Жеріңе ИЕ БОЛ, ағайын!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №14 (331) от 07 апреля 2016 г.

 

Дабыл!

 

Сонымен, дүлей дағдарысты сылтау қылған Қазақстан билігі жерді аукцион арқылы көтерме саудамен де (оптом), бөлшектеп сатуға да шығарды. Енді ата-бабадан мұра болған қазақтың қасиетті жерін ақшасы қалтасын жарған кім көрінген сатып ала алады. Оған жаңадан қабылданған Жер кодексі толық мүмкіндік береді.

Бұл айғақсыз ашудың сөзі емес. Өткен аптада ғана бір ресейлік компания қойнауында 40 тонна алтын бар деп жобаланған тұтас бір кенішті сатып алды. Бірақ Жер кодексінде сауда-саттық ашық өтеді деген талап тағы да әдірам қалды: Қазақстан үкіметі құрамында 40 тонна алтыны бар жерді қаншаға сатқаны белгісіз.

Әрине, әзіргі әңгіме ауыл шаруашылық жерлерін жекешелендіру мәселесі төңірегінде жүріп жатыр. Бірақ сол жердің өзі жариялы түрде, әрі қатардағы ауыл тұрғындарымен және тиісті аймақтардағы шаруа қожалықтарымен жан-жақты талқылағаннан кейін ғана аукциондық сатылымға шығарылуы тиіс. Ал бұл талаптың орындалуы Ақмола және Қостанай облыстарында басталған аукциондық талан-тараждың нәтижесінде белгілі болады.

Ал енді қазақ жерінің пышақ үстінен үлестіріліп алынуына үкімет қана кінәлі ме? Әлбетте, Кәрім-ака Мәсімов басқарған үкіметтің жауапкершілігі болашақ босаң заманда сот жүзінде сұралатын шығар. Бірақ оның да айтар жауабы алдын ала дайын болса керек: «Мен президенттің жарлығын орындаған бейкүнә бейбақпын» деуі әбден мүмкін.

Ендеше осы жердің тарихи иесі – қазақ халқы қайда қарап отыр? Күні кеше ғана атың өшкір парламентте Жер кодексі талқыланып, заң жобасына осындай оңбаған оғаштықтар енгізіліп жатқанда, бас көтеріп, қарсылық білдірген бір қазақ болды ма? Менің есімдегісі – Қазақстан Фермерлер одағы (ҚФО) және оның жетекшісі Әуезхан Дарыновтың шыр-пыр болып, қолы жеткен жердің бәріне хат жолдап жатқаны ғана. Сонымен бірге жерді аукцион арқылы сатуға ЖСДП тарапынан наразылық білдірілген мәлімдемеден басқа бір адамның ашу арқалап, алаңға шыққанын көрмеппін.

Ең өкініштісі – жерді сатуға қарсылық білдіру мақсатымен газет бетінде жарияланған бірнеше жарияланымға: «Әй, мынау не болып барады?!» деп, үн қосқан қазақ тағы да болмады. Енді, міне, сол салғырттықтың, бей-жай бойкүйездіктің, қазақи қара жалқаулықтың нәтижесі мынау: жер аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Бұл – бұдан былай қазақтың жерін қытай да, қалмақ та, орыс та, оңбаған да сатып ала береді деген сөз. Ал, мәселен, қытай сатып алған егіндік жердің астынан алтын шықса ше? Орыс олжалаған жерден мұнай атқыласа немесе атауы әзірге белгісіз байлық бүгіп жатса ше? Оның иесі кім болғаны?

Әрине, жер асты байлығы – мемлекеттік мұра саналады. Бірақ сол байлықты игеру үшін, біз өз жерімізді жер иесінен кері сатып алуға мәжбүр боламыз. Бұл әлгі «мемлекеттік мүдде үшін» деген желеумен Алматыны айналдыра жол салуға жеке меншіктің жерін сатып алған сауда-саттық сияқты кезекті аферадан айнымастың кері боп шыға келері сөзсіз.

Басты мәселе – жерді аукцион арқылы сату барысында ауылдың ахуалы, ондағы халықтың мүддесі ескеріле ме? Жоқ әлде бүгіннің өзінде ауылдың маңы алпауыттарға сатылып кеткендіктен, қолдағы бірер бас малына жайылым таба алмай отырған халықтың кебі ешкінің кепкен тулағындай тарыла түсе ме?

Жемқорлар жайлаған елде осы сансыраған сұрақтардың жауабы біз уайым қылғандай болып шықпасы үшін, жер-жерде жүре бастайтын аукциондарды қатаң бақылауға алу қажет. Бұл компьютердің түймесін түртіп отырғанда, кәлләға келе қалған ой емес. Былтыр Жер кодексі талқыға түсіп жатқан кезде ҚФО-дан хат алған едік. Сонда жер тағдырын уайым қылған Дарынов мырза былай депті:

«Бұл ретте «Бәке», «Сәке», «Мәке» және тағы басқа жалықтырған адами факторларды болдырмау үшін, сауда-саттықтар жариялы түрде, электронды форматта өтуі тиіс. Жер реформасы барысында жергілікті атқарушы органдар фермерлерге қысым жасауда қосымша тұтқаға ие болатындығын, бұл ұждансыз шенеуніктерге ыңғайлы мүмкіндік екендігін біздің барлығымыз түсінеміз. Құқық қорғау органдарына аса үміттенбейміз, өйткені олар мұндай жағдайларда озбырлыққа «көздерін жұмады», тіпті кейде оған қатысады да. Жалпы, тәжірибе көрсетіп отырғандай, фермерлердің жоғарыға жүгінуі еш нәтиже бермейді, шағымдар қайтадан сол фермерлерге қысым жасап отырғандарға оралады. Мұның бәрі жорамал қорқынышты оқиғалар емес, нақты өмірде болып жатқан жайт. Осының бәрі туралануы тиіс», – деген екен Әуезхан Дарынов.

Ол талаптар кодекстің көлеңкесінде қалай «тураланғанын» итпен иіскеп білу қиын шығар. Дегенмен, алғашқы аукциондық сатылымдар барысында сауда-саттықтың кем-кетігі көріне бастауы тиіс. Сондықтан үйінде бүк түсіп жатқан қазақ бір уақ бойын тіктеп, аукционның айла-шарғысын аңдап отырғаны жөн болар еді. Әгәркім, әлдебір әңгүдік әрекет байқалса болды – дабыл қағу қажет. Дауысы даладан асып, қалаға – тиісті орындарға жетпейтіндер болса, біздің газетке хабарласуға болады. Алматыдағы қалалық телефонымыз – 385-47-80. Электронды поштамыз – [email protected] екенін еске саламыз.

Егіндік түгілі, жайылымдық пен шаппалық жеріңнен айырылсаң, айдалада қалғаның – қалған, қазақ! Салғырттықтан сытылып шығып, ауылыңның маңына ие бол! Біздің газет сіздер қаққан дабылды жалпақ жұртқа, Ақорданың айналасындағы аукционшыл ағайындарға жеткізуге даяр.

Ермұрат БАПИ

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн