Арайлым НАЗАРОВА: Сайлауда ұятсыздықтың ШЕГІ БОЛУ КЕРЕК ЕДІ

blank

Өткен парламенттік сайлауда қоғам мүддесі үшін жанталаса әрекет еткен тәуелсіз бақылаушылардың еңбегі ерекше. Бүгінде биліктің сайлауға қатысты таратып жатқан ресми деректерінің барлығын бақылаушылар жоққа шығарып жатқаны – олардың қоғамдағы саяси өзгерістерге деген асқан ынтазарлығының белгісі.

Осы орайда «парламенттік сайлау» деген аты бар, бірақ заты құбыжық, сайқымазақ қойылымның ішкі қитұрқысын өз көзімен көрген «Тәуелсіз бақылаушылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Назаровамен сұхбаттасқан едік.

– Ең алдымен тәуелсіз бақылаушылардың қолына тиген протоколдар негізінде және ТБ қауымдастығы тұжырымдаған нәтиже бойынша, бұл сайлауда парламентке бес партияның бесеуі де өтті деген пікірді қолдай аласыз ба?

– Ия, әрине, қолдаймын! Біздің қолға тиген хаттамалар бес партия түгелдей парламентке өткенін көрсетеді: «Адал», «Ақ жол», «Нұр Отан» партияларына берілген дауысты тең десе болады. Одан кейін «Ауыл» және соңында «Халық партиясы». Бір учаскеде «Адал» жеңсе, екіншісіне – «Ақ жол», үшіншісінде – «Нұр Отан». Арасында 10-20 дауыс айырмашылықтары ғана бар. Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауысы әділ және таза саналған жағдайда «Халық партиясы» ең төменгі – 7%-дық көрсеткішпен, ал қалғандары 30-35% аралығында теңдей болып, парламентке өтер еді.

– Сонда қалай, «Нұр Отанның» басым дауыспен жеңіске жеттік деген сөзі далбаса болғаны ма?

– Әлбетте! Билік партиясына қарсы сайлаушылар көңіл қалауларына байланысты өз дауыстарын басқа партияларға берді деп ойлаймын. Соның нәтижесінде «Нұр Отанның» дауысы шайылып кетті.

– Ал Тәуелсіз бақылаушылар қауымдастығы анықтаған нәтиже бойынша, «Нұр Отанға» нақты мөлшерде қанша пайыз дауыс берілді? Сіздерде ондай мөлшерлі есеп бар ма?

– Қауымдастықтың қолына хаттамалар аз түсті. Сайлау комиссиясы бақылаушыларға хаттамалар бермеудің барлық әдіс-айлаларын жасады. Ал сайлау өткен күнгі түнгі күрестен кейін қолға тиген хаттамалар негізінде «Нұр Отан» 35-40 пайыздан аспайтын дауыс жинады.

– Ал «сыртта қалған» «Адал» мен «Ауыл» сайлаушылар өздеріне берген дауысты неге қорғап шыға алмады деп ойлайсыз?

– «Адалды» «сыртта қалдырғаны» – енді билікте ұятсыздық пен арсыздықтың шегі жоқтығының тағы бір дәлелі. «Адал» 3 пайыз ғана дауыс алды деген – бұл мүлдем құлаққа да, санаға да сыймайтын жалған ақпарат. Халық шындықты біледі, бақылаушылар ол шындықты өз көзімен көрді.

Ал бұл партиялардың сайлаушылар дауысын қорғап қала алмағандығы – осы ұйымдардың басшылары билікке тәуелді екендігінде деп білем. Партия басшыларының әу бастан осы сценарийге келіскендігі деп ойлаймын. «Адалдың» жетекшілері өздерінің арам ойындарына қоғамда аты мен заты бар жастарды пайдаланды да, ақырында оларды «лақтырып» кетті. Ең өкініштісі – осы. Егер ол сайлауда берілген дауыстар партия жетекшілеріне керек болмаса, қатардағы мүшелері не істей алады? Не де болса, бұл сайлау биліктің арам ойыны екеніне жастардың тағы бір көзі жетті.

– Тәуелсіз бақылаушылардың ортақ пікірі бойынша, бұл парламенттік сайлауға қандай баға бересіз?

– Бұл нағыз әділетсіз сайлау болды. Мұндай саяси арсыздық болады деп ойламап едім! Өкінішті! Маған бүгінгі билік өз көрін өзі қазып жатқандай көрінеді. Сайлау комиссиялары мен ҚР Орталық сайлау комиссиясы екі ай бойы сайлауды қалай өткізу керектігі туралы емес, бақылаушыларды қалай қуып шығамыз деген курстардан өткен сияқты.

– Сайлау Конституциялық және ҚР заңдары негізінде ашық және таза өтпегені мәлім. Ендеше «Кітапхана» мен Ақорда парламентке өткен партияларға тиісті пайыздарды жазып берді деген пікірді қуаттай аласыз ба?

– Солай екені кез келген адамға түсінікті деп ойлаймын. Бөліп бергендері анық ғой. Оны қуаттаудың немесе дәлелдеудің қажеті жоқ. Ақыры бөліп беретіндері бар екен, тым болмаса сәл логикаға, ақылға сүйеніп жасамайтын ба еді?! Бұл әрекетімен билік халыққа: «Сендердің дауыстарыңа түкіргенім бар екен!» деді. Айтарға сөзім жоқ! Ұятсыздық пен озбырлықтың да шегі болуы керек еді ғой…

– Ал сайлауды бақылау мәселелерінің нақты жағдайы қалай өтті? Сайлау учаскелерінен қанша мөлшерде хаттамалар жиналды?

– Барлық проблемалық мәселе сайлауда дауыс беруге бір ай қалғанда басталды ғой. ОСК-нің 4 желтоқсандағы қаулысы бойынша, барлық құжаттық кедергілерді өтіп, енді дайынбыз деп отырсақ, ПТР-тест тапсыру керектігі хабарланды. Ал оны тегін өткізу үшін, дауыс беруге небәрі бір апта қалғанда – 3 қаңтар күні түнгі сағат 00:00-ге дейін бақылаушылардың тізімін, олардың ЖСН нөмірі мен қай ауданнан екенін көрсетіп, өткізуіміз керек екен. Мұндай әуресі көп жұмысты шұғыл түрде бір күннің ішінде еңсеру мүмкін бе еді?

Ең сорақысы – бұл ақпарат бізге сол 3 қаңтар күні түстен кейін хабарланды. ОСК ұялмай, тәуелсіз бақылаушыларды осындай тығырыққа тіреді: олардың айтуы бойынша, біз мұндай тізімді 31 желтоқсаннан бастап өткізуіміз керек екен. Қалай? Жаңа жылдың үш күн мейрамында бізге тестілеу орталықтарын кім ашып береді? Сонда ОСК-нің ойын біз тылсым күш арқылы біліп отыруымыз керек пе?

– Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев биліктің пайдасы үшін барлық кедергіні жасап баққан екен ғой?

– Жоға, бақылаушыларды шеттету амалы бұнымен де біткен жоқ! Олар 3 қаңтар күні: «Біз тізім дайындап қойдық» деген хабар жеткізді. Қойшы, әйтеуір не керек, жүгіріп жүріп, мұны да жасадық. Жартылай болса да, тізімімізді өткізіп, тізімге кірмей қалғандары ақылы тестен өтуге де келісіп, «уһ, енді дайынбыз ба» десек, ол тестің нәтижесін алу да бір қиямет болды. 6 қаңтар күні тапсырған тестеріміздің нәтижесін 9-ы күні кешке дейін айқай-шумен, аяғымыздан талып, іздеп жүріп әрең алдық. Дауыс беруге 12 сағат қана уақыт қалғанда үлгерген бақылаушылар өздері кеңседен алып кетті, ал үлгере алмағандарына скан-көшірмесін жасап тараттық. Мұның бәрі түннің жарымына дейін уақытымызды алды.

Одан бір уақытта 9 қаңтар күні кешкі сағат 19:30 шамасында бақылаушылар ПТР-тест тапсырған «Сұңқар» клиникасының лицензиясының жоқ екендігі, олардың ПТР нәтижелері жарамсыз екендігі БАҚ-та жарияланды. Біз тағы да абдырап қалдық. Енді «Сұңқардан» тесттен өткен бақылаушыларымыз не істемек? Түн болды… Бірақ таңертең не болса да учаскеге барайық деп шешіп, учаскелердің алдына бардық. Сөйтсек, бұлардың барлығы кедергілердің басы ғана екен. Учаскеге келгеннен бақылаушыларды кіргізбеудің түрлі амалдары басталды. Себептері әртүрлі: ПТР құжатының мөрі түпнұсқа болуы керек, электронды нұсқасы жарамайды және ең сорақысы – тәуелсіз бақылаушыларға «отыратын орын жоқ!» деді.

– Сонда қалай? Сайлау туралы заң бойынша, УСК барлық бақылаушыларға орын тауып беруі керек еді ғой?!

– Билікке тиімді заң бойынша, учаскеде осынша ғана бақылаушы болуы керек деген түсінік жоқ. Сөйтсек, бұлар тағы да өздерін Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысымен қоршап алған ғой. Қойшы, әйтеуір не керек, «Сұңқардан» тест қорытындысын алғандар мен көшірмемен келгендерді айқай-шумен жүріп учаскеге кіргізді. Ал орын жоқ деген азаматтардың кейбіреуі қайтып кетсе, енді біреулері табандылықпен тұрып алды да, ақыры кірді.

– Бұл заңсыздықтар бойынша Тәуелсіз бақылаушылар қауымдастығы тиісті органдарға қандай да бір шағым түсірді ме?

– Заңды өрескел бұзудың бұл фактілері бойынша 10 қаңтар күні біз тиісті соттарға шағымдар түсірдік. Сайлау күні ұйымның атынан сотқа 8 арыз берілді. Ал ол шағымдардың нәтижесі күні бүгінге дейін белгісіз.

Ең бастысы – мына сорақылықты қараңыз: күні бойы дауыс беруге адам өте аз келді. Бақылаушылар әр келген сайлаушыны мұқият белгілеп отырды. Жарты сағатта бір ғана адам келген учаскелер болды. Бақылаушылар санағының нәтижесінде, кешкі сағат 6-да Алматы қаласында дауыс беруге 10-13% ғана сайлаушының келгені белгілі болды.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, сайлаудың көкесін санақ басталғанда көрдік қой. Барлық учаскелерден бақылаушыларды шығара бастады: комиссиялар полиция шақырып, біреулеріне провокация жасап, кейбіреуіне дезинфекция жасаймыз, дәлізде тұра тұрыңыз деп, есікті ішінен жауып алды. Ал іште қалғандарын орындарынан тырп еткізбеген, қозғалсаң, полиция шақырып шығарып жібереміз депті. Дауыс санау біткеннен кейін, бақылаушылардың қолына хаттама бермей, түнгі үштен кеткенге дейін әуреге салды. Ақыр соңында олар өз дегендерін жасап, бақылаушылардың жартысынан көбі түннің ортасында хаттамасыз қайтты. Бұл сайлауда УСК мен бақылаушылар арасында «жеке соғыс» болған сияқты. Осындай кедергілер мен заңсыздықтардың бәріне шыдап, міндеттерін соңына дейін атқарған әр бақылаушы шынымен де үлкен құрметке лайық!

– Сайлау өткен күні әлеуметтік желілерде тәуелсіз бақылаушылардың қамауға алынғаны жөнінде хабарлар тарап жатты. Бұл ақпараттың анық-қанығы қандай, кімдер және қандай аймақтарда қамалды?

– Алматы қаласының Медеу аудандық полициясына екі бақылаушы жеткізілді: біреуі – қоғамға танымал белсенді Геннадий Крестьянский учаскеде тікелей эфир жүргізгендігі үшін. Геннадийдің қолында бақылаушылық құжаттан басқа, сіздердің – «ДАТ» газеті қоғамдық тілші ретінде берген редакциялық тапсырыстың болуына қарамастан алып кеткен. Екінші бақылаушы Отан Мұхановты комиссия үстеліне 1,5 метрден артық жақындағаны үшін, санитарлық нормаларды бұздың деп алып кеткен. Әуезов ауданында Ханенова Аякөз есімді белсенді бақылаушыны санақ кезінде кедергі жасадың деп полиция алып кеткен. Одан бөлек көптеген учаскелерде бақылаушыларды қылмыскерлер сияқты полицияға шақырған. Бақылаушылар тек өз құқықтарын талап етті. Ал билік өз қылмыстарының әшкереленіп қалмауы үшін, бақылаушылардан құтылуға тырысты.

– Республика бойынша Алматы қаласында дауыс беруге сайлаушылардың 30 пайыздан аспайтын мөлшері ғана келді деген дерек бар. Бұны сіз қандай себептермен түсіндіре алар едіңіз?

– Расында, біздің жинастырған деректер бойынша, 30 емес, 15 пайыздан аспайтын сайлаушылар келді деп айтар едік. Себеп біреу ғана: халық сайлауға сенбейді, 30 жыл ішінде бұл билік халықтың сенімінен әбден айырылған.

– Сонымен, қалай болғанда да, парламенттік сайлау өтті: сіздің ойыңызша, енді бұдан былай азаматтық қоғамның іс-қимылы қалай болмақ?

– Азаматтық қоғам бұл сайлаумен шектелмей, болашақ протестік іс-қимылдар жасау үшін, белсенді түрде жұмыла жұмыс жасауы керек. Елдегі қоғамдық-саяси жағдай дәл осылай биліктің байлауында кете беретін болса, біздің ел мүлдем құрдымға кетеді.

– Ал ТБ қауымдастығы алдағы келесі сайлауға дейінгі бес жылға дейін не істейді? Қауымдастық негізінде партия құру немесе басқа да саяси іс-шаралармен айналысу жоспары бар ма?

– Біріншіден, келесі сайлау бес жылдан кейін ғана болады деген түсінікке күдік келтіремін. Алдағы бірер жылда мерзімінен бұрын өтетін бір сайлаудың құлағы бүгіннен қылтиып көрінген сыңай танытады.

Екіншіден, біз тәуелсіз бақылаушылар ретінде елімізде сайлау жүйесін жақсарту, бақылаушылар институтын қалыптастыру мен модернизациялау жолында еңбек етеміз. Сайлау комиссиясының құрамын өзгерту, комиссияларды биліктің ықпалынан шығару – ауадай қажет мұқтаждық. Келесі сайлауда УСК құрамында бюджеттік қызметкерлер, әсіресе мұғалімдердің болмауы үшін күресеміз. Сайлау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін еңбек етеміз.

«Бизнестік бағыт» деген түсінік бар. Сол сияқты біздің қоғамның тәуелсіз белсенді тобы ретіндегі бағытымыз – сайлау. Осы бағытты таңдағаннан кейін, біз келешек ұрпаққа мықты, адал сайлау өткізетін алғы шарттары бар сайлау институтын қалыптастыру үшін аянбай еңбек етеміз. Егер әрбір қоғамдық-азаматтық топ әр нәрсенің басын шалмай, бір бағытта нәтиже шығарғанша жұмыс жасаса, жемісін береді деп ойлаймын. Тамшы да тасты жарады ғой.

– Ал Тәуелсіз бақылаушылар қауымдастығы қатарын тәуелсіз бақылаушылармен толықтыру бағытында қандай жоспарларыңыз бар?

– Жалпы, сайлау бақылаушысы деген – әлемде баяғыдан қалыптасып қалған үрдіс. Одан қорқудың еш қажеттілігі жоқ. Бақылаушы – сайлау заңдылықтарының орындалуын жіті қадағалайтын тұлға. Ал біздің билік пен сайлау комиссиялары бақылаушы көрсе, жау көргендей болады. Жалғыз ғана бақылаушыдан комиссияның онға жуық мүшесі қорқып отырады. Неге? Себебі, біріншіден, түрлі дәрежедегі комиссиялар биліктің мүддесі үшін ғана қызмет етеді. Екіншіден, сол комиссияның мүшелері өздерінің құқықтары мен міндеттерін білмейді. Сайып келгенде, мұның барлығы – қазақстандық қоғамның ортақ проблемасы.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет! Қоғам мүддесі үшін жасалатын болашақ іс-әрекеттеріңізге сәттілік тілейміз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн