Суббота , 5 июля 2025

Жанат ЕСЕНТАЕВ: Билік халықтың ТАҢДАУЫНА қол сұқпағаны жөн…

«Обще­ствен­ная позиция»
(про­ект «DAT» №8 (325) от 25 фев­ра­ля 2016 г.

ДАТ!

Жанат ЕСЕНТАЕВ:
Билік халықтың
ТАҢДАУЫНА
қол сұқ­паға­ны жөн…

«ДАТ!» айда­ры­ның бүгін­гі қонағы Жанат ЕСЕНТАЕВ Батыс Қаза­қстан облы­сы­ның Орал қала­сын­да тұра­ды. Қамал бұзар жастағы жігіт елдің батыс өлкесін­де­гі қоғам бел­сен­ділерінің біре­гейі. «Қаза­қстан­ның демо­кра­ти­я­лық дамуы», «Әділет­ті Қаза­қстан» қозға­лы­ста­ры­ның мүше­сі болған ол – бүгін­де Жал­пы­ұлт­тық соци­ал- демо­крат­тар пар­ти­я­сы­ның (ЖСДП) тізі­мі бой­ын­ша мәжіліс сай­ла­у­ы­на үміт­кер ретін­де ман­дат алған қаза­қтың ашық ойлы аза­ма­ты, біре­гей бард әншісі.

– Жанат мыр­за, Жал­пы­ұлт­тық соци­ал-демо­крат­тар пар­ти­я­сы­нан мәжіліс­ке үміт­кер ретін­де тір­кел­геніңіз­ден газет оқыр­ман­да­ры хабар­дар бол­са керек. Деген­мен, әуе­сқой бард-әншінің пар­ла­мент депу­тат­ты­ғы­на үміт­кер ретін­де ұмты­лы­сын оқыр­ман қауы­мға қалай түсін­діріп берер едіңіз?
– Оның ешқан­дай қитұрқы құпи­я­сы жоқ. Бірін­ші­ден, мен мәжіліс сай­ла­у­ы­на пар­ти­я­лық тізім­мен алғаш рет қаты­сып отыр­мын. ЖСДП пар­ти­я­сы­ның төралқа мүше­сі Серік­бай Әлі­ба­ев аға сая­сатқа, қоғам­дық істер­ге ара­ла­сып жүр­ген бел­сен­ділі­гім­ді, әле­умет­тік желі­де­гі, ғалам­тор­дағы сая­си әндерім­нің елге таны­лып қалға­нын алға тар­тып, пар­тия қата­ры­на өту­ге ұсы­ныс жаса­ды. Қоғам­дық бел­сен­ділі­гім сая­сат алаңын­дағы пар­ти­я­ның аты­нан депу­тат­ты­ққа үміт­кер болуы­ма себеп­кер болды.
Екін­ші жағы­нан, өзім­ді де бір бай­қай­ын, ақын­ды­ғым мен аза­мат­тық ұста­ны­мым­ды да қатар сынға салып көру үшін де, осын­дай қада­мға бар­дым десем бола­ды. Оның үстіне бүгін­гі­дей ел басы­на түс­кен дағ­да­рыс зама­нын­да әншісің бе, басқа­сың ба – тыныш жатуға бол­май­ды: елде­гі қоғам­дық-сая­си жағ­дай­ды өзгер­ту мақ­са­тын­да дауыс көте­ру қажет деп ойлаймын.
Ел ара­лап, қалың қаза­қтың орта­сын­да жүріп, әле­умет­тің тыныс-тір­шілі­гін көріп, олар­дың мұң зарын тек қана әнмен жет­кі­зу аз деп сана­дым, сол себеп­ті сая­си науқанға бел шеше кірісіп кет­тім. Бард әншісі де осы елдің аза­ма­ты, елдің мақ­сат мұра­тын биік мін­бер­ден көтеріп жат­са, бұл артық па?
– Әрине, артық емес! Негізі­нен бард-әншілер­дің өнер­де­гі тақы­ры­бы мен мақ­са­ты халы­қтың әле­умет­тік-тұр­мыстық жағ­дай­ы­мен үндес келетіні бар. Бұл өнер­дің осы ерекшелі­гін қалай түсі­ну­ге болады?
– Бүгін­гі бард, кеше­гі ақын-жыра­у­лар әннің әуені­мен бір­ге оның әле­умет­тік маз­мұ­ны­на да терең үңіл­ген. Елдің басы­на түс­кен тұр­мыстық тауқы­мет, әділет­сіздік – менің де әндерім­нің өзе­гі. Мен өзім­ді «дала­ның әншісі­мін» деп санай­мын, өйт­кені қалың қаза­ғым­ның орта­сы­на барып ән саламын!
– Иә, Жаңаө­зен­де­гі қан­ды қырғын­нан кей­ін ара­да бір апта өткен соң, қан жұтқан мұнай­шы­лар орта­сы­на барып ән салға­ны­ңы­здан хабар­дар­мыз. «Ең бол­маған­да Жаңаө­зен­де оқ аты­луын айып­тап, «билік неге оқ ата­ды?» деп бас­пасөз­де пікір біл­дір­ген сіз­ден басқа бір­де-бір әншіні көр­медік десек болады…
– Жаңаө­зен деген­де, жүре­гім қан жылай­ды. Жаңаө­зен­де аты­лған оқты айып­тап, «Жазы­қ­сыз жан­дар­ды атқан кім?» деп, бас­пасөз­де пікір біл­дір­ген бір­де-бір әншіні көр­ме­генім рас. Қан­дай адам бол­сын, ол – өмір сүріп жатқан елінің аза­ма­ты. Сол елде­гі жағ­дай­ларға немқұрай­ды қара­мауы керек. Егер тілі, жері, ұлты саты­лып, бей­біт заман­да ұлты­ның қаны төгіліп жатқан­да үнсіз отыр­са, олар бұл мем­ле­кет­те не үшін өмір сүріп жатыр?!
Өзім 2011 жылы 16 жел­тоқ­сан­да оқ асты­нан шыққан мұнай­шы­ларға барып, елдің орта­сын­да ән салға­ным рас. Сол кез­де әнші қауым­ның ара­сы­нан жалғыз барған мен едім. Сол кез­де үнсіз қалған әріп­те­стері­ме қат­ты налы­дым. Шыны­мен де, өнер адам­да­ры «әртіс» екен – билік­тің шоқ­па­рын көте­ру­ге ғана шама­ла­ры жет­ті. Мен Жаңаө­зен­ге қан­тө­гі­стен кей­ін де бір­не­ше рет бар­дым. Осы уақы­тқа дей­ін маңғы­ста­улы­қтар­мен ара­мы­здағы бай­ла­ныс жалға­сып келеді. Жаңаө­зен қасіретін жыр­ла­маған ақын­ның аза­мат­ты­ғы мен үшін көк тиын.
– Қаза­қстан­дық бард-әншілер қата­рын­да кім­дер­ді әле­умет­тік тақы­ры­пқа жуық деп ойлайсыз?
– Менен басқа көзі тірі бард әншісі жоқ десем, мақта­нып отыр демес­сіз. Марқұм Табыл­ды Досым­ның әндері қаза­қтың жаны­на жақын еді, ол да ара­мы­здан кет­ті. Менің түсіні­гім­де­гі бард – ол күрес­кер ақын-әнші. Бард әншісін мен бұры­нғы­ның жыра­у­ла­ры Ақтам­бер­ді, Бұхар жырау, Махам­бет­тер­ге теңей­мін. Қаза­қта бард-әншілік өнер енді-енді қалып­та­сып жатыр, ал әзір­ше менің әнім­ді тың­да­уға кеңес бере­мін (күл­ді).
– «Нұр Отан­ның» тізі­мін­де­гі әншілер­дің жағ­дайы бел­гілі: олар­дың сай­лау науқа­нын­дағы сапар­ла­рын билік­тің өзі ұйым­да­сты­рып береді. Ал олар­мен салы­сты­рған­да, елдің бір қиы­рын­да жатқан сіздің наси­хат-науқа­ны­ңыз қалай өтеді?
– Оппо­зи­ци­я­лық пар­тия өкіл­дерінің елде­гі сая­си науқан­ды ұйым­да­сты­руы оңай бола қой­май­ты­ны бар­шаға бел­гілі мәсе­ле. Бұдан бұры­нғы сай­ла­у­лар­да да оппо­зи­ци­яға қар­сы нешетүр­лі әре­кет­тер жасалған, билік осы жолы да сол әдеті­нен тан­ба­сы анық. Тіп­ті алыс ауыл тұрғын­да­ры­ның бой­ы­на бір үрей енгізіп қой­ған­дай әсер­де бола­сыз. Билік­ті сынап, шын­ды­қты айтып, ән салып отыр­саң, «тың­да­уға қорқа­мыз» дей­тін­дері бар. Бірақ бұқа­ра халық жақ­сы өмір сүр­гісі келеді, тұр­мысы­ның оңалға­нын қалай­ты­ны анық. Жер­гілік­ті жер­де­гі биле­ушілер біз­ге кедер­гі кел­тіретіні әу бастан бел­гілі. Үгіт-наси­хат шара­ла­рын ешқан­дай кедер­гі­ге қара­ма­стан өткіземіз.
– Жал­пы, ЖСДП-ның бұл сай­ла­удағы мүм­кін­ді­гін қалай баға­лай­сыз? Әрине, егер әділ сай­лау болған жағдайда…
– Бір­не­ше күн бұрын Аты­ра­удағы «Ақ Жай­ық» сай­ты сая­си пар­ти­я­ларға қаты­сты сау­ал­на­ма жүр­гіз­ген екен, оның қоры­тындысы бой­ын­ша ЖСДП алды­ңғы орын­да келе жатыр. Әділ сай­лау өтетін бол­са, біздің мүм­кін­ді­гі­міз мол, өйт­кені ел өтірік­тен шар­ша­ды, билік пар­ти­я­сы мен оның айна­ла­сын­дағы «қуыр­шақ» пар­ти­я­лар­дан әбден мезі бол­ды. Енді шын­ды­ққа қол жет­кіз­гісі келеді. ЖСДП маңай­ы­на елде­гі үкі­мет­тік емес ұйым­дар топ­та­сып, қол­дау көр­се­тетін­дерін мәлім­деді. Демек, бізді қол­дай­тын қоғам­дық ұйым­дар мен ел тұрғын­да­ры екеніне күмәніңіз болмасын.
– Қаза­қстан­ның баты­сын­дағы Орал халқы ара­сын­да бұл сай­ла­у­ға деген ынта-ықы­лас, дай­ын­дық, аза­мат­тық ерік-жігер мәсе­лесі қалай болып тұрға­нын аңдай алды­ңыз ба?
– Сай­ла­удан бұрын да бай­қап жүр­міз ғой: ауыл адам­да­ры­ның сана­сын тұр­мыс биле­уі себеп­ті, аз бөлі­гі билік­тің сөзін сөй­ле­гісі келетіні түсінік­ті. Ал халы­қтың басым бөлі­гінің ниеті біз­ге ауып отыр, әрине, жер­гілік­ті жер­дің әкім­дері өзін құдай санай­ды: сай­лау нәти­же­сін бұр­ма­лай­ты­ны бел­гілі. Тұр­мыс тауқы­меті ден­деп тұрған қаза­қтың күн­көріс­ке тәу­ел­ді болға­ны уақыт­ша мәсе­ле, қаза­қтың рухын ешкім тап­тай алмаған. Тең­генің тең­сел­гені, қым­бат­шы­лық пен жұмыс­сыздық елдің еңсесін басып тұр, деген­мен билік шыдам­ның да шегі бола­ты­нын қапер­де ұстап, елдің таң­дау еркіне қол сұқ­паға­ны жөн деп санаймын.
– Батыс өңір көр­шілес Ресей мем­ле­кеті­мен шека­ра­лас, барыс келіс­ке де жақын ел, деген­мен көр­шілер­дің біз­ге деген сая­си әрі эко­но­ми­ка­лық көзқа­ра­сы­нан үстем­дік пиғыл­дың салқы­ны жер­гілік­ті қаза­қтарға әсерін тигізіп жатқан жоқ па?
