ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР социал-демократтарды ҚОЛДАЙТЫН 4 ТЕЗИС

«Общественная позиция»
(проект «DAT» №10 (327) от 10 марта 2016 г.
Азаматтық мінбер
ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР
социал-демократтарды
ҚОЛДАЙТЫН 4 ТЕЗИС

Төмендегі үндеу-хаттың авторы Құрманғазы Рахметов – Желтоқсан көтерілісі кезінде сотты болып, кеңестік түрменің түнегін көрген азамат. Бүгінде ол Қазақстан азаматтық қоғамы өкілдері атынан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) тізімі бойынша ҚР парламенті мәжілісіне үміткер ретінде тіркелген. Қазақстандық жұртшылықтың назарына ұсынылған бұл үндеу-хатында «желтоқсаншы» азамат өзі жетекшілік ететін ұйым не себепті ЖСДП-ны қолдайтынын төрт тезиспен атап өткен.

Біз – «желтоқсаншылар», еліміздің барлық азаматтары сияқты тәуелсіздігімізді шаттана қарсы алдық − алғашқы қиыншылықтарды жұртпен бірге бөлісіп, тәуелсіздікті баянды етеміз деп сендік. Бірақ содан бері 25 жыл уақыт өтсе де, өзіміз сенген билігіміз біз армандаған қоғамға халықты алып келе алмады! Еліміз коррупция құрсауына бұғауланды, қоғам жоғарыдан төмен қарай жағымпаздық дертіне ұшырады.
Сондықтан «желтоқсаншылар» бүгін тәуелсіздік бастауында тұрған армандарға жету үшін жаңа күресін бастайды! Осы мақсатта олар шындықты айтудан жасқанбайтын ЖСДП-мен бірге халықтың өкілетті органы − мәжілісте өкілдеріміздің болғаны дұрыс деп білеміз.
Біз не себептен ЖСДП партиясына қолдау білдіреміз?
1.Біз қазіргі қалыптасқан олигархиялық-экономикалық-авторитарлық саяси басқару жүйесі мемлекетіміздің одан әрі дамуына кедергі бола бастады деп мәлімдейміз. Осы уақытқа дейін бұл жүйе тек қана қазба байлықтарды сатумен шектеліп, халықтың іскерлік қабілетінің оянуына, тұрмыстық жағдайдың оңалуына қол жеткізе алмады. Билік мұнай мен басқа да тау-кен өнімдерінің бағасы шарықтап тұрған кезде түскен табыстың қомақты бөлігін мемлекет экономикасын әртараптандыруға, адам капиталын дамытуға, мемлекеттің азық-түлік және басқа қауіпсіздігін нығайтуға жұмсаудың орнына, олар табысты өзара кландық топтар мен шетелдік корпорациялардың пайдасына бұру жолын қалады. Қоғамдағы аз ғана байлар тобы мен кедейленген бұқара арасындағы жарқышақ күннен-күнге ажырап барады. Сонымен қатар тәуелсіздіктің стратегиялық кепілі саналатын қазба байлық кешендерінің басым бөлігі шетел компаниялары мен шыққан тегі белгісіз жекелеген адамдардың қолына күмәнді жолдармен өтіп кетті. Біз тәуелсіздікке қатер төндіретін осындай түбегейлі қателіктердің орын алуын − осы елдің егесі Қазақстан халқының мүддесіне қарсы келу деп білеміз. Сондықтан осымен күресуді бастаған ЖСДП-ның ұстанымын біз қолдаймыз!
2.Қазақстан осыншама мол байлықтың үстінде отырып, шетелге қарызы жағынан Орта Азия елдеріне қарағанда алға шықты. Оны еліміздің экономикасына құйылған инвестиция деп атасақ та, ол қарыз болашақта бәрібір қайтарылуы керек. Қазір оның шамасы әр адамға шаққанда 10 мың доллардан асып кетті, ал қарыз алу әлі де жалғасуда. Яғни, мұның бәрін біз өз ұрпақғымызға мұра болып қалатын қарыз деп санаймыз.
Біз осыны армандап па едік? Жарайды, мақсат түзу болды делік. Бірақ осыған дейін келген инвестиция қандай мақсатқа және қалай жұмсалды? Оған неге есеп берілмейді? Елімізде қандай ірі өндіріс ошақтары салынды? Салынбаса, жұмыс орындары ашылмаса – 150 млрд доллардан астам қаржы қайда кетті? Керісінше, осы уақытта шетелдердегі офшорларға Қазақстаннан қанша қаржы кетті? Оның да жауабы жоқ. Бұл мәселені де ЖСДП экономистері үнемі көтеруде. Біз ЖСДП-ның айтқан шындығымен келісеміз! Сондықтан ЖСДП-ны өзімізге әріптес санап, онымен қосыла күрес жолына шығуға әзірміз!
3.Біз өз алдына дербестігін алған тәуелсіз мемлекетпіз! Өз алдына шаңырақ көтерген соң, оның билігі әрбір іргелі қадамдарды өз халқымен ақылдаса отырып шешуге міндетті еді. Бізде олай болмады. Билік мемлекеттің меншігін шетел компаниясына арзанға бергенде, неге халықпен ақылдаспайды? Ал не себептен шетел компаниялары елімізге келіп, Қазақстан заңдарын өрескел бұза отырып, азаматтарымыздың құқығын аяққа таптаса – өз азаматтарына қорған болудың орнына, керісінше, оларды атуға дейін барады? Олай болса, біздің «тәуелсіз мемлекетпіз» деп айтуға қандай қақымыз бар?.. Біз осыны армандап па едік 1986 жылдың аязды желтоқсанында?! Біз, қалай болғанда да шынайы әділеттіліктің болғанын қалаймыз! Сондықтан да әділеттілікті қалпына келтірудің нақты жобасын ұсынып отырған ЖСДП-мен біргеміз!
4.Қазақстан халқы өркениетке орта жолдан киліккен ел емес еді. Кеңестік қызыл империяның қысымына қарамастан, халқымыз жаппай сауатты, тегін оқу және медициналық тегін емдеумен кәсіби қорғалған болатын. Енді, тегін оқу көзден ғайып болды. Әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі төмен мыңдаған отбасылардың небір алғыр балалары оқудан тыс қалуда. Олардың бағын байлайтын кім және не? Осы мәселені неге көтермейміз? Мәселен, бізден әлдеқайда шағын Түркіменстан мемлекеті ұрпағын тегін оқытып, халқын тегін емдеп жатыр. Егер жақын болашақта олар «адам капиталы дамуы коэффициенті» жағынан бізден алға шықса – оған таң қалуға болмайды. Оқу-тоқудың азаюы, оған жұмыссыздықтың қосылуы – халықты аздырып жатыр. Біздің қоғам тек материалдық байлық тұрғысынан емес, рухани-әлеуметтік тұрғыда әртекті болуға бет алды.
Иә, реформалар арқылы экономиканы түзеуге болады. Ал қазіргі жоғалып жатқан рухани болмысымыз бен құндылықтарды қандай реформалармен түзейміз? Жоғарыдан тарайтын жағымпаздық пен екіжүзділіктің зардабын қалай жоямыз? Осы туралы ойланып көрдік пе? Сондықтан осы мәселе бойынша да біз ЖСДП-мен біріге отырып, халықты келелі кеңеске шақыра аламыз деп үміттенеміз!
Біз осы үндеуімізде қоғамдағы түйткілді мәселелердің азғана шоғырын айта алдық. Қаза берсе – ол таусылмайды. Олар – адам құқының қорғалуы, шынайы демократиялық үрдістерді қалыптастыру, заң алдындағы тең жауапкершілік және т.с.с. жалғаса береді. Ендеше мәжіліске келу арқылы біз осы мәселелерді үнемі халық назарына салып, сіздермен бірге келелі кеңеске салып отыратын боламыз деп сеніммен айта аламыз! Біз: «Отанымыз – біреу, мемлекетіміз – тіреу, болашағымыз – ортақ» болсын дейміз!
Құрманғазы РАХМЕТОВ,
«Нағыз Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі,
мәжіліс депутаттығынан үміткер

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн