«Общественная позиция»
(проект «DAT» №34 (398) от 21 сентября 2017 г.
Латын лаң болмасын!
Пікір
Мәжілістің қыркүйектің 11-і күнгі отырысында оның төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз – осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қазақ тілі – ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге жаңа әліпби – бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор», – деді.
Әрине, мәселе латын әрпіне көшу туралы болып отырғандықтан, төрағаның бұл сөзін толықтай қолдаймыз. Дегенмен, құрметті төрағаның сөзінен кейін мынадай бір қызық сұрақ көкейге оралады: «Егер ұлттық сананың дамуы, рухани өркендеу жолы жаңа әліпбиден бастау алар болса (ал оны біз енді ғана қабылдағалы жатырмыз), онда тәуелсіздігіміздің 25 жылында біздің ұлттық санамыз дамымаған ба, рухани өркендеуден тыс қалған ба?» деген…
Жә, жарайды, мұны «сөз қақпақылы» десек те, «рухани революция» қатарында тұратын осы тақылеттес мәселені көтергенде, спикер баяндамасы бұдан гөрі салмақтырақ болуы тиіс еді ғой? Бұны енді парламенттің сараптау орталығының «мәселесі» деп, келесі сөзді тақырыпқа қарай бұрайық.
Латын туралы айтқанда, оның жан-жақты аспектілеріне тоқталмай кете алмаймыз. Латын әрпіне көшу − тәуелсіздік нышаны ретінде қабылданатыны рас. Мысалы, қазақ ұлтшылдары тәуелсіздіктен кейін деколонизация саясатын жүргізуді талап етті. Бірақ ол бізде жүзеге аспады. Біз басқаша, шартты түрде алар болсақ, «Моисей жолымен» жүріп кеттік. Библия аңызы ол туралы былай дейді: Арабтан бөлінген Моисей израил халқына Құдайдың назары түскенін айтады. Бірақ халық оған сенбей, оны таспен атқылап өлтірмек болады. Оған ашуланған Құдай асқазан ойық жарасын жіберіп, бұл халықты қырып тастамақшы болады. Бірақ Моисей күндіз-түні жалбарынып, халқын ол қырғыннан аман алып қалады. Есесіне жаза ретінде Құдай израил халқын қырық жыл шөл далада босуға мәжбүрлейді. Қырық жылда израилдердің қиынға төзімді жаңа ұрпағы өсіп (деколонизация – Ә.Б.), Моисей оларды Ханаан жерін жаулап алуға бастап келеді. Ақырында төзімділікке үйренген жаңа ұрпақ жергілікті халықты жеңіп, жаулаған жерге қазығын қағып, кіндігін байлаған екен…
Осы аңызда айтылғандай, біз деколонизация жүргізбедік, 25 жыл бойы
Ресейдің «төл алфавиті» − кириллден ажырамадық, орыс тілі мемлекеттің басты қарым-қатынас тілі болып қала берді, … кеңестік зұлматты айыптап, ондағы жүргізілген репрессияға, қолдан ұйымдастырылған ашаршылыққа саяси баға бермедік… Соңында Ресеймен қайта одаққа бірігіп, көптеген мемлекеттік даму және қауіпсіздік бағытында, экономикалық тәуелсіздік бағытында біршама кіріптарлық күйге қайта түстік, не ондай қауіп қайтадан пайда бола бастады. Яғни, біз «Моисей жолына» түссек те, толығымен санасы жаңғырған ұрпақты тәрбиелеуге қол жеткізе алмаған себепті − тәуелсіздік тұғыры нық екеніне сенімсіз күйден толық арыла алған емеспіз. Не себептен?
Ол үшін біз белгілі бір тарихи кезеңде ұлтты – ұлт ететін, халықты тұтастыруға (не ыдыратуға) ықпал етуші күш − мемлекеттік биліктің сипатын анықтап алғанымыз қажет. Осы мақсатта назарға американдық экономистер Аджемоглу мен Робинсонның «Почему одни страны богатые, а другие бедные» кітабында айтылатын жаңа институционалдық теориясын қарайық.
Ғалымдар экономикалық басқару институттарын экстрактивті және инклюзивті деп бөледі. Инклюзивті институттар қоғам мүшелерінің экономикалық қатынастарға қосылуын, одан пайда табуын қамтамасыз етеді. Бұған саяси қолдау көрсетіліп отырады. Жеке адамдардың мемлекет экономикасын өз пайдасына қолдануына тосқауыл қойылады. Қазіргі дамыған елдердің либералды-демократиялы экономикасы осыған негізделген.
Ал экстрактивті қоғамда жағдай түбегейлі қарама-қарсы. Онда мемлекет экономикасы белгілі бір топтардың мүддесі үшін қызмет етеді де, басқа топтардың одан пайда көруіне тосқауыл қойылады. Мемлекеттегі барлық табысты сала осы шағын топтың (элита) пайдасына қызмет етеді. Саяси тұрғыда ондағы билік монархиялық, авторитарлы-диктаторлық, тоталитарлық деуге келеді.
Мәселені осы бұрышпен қарасақ, біздің мемлекет екінші, яғни экстрактивтік сипатқа жақын сыңайлы: бізде де олигархиялық қаржылық топтардың мемлекет қазба байлығынан үлесі мол, бізде де вертикалды биліктің ықпалы орасан. Ал сөз жүзінде нарықтық, іс жүзінде кландық-қаржылық экономикада шешуші салаларды элита өз қолына берік алған…
Міне, осы жағдайда ұлттың болашақ тағдырына жауапкершілік аталған элитаның қолына өтіп, ұлтқа қатысты мәселелер қолға алына бастайды. Сөйтіп, атқарылатын істердің барлығы да билік позициясын және сонымен бірге биліктің өмір сүру аясы (объектісі) − мемлекет позициясын нығайтуға жұмылдырылады.
Ал мұның бір маңызды факторы − «қолмен басқара» отырып, халықты саналы түрде рухани тәуелсіздікке жетелеу болып табылады. Сонда ғана − тәуелсіздігін ұққан халықпен бірге − қазіргі билік өз тұғырына сенімді бола алады. Олай болмаса, билікке сырттан және іштен төнетін қауіп арта түседі.
Міне, латын әліпбиін енгізу − осы айтылған ішкі факторларды билікке қажет форматқа сәйкестендірудің алдын алу ма деп ойлаймын… Әрине, халыққа мұның болашақтағы пайдасы бар екенін мойындау керек. Бірақ оның туындауының мақсаттары бөлек екенін айта кету керек сияқты: мұнда билік өз тұғырын (авторитарлы) одан әрі тиянақты етуді көздесе (мықты халық – мықты мемлекет – мықты билік), халық – тәуелсіздік санасын нығайта отырып, өзінің табиғатына сай либералды-демократиялық мемлекетті құруды мақсат етеді (ауыспалы билік, әділетті заңдар, құқық теңдігі және т.б.).
Бірақ қалай десек те, қазіргі − бастапқы кезеңдегі мақсат ортақ! Ол – екі жаққа да ортақ мәселе − тәуелсіздік тұғырын нығайту. Халықтың біртұтастығы (біртектілігі) шашыраңқы жағдайда – мұның өзі, яғни латынға көшуді ресми түрде бекітіп алу − жарты жеңіс десек болады!
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ
Манифест
ЛАТЫН ӘРПІ – ұлттық кодымыздың ДАМУ ЖОЛЫ
Біз жылдам да, өзгермелі, динамикаға толы заманда өмір сүрудеміз: атқан әрбір таңымыз тосын жаңалық әкеліп, оны дереу шешудің талабын қоюда.
Әлемдегі болып жатқан өзгерістер легі шапшаң. Біз жоғары технология мен ақпараттар әлеміндеміз, бұл жағдай бізден тез іс-қимылдар ғана емес, уақыттан оза іс-әрекет жасауды талап етеді.
Сондықтан біз бүкіл азаматтарды ұлттық кодымызды сақтау және өзіндік сана-сезімімізді дамыту сияқты бірінен-бірі ажырамас ұғымды байланыстыра отырып, алдарына қойған мақсат пен мұрат көкжиектерін кеңейтуге шақырамыз.
Бүгінгі заманымыздың басты тенденциясы – инновацияларды еселене пайдалану мен ноу-хау, дәстүрлі емес энергияны пайдалану, қоғамдық даму мен әлеуметтік модернизациялаудың басты өзегі болып табылады.
Біздің балаларымыздың осындай жылдам да, өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болуы жеткіліксіз, олар осы оқиғалар мен үдерістердің қайнаған ортасы мен топ басында болуы шарт.
Сондықтан да латын әрпін енгізу ұлтымыз үшін маңызды, өте қажетті, уақыт талабына сай келетін жаңа атрибут деп санаймыз.
Бүгінгі елімізге ұлтты жұмылдыра алатын, заманауи ағымға сәйкес жаңа бағыттағы рухани ағым қажет. Бұл жерде біз мәдениет пен өнер, әдебиет пен кино, музыка мен шынайы шығармашылық саласын бірінші кезекке қойып айтып отырмыз.
Латын қарпін енгізудің ең басты мәйегі мен өзегі, оның басты драматургиясы осында жатыр!
Жаһандану процесі өзінің жағымды жақтарымен қатар, ұлттық мәдениетті коррозияға ұшырата отырып, рухани әлемімізге өшпес сызат түсіретіндігін көрсетіп отыр! Осындай рухани алапаты көп заманда өмір сүріп қана қоймай, қарышты даму үшін, әрдайым даму үстінде болу шарт.
Біз әлемдік мәдени кеңістігінде рухани-мәдени «геттоға» айналмауымыз керек! Латын әрпін енгізудің мән-жайы осындай күрестен туады!
Сонымен бірге біз бұл процесті кешенді ғылыми таразыға салып, халықпен кеңесе отырып, жүйелі түрде өмірге ендіру қажет деп есептейміз.
Латын әрпі – біздің дәстүрлі мәдениетімізді дамытудың, әлемдік ғылыми айналымға ену жолындағы «рухани лифті», іргетасы болмақ.
Біз азаматтарымыздың болашағын қолдайтындықтан, латын қарпін қолдаймыз!
Болашағыңа ат салыс!
Әбдіғали Берік, Әуесбай Қанат, Бапи Ермұрат, Байтук Ғалым, Байғұлов Төлеген, Бекқожин Исламбек, Елеукен Есен, Домбай Қуат, Қалиев Талғат, Қосанов Әміржан, Кисиков Бекнұр, Мәмбетов Серік, Лоскутова Оксана, Орынбек Айгүл, Ошақбаев Рахим, Рожин Максим, Тайжан Мұхтар, Толыбаев Марат, Сарым Айдос, Сайыров Ерлан, Сәтжан Динара, Шөжеева Азиза.
Бәрекелді!
ЛАТЫН ӘРПІМЕН алғашқы мақала ЖАРИЯ БОЛДЫ
«Семей таңы» газетінің 19 қыркүйектегі санында латын әрімен жазылған алғашқы мақала жарияланды. Авторы – «Семей таңы» газетінің бас редакторы, көптеген республикалық сыйлықтардың лауреаты, тарих ғылымдарының кандидаты Риза Молдашева.
Осы сүйінші хабарды «Фейсбук» желісінде жария еткен Серік Жеңісов: «Бүгінгі «Семей таңы» газетінен болашақты көрдім. Елімізде бірінші болып Риза Асанқызы латын алфавитінде мақаласын шығарды», –
деп жазған екен.