«Общественная позиция»
(проект «DAT» №45 (409) от 7 декабря 2017 г.
Зығырдан
Тікенектен шошып, шоқ басты деген осы болар, сонау 1991 жылы қызыл империяның темір құрсауынан құтылып, «Егемендігімізді алдық!» – деп, қуанғаннан бөркімізді аспанға атып жатсақ та, бұл көптен аңсаған азаттығымызға қол жеткіздік деген сөз емес екен. Бұнымыз – бір құлдықтан екінші құлдыққа оңбай түсудің басқаша, яғни жабайы түрі еді…
Барар жері, басар тауы қалмаған қазақтың басына салған өлепаты әлі аз емес екен. Енді, міне, өз елінде отырып, бұл қазақ жерінен де айырылатын түрі бар. Бұл ойымды мен Қазақстанның солтүстік аймақтарында орын алған жерге қатысты жағдаяттармен дәлелдеп көрейін.
Елдің солтүстік өңірінен миллиондаған гектар құнарлы жерді иемденіп алған «Баско», «Богви» және «Қазақастықэкспорт» деген астық компаниялары бар. «Жарылқаймыз!» – деп келген періште бейнелі осы серіктестіктер ауылдықтарды алдап соғып, жерлеріне ие болып алғанымен қоймай, иеліктеріндегі миллиондаған гектар егістік жер телімдерін екінші деңгейдегі банктерге кепілдікке қойып, несиелік қарызға деп, миллиардтаған қып-қызыл теңгелерді шытырлатып тұрып ала бастады!
Ал ауылдағы егінші сорлыларға бұйырғаны – қайыршының садақасындай, не бары 5 пайыз үлестік пай еді. Ақыры келіп, жеке меншік серіктестік шаруашылықтар өздерін қолдан жасаған банкроттыққа ұшыратып, ауыл тұрғындарын жерсіз қалдырды. Оның айқын көрінісі – Солтүстік Қазақстан облысындағы Ақжар ауданына қарасты Бостандық ауылының жағдайы. Мұнда тұрғындарының 6 мың гектар жері ел президентінің былтырғы жылы жариялаған жер саудасына қатысты тыйым салу мораторийіне қарамай, қалталы азамат Ибрагим Саттыбаевқа заңсыз сатылып кетті. Бұл сауда-саттықтың ақ-қарасын анықтап, жерсіз қалған тұрғындарға жөн-жосықты айтуы тиіс прокуратура тарапынан тырс еткен үн жоқ.
Осыған ұқсас жағдай ШҚО-ның Үржар ауданында да орын алғаны бұған дейін мәлім болған жәйт. Мұндағы «Бәтуа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы 90 мың гектардан астам жерді қытай компанияларымен бірге игермекші болып, Қытайдан аумақты инвестиция алып, ол аздай, мемлекетіміздің есебінен көлемді субсидия алғанын жария еткені үшін қоғам белсендісі Айдын Егеубаев сотқа тартылып, бас бостандығына екі жыл шектеу қойылғаны – жер мәселесіндегі нағыз шектен шыққан жағдай еді. Қазақтың жерін «шетелдік инвестор» деген жамылғы атауы бар алпауыттардан арашалап қалғысы келген азамат ақыр соңы сотты болып тынды. Ең масқарасы – соттың шешімімен 92 мың гектар жер мемлекетке қайтарылса да, Айдынды соттап жібергені! Не үшін?
Осы сұраққа жауап алу үшін және Айдынға араша түсу үшін ҚР бас прокуроры Асановқа бірнеше рет барсақ та, онымен кездесе алмадық. Парламент депутаттары Омаров Сапархан пен Оспанов Беріктің қабылдауында болғанда, осындай күрделенген мәселелерді шешуді сұрадық. Алғашында біздің белсенділер тобын жақсы қарсы алған депутаттар келесі кездескенде жер мәселесін, яғни «жерімізді сатқызбаймыз, шетелдіктерге жалға да бергізбейміз» деген талабымызды тыңдаймыз деп уәде берген-ді. Бірақ келесі жолы 15 шақты адамның төртеуін ғана қабылдап, қалғандарын қуып шыққандай қылды.
Тағы бір жерге қатысты дау СҚО-ның Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Березка ауылынан шықты. Тиесілі жерлері сот шешімімен мемлекет меншігіне өтіп кеткен жергілікті жердегі орыс халқының өкілдері: «Жарайды, жерімізді тартып алып, мемлекет меншігіне өткізсін-ақ. Бірақ бұл жерде банктерден миллиардтап қарыз алған «Богви» серіктестігінің басшысы Богданец кінәлі ғой, біз ол ақшадан бір тиын да алғанымыз жоқ! Әділдік керек болса, банктерге алған қаражатын Богданец қайтаруы керек еді. Өкімет қайда қарап отыр? Бұл дегенің алаяқтық, нағыз ұйымдасқан жемқорлық емей не? Жерсіз қалу – аштан өлу. Бізге Ресейге көшуден басқа амал қалмады. Біз кетерміз, ал сендердің мынау қазақтарың қайда көшіп, қай жерде жан сақтайды?» – дейді.
Сонымен, мемлекет «қарыз ақшаның қайтарымы» деп, халықтан 8 миллион гектар жер телімдерін тартып алды. Бұл жерлер екінші деңгейдегі банкте кепілдікте тұр. Запа шеккен тағы да сол – ауыл халқы. Ал әлгі миллиардтаған қаржыларды қалталарына басып алған алаяқтар ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр!
Алаяқтығы үшін үстінен қылмыстық іс қозғалып, түрмеге түскен Богданец Виктор Ақмола облысына Сергей Кулагин әкім болып тағайындалғаннан соң, үш күн болмай жатып, Щучье қаласының түрмесінен сүттен ақ, судан таза болып, тез арада босанып шықты. Ал Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының біраз халқы жерсіз қалды.
Осындай масқара, сұмдық келеңсіздіктерді өз көзімізбен көру үшін, жаңадан құрылған «Алаш жолы», «Жер тағдыры» қозғалыстарының мүшелері: Қайырлы Омар, Айдын Егеубаев, Раушан Қалмомынұлы, Нұржан Сейтжанов сынды азаматтармен бірге «Шындық экспедициясының» бір мүшесі болып, аты аталған облыстарды жаздай араладық. Сонда иен қалған шаруашылықтар мен мал қыстақтарын көріп, жанымыз түршікті!
Бір кездері асып-тасыған, өркендеген бұрынғы совхоз орталықтарының жағдайлары әбден асқынып, халқы туып-өскен ыстық қоныс ауылдарын тастай қашып, күнкөріс үшін қалаларға көшіп кеткендіктен, үйлерінің қирандысы – қалқиған қабырғалары мен пештерінің сорайған мойындары ғана қалыпты. Баяғы кеңес кезіндегі жердің белін қайыстырған миллиондаған бас малдан еш белгі қалмапты, жым-жылас, жылан жалап кеткендей! Даңғарадай үлкен мал қоралардың төбелері ортасына түсіп (суретте), тек қалқиған қабырғалары ғана бұл жерлерде біз кездері қызу тіршіліктің болғандығынан хабар бергендей.
Ауыл-ауылдардың арасы түгілі, аудан орталықтарына қатынайтын тас жолдардың – жол деген аты ғана, ойқы-шойқы, быт-шыт, бейне бір танкодром дерсің.
Әсіресе қыстың күндері борандарда жолдар жабылып қалғанда, ауру-сырқау адамдар аудан орталығындағы ауруханаларға жете алмай, алдын ала жаназаларын шығартып қояды екен.
Біз сонда қандай елміз?! Әлгі дамыған 50 елдің қатарына кіріп, енді 30 елдің қатарына кіреміз деген былжырақ сөз қайдан шықты?!
Осыдан туындайтын ендігі қорытынды: билік қазақты жерінен аластатуға кіріскен сияқты. Оның бір дәлелі – былтыр біздің билік 1 миллион 700 мың гектар жерімізді 25 жылға Қытайға жалға береміз деп айтты. Бұл – бір облыстың аумағындай жер ғой. Осы жердің бір гектарын өңдеуге Қытайдан 2-3 шаруа келгеннің өзінде, ең кем дегенде елімізге 5 миллион қытай келмек еді! Олар бірер жылдың ішінде өсіп-өніп, біздің қыз-келіншектерімізге үйленіп, үй салып, өз алдарына 10-15 миллиондық «Чайна-таун» қалалар салып алар еді…
Осыдан бір жұма бұрын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ақсақалов Құмар Петропавл қаласында облыс жұртшылығымен кездесу өткізеді деген соң, Қайырлы Омар, Қалиев Қайрат, тағы бірнеше кісі болып, таң ертеден қабылдауына жазылып, облыс әкімімен сұхбаттасудың сәті түсті. Мен «Дат» газетінің қоғамдық тілшісі ретінде осы кездесуде: «Құмар Егеубайұлы мырза! Егер құпия болмаса, Қытайға не үшін барып қайттыңыз?» деген тікелей сұрақ қойдым.
Менің сұрағыма ол: «Жоқ, ешқандай құпия емес, Қытайға барған себебім –облысымыздың ауыл шаруашылығына қаражат құюын сұрап, инвесторларды облысқа шақырдым. Ал бірақ жұмыс жасайтын өзіміздің жергілікті халық болады», – деп, тез жауап берді. Әрине, әкімнің қызмет көрсеткішін бағалайтын бір бағам – жергілікті жерге инвесторлар мен инвестиция тарту. Бұл тұрғыда Құмар мырзаны жазғыруға болмас. Бірақ ол инвесторлар қытайлықтар болғанда, олар қазақ жерін игеруге келгенде, жер мен елден не қалады? Әлбетте, біз бұл сұрақты қызмет-құзыры облыс шеңберімен ғана шектелетін әкімге емес, мемлекет басшысы – президент Назарбаевқа қоюымыз керек. Себебі елдегі барлық былық президенттік биліктің төңірегінен өрбіп жатқаны – қоғамға белгілі жәйт.
Нұрекеңнің 5 жылға деп, жерге қатысты жариялаған мораторийі түк те емес, оны алдарқата тұру деп түсіну керек. Олай деп отырғаным – халықтың ашу-ыза, наразылығынан сескенген ол кісі мораторий жариялағаннан кейін, артынша: «Жалпы 5 жылға созбай, бұл мәселеге (мораторий) қайта оралып, түйінін 2–3 жылда шешеміз», – дегенін қайда қоямыз?
PS.
Қазақ мемлекетінің азаматы ретінде айтарым – Жер ғасырлардан келе жатқан, ешқандай баға жетпес мұрамыз, жердің егесі – Қазақ ұлты! Ендеше Атамекен туған жеріміздің, кіндік қанымыз тамған ыстық қонысымыздың ұлтарақтай жері де ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға да берілмейді! Жерден айрылсақ – Елден айырыламыз! Елден айырылсақ – тілден, ділден, діннен айырылып, Палестинаның күйін кешеміз! Әсіресе Қытайға бодан боламыз. Жеріміздің қазба байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені аздай, енді жерімізді «әркімдерге» сатып жіберер болса, 49 жылға қытайларға, басқа да шетелдіктерге жалға берер болса, опасыз биліктің қазақ ұлтының жаназасын шығарғаны осы болады!
Қуаныш МҰҚТАЙ,
«DAT»-тың қоғамдық тілшісі
Соңғы хабар
ҚЫТАЙЛАР АҚТӨБЕДЕ ТӨРТ ЗАУЫТ САЛАДЫ
Бейжіңде қол қойылған меморандум аясында Ақтөбеде 4 зауыт ашылады, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«4 желтоқсанда Бейжіңде Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру аясында аймақтар және қытайлық компаниялар арасында ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылды.
Құжаттар мұнай-газ саласы үшін химиялық өнімдер өндірісі («Цихай» Шаньдунь мұнай инженерлік компаниясы), геофизикалық және сейсмикалық барлау жұмыстары үшін электронды құрал-жабдықтарды өндіру («Сиань Лухай» геофизикалық технологиялар» компаниясы), бұрғылау құралдары (Dongying Weima Petroleum Drilling Tool) салаларындағы, сонымен қатар тәулігіне 2,5 мың тонна өнім өндіретін цемент зауыты құрылысының (Sino-Harbor Construction Group Гонконг компаниясы) жобаларын жүзеге асыруды көздейді», – делінген сейсенбіде таратылған хабарламада.
ҚазТАГ