– Амал қан­ша, салқы­нын сезіп отыр­мыз. Мен әуел­ден-ақ Еура­зи­я­лық одаққа қар­сы­мын, осы ұйы­мға мүше болған­ның кесірін Ресей­ге жақын орна­ласқан облы­стар – біз тар­тып отыр­мыз. Орал­да сегіз мыңға жуық шағын кәсіп­кер­лік­пен айна­лы­са­тын­дар­дың кәсібінің дені жабыл­ды, себебі арзан баға­дағы Ресей тау­ар­ла­ры ағы­лып келуі жер­гілік­ті кәсіп­кер­лік­ке кесе-көл­де­нең болу­да. Тіп­ті нан-шай­дың өзін көр­шілер тасып әкеліп жатыр. Осы одаққа мүше болу­дың «жемісі­нен» жүрек айни­тын­дай кей­іп­ке түс­кен­дей­міз. Ресей­дің бес облы­сы Орал­ды қор­шап тұрға­нын ескер­сек, көр­шілер­дің үстем­дік пиғы­лын сезбеу мүм­кін емес. 9 мамыр­да авто­ше­ру жасап, ала­ба­жақ (коло­рад) лен­та­сын желбіретіп, кел­мес­ке кет­кен кеңес зама­ны­ның атри­бут­та­рын көлік­теріне іліп, даңға­за думан өткіз­ген­дер­дің кеудесіне «нан пісіретін­дер» қай жақтан келетіні айт­па­сам да түсінік­ті шығар.
Бірақ намысы биік аза­мат­та­ры­мыз бар­шы­лық, ондай­лар­ды өз орны­на қоя біледі. Мақ­са­ты­мыз – екі мем­ле­кет­тің ара­сы­на от жағу емес, заң шең­берін­де шаңы­рақтың иесі кім екенін түсін­ді­ру. Бола­шағы бұл­дыр сая­си одаққа мүше болу­дың зия­нын пар­ла­мент­ке барған күні мәлімдейміз!
– Сон­да жаңа­дан сай­ла­на­тын пар­ла­мент елде­гі қазір­гі сая­си жүйе жағ­дай­ын­да әлдебір өзгерістер жасай ала­ды деп ойлай­сыз ба?
ЖСДП қата­рын­дағы аза­мат­тар пар­ла­мент­ке бар­са, елдің бола­шағы үшін өзгеріс жаса­уға ықпал ететіні – басы ашық мәсе­ле. Ал «Нұр Отан» мен оның көшір­ме­лері ғана пар­ла­мент­ке өтетін бол­са, сол «баяғы жар­тас – бір жар­тас» кебін қай­та киетіні­міз айқын. Қоғам дамуы­ның заң­ды­лы­ғы бой­ын­ша, мәң­гілік ештеңе жоқ: қазақ халқы жаңа өзгерістер мен жақ­сы­лы­қты көру­ге лай­ық ұлт, бүгін өзгеріс бол­ма­са, ертең­гі күн­гі өзгерістің ауы­лы жақын деп сенемін.
– Ел ішін әртүр­лі алып-қашпа әңгі­ме­лер кеулей­тіні бел­гілі, осы рет­те ЖСДП пар­ти­я­сы тізі­мін­де қоға­мға таны­мал аза­мат­тар жоқ, сон­ды­қтан дауыс жинай алмай­ды деген пікір­ге қан­дай алып-қоса­ры­ңыз бар?
– Осын­дай сау­ат­сыз сан­ды­рақты айтып жүр­ген­дер­дің кім екені бел­гілі. «Нұр Отан» теле­ди­дар арқы­лы елге таны­лған әртіс пен спорт­шы­лар­ды өз қата­ры­на қосты. Ал «Ауыл» мен «Бір­лік­те», жасан­ды ком­му­ни­стер­дің пар­ти­я­сын­да қаза­ққа таны­мал кім­дер бар екен деп қар­сы сұрақ қой­ғым келеді. Осы ЖСДП пар­ти­я­сын сақтап қалған Жар­ма­хан Тұяқ­бай­ды, пар­ти­я­лық тізім­де бол­ма­са да, өткен жыл­дар­дағы мәжіліс депу­та­ты болған Серік­бай Әлі­ба­ев­ты, гене­рал Төгі­со­вті, қоғам қай­рат­кері Бал­таш Тұр­сым­ба­ев­ты, қаза­қтың сена­тор қызы атанған Зәу­реш Бат­та­ло­ва­ны кім біл­мей­ді?! Мем­ле­кет қай­рат­кері Серік­бол­сын Әбділ­дин пар­ти­я­ның сай­ла­у­ға қаты­суын қол­дап жат­са, таны­мал аза­мат­тар жоқ деп айту қай қисы­нға сыя­ды? Білі­міне ақы­лы сай Уәли­хан Қай­са­ров пен Айдар Әлі­ба­ев­ты, «Дат» жоба­сы­ның жетек­шісі Ермұрат Бапи­ды, жур­на­лист Бақыт­гүл Мәкім­бай­ды таны­май­мын деген қазақ бол­са, маған көр­сетіңіз­ші! Жел­тоқ­сан­ның баты­ры – Құр­манға­зы Рах­ме­то­вті, білік­ті эко­но­мист Жан­гел­ді Шым­шы­қо­вты, таны­мал заң­гер Мұста­хим Төле­ев­ті біл­мей­тін кім бар екен осы?! Тізім­де­гі «Жастар қана­тын­да» Аста­на­дағы Асхат Рахым­жа­нов, Алма­ты­дағы Таза­бек Сәм­бет­бай­ды біл­гісі кел­мей­тін­дер – біл­мей-ақ қой­сын! Ал мен депу­тат­ты­ққа үміт­кер­лік куәлі­гім­ді әле­умет­тік желі­де жари­я­лаға­ным сол-ақ еді, «сіз үшін дауыс бере­міз» деген қол­да­у­шы­лар жан-жақтан хабар­ла­сты. Бард-әнші Жанат­ты да ел біледі деп қосып қой­ы­ңыз! (Күл­ді).
– «Қаза­қстан­ның демо­кра­ти­я­лық таң­да­уы», «Әділет­ті Қаза­қстан» қозға­лы­сы­ның батыс өңір­де­гі бел­сен­ді мүше­сі бол­ды­ңыз, ал ЖСДП пар­ти­я­сы­ның қата­ры­на қалай келдіңіз?
– Алғаш 1995 жылы билік­ті сынап, ән айтқан едім, содан бері сая­сат­тың шетін­де келе жатыр­мын. Алға­шын­да «ҚДТ» қозға­лы­сын­да, сосын «Әділет­ті Қаза­қстан» қозға­лы­сын­да бол­дым. Қазір Жал­пы ұлт­тық соци­ал-демо­кра­ти­я­лық пар­ти­я­сын­да­мын. Пар­тия мүше­лері көк­тен түс­кен жоқ, бәрі­міз сол 2002 жыл­дан бер­гі демо­кра­ти­я­лық алаң­да тізе қосып келе жатқан әріп­те­стер­міз. Мақ­са­ты­мыз ортақ, ұста­ны­мы­м­ыз бір аза­мат­тар­мыз. Орал­да «Абы­рой» деген қоғам­дық ұйым­ның жігіт­тері­мен қоғам­дық қыз­мет­ті бір­ге атқа­ра­мыз, олар да менің осы пар­ти­я­лық тізім бой­ын­ша сай­ла­у­ға қаты­сқа­ным­ды құп көр­ді. Мен шын­ды­ғын жоғалт­паған адам­дар­мен әрқа­шан біргемін.
– Билік­тің кез кел­ген сая­си-эко­но­ми­ка­лық шеші­міне халы­қтың қар­сы­лық біл­дір­мей, өзінің кон­сти­ту­ци­я­лық құқын талап ету­ге көн­бістік таны­туын қан­дай себеп­тер­ден ізде­ген­ді жөн деп санайсыз?
– Оның себебі тұр­мысқа, күн­көріс­ке барып тіре­леді. Оның бер жағын­да тәу­ел­сіз ақпа­рат­тың елге жет­пе­уі де кесірін тигізіп жатыр. Бір жақты ақпа­рат елдің сана­сын сан­сы­ра­тып тастаған, оның үстіне ел аза­мат­та­ры сот­тан әділ­дік таба алмай­ды, өзінің кон­сти­ту­ци­я­лық құқын талап ету­ден қорқа­ды, еріксіз «бет­пақ жеңді, мен көн­дім» деген­нің кебін кию­ге мәж­бүр. Ала­бө­тен ойы бар аза­мат­тар атыл­ды, сот­тал­ды, қуғы­нға түсті, осы­ның бәрі ел ішіне бір үрей әкел­ді, ас үйде­гі батыр­лы­қтан ары аса алмауда. Алай­да ас үй мен алаң­ның орта­сы бір-ақ адым жер, билік осы­ны ескер­гені жөн. Біздікі тек ескер­ту. Қоян­ды қуа бер­сең, батыр болады…
– Бард әншісін жиын-той­ларға шақы­ру жағы қалай? «Нұр Отан­ның» әншілері сияқты той-тома­лақ­пен күн­көріп жүр­мін деп айта ала­сыз ба?
– Жоқ, әрине! Олар сияқты сахнаға да шығып жүр­ген жоқ­пын. Ел ара­лап, дала­да бол­сын, үйде бол­сын, халық жиналған жер­де өзім­нің әнім­ді айтып жүре бере­мін. Бұл өнер маған еш табыс әкеліп жатқан жоқ. Кей­де аздап қол­дап жата­тын­дар бола­ды, деме­ушілер деген­дей… Бірақ сахна мен той­да шырқай­тын әншілер­дей табыс тапқан емес­пін. Шақы­рған жер­ге бара­мын, маған «осын­дай ақша төлей­мін, кел» деп ұсы­ныс жасап жатқан да ешкім жоқ. Әнім елдің рухын көте­реді, сол үшін де айтамын!
– Бала-шаға­ны асы­рау, жет­кі­зу жағ­дайы мына қым­бат­шы­лық пен дағ­да­рыс зама­нын­да қалай болып жатыр?
– Атқа­ра­ты­ным – қоғам­дық жұмыс, жарым – қыз­мет­те, бір ұлым бар, Ғалым­жан Жақи­я­но­втың құр­метіне атын Ғалым­жан қой­ған­мын. Ел ішін­де ептеп күн көріп жатқан жай­ы­мыз бар. ҚазҰУ-ды «қазақ тілі және әде­би­еті» маман­ды­ғы бой­ын­ша бітір­дім, бірақ ол сала­да жұмыс істе­медім, қазір негіз­гі кәсібім жоқ. Жаңа­дан әндер дай­ын­дап жатыр­мын. Қазір­гі уақыт­та сая­сат­тан басқа тақы­рып­та ән айтуым мүм­кін емес. Себебі өмір – күрес, сая­сат. Сон­ды­қтан жаңа өлең­дерім­ді халы­ққа жет­кіз­сем деген ойым бар. Жинақ қылып, диск шығармақшымын.
Он бес жасым­нан ән жаз­дым, мек­теп­те оқып жүр­ген­де, ауыл­дағы көр­шілерім­ді, доста­рым­ды, мек­теп­те­гі мұғалім­дер­ді әзіл­мен сынап, ән шумақта­рын шыға­рып жүр­дім. Кей­ін­нен әскер­де­гі боры­шым­ды өтеп кел­ген­нен кей­ін де ақын­ды­ғым­ды жалға­стыр­дым. Сөй­тіп, менің өмірім­де­гі шығар­ма­шы­лы­ғым да сынға бағыт­талған­дай болып, әділет­сіздік­ке деген көзқа­ра­сым аза­мат­тық ұста­ны­мым­ды қалып­та­стыр­ды. Кезін­де әле­умет­тік желі болған жоқ, алға­шқы әнім 1995 жылы шықты. Өлең­дерім – сая­си күрес тақы­ры­бы. Өзім орын­даған әндерім ғалам­тор­дағы «Азаттық», «YouTube», «Kivi.kz», «Nur.kz» сайт­та­рын­да бар.
Таң­даған жан­рым – осы. Мүм­кін­ді­гін­ше өнерім­мен халы­қтың сана­сын, ар-ұятын, рухын оятқым келеді.
– Сөз соңын­да соңғы бір шыққан әннің бірер шумағын айта кетсеңіз…
– Гита­рым бар қаруым
қолымдағы,
Ақын едім әділдік
жолындағы.
Күре­су­ден қайтпайтын
мінезім бар,
Маза бер­мес шабытым
бойымдағы.
– Рах­мет, Жанат мыр­за, әділ­дік жолын­дағы күре­стен тан­баңыз, жеңіс­ке жетуіңіз­ге тілектеспіз!
Кен­же­тай НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн