Ұзынағаш мал базарын «ОПГ» БАҚЫЛАЙДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №38 (355) от 20 октября 2016 г.

 

Жазылған жайдың жаңғырығы

 


 

Ұзынағаш мал базарында тірлігін жасап, бала-шағасын асырап жүрген ағайынды жігіттердің өлімі мен базар маңында орын алып отырған келеңсіз жағдайлар туралы газетіміздің алдыңғы сандарында жазған болатынбыз. Осы жарияланымдарға орай, атышулы базарда мал сатумен айналысып жүрген Айбек есімді оқырманымыз редакциямызға телефон шалып, өз мұңымен бөлісті.

 

Менің мал сатумен айналысқаныма біраз жыл болды. Әдетте малымды Алматы облысындағы Маловодное ауылының базарына барып сататынмын. Бірақ осы жылдың 21 тамызында Маловодноеның базарына кешігіп жатқан соң, аттың басын Ұзынағашқа бұрдым.

Мұнда әкелген малымның негізгі бөлігін 1,5 миллион теңгеге сатқаныма қатты қуандым, бірақ қуанышым жарты сағатқа да созылмады. Малдың ақшасын санап алған соң, оны мәшиненің кабинкасына салып, өтпей қалған төрт бұзауды көлікке қайта тиедік. Мәшиненің есігіне қарайлап, есіктің ашылған-жабылған дауысына да құлақ асып, сақтық шараларын жасап жүрдім. Соған қарамастан, кабинкадағы ақшамызды ұрлатып алдық. Басында шофердан көріп едім, сөйтсек, маған дейін де осы базарда ақша ұрлау оқиғалары болған екен. Біреу 2 миллион теңгесін ұрлатса, екінші біреуі 4 миллион теңгесінен айырылған.

Ақшамыз жоғалған кезде көлігімізді орнынан қозғамай, дереу полицияға телефон шалдық. Жедел-тергеу тобы келісімен, біздің және мәшинедегі барлық саусақ іздерін алды да, әрі қарайғы жұмыстары осымен тоқтап қалды. Шофер жігітті де, бізді де тергеу ісі шеңберінде полицияға бірде-бір рет шақыртқан жоқ.

Бас кезінде тергеуші: «Істі жаппаймыз, бізбен үнемі хабарласып тұрыңыздар», – деген болатын. Содан бері үш ай өтті. Полициядан бір хабар болмады. Өзіміз бір-екі рет хабарласып едік, қайта-қайта айтатындары бір сөз: «Табылмай жатыр».

Енді күні кеше ғана сөйлессек, тергеу нәтижелеріне қатысты жаңалық айтудың орнына, Ұзынағаш полициясының аудандық бөлімінің тергеушісі Нұрлан Сырбаев бізге: «Ақша деген табылмайды ғой…» – дейді. Біз полицияның осы істі ашуға қауқарсыз екенін БАҚ өкілдеріне хабарлаймыз деп айтқанымызда, тергеуші: «Бере беріңіздер, табылмаған нәрсе үшін бір сөгіс алармын», – деп жауап қайырды.

Сонда аудандық полиция бөлімі не үшін қажет деген сұрақ туады. Негізі, осы базарда полиция қызметкерлері түнде жүріп, таң ата кетіп қалады екен. Кәсіпкерлердің әңгімесіне қарасаң, Ұзынағаш базарында арттарында азулы тіреулері бар бір топ ұрлықшылар арам пиғылдарын жасап жүрген көрінеді.

Бұған қоса, Ұзынағаш базарында жанға да, қалтаға да бататын жағдайлар бар. Мысалы, біздер малды ауылдан алып шығар алдында жергілікті әкімнен алатын тиісті құжаттармен қатар, мал дәрігерлік анықтама аламыз. Ал Ұзынағаш базарына келсең, сол мал дәрігерлік құжаттарды қайта жасауға мәжбүрлейді. Қолымыздағы құжаттарды көрсетсек, сөзімізге құлақ аспайды. Сөйтіп, базарға малды кіргізген төлемнің үстінен дәрігерлік құжаттар үшін тағы да шығынданамыз.

Сіздердің газеттеріңізде осы жөнінде шыққан мақалаларды оқып, сол базар төңірегінде қалыптасып отырған жағдаймен бөлісейік, ел-жұрт білсін деген ой ғой біздікі. Полицияға да сенім жоқ заман болды. Базарда бір жағдай болып жатса, полиция келіп, міндетті түрдегі шартты шараларын жасап қойып, содан соң өз беттерімен кетеді екен.

«Ұзынағаш ауылының мал базарындағы адамдар марқұм болған ағайынды жігіттердің өліміне қатысты қандай ойда отыр?» – деген сұрағымызға Айбек былай деп жауап берді:

«Ағайынды жігіттердің өліміне қатысты ұсталған күдіктілер туралы айтар болсам, ол екі адамның қолынан келетін іс емес. Екі адам осындай қылмысты жасай алмайды. Бұл базар осы жердегі «ОПГ»-ның бақылауындағы базар деп ойлаймын. Базардың кассалық және салық мәселесін, санитарлық жағдайын, өрт қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылаушы органдар мұнда бас сұға алмайтын сияқты. Дегенмен, мұндағы ел-жұрттың айтуынша, «бар кінәні осы екеуі алып кетеді ғой» деген тұрақты пікір бар.

Бұрын Ұзынағаш ауылының полициясында қызмет істеп кеткен бір адаммен бірге таксиде келе жатқанда, ол өз ойымен бөліскен. Оның айтуынша, ұсталған екі күдікті бір-бірін жақсы танымайды екен. Бір-бірін жақсы білмейтін адамдар, ондай іске бармайды ғой. Елдің аузында жүрген әңгімелер осындай. Қылмысқа екі ғана адам қатысты деген жорамға ешкім сеніп отырған жоқ».

Ұзынағаштағы қанды қылмыс жөніндегі пікірлерді саралай келе, мынандай қорытындыларға келдік: осы қылмысқа жергілікті полиция қызметкерлерінің қандай да бір қатыстары болғандықтан, тергеу толыққанды жауап беру мен қылмыстың бет-пердесінің ашылуына мүдделі емес. Я болмаса, қылмысқа қатысты тергеу амалдарының бейберекетсіздігі полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейлерінің төменділігімен түсіндіріледі. Сондықтан да осы қанды қылмыстың ашылуы жергілікті полицияның ғана емес, Қазақстан ІІМ шен-шекпенділерінің де абыройын сақтап қалудың бірден-бір амалы екені даусыз.

 

Дайындаған –

Димаш АЗАМАТОВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн