Алтын қорының ТҮБІ КӨРІНДІ

  • Қазақстанның алтын валюталы резерві шілде айында $76 млн қысқарды, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметінен.

«Алдын ала деректер бойынша, алтын-валюта резервтері бір айда 76 млн АҚШ долларына шамалы азайып, биылғы жылғы 30 шілдеде 35,0 млрд АҚШ доллар болды», – деді бейсенбі күні Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Ол нақтылағандай, қордың азаюы еркін айырбасталатын валютадағы активтердің қысқаруы есебінен орын алды. «Клиенттердің кете бастауына (?) және 126 млн АҚШ долларына мемлекеттік қарызды төлеуге байланысты Ұлттық Банктегі ЕДБ қаражатының 655 млн АҚШ долларына азаюы қысқарудың негізгі себептеріне айналды», – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

ҚазТАГ.

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА жылқы ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР

  • Қазақстандағы қуаңшылық пен оның зардабына әлемнің жетекші ақпарат құралдары назар аудара бастады. Көбі бұл құбылысты климаттың жылынуымен тікелей байланыстырады және жұттан жапа шеккен халыққа үкіметтен көмек аз екеніне тоқталады.

«Қазақстан бұрын-соңды болмаған ауыр қуаңшылыққа ұшырап, дала жылқы моласына айналды». Америкалық Washington Post басылымы мақаласына осындай тақырып қойған. «Қазақстанның шөл даласында жылқы өлекселері шашылып жатыр. Елдің кей ауданы көзі тірі адамдар бұрын-соңды көрмеген қуаңшылықтан зардап шегуде» деп жазады басылым.

blank
  • Ақшымырау аулының тұрғыны, 88 жастағы Орынбасар Сейітовтің де 10 шақты жылқысы өлген. Тағы бір байталын өрісте құлап қалған соң үйге әкелген… Маңғыстау облысы, 14 шілде 2021 жыл.

Орталық Азияның көп бөлігін, соның ішінде Батыс Қазақстанды бірнеше айға созылған қуаңшылық жайлады. Жауын-шашын аз түскен қыс пен көктемнен соң аптап ыстық басталған.

Америкалық басылымның жазуынша, халықаралық жәрдем ұйымдары 30 шілдеде Қазақстандағы қуаңшылыққа байланысты мәлімдеме жасаған. Онда «Жем-шөп пен судың аз-маз қоры таусылған, малдың көп бөлігі жайылатын шөп жоқ. Бұл жылқы, қой, сиыр сияқты жануарлардың жаппай өлуіне себепкер болған» делінеді.

«Қуаңшылықтан жапа шеккендердің көбі – шағын шаруашылықтар, олардың жалғыз күнкөрісі – мал» деп жазады Washington Post. Мәселен, Қазақстанның батысындағы ауылда тұратын 70 жастағы Ғабидолла Қалынбайұлы биыл жазда 20 жылқысынан айырылғанын айтқан. «Оның 150 бас малы дұрыс жем-шөп жемейді, бұдан түрлі ауруға ұшырауы мүмкін» деп жазады басылым.

«Ұзақ тұрған ыстық температура жылқыны жылу стрессіне ұшыратады, бойына ыстық өтіп, денесі жансызданады» деп жазады басылым.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемдегі ең ірі бидай өндіруші елдердің бірі – Қазақстанда құрғақшылық пен өрт кесірінен соңғы жылдары өнім азайды. Біріккен ұлттар ұйымының мәлімдеуінше, климаттың өзгеруі кесірінен шөлі мен шөлейті көп Қазақстан жерінің 75 пайызына экологиялық тұрақсыздық қаупі төніп тұр» деп жазады Washington Post.

Маңғыстаудағы жұтқа сюжет арнаған германиялық Deutsche Welle арнасы жылқыны арқанмен қораның төбесіне байлап қойған маңғыстаулық шаруаны көрсетеді. «Далада жейтін шөп те, қурай да жоқ. Арқанмен байлап қоймасаң, аяғын тіреп тұра алмай, құлап қалады» дейді сұхбат берген әйел.

«Үкімет маған ең болмаса 2-3 күнде бір су әкеліп тұрса, малымды аман алып қалуға аз да болса мүмкіндік болар еді» дейді және бір шаруа. Тілшінің айтуынша, шаруалар үкіметтен көп қайран болмай отырғанын айтып шағынған.

«Жер бетінде температураның жоғарылауы және теңіз деңгейінің төмендеуі бұл аймақты қиын жағдайға душар етіп отыр» дейді Deutsche Welle тілшісі.

Бұл екі арада

blank

ҚАЗАҚСТАНДА 180 мың гектар ЕГІС ЖОЙЫЛДЫ

  • Қазақстанда құрғақшылық салдарынан 178,8 мың гектар егіс жойылды. Бұл туралы 18 тамыз күні үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

Оның сөзінше, биыл Қазақстанда 23 миллион гектарға егіс егілген. «13,2 миллион гектарда немесе дәнді дақылдардың жалпы көлемінің 85 пайызында жақсы және қанағаттанарлық күйде. 2,1 миллион гектарда немесе 13,7 пайызында нашар күйде, 178,8 мың гектарда немесе 1,1 пайызында егістер жойылған» деді министр міндетін атқарушы.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, биыл Қазақстанда 15,3 миллион тонна дәнді дақыл жиналады деп болжанып отыр. Оған қоса республикада алдыңғы жылдардан қалған 3,1 миллион тонна астық бар.

Биыл Қазақстанда және Орталық Азияның өзге елдерінде су тапшылығы мен құрғақшылық қаттырақ сезіліп, көкөніс пен астық бағасы қымбаттап кетті, кей өңірлерде шөп шықпай қалып, азық тапшылығынан мал қырыла бастады.

Қазақстанда құрғақшылықтан Маңғыстау және Қызылорда облыстары қатты зардап шекті. Үкімет отырысында Қарашөкеев бұл екі облысқа мал азығына жұмсалған шығынның өтемі ретінде үкімет резервінен 3,8 миллиард бөлінгенін, тағы 5,3 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданғанын айтты. Министрілік басшысының сөзінше, бұған қосымша ретінде жергілікті бюджеттерден 9,1 миллиард теңге бөлінген, облыс басшылары қосымша 4,5 миллиард теңге бөлу қарастырып отыр.

Azattyq.org

ӘКЕСІ ӨЛГЕНДІ ДЕ… қамаудан шығармады

  • Ақтөбе соты әкесі қайтыс болған белсенді азамат Асылхан Жаубатыровты үйіне босатпады және оған қатысты сот процесін кейінге қалдырды.

«Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деп айыпталған Жаубатыровтың ісі 17 тамызда қаралуы тиіс болған. Сот басталған бойда адвокат Расиля Өтегенова судьядан әкесі қайтыс болуына байланысты сотталушының бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Судья Әлима Әділова адвокаттың өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Адвокат сотқа ұсынған құжаттарға қарағанда, белсендінің әкесі 17 тамызға қараған түні қайтыс болған. Коронавирус жұқтырып, ауруханада емделіп шыққан отбасының өзге мүшелері карантинде. Яғни, марқұмның жақындары жаназаны ұйымдастыра алмайды. Адвокат судьядан Жаубатыровқа адамгершілікпен қарауды сұраған.

«Мен бұлтарпау шарасын өзгертіп, сізді үйқамаққа алған жағдайда да үйіңізден ұзап шыға алмайсыз. Сондықтан өтінішіңіз қанағаттандырылмайды» деді судья Әділова сотталушыға.

Келесі сот отырысы 26 тамызда өтетін болды. Асылхан Жаубатыров судьяның қаулысына наразылық ретінде келесі сот отырыстарына қатысудан бас тартатынын айтты.

Белсенді Асылхан Жаубатыров тергеу изоляторына биыл 20 мамыр күні қамалған. Оған дейін 5 наурыз бен 6 мамыр аралығында «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген айыппен 62 күн үйқамақта болған.

Azattyq.org

Америка сенаты КЕДЕЙЛЕРГЕ 3,5 триллион бөлді

  • АҚШ Cенаты кедейлікке қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған 3,5 триллион долларлық бюджет жоспарын бекітті.

Құжатты демократтар қолдады, ал 50 республикашыл депутаттың 49-ы қарсы дауыс берді. Вице-президент Камале Харристің арқасында демократтардың дауысы шешуші болып саналады.

Бұл құжат – Джо Байденнің сайлауалды бағдарламасының ең маңызды тармағы. Ол кедейлікке қарсы күрес мақсатында бюджеттен триллиондаған доллар бөліп, жұмыс орнын құрып, климаттың өзгеруіне қарсы шаралар бастаймын деп уәде еткен еді. Әзірге демократтар заң жобасын емес, бюджет резолюциясын бекітті.

Бюджет комитетінің басшысы Берни Сандерс бұл бастаманы халықтың америка билігіне деген сенімді қалпына келтіру деп атады. Ал республикашылдар керісінше инфляция өсіп, көлеңкелі экономика саясаты билік құрады деп есептейді.

Енді заң жобасы қабылданса, 3,5 триллион доллар алдағы он жылда жұмсалады. Бұл жоба ірі бизнес өкілдеріне салықты көбейту арқылы қаржыландырылмақ.

Еске салсақ, таяуда Сенат көлік және темір жолдар мен станцияларды және әуежайларды модернизациялауға 1 триллион доллар жұмсау жөніндегі пакетті бекіткен.

Reuters

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн