ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ ұлы державаның болашағына ТРАМПЛИН БОЛА МА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №41 (358) от 10 ноября 2016 г.

 

Апта аптығы


  • АҚШ президенттік сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамп және елінің болашақ саясатына алаңдаулы американдықтар.


Кеше алғашқы қорытындысы шыққан АҚШ президенті сайлауына қатысты жарияланған соңғы мәліметтер бойынша, республикашыл кандидат Дональд Трамп жеңіске жетті. Енді ол АҚШ-тың 45-президенті атанбақ. «Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Трамп сайлаушылар алқасында 276 дауыс жинады. Президент болып сайлану кандидат үшін сайлаушылар алқасындағы 540 дауыстың кем дегенде 270-ін жинауы тиіс. Оның қарсыласы, демократ Хиллари Клинтон 218 дауыс жинады», деп хабарлады кеше Azattyq.org порталы.

Дональд Трамп АҚШ-тың орталық және оңтүстік штаттарында, солтүстіктегі штаттардың біразында жеңіске жетті. Ол Флорида, Техас, Огайо, Висконсин, Пенсильвания, Солтүстік Каролина сияқты сайлаушылар алқасында даусы көп штаттарда жеңді. АҚШ-тың орта батысындағы Миннесота, Мичиган штаттарында, солтүстік-шығыс Нью-Гэмпшир штатында және батысындағы Аризона штатында дауыс әлі саналып жатыр.

Нью-Йорктен шыққан бизнесмен, әрі реалити-шоу жүргізушісі Дональд Трамп биыл жазда Республикашыл партия праймеризінде күтпеген жерден жеңіп шығып, партия атынан президент сайлауына түскен еді. Ожарлау миллиардер саясаттанушылар мен партия басшылығын тегіс таңғалдырып, басқа 16 үміткерді шаң қаптырып, шілде айында Кливлендтегі партия съезінде кандидат ретінде ресми түрде ұсынылды.

Трамптың сайлау кампаниясы жұмыс орындарын көбейтіп, салықтарды азайту арқылы «Американы қайтадан ұлы елге айналдырамыз» деген ұранмен өтті. Дегенмен, ол бұл жоспарының жай-жапсарын толық айтқан жоқ, әрі көзқарасын жиі өзгертіп отырды. «Заң мен тәртіпті күшейтемін» деген ол заңсыз иммиграцияға тосқауыл қою үшін АҚШ пен Мексика арасына биік дуал тұрғызатынын, әрі оның шығындарын Мексикаға өтеткізетінін мәлімдеді. Бұған қоса, ол террористерді табу үшін мұсылман иммигранттарды «қатаң түрде» тексерткізетінін, тіпті мұсылмандардың АҚШ-қа кіруіне толық тыйым салатынын да айтты, бірақ кейіннен бұл идеясынан бас тартты.

Дональд Трамптың шекарада дуал тұрғызамын деп уәде бергені, Владимир Путинді мақтағаны және басқа да оспадар пікірлері – бұл жолғы сайлаудың ең үлкен ерекшелігі болды. 8 қарашадағы сайлауда Трамп жеңген соң, бүкіл әлем «Трамптан не күтуге болады? Ол уәделерін орындай ала ма?» деп бас қатырып отыр.

Әйтсе де, сарапшылардың пікіріне қарағанда,
АҚШ Конституциясындағы тежеу және теңгеру жүйесінің арқасында Трамптың ойға алған саясаты көбіне тек Конгресс қолдағанда ғана жүзеге асады. Егер Трамп берген уәдесінде тұрып, мекемелердің салығын азайтып, жала туралы заңды өзгертіп, Барак Обама бастаған денсаулық саласын реформалау бағдарламасын тоқтатқысы келсе, оған атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарының қолдауы қажет болады.

Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, Трамптың жоспарларының көбін президент жарлығы арқылы жүзеге асыруға болады. Бұған қоса, Трамптың қол астында бірнеше айдан бері жұмыс істеп жатқан өтпелі кезең командасы 25 жарлықтың жобасын жасап қойған. Трамп президент қызметіне кіріскен 20 қаңтар күні-ақ сол жарлықтарға бірден қол қоймақ.

«Теориялық тұрғыда президенттің сыртқы саясаттағы өкілет ауқымы анағұрлым кең. Конгрестің оған қалай шек қоятыны белгісіз. Президент бұл салада әскер жіберу, соғыс бастау сияқты түрлі шешімдер қабылдай алады. Бұл салада оған бақылау жасайтын ешкім жоқ», – дейді Лондондағы Стратегиялық зерттеулер институтының АҚШ-тың сыртқы саясаты жөніндегі сарапшысы Дана Эллин.

Енді Дональд Трамптың сайлау науқаны кезіндегі кейбір көзқарастарын талдап көрейік. Трамп «қазір болып жатқан жағдайды» сынап, «Ресеймен достасуға» бейіл екенін айтты. Оның сөзінше, екі ел жақындасса, өзара күш біріктіру арқылы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы содырларын талқандауға болады. Трамп АҚШ пен Ресей арасындағы ахуалды түзететінін сеніммен айтады.

Қыркүйекте ол президент Путинмен арақатынасымыз «өте жақын болады» дей келе, Обамамен салыстырғанда онымен жақсы тіл табыса алатынын мәлімдеген. Ал Трампты сынаушылар Путинді көндіру оңай еместігін айтады. Обама әу баста-ақ Ресеймен байланысты жақсартуға ұмтылып, алғашқы президенттік кезеңінде қарым-қатынасты «қайта бастаған». Трамптың қарсыластары «ол Мәскеудің АҚШ-қа және оның одақтастарына қатысты агрессивті сыртқы саясатына қарсы тұра қоймас» деп болжайды.

Путинге тәнті болған Трамп оны «Обамадан жақсы көшбасшы» деп атаған. Наурыз айында ол НАТО-ны «қаусаған» одақ деп атап, егер оған мүше мемлекеттер әскери шығындарын көбейтіп, АҚШ-тың алдындағы «міндеттемелерін» орындамаса, онда оларға әскери көмекті тоқтатамын деп уәде берген.

Германия сыртқы саясат кеңесінің жанындағы «АҚШ – трансатлантикалық қарым-қатынас» бағдарламасының басшысы Хеннинг Риккенің айтуынша, Трамп президент болған тұста АҚШ «Ресейге қарай бет бұра түседі», ал мұның «Еуропадағы қауіпсіздікке тікелей әрі өте қауіпті салдары болуы мүмкін». Оның айтуынша, егер Трамп НАТО-дағы ауыртпалықты басқаша бөлісу жөнінде келіссөз бастаса, онда ол «шынайы өмірді» сонда көреді.

«Одақтастарды қорғау жөніндегі міндеттемелердің арқасында АҚШ өзін ұлы держава деп атап отыр», – дейді Рикке. Ал Ресей Батыстың қауіпсіздік жүйесіндегі кез келген саңылауды өз мүддесіне пайдаланып қалуға тырысады. Мәскеу «ең алдымен Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы ықпалын арттыру үшін» қолынан келгенше НАТО мен Еуроодақты әлсіретуге тырысып жатыр. Егер АҚШ Ресей үшін бұл шаруаны атқарып беретін болса, онда Путинді құдайдың жарылқағаны».

Ал АҚШ-та президент сайлауымен қатар өткен Конгресс сайлауында Демократиялық партия сенатта босаған 34 орынның біреуін ғана иеленді. Демократтардың 100 орындық сенатқа бақылау үміті төмендеп барады. Сайлаушылардың көпшілігі республикашылдарға дауыс беріп жатыр.

Республикашыл сенатор Марк Криктің Иллинойс штатында жеңілгеніне қарамастан, Демократиялық партияға сенатта көпшілік орынды иелену үшін төрт орын жетпейді. Демократиялық партияның басқа да кандидаттары Индиана, Висконсин, Солтүстік Каролина және Флорида штаттарында жеңіске жете алмады.

Associated Press пен басты телеарналардың хабарлауынша, Республикалық партия сонымен қатар өкілдер палатасындағы басымдығын да сақтап қалған. Қазір республикашылдар конгрестің қос палатасында да басымдыққа ие.

Azattyq.org


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн