ЖИНАЛЫС ЖҮРІП ЖАТЫР…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №6 (370) от 16 февраля 2017 г.

 


Уақыт уыты

 


 

Жиналыс жүріп жатыр. Менің басым, Оспанханша айтқанда, қатиматика!

…Ертең айлық түседі… үш мыңы – Кәтәудікі… он жеті мың үш жүз алпыс – Әгугайдың дүкеніне… тә-ә-әк… екі мың төрт, жо-жоқ, екі мың жеті жүзі – Тұрапбайдың дүкеніне… жемге – бес мың… Ойбай, Үкілімнің сегіз мыңы бар екен ғой! … Нешесі қалды? … Кәтәуға – үш, Әгугайға – он жеті мың… Тфу!.. Қой, сөз тыңдайын, жиналыста отырмын ғой, ұят болар. Не деп жатыр, өзі?

– … Жолдаудың маңызды деген тұстарына тоқталар болсақ…

Не деген топас едім, а?! Меңдуана жеген микеще біреу болса, сол – мен шығар!.. Масқара болды! Осы жолдауды өз көзіммен көрдім ғой. Үйге бір емес, бақандай үш «Егемен» келеді! Бала да, келін де, қатын – Гүлжапырақ та мектептен жазылған. Сол үшеуінің де бетінде баттиып тұрды. Көрдім. Оқыдым. Ұққаным – дәл қазір маған соға қоятын тұсы көрінбеді. Көрінсе – көрінген шығар, тек менің көзіме түспеді. Осы – оқығанда басына басқа ой келмейтіндерге қызығам! Мен не оқысам да, миымның ойран-ботқасы шығады.

Алдыңғы күні әкімшіліктің алдында Адыраңбай әкім, мектеп деректірі Ілтипат, анау ауыл ақсақалы Сиезбай, ауылдағы маңдай алды жеке кәсіпкер Жүйткіл тұр екен. Жай тұрған жоқ, өткен-кеткенді тергеп тұр екен. Тергеуге мен де іліктім.

– Оқыдың ба? – деді әкім.

– Оқыдық…

– Ұқтың ба?

– Не ұқтың?

– Оқыдық қой енді… жақсы айтылған… маңызды…

– Дөрәк! – деді Сиезбай. – Міне, мынау да ұқпаған! Тайға таңба басқандай жазылып тұр, ұқпаған!

– Жап-жақсы үлгілі жанұяның отағасы дейді сізді! Мынауыңыз ұят! Жұбайыңыз – мұғалім, келін-балаңыз да ұстаз…

Келін демекші, келесі аптада құдағидың туған күні еді, оған қанша апарамыз екен? Гүлжапырақтан сұрау керек…

– Оу, өй, біз сенімен сөйлесіп тұрмыз ғой!

– Тыңдап тұрмын ғой…

– Тыңдағаның неге керек?! Бізге ұққаның керек! Осы ауылдағы сауатты, көзі ашық азаматтың бірі сен деп жүрміз ғой! Балаларың мектепте озат болды, қызың әне – грантқа түсіп, оқып жатыр. Сен болсаң…

Қызыма ақша салу керек еді, қарны ашып қалмаса болды ғой…

– …Сен сияқтылардың кесірі соның бәрі! – деп жатыр екен, ауыл ақсақалы.

– Мен не бүлдірдім?

– Бүлдіріп болдың! Әне, келе жатыр! Соноу Астанадан жұрт жұмысын тастап, мына сен сияқты дым ұқпастарға арнайы ұқтырғалы шығыпты! «Не бүлдірдім?» дейді ғой! – деп, әкім күйіп кетті.

– Олардың келіп-кетуінің өзі үкіметке қанша шығын?! Соны, тым болмаса соны ұғамысың сен, дөрәк? Олар ана жақта, біз мына жақта қыруар шығынға ұрынып жатырмыз!

Кәсіпкер Жүйткіл де мыңқ етті:

– Рас енді. «Осы ауылға қонақ келсе, біздің үйдің қызының соры» дегендей, қит етсе, осы біз сорлаймыз… Анау Тұрапбайдың да малы бар, мәгәзіні бар, сол неге күтпейді осы қонағыңды?

Бұл оның маған емес, әкімге дегені. Әкім жерге бір түкірді:

– Тұрапбай өткен жолы келген кәмиссияны күткен. Оның алдында анау спорт жарысына жүлдені Әгугай алып берген, осы жолғы кезек сенікі енді!

Жүйткіл маған ала көзімен қарады:

– Дипломың бар, оқығаныңды «ұқтым» десең, тілің кесіле ме?! Сен сияқтылардың кесірінен енді айдаладан келетін біреуге жайылып жастық боламыз, одан маған не пайда?! Ішеді, жейді, кетеді… Бала-шағаның нәпақасын… маған мал біткеніне кінәлімін ба?!

Жер қылды мынау! Кірерге тесік жоқ! Шынында да, осы оқи сала, ұға қоюға болатын еді ғой…

– Сіздің немереңіз мектепте осы жайлы қатқан реферат жасады! Ал өзіңіз…

Ойбұй, немеренің курткасының жарты ақшасын беру керек еді ғой! Қаншасы қалды екен?..

– Жиналысқа келетін бол! Ұқтың ба?

– Қашан?

– О, дөрәк десе дөрәк қой мынау! Айтты ғой жаңа ғана! Арғы күні сағат 15.00-де! Құлұпта!

– Жиналыстан қалмаймыз ғой…

– Қалмағаның емес, ұққаның керек! Құлағыңды жуып, миыңды аршып кел! Сосын, саған ерекше тапсырма бар – тыңда! Келе жатқан қонақтар аудан әкімі ғана емес, анау жақтан да келеді. Сен Кәтәуды қолға ал. Білесің ғой – оның жиналысқа жоғарыдан біреу келсе құтыратынын. Тәк што, бұл жолы оның үні шықпайтын болсын!

– Енді ауыз өзінікі… тігіп қой дейсің бе?.. Бізде демократия емес пе…

– «Демократия» деген – дей берсін деген сөз емес!

– Жей берсін деген де сөз емес…

– Тілің кесілсін, дөрәк!

– Бала-шағаңызға үлгі болмайсыз ба?! Сіз сияқты бейтараптардың кесірі елге тиеді, анау басқа ағымға қосылып кетіп жатқан жастар осы сіз сияқты бейтарап, мүләйім әкелердің дер кезінде шара қолданбағанының кесірі!

– Осы дөрәк, былтыр Ақтөбеде анау бәле болғанда, ауылда болмаған сияқты осы, а?

– Ол кезде жылқы жоғалып, дала кезіп кеттім ғой. Табылмады ақыры. Мыналардан қалай құтылсам екен? Жемге бару керек еді, сәлден кейін малдың алдынан шығу керек…

– Кәтәудың құны бір жарты. Соны ішкіз. Жиналысқа келсе – келе берсін, тек сау келмесін!

– Е, сол-ақ па?! Оны қатырамыз ғой…

– Әй, өзің қырынып кел, бақабис екен де қалмасын!..

 

Бүгін, міне, жиналыста отырмыз. Аноу жақтан келгендер, ауданнан келгендер – сахнада. Залда – мұғалімдер, Сиезбай бастаған шал-кемпір, жоғары сынып оқушылары, пелшір, пошташы Зырғыбике, балабақшаның екі-үш қызы…

Масқара! Мыналардың бәрі мені ала көздерімен атып отырған сияқты ғой! Сахнадағы игі жақсының біреуі мені атарға оғы жоқ сияқты. Мына мұғалімдер де жұмыстарынан қалдырып, жиналысқа әкеп қамалғанын менен көріп отыр! Ұят! Бірден оқи сала, ұға қоятын дүниені ұқпағанымның кесірі қанша адамға тигені енді жетті миыма! М-ә-ә, анау 11-сыныптағы көрші Зыырданның баласы да отыр ғой! Әкесі мүгедек, құдықтан су тартып, мал суғаратын, қора күрейтін уақытта мында отыр! Әке-шешесі сусыз, мал шөлдеп қалған шығар!? Өле салсам, маған обал жоқ! Не деген түйсіксіз едім! Құрысын, мына Тірсек неғып отыр?! Бүгін қой кезегі соныкі емес пе еді?! Ал ендеше, жарты ауылдың қойы қараусыз қалды! О, топас басым, жерге кірсеңші!

Сахна жаққа қайта қарадым. Аудан әкімі мен жаққа қарағысы да келмейтін сияқты! Несіне қарайды? Оның қабылдау бөлмесінде қаншама адам кезек күтіп, қаншама тағдыр тағатсыздана күтіп отыр? Соларды шешудің орнына, менің меңіреулігімнің кесірінен аудан әкімі осында отыр! Жүрегім аузыма тығылды… Ауылдағы жалғыз доқтыр, пелшір Тамыршы да осында! Күлзипаның келіні ай-күні жетіп отыр деп еді. Дәл қазір толғатып жатса, не болды?! Бағана Илигайдың баласының іші өтіп, судай ағып жатыр деп еді, сондай болып, тағы бір бала жатпаса не қылсын?! Үдеп тұрған тұмау болса мынау… О, көмусіз қалғыр, микеще! Үш газеттен бір жолдауды ұқпаған миың кепсін, миың!..

…Қорыта келе айтайын дегенім мынау – бүгінгі ел экономикасы қарқындап дамыған тұста…

«Экономика» демекші, өзімде қанша қалады? Кәтәуды ішкізу үш мыңға түсті! Бұл жолы Тірнектің дүкенінен қарызға жазғызып кеттім. Тә-әк, үш мың – Кәтәуға, он жеті мың үш жүз алпыс – Әгугай дүкеніне, жем…

– Сұрақтарыңыз бар ма деймін?

Кәтәу орнынан тұрды. Әкім маған қарады. Кәтәу былдыр етті. Әкімнің көзінде қуаныш ұшқыны жалт ете қалды:

– ¬Өй, мынау мас қой! Көңіл аудармай-ақ қойыңыздар, қадірлі қонақтар! Әр ауылда мұндай бір тентек болады ғой, енді…

Кәтәудың үні өшті. Әкімнің тапсырмасы екі жүз пайыз орындалып тұр! Тәк, Кәтәуға – үш мың, он жеті мың… Немеренің курткасына қанша керек екен? Гүлжапырақ қайда отыр екен?.. Екі мың жеті жүзі – Тұрапбайдың дүкеніне… Жемге бес мың… Үкілімнің сегіз мыңы… ту-у, не боп кетті!.. Осы өкімет «за вредность» деген бір үстеме қосушы еді ғой. «Отбасын асыраушыға» деген де үстеме ақы қосса қайтеді екен?.. Жетпей жатыр міне… Бала мен келін кредиттерін төлейді. Гүлжапырақтың айлығы ішіп-жеуге… менікі болса міне… жетпейді…

– …Арқасында отыз елдің қатарында тұрмыз! Осының өзі біздің қарыштап…

Қалған 29 елдің ең төменгі айлығы қанша екен, ә?.. О, тұқымың өскір, мына Бәлду қайдан жүр? Бұған 750 теңге қарыз едім ғой!.. Үш мыңы – Кәтәуға… Он жеті… Трәмблөрді ауыстру керек еді… Әкіміләтрды Сәкіштің үйінен ала кету керек. Өзі әкеліп бергенді білмейді!

– Айдөш, сенің айтарың бар ма? Жалпы түсінікті болды ма?

– Ұқтым! Түсіндім!.. Кешіріңіздер… Бәрің кешіріңдер! Алтын уақыттарыңызды бөліп, қыруар жұмысты қалдырып, осында жиналуларыңызға кінәлі менмін! Бірден оқығанда түсіне қоймадым…

Кешіріңіздер!..

Толқып тұрмын.

– Оқасы жоқ, біз осы сіздер үшін, халық үшін еңбек етіп жүрміз ғой! – деді анау жақтан келген сүйкімді біреу. Жылап жібергім келді! Неткен кешірімді еді! Көңілім босаған сияқты… Енді үш мыңды Кәтәу жалғыз ішкен жоқ қой!..

 

Сахнада бесінші сыныпты оқитын немерем тақылдап тұр. Кеше Гүлжапырақ: «Анау Айканың рефератына көмектессеңші, еркек болып, осы үйге бір пайда келтіргенің болсын!» – дегенде, телебезерден бір зиялы ағамыз: «Бұл дер кезінде елге жеткен құнды құжат боды!» – деп бастап, көсіліп еді. Соның сөзін айна қатесіз жазып, аяқ жағына баяғы комсомолдың әнін сәл бұрмалап, қосып жібергем:

«Алға, болашақ, туың қолыңда, Алға, болашақ, жеңіс жолдында!» – деп. Соны немерем тақылдап оқып жатыр! Айналайын, Айкосынан сол! Атасына тартқан! Осы немере ұққанды мен ұқпай… Әй, қу тірлік-ай!.. Курткасының қанша ақшасы қалды екен?..

Жұрт ду қол соғып жатыр. Жиналыс жүріп жатыр.

Жиналу керек екен! Жиналысқа емес, өзіме жиналу керек, миыма, ойыма, есебіме… Әйтпесе ұят болды! Бірден ұға қойғанда, осынша жұрт бұлай дүрлікпес еді ғой. Кәсіпкер Жүйткіл ала көзімен маған қарамас еді…

«Алға, болашақ, туың қолыңда,

Алға, болашақ…».

Ән айтқым келгені несі?

Октябрьде… Ж-жоқ…

Жас шағыңда құрыш қайрап,

Оққа мінген құрыш қайрат.

Ақ дәуірдің қырандары,

Батыр елдің ұландары.

Алға, комсо… болашақ – қызыл сұңқарлар…

Жиналыс жүріп жатыр… Ұят болды…

 

Асқар НАЙМАНТАЕВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн