Адамгершіліктің ЖАҚСЫЛЫҒЫ

  • Көзі тірі болғанда, бүгін – 6 мамыр күні Олимпиаданың алғашқы қазақ чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров 70 жасқа толар еді.

2002 жылы бұрынғы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының құрылғанына 50 жыл толатын болды. Алайда бұл оқу орыны 1995 жылдың қараша айында ҚР Үкіметінің қаулысымен жабылып, жаңадан құрылған «Семей» мемлекеттік университетінің құрамына факультет дәрежесінде кірген еді. Дегенмен жаңа университет басшылығы, кезінде Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағына мал шаруашылығы мамандарын дайындаған қара шаңырақтың жарты ғасырлық тойын атап өтетіндігін естігенбіз. Осыдан соң айтулы оқиғаға орай институттың даңқты түлегі Жақсылық Үшкемпіров туралы мақала дайындайын деген ой келген еді.

Көп ұзатпай ойластырған мақаланы жазып, «Семей таңы» газетіне жібердім. Ол мақалам «Олимпиада чемпионы қанаттанған ұя» деген тақырыппен 2002 жылдың мамыр айында жарық көрді. Онда мен Жақсылық күрес кілеміне алғаш қадам жасап, талай жылдар жаттыққан Семейдегі зооветинституттың спортзалы туралы жазып, оған бір естелік тақтайша белгі қойылса деген мәселе көтерген едім.

Сол жылы күзде – 18-19 қыркүйек күндері Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының 50 жылдығы аталып өтті. Оның алдында Алматыға барған бір сапарымда институттың мерейтойы болатынын Жақсылыққа ескертіп, мүмкіндік болса, алтын ұямыздың мерейтойына келін сұраған едім. Ол бұл хабарды қуанышпен қабылдап, мерейтойға арналған салтанатты шараға Алматы қаласында тұратын институттың бұрынғы ректоры Уәлхан Әбділманов пен кафедра меңгерушісі Марат Кинеевті ертіп кетелінін айтты.

Мен күткендегідей, біз үшін айтулы тойға Жақсылық та жеткен екен. Қасында жұбайы және тағы бір кісілермен келіпті. Бірақ «ертіп келем» деген У.Әбділманов пен М.Кинеев болмады. Оның себебін кейіннен білдім…

Шамасы, менің «Семей таңы» газетіне шыққан мақаламнан кейін университет жоспарлағандай, спортзалының кіреберіс қабырғасына «Осы залда 1970-1974 жылдары қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жаттықты» деген мрамордан ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты болды.

Содан, той арасында ретін тауып, Жақсылықтан уәде еткен адамдарының неге келмегенін сұрадым. Жақаң біраз ойланып тұрып: «Институтымыздың 50 жылдығы болған соң, бұрынғы ректорым мен дипломдық жұмысымның жетекшісін, өз қаражатыма алып барайын деп ойлағам. Тойға шақыру келген соң, екеуіне де телефон соғып, жағдайды айтсам, Уәлхан Әбділманұлы да Марат Айдарұлы да «бізге шақыру келген жоқ, сондықтан бара алмаймыз, ал саған рахметтен басқа айтарымыз жоқ деп, мені шығарып салды» деді.

Әрине өкінішті жағдай болды, жаңа унивеситеттің басшылығы бұл мәселені қапер қылмаған сияқты. Оның үстіне, бұрынғы ректор Уәлхан Әбділманов пен институт ардагері Марат Кинеев Жақсылықтың тағдырында өзіндік орын алатын, шарапаты тиген адамдар еді. Уәлхан Әбділманұлы зооветинститутта 16 жылдай ректор (1967-1982) болған-ды.

Бірде Жақсылыққа байланысты әңгіме туындағанда, Уәлхан ағаның ашылып айтқан әңгімесі бар еді.

«Иә, Жақсылық бізде оқыды ғой. Оған байланысты бір қызық жағдай болды. 1970 жылдардың басы болар. Ректор болған соң, күнделікті газеттерден зооветинституттың студенті Үшкемпіров деген балуан анау жарыстан, мынау турнирден алтын медаль немесе жүлделі орын алып келді деген хабарды жиі оқитын едім. Оның үстіне, Жақсылықты әртүрлі жарыстарға жіберу туралы бұйрықтарға қол қойып жататыным тағы бар.

Содан бір күні дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісіне «біздің атағымызды шығарып жүрген бұл өзі қандай студент екенін көрейін, маған келіп, жолығып кетсін» дегенмін. Бір күні кабинетімде отыр едім, есікті имене қағып, бойы аласалау бір жас жігіт кірді. Біртүрлі ұяң мінезбен есіктің көз алдында тұрған жігітке:

«Қандай жұмыспен келдің?» дедім.

«Сіз шақырған соң келіп едім…» дейді.

«Сен кімсің?».

«Мен Жақсылық Үшкемпіров деген студент едім» деп жымияды.

«Оу, мен сені Қажымұқан секілді таудай балуан деп жүрсем!..» деген сөз аузымнан шығып кетіпті. Қай салмақта күресетіне бұрын мән бермегенмін ғой. Содан үстелге таяу отырғызып, біраз әңгімелестім. Жарыстарда қол жеткен жетістіктері туралы айтты. Мақтаншақтығы, кеудемсоқтығы жоқ екені бірден байқалды. Қарапайым азамат екен. Жағдайын сұрадым. Проблема болса, маған келіп айт дедім. Кейін оның деканы Қыдырниязовқа тапсырып, көз қырыңда ұста дегенім бар» деп, Уәлхан аға Жақсылыққа байланысты өткенді есіне алды.

Одан әрі Уәлхан Әбділманұлы Мәскеу олимпиадасы туралы бір әңгіменің ұшығын шығарды. Жақсылық зооветинститутты 1974 жылы бітіріп кеткені белгілі. Ал 1980 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқанда, ол Алматы қаласының спортшысы болып есептелетін және бапкерлері санатында атақты жаттықтырушы В.Псарев пен В.Угренинов жүретін. Бірақ сол кездегі КСРО спортының басшылары Жақсылық Үшкемпіровтің балуан ретінде Семей жерінен өсіп-өрбігенін ұмытпапты.

«1980 жылы әдеттегідей жұмысқа келген қағаздарды қарап отырған едім, – дейді Уәлхан Әбділманұлы. – Бір көлемі үлкендеу, қомақты конверт көзіме түсті. Мәскеуден екен. Сол кездегі Одақтың астанасы ғой. Одан хат-хабар бізге жиі келетін. Өйткені, біздің институтты тікелей Мәскеу қаржыландыратын, соған есеп беретінбіз, яғни Одақтық Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтынбыз. Бірақ, мына конвертті жіберушінің тұсында «Ұлттық Олимпиадалық комитет» деген жазуды оқыдым. Бұрың-соңғы тәжірибемде бұл мекеме туралы аздап естігенмен, ешқандай байланысымыз жоқ болатын. Олардың бізде қандай шаруасы болды екен деп, конвертті ашып едім, ішінен бірнеше қағаз шықты. Соның біреуінде «Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының 1974 жылғы түлегі Жақсылық Үшкемпіровтің Мәскеу Олимпиадасында классикалық күрестен еліміздің намысын қорғауына орай, Сізді, институт ректорын, құрметті қонақ ретінде шақырамыз» депті. Ойламаған жерден осындай шақыру алғаныма, әрине, қуандым! Жақсылық секілді түлегіміз үшін шаттандым! Қалай риза болмайсың?! Сонымен бірге конверттің ішінде Мәскеуге қай аралықта келуім керектігі, қандай қонақ үйге орналасуыма болатынына дейін жазыпты. Бүкіл шығынды «Ұлттық Олимпиадалық комитет» көтереді депті. Бұдан кейін ойланып қалдым. Өмірімде Олимпиадалық ойындарға бармаппын, тек теледидардан көргенім болмаса. Құр көрермен болып барып, тамашалап қана қайтқаннан гөрі, Жақсылықтың бапкері болған Ром Ильматовты (қыста ол кісі 85 жасқа толды – Ө.С.) шақырдым. Содан ұзын сөздің қысқасы, шақыртуды Ильматовтың қолына ұстатып: «Мінеки, менің орныма Мәскеуге барасың, Жақсылықтың қасында бол. Ақыл-кеңесіңді айтып, жанында жүр» деп, шақырту қағазды қолына тапсырдым», деген-ді Уәлхан марқұм (2005 жылы қайтыс болды).

Жақсылықпен бірге институттың юбилейіне келе алмаған Марат Айдарұлы Кинеев көп жылдар зооветинститута жемісті қызмет атқарған, малдарды азықтандыру кафедрасының меңгерушісі, ғылым кандидаты, доцент болатын. Білімділігімен қатар, эстет, мәдениетті адам еді. Жүріс-тұрысы, киім-киісі келіскен, мұнтаздай таза ұқыптылығымен бірден көзге түсетін. Міне сол Марат Айдарұлы 1973 жылы Жақсылық көбінесе жауапты жарыстарға қатысуға байланысты, қолы босамайтындықтан, бір жылға академиялық демалыс алған кезде, оны қамқорлығына алып, кафедрада зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік тудырып, дипломдық жұмысының жетекшісі болып, келесі жылы қорғатып шығарған болатын. Бүгінде Марат Айдарұлы Алматыда тұрады. Ғылым докторы, академик.

Міне, өзіне шарапаты тиген осы екі адамның еңбегін Жақсылық қалай ұмытсын?! Cемейде өтетін мерейтойға өзім алып келемін деп жүргені сондықтан да болар…

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, өзім куә болған осы оқиғаны қағазға түсіргендегі басты мақсатым – бүгінде бақилық болған даңқты балуанымыз Жақсылық Үшкемпіровтің асыл қасиетін еске алу еді. Оның ары таза, сөзіне берік, адамгершілік қасиетті жоғары ұстаған азамат болғанын айтуды парыз санадым.

Өмірзақ Сұлтанов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

blank
  • Суретте: Зоветинституттың түлектері – Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров пен ғалым Өмірзақ Сұлтанов.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн