйсенбиева «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдары аясындағы сұхбатында өзінің балалар театрын қандай мақсатта ашып отырғанын айтып берді. Оның айтуынша, өмір бойы біреудің қарамағында жұмыс істегенді қаламаған екен.

 

− Жұлдызай ханым, сізді сахнадан неге көрінбей кетті десек, өз театрыңызды ашып жатыр екенсіз. Құтты болсын!

− «Жұлдызайдың жұлдыздары» театрын өзімнің жеке театрым мақсатында қабылдай алмаймын. Өйткені бұл дүйім қазақ балаларына жасалынған дүние. Дегенмен, оқуға келген балалардың ешқайсысын «керемет жұлдыз қыламын» деп, жар салып шақырудан аулақпын. Бұл оқу студиясын өнерге баулу және рухани бай, тәрбиелі де өнегелі ұрпақ тәрбиелеу мақсатында ашып отырмын. Ашылу салтанатына қонақ болып келген үлкендердің: «Балалардың барлығы өнер адамы болып кетпес. Бірақ ең бастысы ертеңгі күні «Жұлдызайдың тәрбиесінен шыққан» дегенде үлкен еңбек жасағаныңды сезінесің» деп айтқан асыл тілектерінен жігер алғандай болдым. Оқып жатқан қырық баланың қай-қайсысының өмірлеріне осы тәлім-тәрбиемнің пайдасы тиіп жатса, керемет емес пе? Бұдан басқа маған ешнәрсенің қажеті жоқ.

– Сонда сатира сахнасы қайда қалады?

– Мені әзіл-сықақ театрларынан енді көрмейсіздер. Бұл сахнамен мәңгілікке қоштасамын дегенім емес, әрине. «Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиев алдағы қойылымдарына қонақ ретінде қатысуыма ұсыныс білдіріп отыр. Сол жерден көріп қалуларыңыз мүмкін.

– Сатира алаңынан неліктен кетіп барасыз?

– «Екі кеменің басын ұстаған суға кетер» демекші, бір шаруаның ғана етегінен ұстауды жөн көремін. Ендігіде тек балалармен жұмыс істеймін. Оларға көбірек көңіл бөлген жөн. Сахнада шошаңдап жүре беруге де болмайды, бұрынғыдай бойдақ емеспін. Одан бөлек бір әулеттің келінімін, біреуге жұбаймын. Бір жарым жаста қызым бар. Ары-бері гастрольге шығып жүре алмаймын. Менің жасымда салмақты дүниемен айналысқан дұрыс. Сатира сахнасында жүргеніме он бес жыл болған екен. Бұл біреуге аз уақыт шығар, ал маған көп көрінеді. Бұдан кейінгі уақытымды балаларға арнап, артымнан із қалдырғым келеді. Тек сахна жағалап жүрсең, кейін болашақ ұрпақ сені есіне қаншалықты алып отырады? Ары кетсе бір жыл айтар, одан кейін ұмыт боласың. Сол үшін де көлемді нәрсемен айналысқанды жөн деп таптым.

 

– Құрамы балалардан ғана тұратын театр ашқан сіз ғана екенсіз. Мұны өнер әлеміне алып келген жаңалық деп қабылдасақ болар ма екен?

– Иә, балалар театры Қазақстанда тұңғыш рет ашылып отыр. Көрші Өзбек, Ресей елдерінде мұндай театр бар. Балалардың да қолынан іс келеді. Әрине, миллиондап ақша таппайды. Бірақ өнер жағынан білімі жетік болады. Оларға кезінде өзіме ұстаз болған кісілер сабақ береді. Оқу студиямызға осыдан алты-жеті ай бұрын келген балалардың мінезінен кәдімгідей өзгеріс байқалады. Оны ата-аналары да айтып жатады. Сондықтан біздің елімізде де балалар театрының болғаны дұрыс.

– Балалар әлемін таңдағаныңызға қарап, үлкен сықақшылар ортасынан жалыққан ба деген де ой келеді екен…

– Әзіл-сықақ әлемінен жалықтым дегенім дұрыс болмас. Өйткені ол да − өнер. Жалпы «Адамды жылату оңай, күлдіру қиын» ғой. Тіптен қазір өзі адам жылауға дайын тұрған заман. Негізі басқы кезде менің де әзіл-сықақ театр ашпақ ойым болған. Бірақ ерекше дүние жасай аламын ба, жоқ па? Өзге театрларға ұқсап кетпей ме? Артымнан ерген қызметкерлердің жағдайларын жасай аламын ба деген ойлар мазалады. Өзім бір театрда емес, үшеуінде жұмыс істедім. Қалтаңда ақшаң жоқ, үйсіздің күні не екенін білемін. Әзіл-сықақ театрының тікелей мақсаты табыс көзі деп ойлаймын. Бұл айтқаныма әріптестерім ренжитін шығар…

Ал балалар театры мүлдем олай емес. Кіріп отырған кішкене табысыма қанағат етемін. Кейде оқушыларым «Апай, кейін есейгенде, сізге бір мәшине алып береміз» деп әзілдеп жатады. Қазір өнерге еліктеп жатқан жастар көп. Бір ән жаздыра салып, «Неге мен Төреғали, Қайрат болмаймын?» дейтіндері бар. Кішкентай балалардың барлығы тек солардың әнін тыңдаумен өсіп жатыр. Еліктеген мүмкін дұрыс шығар. Бірақ әркімнің өз жолы болуы керек. Сондықтан балаларды өнерге ерте жастан тәрбиелеген дұрыс.

Алғашында бізде оқу студиясы ғана болған. Кейіннен оқып шыққан балалар бітірген соң қайда барады деп ойладым. Сахнаға шыққысы келетін балалардың ата-анасы баласын бір конкурсқа қатыстыру үшін қалтасынан қағылып жатады. Қазіргі фестивальдардың барлығы ақылы. Әшейін ән жаздыруына кем дегенде елу-алпыс мың теңге кетеді. Одан өткен балалардың ешқайсысы керемет болып жатқан жоқ. Пайдасын тек ұйымдастырушылар ғана көреді. Сол үшін студиямдағы балаларды жөні жоқ фестивальдарға қатысуға жібермеймін.

– Ал сіздің мектепті бизнестің көзі деуге бола ма?

– Көзін тапқан адам бәрін бизнеске айналдыра алады. Бірақ бұл мектеп ақшасын айналымға салатын бизнес көзі деп айта алмаймын. Балалардан түскен ақшаны қызметкерлердің айлығы ретінде береміз. Біздікі негізі бизнес емес, нағыз өнерге баулу орталығы болып кетті.

Бәлкім, бизнес деп, осыны да айтатын шығар. Ең бастысы жұмысыңнан ләззат алсаң болғаны. Және болашаққа деген үлесімді қосып жатырмын. Асып бара жатқандай табыс көрмеймін. Өйткені мемлекеттік мекеме емес, демеушіміз болмаған соң, миллиардтап табамыз деп айта алмаймын. Әйтеуір азын-аулақ еңбегіміздің жемісін жейміз.

– Жаңадан ашылған кез келген театрдан жұртшылық ерекше бір жаңалық күтетіні белгілі. Бірақ екі жылдан кейін олардың жұмысы бәсеңсіп, ізі жоғалып кетеді. Бірі қаржылық дағдарыстан, екіншісі көрерменін таппай жабылып қалады. Сіздің балалар театрыңыздың болашағы қандай деп ойлайсыз?

– Бәрін уақыт көрсетеді. Мемлекеттік мекеме болмаған соң, болашақта барлығы керемет болады деп айта алмаймын. Егер ұсыныс түсіп жатса, концерт береміз. Бірақ өзіміз жылына екі рет қойылым көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Қазіргі жағдайда аяғымыздан тұрып кетуге бір-екі жыл керек болады.

– «Әуел баста «Шаншар» арқылы танылған Жұлдызай ол жерден кетті, одан соң «Алдараспан», кейіннен «Мафия мен Тақия» театрын жағалады. Бұдан да ештеңе шықпаған соң амалсыздан өз театрын ашыпты» дейтіндерге не айтасыз?

– Күні кеше ғана бір телебағдарламада мені «шатақ мінезді» деп көрсетіпті. Сол кісілерге ренжулімін. Мені бұлай жазғырудың реті жоқ. Ұстазымның «Итпен ит боп ырылдассаң, аузыңда не қадір-қасиет қалады» деген сөзін ұстанатын болған соң ғана үндемей қоя салдым. Маған мұндай «қара пиар» жасаудың қажеті жоқ еді. Шатақ мінезді болатындай біреудің бетін тырнап, шашын жұлған жоқпын.

Өнер адамын халыққа жеккөрінішті етіп көрсетіндерді түсінбеймін. Ендігіде сұхбатты таңдап беретін боламын. Моральдық тұрғыдан көңіліме тигенін сотқа беремін деп шештім. Өйткені көпшіліктің алдында мені «шатақ мінезді» деп айтуға ешкімнің қақысы жоқ. Егер расымен мінезім жаман болса, ашылу салтанатына Роза Қуанышқызы, Амалбек Тшанов ағамыз келіп, театрдың тұсауын кесіп бермес еді.

Әр адамның алдына қойған мақсаты болады емес пе? «Шаншар» мен «Алдараспанға» сыймағандықтан кетпедім. Бұл жерде әркімнің өз пайымдауы бар. Біреудің қол астында өмір бойы жұмыс істегім келмеді. «Талай мықтыларды мойындағанмын, өзімді де мойындатамын» демекші, қолымнан келгенше бірнәрсемен айналысқым келеді. Өмір бақи Уәлибек аға мен Нұржанға қызмет жасап жүретін баяғы жас қыз емеспін ғой. «Шаншар» театрында жұмыс істеп, қашанғы үй-күйсіз жүре беремін? Жас келіп, сатирадан кету керек болды. Сонша жыл жүріп, артыма із қалдыра алмасам, онда несіне Жұлдызай болып жүрмін. «Шаншар», «Алдараспан» театрларында дүркірегенім өнерге үлесімді қосқанның жанында көк тиын деп ойлаймын. «Мафия мен тақия» театрынан кетер кезде Жанатбек ағайдың келісімін алдым. Себебі гастрольге баламен шығып жүріп, ауыртып та алған кездерім болды.

– Қазіргі кезде бұрынғыдай әзіл-сықақ театрларын іздеп жүріп көретін халықты көрмейміз. Күнделікті күйбең тірлікті сахналаудың соңында театрлар көрерменін жалықтырып алған жоқ па? Қалай ойлайсыз?

– Кезінде әзілдің ішінде жүріп, актриса ретінде біздің ізденісіміз аз болған еді. Сол үшін де кетуді ойладым. Халықтың қызықпай кетуіне саны бар, сапасы жоқ театрлар себепкер болуы да мүмкін. Бұл пікірімді сатирадағы әріптестерім дұрыс қабылдамай қалатын шығар: бірақ әділеті солай ғой. Бәрінің айтатыны бір тақырып. Бір жағынан әзіл-сықақ театрына ауыр тақырыпты қосуға болмайды.

Дегенмен, осы салада жүрген аға-әпкелеріміз мәселенің шешімін табар деп ойлаймын. Балалар театрының ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдерін шақырғанда, көпшілігі «Жұлдызай сайқымазақ театр ашып жатыр» деп ойлаған екен. Әшірбек Көпіш ағамыз: «Енді балаларды әзілге қосты ма десем, сенің басқа арнаға бет бұрғаныңа қуанып отырмын», – деп айтқан еді.

– Жұлдызай күйеуге шыққан соң, қаншалықты өзгеріп кетті деп ойлайсыз?

– Жер мен көктей өзгеріс бар. Жас кезімде бір өзімді ғана ойлайтынмын: қайда жүргім келсе, сонда болатынмын. Ол кезде мен үшін сахнаға шыққаным маңызды болды. Театрдың соңынан қуып, әйтеуір Жұлдызай болып жүре берейін деуші едім. Қазір мінезімде салмақтылық, төзімділік, сабырлылық басым. Дүниеге бала әкелген соң, тек сол үшін ғана өмір сүреді екенсің. Тіптен өнерден балам үшін де бас тартуға дайынмын. Өмірге деген көзқарасым өзгеріп, бұрынғыдай жеңіл қарамайтын болдым.

– Ұзынқұлақ сізді жұбайыңызбен ажырастырып қойыпты: бұған не дер едіңіз?

– Жоқ, мүлдем олай емес. Күйеуім екеуміз бірге тұрып жатырмыз. Құдай сақтасын!

– Қандай келінсіз? Сәлем салып, орамал тартатын оңтүстіктің салтын берік ұстайсыз ба?

– Ата-енем Сарыағаш ауылында бізден бөлек тұрады. Ол кісілерге барған сайын, табалдырықтан аттағаннан бастап орамал тағамын. Сәлем салып, келінге тән халат та киемін. Қазақылығымызға тән салт-дәстүрдің барлығын ұстаймын. Жалпы үнемі орамал тартып жүру ойымда бар. Бірақ біздің қоғам әзірге ондайды дұрыс қабылдамайды. Бір жағынан өнер адамымыз, елдің алдына шығамыз. Сол себептен де үнемі орамал тағып жүруге өнер ортасы дайын емес сияқты….

 

Сұхбаттасқан –

Анар ДӘУКЕН,

[email protected]

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн