«Общественная позиция»
(проект «DAT» №27 (391) от 12 июля 2017 г.
Уақыт уыты
– Ойбай, Көктіреу Көсемболғанов кеше банкеттен шыққан соң мәшинесімен адам қағып кетіпті!
– Аман ба екен?!
– Қаққаны о дүниеге қаңғалақтап бірден қалқып кетіпті!
– Өй, ол кетсе – кете берсін! Көктіреу көкем аман ба?
– Аман көрінеді…
– Уһ-һ!
– Бірақ, түрі жаман көрінеді. Қыратын сияқты!
– Енді адам қағу дегенің қарға қағу емес, қырса – қыратын шығар…
– Біразымыздың қызметіміз осымен тынатын шығар!
– Енді ол кісіні соттай ма?!
– Тпә, тпә, жағың қарысқыр! Адам осылай оттай ма!?
Елде ес жоқ! Біріне сүйеу, біріне демеу болған, арқа сүйер Көктіреу сотталса, бұлардың күні не болмақ? Бәрі осында жиналған: Оймақкөлдегі Кит шаруашылығының директоры – Қияли Ауышов, былтыр Қылкөпір қаласында ашылған Сүңгуір қайықтар зауытының директоры – Құрдым Тақырович, Суалған облысының әкімі – Тандырбек Кепкенович, депутат – Бұқара Танымасов, Жаңа адым ауданының әкімі – Арқанбек Кеңтұсауов, Құрсаулы облысының прокуроры – Абақты Зынданбаев… – құрысын, тегі бәрі осында! Көздерінде мазмұн жоқ, милары Көктіреу сотталса кім, қалай құтылады, енді кімді ағалайды, кімге барып паналайды – соны есептеп, күре тамырлары күп болып тұр. Шала жабылған есіктен сығалай қарап, бірте-бірте ішке еніп кеткен еден жуушы Гүлжапырақ та осында. Оның мақсаты, кешке көрші-қолаңға, сосын Әпитөкке көзбен көріп, құлақпен естігенін айна қатесіздеу жеткізу.
Көктіреу де көп күттірмеді: мойны салбырап ешкімнің ассалауын елеместен төрге жайғасты. Үрейлі үнсіздік, үндінің сериалындағыдай екі серияға жетерлік бадырайған көздер мен үш серия дем алмай тұру азабы басталды.
– Осылай боп қалды… – деп, үнсіздікті Көктіреудің өзі бұзды.
– Сіз жүретін көшемен көлденең кете беретіндей ол кім еді?! Сауап болған! Көзіне көк шыбын үймелетейін десем, өле қалғанын, сболыштың! – деп, Қияли Ауышов бір толғап қойды.
– Мойымаңыз, сіз үшін жан пида! Керек десеңіз, осы қазір берем жанды, қидым сіз үшін! – деп, Абақты Зынданбаев терезеге тұра шапты. Көктіреудің денсаулығы үшін арнайы жасалған брон әйнек былқ етпеді, әйтпесе…
– Жарайды, керек емес… Сендердің мен дегенде жан аямайтындарыңды білем ғой. Бірақ, қазір маған жан керек емес. Қан да керек емес… тек…
– Айтсаңызшы, көке, аянбаймыз!
– Үйбай-ау, айтсаңыз болды, қазір-ақ реттейміз!
– Не ол, сонда, сіз үшін қолдан келмейтіні жоқ! Айтыңыз! Орындаймыз, табамыз, иә?
– Әлбетте! – деп, бәрі шу ете қалды. Гүлжапырақ селк ете түсіп, қолындағы шаңсорғышын түсіріп ала жаздады.
– Менің орныма сотталатын адам керек! – деді, Көктіреу, жайлап қана.
Үнді сериалының үрейлі үнсіздігі қайта басталды. Әр қайсысы жығалар жағының тасын теріп, алды – «Көктіреудің көзіне құм!» деген мақала жазып, осыдан шыға сала газетке беруге бекісе, арты– өзінің аты-жөнінде «К» әрпі болса, бірден өзгертіп жіберуге бел байлап отыр.
– Мен,.. Сіз үшін итжеккенге де кетер ем… Бірақ, түрменің ауасы жақпайды, сырость… – деп, жаңа ғана терезеден секірмек болған прокурор күңк етті.
– Мен ойланбастан кете берем! Бірақ, ертең «Көктіреу көкенің орнына келген кім?» дегенде, лайықты адам болса екен деймін-дә. «Мен!» дей салуға болады. Тек, қолтығымнан қолаңса бұрқ ете қалатынын білесіздер… «Өй, осы ма?» деп, жұрт мұрнын басып, жиіркеніп жүрсе, сіздің атыңызға кір келетін шығар… – деп, Тандырбек тақ етті.
– Мен әрқашанда дайынмын! Алдымен біздің зауыт, өзіңіз ашқан сүңгуір қайықтар зауыты сіздің 67-жасқа толуыңыздың құрметіне 67 миллион метр әжетхана қағазын шығарамыз деген міндеттемесін аяқтауы керек болып тұр. Әйтпесе, өзіңіз білесіз ғой… – деген сылтауды Құрдым Тақырович сарт еткізді.
Осындай, нақты дәлелдермен әркім сытылып шыға берді…
– Жарайды, ұқтым. Менің орныма сотталатын адамға бір миллион доллар, Жаңақаладан үш қабатты котедж, бір джип беріп, балаларын шет елде оқытуға өз қамқорыма алайын деп едім, амал жоқ, басқа жақтан іздейміз енді!.. – деп, Көктіреу кесіп тастады.
Бұл жолға үнсіздік үнді сериалының режиссерларының түсіне де кірмеген шығар! Жұрт абдырап тұрған кезде, артқы жақтан:
– Мен сотталсам бола ма? – деген дауыс шықты.
Қараса – Гүлжапырақ! Көзінде жас, жастың мөлдір тамшысында соқыр үміт ұялап тұр.
– Мен сотталайыншы, қарсы болмасаңыз,.. Үш балам бар, пәтер жалдап тұрамыз… Жаңағы айтқандарыңызды шынымен берсеңіз… Пажалыста…
– Әрине, шынымен берем! – Көктіреу еліріп кетті. – Бүгін жаңа коттеджге көшеді үй-ішің. Миллион дереу есебіңе түседі, болмаса санап берем! Үш баланың үшеуі де шет елде білім алады, айналайын, қам жеме!
– Онда, мақұл… – Гүлжапырақ қуаныштан не дерін білмей тұр.
– Келістік! Пәмилең кім еді?
– Сұрағанова…
– Қазір, мен дереу полицияға айтайын,.. Әлөу, генерал мырза, мен ғой, иә, түнде менің мәшинемді ұрлап шығып, адам қағып, содан кейін полициядан қашып, аялдаманы соғып, қиратып, қуып жеткен лейтенантты атып өлтірген адам табылды. Өзі мойындап отыр айналып кетейін! Келіңіз, тұтқындаңыз!
Гүлжапырақтың қолына кісен салып әкетіп барады. Гүлжапырақ күлімдеп: «Бәрінен бұрын Әпитөк жарылатын болды! Менің балаларым кәтежге көшіп, джип мініп, сытырлатып доллар санап тұрғанын көргенде, іші күйіп кететін шығар!» – деген, тәтті қиял еріп барады.
Сол күні бүкіл ақпарат құралы Көктіреудей абыройлы азаматтың атына кір келтірген Гүлжапыраққа қарғыс айтумен болды.
Әпитөк қызғаныштан ба, әйтеуір, сенбеді. Көшеде кездескендерге: «Мүмкін емес, өтірік!» – деумен болды. Әпитөкті кім тыңдасын – ТВ мен радио, газеттер мен интернет шулап жатқанда. Әпитөк кім, Көктіреу кім?
Асқар НАЙМАНТАЕВ