Жарқын Сәленұлы: «Электронды киіз үй» – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ таптырмас құралы

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №12 (283) от 26 марта 2015 г.

 

Бейсенбідегі бетпе-бет

 

 

 

ХХІ ғасыр – электрониканың ғасыры. Тіпті тұтас ұлттардың күнделікті тұрмыс-салты, менталитеті, қоғамдық ортадағы тыныс-тіршілігі электроникаланып барады. Міне, сол жаңа заманның ағымымен қазақтың өзіндік брендті – «Электронды қазақ үйі» пайда болды. Жас ұрпақты болашаққа, заманауи үрдіске баулитын әзірге қазаққа таңсық құралдың жауапты редакторы, журналист Жарқын Сәленұлын «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдарына шақырған едік.

 

–Жарқын мырза, соңғы уақытта интернет желісінде «Электронды қазақ үйі» (ЭҚҮ) жобасы жайлы түрлі пікірлер айтылуда. Бұл әңгімеден хабары аз жұртшылық үшін осы жобаның пайда болуы жөнінде қысқаша баян етіп берсеңіз?

– Сұрағыңыздың жаны бар. Әрине, жұрттың хабарсыз екенін күні кеше ғана Наурыз мерекесінде қаланың әр жерінде өткізілген көрмелерде байқадық. Біздің өнім туралы ақпарат ғаламторда және сайтымызда айтылған. Алайда, сұрағыңызға орай, жобаға кеңірек тоқталсақ, бұл өнімнің авторы – «АйТи» технологиясының маманы, өнертапқыш Ғалымбек Қызырбекұлы. Ол 20 жасында алғаш рет Қытайдағы қандастарымызға арнап, төте жазудың компьютерлік оқулығын құрастырған. Осыдан төрт жыл бұрын Ғалымбек мырза мені осы жобаны бірлесіп жүргізуге шақырды.

Содан біз жобаның сыртқы формасын дайындап, белгілі суретші-дизайнерлерге көрсеттік және оның макетін мүсіншілерге дайындаттық. Сөйтіп, үш компьютерлік жобасын дайындап, Ғалымбек үш зауытқа апарып, үш түрлі жобасын жасатып, оны қалыптан құйғызды. Мұның өзіне бір жылдай уақыт кетті. Бір жылдан кейін ең жетік нұсқасы таңдалып, ішіне бірнеше ән салынды. Басты назар аударғанымыз – қазақ ертегілері болды.

Мүмкіндігінше жас баланың тәрбиесіне сай, танымдық-тағылымдық қызмет атқаратын 150 ертегіні іріктеп, оларды кәсіби дикторларға оқыттық. Бұл орайда Қазақ радиосының ардагер дикторы Сауық Жақанова мен Әуезов атындағы академиялық театрдың актері Айдос Бектемірдің үлесі айтарлықтай болды. Ертегілердің дыбысын өңдеу жұмысы да едәуір уақыт алды.

Осылайша, ертегілерден бөлек, ән-күй, терме-жырларды, яғни 1200 шығарманы шамамыздың келгенінше жинақтап, іріктеп алдық. Бесік жырынан басталып, балалар әндерін, күй, терме, толғау, халық және халық композиторларының әндерін, хакім Абайдың 45 қара сөзін енгізіп, балалықтан даналыққа баулитын, қазақ ауыз әдебиетінің музыкалық мұрасы саналатын барлық жауһарлар топтастырылды. Біз бұл өнімді қазақтың жаңа «бренді» ретінде танытуға күш салдық. Сол үшін 2014 жылы Астанада мемлекеттік деңгейде арнайы тұсауы кесіліп, көпшілік қауымға таныстырдық.

– Жаңа оқу бағдарламасына хрестоматиялық құрал ретінде енгізу үшін, Білім министрлігіне де ұсынған екенсіздер. Одан қандай да бір жауап бар ма?

– Жауабын күтіп отырмыз. Бірақ соған қарамастан, ЭҚҮ жобасы Қазақстанның үлкенді-кішілі қалаларында, мектепке дейінгі мекемелерде кең көлемде қолдана бастады. Астанадағы «Нұрсұлтан» оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Гүлжан Төлепбайқызы жобамыздың алғашқы қызығушыларының бірі болды. Кейін осы жоба балабақшаларда қолданатын кезде кәсіби әдіскерлер мұның әдістемелік кітапшасын құрастырды. Бүгінгі таңда ол кітапша баспадан шықты. Алдағы уақытты ЭҚҮ-мен бірге мектепке дейінгі мекемелерде пайдаланудың әдістемелік кітапшалары бірге жүреді. Менің байқауымша, бұл жоба мектепке дейін ғана емес, мектепте де қосымша хрестоматиялық құрал ретінде пайдалануы керек. Қазір Білім және ғылым министрлігі бұл жобаға қызығушылық танытып жатыр, алдағы уақытта стандартқа сай оқытуға рұқсат берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі таңда көптеген бастауыш сыныптарда «Электронды қазақ үйі» сөйлеп тұр.

Айта кетейін, бұл «үй» арқылы оқушылардың білімін жаңа талаптар деңгейінде кеңейтуіне, халық музыкасына деген сауатын арттыруына қызмет етеді. Бірде мынадай оқиға болды. Мен бір мектепке барып, осы жобаны көрсетіп отырып, оқушыларға бүкіл қазаққа кең танымал болған күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа» күйін қойдым. Отырған 20 шақты оқушының бірде-біреуі күйдің авторы мен атын таба алмады. Сосын мен мұғалімге: «Сіздер қазақ елінің жерінде, қазақ мектебінде отырып, қазақтын классикалық күй өнерінің ең танымал тұлғасын және ең танымал күйінің авторы мен атын білмесеңіздер, бүгінгі беріп жатқан білімдеріңізден не қайыр?» – деп, реніштік таныттым. Бұдан шығатын қорытынды – тәуелсіз қазақ елінде өскеніміз рас болса, өзіміздің төл туындыларымыз балабақшадан бастап, тереңдетіліп оқытылуы керек. Бұл мақсатта осы «үй» сияқты заманауи техника құралдарын пайдалану – үлкен нәтиже беретініне сенімдімін.

– Айтпақшы, сіздердің бұл жобаларыңызды Қыдырәлі Болмановтың «Бал-бала» қуыршағымен үндес, ұқсас дейтіндер де бар…

– Осы уақытқа дейін мұндай уәждер айтылған. Жалпы, бала тәрбиесіне байланысты қазақы дүниелерді атағанда, «Бал-бала» бастаушы болғаны рас. Сол себепті біз бүгінде «Бал-бала» серіктестігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Бірақ кейбіреулер бұл өнімді Қыдырәлінің компаниясы шығарды деп ойлайды. Бұл мүлде олай емес. Біз бала тәрбиесіне, оның таным-түсінігіне көмек беретін мұндай техниканы көптеп және әртүрлі компаниялардың бәсекелестігі жағдайында шығарумыз керек. Сонда оның сапасы да жақсара түседі. Балаларға арналған интеллектуалды өнімдер шығаратын компаниялар көп болып, тұтынушылар өзіне сай келетін дүниені танымына, ақшасына қарай сатып алуы керек. Сонда бәсеке пайда болып, заттың саны мен сапасы артады. Сондықтан мен айтар едім – Қыдырәлімен бәсекелес емеспіз, серіктеспіз, доспыз.

– Тіпті бұл жоба шетелдегі қандастарымызға ұлттық әдебиет пен өнерге, рухани байлыққа сусар жұрттың құралына айналып, тіпті сонау Америкадан қазақ балаларын асырап алған отбасылар да арнайы тапсырыспен алдыртып жатыр деген сөз бар көрінеді…

– Бұл жағдайды жақсы байқаған екенсіз. Рас, біздегі қазақ балаларын асырап алған шетелдік бес отбасы біздің өнімді пайдалануды жөн санапты. Оған біз өте қуандық. Өткен жылғы маусым-шілде айларында – Түркияда, қыркүйек айында – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында қазақтар жиі қоныстанған жерлерде «ЭҚҮ»-ні таныстыру рәсімі өтті. Сонда байқағаным – шетелде жүрген қандастарымыз «Бүкіл Қазақстан көшіп келгендей» болды деп, қатты қуанды. Өйткені олар осы сияқты интеллектуалды өнімді аңсап, сусап, сағынып отыр. Түркия мен Моңғолияда ғана емес, Еуропа мен Америкадағы, Оңтүстік Кореядағы қандастарымызға бұл өнім белгілі бола бастады. Енді осы өнімге қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері қызығушылық танытып, орыстар, ағылшындар, түріктер бағасын сұрап, бірден сатып алуда.

– Осы ретте жас ұрпақты тәрбилеу мәселесіндегі кінараттарды айтар болсақ, сіздің мамандығыңыз журналист екенін ескеріп, елдегі тележәшікте көтерілетін жастар тақырыбы жөніндегі ойыңызды білсек…

– Мен телеарналардағы барлық бағдарламаларды қарап, бақылап, көріп жүрмін деп айта алмаймын. Десек те, көзіме шалынғандары арасында менің таным-талғамыма сай келетін бағдарламалар санаулы ғана. Жалпы, телеарналар бағыт-бағдарын жастарға арнап, жастар мәселесін күнде немесе күнара көтеріп жатыр деп, ауыз толтыра айта алмаймын. Жастарға қатысты мәселені Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы тәп-тәуір көтеріп жүргенін естимін. Әйтпесе осы күнгі телеарналардың бағдарламалары ток-шоуға арналып, салмақты сараптамалық дүниелер аз болғанына журналист ретінде қынжыламын.

– Қоғамда орын алып жатқан түрлі-түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға, мәселен, қамыты қысылып бара жатқан қымбатшылыққа сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Иә, кымбатшылық арқамызға аяздай батады. Соған сай жалақы өсіп жатқаны да шамалы. Тек мұндай жағдай біздің елде ғана болып жатыр дегеннен аулақпын. Қазір әлемдік саяси-экономикалық жағдайларға, Ресей-Украина қақтығысына, мұнай бағасының құлдырауына байланысты қиындықтар тууда.

Менің ойымша, осы жағдайда отандық өнімді өндіру мүмкіндіктерін ары қарай жолға қоюға, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға күш салу қажет. Шетелден келіп жатқан тауарлардың орынын өз өнімдеріміз басатындай жағдай тудыру – дағдарыстан шығудың бір жолы деп білем. Кәсіби экономист-маман болмасам да, қарапайым тұтынушы ретінде тұтыну тауарларының қымбаттауына өз басым қынжыла қараймын. Мұны өзіміздегі басты өндірістің болмауынан деп санаймын. Өз елімізде өндіріс болса, оған қажетті шикізаттың қай түріне де кенде емеспіз. Алайда шикізатты өндейтін өндіріс жоқтың қасы. Бұл жайды мемлекет ойлап, еліміздегі орта және шағын кәсіпорындарды қағаз жүзіндегі әрекеттерден арылтып, іс-жүзінде жүзеге асыру керек.

– Ал сәуір айында өтетін президенттік сайлаудан қандай қайыр күтесіз?

– Біздегі президенттік сайлау бұрынғыдай бірқалыпты үрдіс. Соншалықты жаңалық, соншалықты күтілмеген дүниелер болады деп ойламаймын. Бұған дейінгі мемлекеттің саясаты қалай болса, кезекті сайлаудан кейін де солай жалғаса береді деп ойлаймын. Аяқ асты елдің экономикасы мен саясатында күтпеген жаңалықтар бола қоймас. Бүгінгінің аржақ-бержағындағы өзгерістерден басқа ештеңенің иісі сезілмейді.

Сұхбаттасқан –

Жансая ЕРТАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн