АЛЖАСҚАН КІМ?

Олжас Сүлейменов – оза шауып, көптен қара үзіп кеткен сәйгүлік. Озғанда, көптің алдында кетіп бара жатқан жоқ, бел аса озып кеткен. Соңындағы қара нөпір «ол неге шаңдатадымен» наразылығын білдіріп жүр.

Ол – планетарлық ауқымдағы лингвист. Қазақ тілі мәселелерімен айналысып жүргендер оның атын атамайды. Неге? Өйткені Қазақстанда «филология» деген ғылым жоқ, «филолог» деген атақ пен дәреже алғандар бар. Мыңнан астам дәрежеленген қазақ «ғалымдары» О. Сүлейменовтың идеяларын түсінбейді. Кезінде оның диссертациясын қорғатпай, құлатып жіберген.

«Алматыға» қатысты пікірталаста бір шабуылшы оның «ы» дыбысы туралы айтқандарына қарсы орыс сөздерінен мысалдар келтіріп, тұжырымын жоққа шығарғысы келіпті. Рас, әзірше орыс тілінде «ы» дыбысы ұшырасатын сөздер баршылық. Алайда блогер мынаны ескермейді: «ы» – айтуға ғана емес, үйренуге де қиын дыбыстардың бірі. Сондықтан жетілген тілдер одан әлдеқашан арылған. Орыс лингвистерінің өздері де осы дыбыстан қалай арылу мәселесіне үнемі оралып отырады. «Согласно Московской фонологической школе, в современном русском языке отсутствует самостоятельная фонема /ɨ/, а звук [ɨ] является лишь аллофоном фонемы /i/ после твёрдых согласных» (қараңыз: Мусатов В.Н., Русский язык: фонетика). 

Дүние жүзіндегі озық лингвистикалар ұстанатын әмбебап қағидалар мен ұстанымдар бар. Олардың кейбіреулері мыналар: тілді дамыту күрделіден – қарапайымға, қиыннан – оңайға, айтуға ауыр дыбыстан – айтылуы жеңіл дыбысқа, дыбыстардың көптігінен – аздығына, мұрынмен дыбысталатын фонемалардан арылып – ашық, анық естілетін дыбыстарды пайдалануға … қарай бағытталуы керек. Осыларды жүзеге асыру нәтижесінде дамыған тілдердегі дыбыстар саны мейлінше азайған және құрамы айтуға жеңіл, анық естілетін дыбыстарға көп орын берілген. Жетілген тілдерді адамның тез меңгеріп алуының көп себебінің бірі осы.

Олжекең осы алдыңғы қатардағы жетілген лингвистикалар қабылдаған үрдістерден (тенденция) сөз қозғап отыр. Ал біздің тенденцияны түсінбейтін қандектеріміз контекстен теріп алған, сырттай дұрыс сияқты болып көрінетін бір детальдың құйрығынан ұстап алып, оны «нақты мысал» екен деп, пілдің қатесін көзіне шұқып көрсетіп жібермек болыпты. Шынайылығында, «Алма-Ата»-ға қатысты Олжеке айтқан тұжырымдары қисыннан ада емес. 

Санаңызшы, QWERT-клавиатурада қанша әріп бар? Дұрыс, 26 әріп бар. Ал қазақ тілінде – 42. Осы айғақтың өзі нені көрсетеді? Тек әріптердің саны жағынан ғана қазақ тілін үйрену 61,5 %-ға қиындатылып тұр. 

Латынша әліпби жасаумен айналысып жүргендер дыбыстың көптігін байлыққа балап, 9 дыбысты клавиатураға сыйғыза алмай, оларды жоғалтпаймыз деп жанталасып, таңбалардың асты мен үстіне қосымша белгілер (дәйекше, т.б.) жапсырып қойды. Мұнысы қазақ тілін үйренуді одан ары қиындататын фактор екенін аңғармайды. Латынша әліпби жасаушылар осы реформаны пайдаланып, тілді айтылуы қиын ВЕЛЯР ЖӘНЕ ФАРИНГАЛ дыбыстардың ең болмағанда кейбіреулерінен арылтып алуға тырысуы керек еді. Тілдің перспективасы дыбыстардың жалпы санының аздығы мен олардың ашық және анық естілетіндерінен тұратындығынан мүлдем бейхабар қазақ филологсымақтары түгел керісінше әрекет етуде.

Бұлардан басқа да қазақ тілін үйренуді қиындататын факторлар жетіп артылады. Қазіргі қазақ филологтары ана тілін бұқараға үйретілмейтін жағдайдың бәрін жасап жатыр. Қабылданған нұсқаны латын әліпбиіне көшу толқынында қазақ тілін мүлдем үйренуге келмейтіндей етудің озық жоспары деуге болады.

Осы жерде ұлт тағдырына тура қатысты болуы себепті бұрын айтылып кеткен бір ойларыма оралуға мәжбүр болып отырмын. Сөз халық және тұлға мәселесі жөнінде болады. 

Мына аксиоманы еске түсірейік: қоғамның тағдырын кім шешеді? Тек халықтың өзі ғана шешеді. Бұған дейін авторитарлық билікке қарсы күрестің жеңіске жете алмауының себебі не? Себебі – ол күреске халықтың өзі қатысқан жоқ. Бұдан халық деген кім деген сұрақ туындайды. Мінеки, іс тетігі осы тарқатудан кейін айқындалады.

Ендеше былай: халықтың ядросын көркем мәдениет және ғылым зиялысы құрайды. Оларға студенттер мен жұмыс істейтін жастар арасынан шыққан, салыстырмалы сауатты, батылдық көрсете алатындары кіреді. Бұлардың бәрін қосқанда жалпы ел тұрғындарының мөлшермен 0,1%-ын ғана құрауы мүмкін. Бұл көп емес, әрине, ал жұмысты бастау үшін аз да емес. Аз болмайтын себебі – аз адамның сауатты қимылы да ұлы жетістіктерге жеткізе алады. 

Халықтың қоғамды дамытудағы рөлін білетін Батыс ойшылдарының бірі «халықты тобыр емес, киелі адамдар құрайды (Иоанн Златоуст) деген екен. Тағы бір Батыс ойшылының тұжырымы бойынша, «халық дегеніміз – бес-алты ұлы тұлғаларға алып баратын табиғаттағы бұралаң жол» (Фридрих Ницше). Осы қисынмен пайымдасақ, ХАЛЫҚ ДЕГЕНІМІЗ АЗДАҒАН КИЕЛІ АДАМДАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ МАҢЫНДА ЖҮРГЕН ЗИЯЛЫЛАР ШОҒЫРЫ болып шығады.

Ал енді аздаған киелі адамдарыңды аташы? Олардың алдыңғы қатарында бір ақырғанынан билік атаулы отырған жеріне жіберіп қоятын, бір шақырғанынан бүкіл қазақ ұрандап шығатын ұлы Олжас Сүлейменов тұр емес пе?

Қазақтың маңдайына біткен өр тұлғаның шәужайынан алып, шайпау тілмен оған қарсы көсеу ала жүгірудің не жөні бар еді? Сен, шайпау тілді көсеуші (М. Шахановтың стилімен қысқартқанда – ШТК), Олжастың емес, өзіңнің алжасып тұрғаныңды аңғарамысың? Сен, ШТК, халықты ұйыстыра алатын, ұлтты прогреске бастай алатын, ат төбеліндей аздаған киелі адамдарға шабуыл жасап, бөгденің өзін тітіркендіретін өте лас тіркестермен лағып тұрсың. Мінеки, алжасудың тайға таңба басқандай көрінісі деп осыны айту керек. Қазақтың саяси трагедиясының түпкілікті себебі осыдан бастау алып отыр. 

Иә, саған ұлы қайраткердің бір сөзі немесе бір ісі ұнамады. Сол үшін аузыңдағы шала шайналған көртышқанның ішек-қарынын оның бетіне бүркіп жіберу керек пе? Пікір алуандығы деген бар емес пе? Біреудің идеясын түсінбеген екенсің, келіспейтініңді айт, мен басқаша ойлаймын де, меніңше, дұрысы мынау деп көрсет. Аргументке қарсы аргумент келтір. Біздің ШТК-лерде олардың бірі де жоқ. Бірден шайпау тілімен ұнамаған сөз айтқан адамға көсеу ала жүгіреді. Әлеуметтік тегінен хабар береді. Өзінің мәдениет және тәрбие деңгейінің төмендігін әшкерелейді. Олжекеңнің тұрағына бағытталған инсультациялардан оның кім екендігі туралы емес, ШТК-нің өзінің кім екендігінен көбірек ақпарат аласың. 

Түбінде, Олжас айтса – алжас айтпайды. Оның айтқанының бәрінің түсіндіруі бар. Ал ШТК – заманауи ақпараттық технологияны пайдаланғанның жөні осы екен деп, сауатсыздығынан өз етін өзі жеп жүрген ылаң. Ұлтты прогреске бастай алатын аздаған киелі адамдардың шаужайынан алып, бетін тырнап, елінің перспективасын жоққа шығарумен айналысып жүр. Нағыз алжасу деп осыны айту керек.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ

Comments

  • Қайрат Есқожа:

– Қанағат мырза, филология ғылымы тұрғысында сіз құнды пікір айтып отырғаныңызға күмән жоқ. Өз басым Олжас ағаны орынсыз кінәлаушылар қатарынан да емеспін, бірақ дәл қазір Ресей билігі қазақ ұлтшылдығын сылтау етіп, ақпараттық, саяси қысым жасап отырған тұста ағамыз «Алматы» атауына тиіспей-ақ қойғаны жөн еді. Әрі қаншама лингвистика мен филология ғылымы тұрғысынан алып қарасақ та, қазаққа «Алма-Ата» атауы жат. Бұл атау тек орыс шовинизмінің бір көрінісі ретінде бүкіл қазаққа жеккөрінішті, жұрттың өре түрегеліп, қарсы шығуы осыған байланысты.

Олжас ағаның поэзияға, лингвистика ғылымына қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда оның сіз айтқан «киелі адам» ретінде ұлт тағдырына, мәдениеті мен тіліне, жемқорлыққа батқан саяси жүйеге қатысты билікті «отырған жерінде жіберіп қоярдай» етіп, алдыңғы қатардан бір ақырғанын естімеппіз.

  • Нұрлыбек Саматұлы:

– Кезінде «АЗ и Я» сынды құнды еңбек жазған Олжас ағамыздың әлгі сөзімен-ақ өзінің шыққан биігінен құлағаны өкінішті. Ұлтына қарсы сөз айтқан адамның ұлтына да керек болмай қалатынының бір мысалы – осы. Ол әлгі сөзін алжығаннан айтса, онда елемеуге болар еді. Өкініштісі сол – ол сол сөзді алжымай-ақ, сау күйінде айтып тұр ғой. Олжас деген аты бар, сондай адамның пікірі елеусіз қалмайтын болғандықтан, елдің алаңдауы заңды. Егер ол сөзді басқа бір қарапайым адам айтса, қолды сілтей салар едік. «Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда», керісінше, ұлтына пайда келтіретін ойларын айтып-айтып кетпей ме? Айта алмай ма – онда тыныш отырғаны жөн.

  • Абзал Бөкен:

– Қанағат мырза, «ы» дыбысы орыстың, я болмаса басқа жұрттың айтуына қолайсыз екен деп, қазаққа сол дыбысыңнан бас тарт деулеріңізге жол болсын?! Қазаққа сөйлеу тілінде жүрген әр дыбыс оған қарсы шығып отырған сізден де, Олжастан да қымбаттырақ. Өйткені ана тілінен, оның тірі жасушасы болып табылатын дыбыс-әріптерінен үлкен ешкім жоқ. 

Сіз әуелі қорғамайтын нәрсені қорғаймын деп жазған мына материалыңыздың өзінде неше «ы» әрпі жүргенін санаңыз. Санаңыз да, санаңызға сәуле түсіріңіз. Меніңше, дүние жүзі тіл білімінің даму тенденциясы «ы» дыбысын ырбиту үшін жүріп жатқан жоқ. Мен өзіңіз айтқан филологсымақтың бірімін. Бірақ «сымақ» болсам да, қазақ тілін терең түсіне алмаған адам ірі түрколог болмақ түгілі, іргедегі ізденістің адамы да бола алмайтынын білемін… Жұрт та біледі. Мүмкін, дүниежүзілік деңгейдегі дөйіміздің өзінен гөрі, шайнап беретін хатшысы ғалымырақ шығар.

  • Бибарыс Ишанов Сейтақ:

– Ағай, бұл тақырыпты көтергеніңіз үшін рахмет! Мен тілтанушымын, биыл Назарбаев Университетін тәмамдадым, дипломдық жұмысымда қазақ тілінің лексикологиясын зерттедім, қазір де магистратурада сол ғылым жолын қуып жүрмін. Қазақстанның да, шетелдің де ғалымдарын оқып келдім, оқып жүрмін де, бірақ қазақтың ешбір дыбысы объективтік тұрғыдан «қиын» дыбыс деп саналмайды, дыбысты үйренудің қиындығын анықтайтын ортақ бір критерий жоқ. Жағдайға, ситуацияға байланысты бәрі: сіз қазақ тілінде сөйлейтін адамсыз ба – онда араб тіліндегі сізге таныс /қ/ дыбысын орысша сөйлейтін адамға қарағанда үйрену оңайырақ болады деп долбарлай аламыз, дәл солай француз тіліндегі де /ғ/ дыбысы. Ал былай «бүкіл әлем» үшін, я «бүкіл дамыған әлем үшін қиын дыбыс» деген нәрсе жоқ, болмаған да. Біздегі /ы/ дыбысы тілтану ғылымында Close back unrounded vowel терминологияда: қысаң жуан езулік дауысты деп, кейде Mid central unrounded vowel (орташа қысаң орташа жуан дауысты) деп танылады. Екеуін «Уикипедиядан» қарап көрсек, екеуі де тала-а-ай тілде кездеседі, оның ішінде бәріміз үйреніп жүрген ағылшын, неміс, швед, қытай, корей, жапон, түрік тілдері де бар. Демек, бұл тілдерді «отсталый» деп санайық па?

Айтпақшы, орыс тіліндегі «ы» әрпімен таңбаланатын дыбыстың қазақтың «ы»-сына қатысы аздау, екеуі екі бөлек дыбыс, таңбасы ғана бір. Есесіне орыс тілінде облако, палка, где-то, собака деген сөздің бәрінің соңында дәл сол қазақтың «ы»-сы немесе Mid central vowel деп аталатын дыбыс тұр. Орыстар тілін өзгертіп жүр ме, «қиындатып жіберіппіз» деп? Олай емес-ау!

Олжас ағаның намысына тиетін, жеке басына қатысты мысқылға, келемежге түбегейлі қарсымын, оның өзін емес, сөзін талқылауымыз керек. Алайда Олжас ағамыздың сөзінде ғылымға, тексерілген ақпаратқа кереғар, «әлемде «отсталый» тілдер болады» деген сияқты баяғыда отарлаушылар таңған, ғалымдар қателігін көрсеткен пікірлер мен мифтер жоқ емес, бар. Көп адамның шамына тиген де сол: қазақтың тілін, қазақтың дыбысын «отсталый» дегені ғылыми дерекке де, ұлттық мүддемізге де кереғар.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн