Аспантау асқан ҮРКІН КӨШ

«Еркіндікке деген құштарлық қазақтардың қанында бар нәрсе, сондықтан да олар еркіндік үшін күресуге әрқашан дайын екеніне сөз жоқ. Бірақ, осы жолы пайда мен атақ үшін емес, өздерінің өмір қалпын сақтау үшін шайқасты.

Күштері әбден сарқылған кезде, олардың шайқасатын қуаты қалмады, тірі қалғандары Такла-Маканның сусыз шөлді даласында, табиғаты қатал Тибет тауларында сұмдық қиыншылықтарды басынан кешті, бірақ келімсектерге бағынудан бас тартты. Біраз адам жолда қырылды. Әйтсе де, саны екі мыңнан аспайтын тобы Кашмирге жетіп, көп ұзамай Түркиядан жаңа баспана ұсынған шақыру алды.

Биыл, жылдың басында «Alma Books» баспаханасынан «Аспантау асқан үркін көш» деген атаумен: мазмұндық сипаты – қасіретті, деректемесі – өте қызғылықты бір кітап шыққан еді. Тақырыбы – қазақтың қанжылаған қуғын-сүргін трагедиясы. Бұл трагедия бергі беттегі қазақтың құлағын әбден сасытқан, бірақ саяси бағасы әлі де толық берілмеген советтік-империялық қуғын-сүргін емес, арғы беттегі қазақтың басына коммунистік-қытай үйірген қасіреттің қып-қызыл қанға боялған, бүгінгі ел-жұрт жете білмейтін, екі тілде – қазақша және орысша жазылған шежіресі еді. Кітапты 1956 жылы ағылшын этнограф-ғалымы Годфри Лайас қызыл қырғынның қаны суымай тұрып жазған екен.

Бәлкім, екі тілдегі жалпы таралым данасы 2 екі мың ғана болған соң ба, бұл кітап көпшіліктің назарынан тыс қалған болуы мүмкін. Бірақ сипаты мен маңызы тұрғысында бұл шығарманың мазмұнын жалпақ қазақ біле жүрсе деген тілек бар. Сондықтан баспагер, медиа-менеджер, саясаттанушы Бақытжан Бұқарбайдың (оң жақтағы суретте) бастамасымен және жетекшілігімен ағылшыннан аударылған кітаптың қазақ тілінегі нұсқасынан үзінді ұсынып отырмын.

«Годфри Лайас еңбегінің тарихи құнды болуының бір себебі – автор мұны қазақ босқындары Түркияға келе салысымен, естеліктерін олардың естерінен шықпай тұрғанда жазып алғаны. Сонымен қатар, бұл қазақ халқының осы қайғылы тарихына арналған Батыста жарияланған алғашқы жұмыс. Ол туралы алғашқы жарияланған сәттен бастап, 60 жылдан кейін біздің оқырмандарымыз да білуі тиіс екені анық», деп жазады құнды еңбекті ағылшын тілінен аударған Бақытжан Бұқарбай.

Айтпақшы, Бақытжан бауырымның айтуына қарағанда, бұл кітапты басып шығару оңай болмаған екен: биліктен мемлекеттік тапсырыс алатын үлкен баспаханалар ат-тондарын ала қашыпты. Мәселен, мектепке арналған оқулықтар шығарудың мемлекеттік тендерін ойып та, опырып та жейтін «Атамұра» баспасы «мұндай мазмұндағы кітап біздің бизнеске залалын тигізеді» деген сияқты желеумен жалтарған екен. Өзіңіз саралай беріңіз: Бақытжан қазақтың руханияты мен зердесіне қызмет қылуға құштар, ал «Атамұра» деген айдай аты бар баспа ол қызметті қалтаға түсетін қалың қаржымен ғана өлшейді…

Ұлттық ұлағатқа қызмет қылудың өнегесін елге етене танымал қайраткер азамат Арман Шораев (фото) көрсеткен екен: қазақ халқы бастан кешірген саяси қуғын-сүргін қасіретінің бізге белгісіз беттерін жария ету үшін, Бақытжан Бұқарбай көзмайын тауысып аударған кітаптың екі тілде жарық көруіне Арман бауырым демеушілік жасаған екен. Елдің есіл кеткен есесін жиып-теріп жүрген азаматқа ағалық алғысымды айтамын!

Ермұрат БАПИ


Арктика және Үнді мұхитының жарты жолында, Жерорта және Жапон теңіздерінің қақ ортасында Алтай аталған тау тізбегі жатыр. Алтайдың гүлденген алқаптары мен көгалды қыраттарынан бірнеше халықтар мен олардың көшбасшылары шығып, бүкіл Азияға – Бейжің, Дели, Самарқанға тараған, тіпті Еуропаның төріне дейін жеткен. Олардың көпшілігінің есімдерін естігенде, кейбіреулердің есіне, қалыптасқан пікір бойынша, қорқыныш пен жек көрушілік түссе, басқалары оларды мақтан тұтады. Алтайдың қазақтары мен моңғолдары Шыңғысхан, Темірлан, моғол билеушілері, тіпті Едігені өздерінің арғы атасына жатқызады.

Осы көшбасшылардың соңынан ергендер – көсемдері сияқты төзімді, өздеріне сенімді, өршіл, аяусыз, қонақжайлы болған, олардың бүгінгі ұрпақтары да дәл солардай. Істің адамы болса, оған қызмет етіп, абырой-атаққа ие болу үшін олар жер түбіне дейін шабуға дайын. Қыран бүркітін ұстап, шапқылап тау кезіп, сүйікті даласын шарлап, көктем мен күз уақытында киіз үйлерін жығып, көгалды алқаптарға көшіп жүре береді. Мыңғырған малының ғана қамын ойлайды, сырт әлемде не болып жатқанында жұмысы жоқ, тіпті Қытай мен Батысты жалғаған, осыдан бес жүз жыл бұрын Марко Поло[1] жүріп өткен, есігінің алдында жатқан Ұлы Жібек жолына да назар салмады.

Дегенмен Марко Поло заманынан бері Алтайды еш өзгертпеген ғасырлар өткен сайын әлем де тарыла берді. Соны біле тұрса да Алтайдың халқы өзгерістерге онша мән бермеді, осылай уақыт өтіп, он тоғызыншы ғасырдың соңы да жетіп қалды. Бұл кезде алтайлықтардың малы мен дүниесі азайған жоқ, қайта көбейе берді; қос өркешті түйелері, мыңғырған семіз қой-ешкілері, ірі қарасы мен байлықтың басты белгісі саналатын үйір-үйір жылқылары өсіп жатты. Моңғолдардың көпшілігі шығысқа кетті. Қазақтардың көпшілігі қазіргі кезде кеңестік Қазақстан деп аталатын – «темір тордың»[2] оң жағында жатқан, аумағы Еуропамен бірдей аймаққа ауысты, кейбіреулері Жоңғария деп аталатын жердің үстімен оңтүстікке, Тянь-Шань немесе «Аспан таулары» деген орасан зор тау тізбегіне қарай бет алды.

Аталмыш болған оқиға негізінен алғанда оңтүстік қазақтарға қатысты. Ғасырлар бойы олардың отаны орыс пен қытай империализмдерінің мүдделері тоғысқан аймақта орналасқан еді. Осы ғасырдың басында олардың арасын бөлген сызық Алтай тауларының жиегімен солтүстікке Тянь-Шаньға дейін созылған болатын. Бірақ бұл сызықпен орыстар да, қытайлар да келіспеді. Дауға айналған шекараның екі жағына қазақтар емін-еркін барып жүретін, себебі олар осы жерлердің заңды қожайыны еді. Міне, осы аймақта алтын, вольфрам, көмір, мыс және басқа металдардың, мүмкін, уранның да бай кен қазбалары жатыр. Алтай, сонымен бірге Тянь-Шань сияқты аудандарды қосқанда үлкен көлемде ірі қара, қой малын бағуға жері мол жайылымды аймақ еді.

Қазақтар бұған дейін ашкөз импершіл топтардың екі жағының да көңілін тауып келді. Басында бұл жүйенің жұмысы дұрыс жүрді, бірақ патшалық тиранияның орнына большевиктердің тираниясы келгенде, бұл іс жарамсыз бола бастады. Ресейде большевиктер режимі орнағанына он бес жыл өтпей жатып, коммунистер қытайдың Шыңжаң аймағына әуелі экономикалық, сосын саяси бақылау орнатты, 800 мың қазақ тұратын Шыңжаң жайлы хикаятта айтылады. Сол кезден бастап, большевиктер бір рет қана қысқа үзіліс жасап, Шыңжаң провинциясындағы ахуалды бақылап келеді.

Соңғы ширек ғасыр бойы Алтай мен Тянь-Шаньның қазақтары өздерінің тәуелсіздігін қажырлы күреспен қорғады, бірақ нәтиже болған жоқ. Туған жеріне шақырмай келген қонақтарға басын иіп, бағынудың орнына, қолдарына қару алып, келімсектерді қуып шықпақ болды. Еркіндікке деген құштарлық қазақтардың қанында бар нәрсе, сондықтан да олар еркіндік үшін күресуге әрқашан дайын екеніне сөз жоқ. Бірақ, осы жолы пайда мен атақ үшін емес, өздерінің өмір қалпын сақтау үшін шайқасты. Күштері әбден сарқылған кезде, олардың шайқасатын қуаты қалмады, тірі қалғандары Такла-Маканның сусыз шөлді даласында, табиғаты қатал Тибет тауларында сұмдық қиыншылықтарды басынан кешті, бірақ келімсектерге бағынудан бас тартты. Біраз адам жолда қырылды. Әйтсе де, саны екі мыңнан аспайтын тобы Кашмирге жетіп, көп ұзамай Түркиядан жаңа баспана ұсынған шақыру алды.

Міне, осы жерде олар маған бастарынан кешкендерін айтып берді. Нақтырақ айтқанда, осында арнайы келіп, оларды әңгімелерін маған айтып беруге көндірмекші едім. Себебі, бұл хикаятты кезінде коммунистер сыртқы әлемнен жасырды. Көп ұзамай олардың қандай мақсат көздегенін түсіне бастадым.

Қазақтардың әңгімелерін тыңдаған кезімде, есіме үнемі Ыбырайым, Исхақ, Жақып, Мұса, Дәуіт, Жонатан, Еліше, Еремия және басқа да библиялық кейіпкерлер түсе берді. Қазақтар мен түріктер он төртінші ғасырдан бері мұсылмандар болғанына қарамастан, қазақтар мен ежелгі еврейлердің өмір сүру қалыптарында өте үлкен ұқсастық болған. Олардың айтуынша, түріктермен шығу тектері бірге, шынында да түріктерге ұқсастықтары бар, бірақ көпшілігінің келбеті моңғолдарға жақын. Дегенмен, олардың өмір сүру қалпы кезінде бүкіл Азияның көшпенділері өз өмірлерін жалпыға бірдей қалыптастырған шақтан бастау алса керек, сондықтан да олардың өмір салттарында Көне өсиеттің негізін қалаушылар мен осы заманның бәдәуи тайпаларының, сонымен бірге Қараңғы ғасыр деп аталған заманда Еуропаның үстінен құйындай зулап, ағып өткен моңғолдар, готтар мен ғұндармен де байланыстары бар, соның бәрін ойлағанда еріксізден есіме түскен мына сұрақты өзіме қоямын: тарих қойнауына кеткен кезде, біздің заманды қалай деп атар екен?

Өз білгеніммен айтар болсам, қазақтың көшпелі өмірі жайлы ағылшын оқырмандары ешқашан таныс болмаған болуы керек, сол себептен де қазақтардың ерлікке толы бастан кешкен азапты өмірі жайлы сырттан бақылаушы ретінде емес, олардың өз көзқарастарымен айтқым келді: олардың өмір сүру қалпын өздері ұмытып кеткенше, олар қандай адамдар болған еді, жүрек түкпірінде өздерін қандай жандармыз деп санайды, коммунизмнің темір тоқпағының астында қалғанға дейін кім еді, қалай өмір сүргенін айтып бергенін қаладым. Бодан халық ретінде қысымға түсе бастаған кезде, қазақтар белсенді түрде, бізге Гитлер бодан құсап қараған кездегідей қарсылық жасады. Сонымен, Қытайдың Шыңжаң аймағында, қытай еместер айтатындай, Шығыс Түркістанда тұрған 800 мың қазақтың кем дегенде жүз мыңы өлген.

Босып, қашқан жанкешті қазақтардың аз ғана тобы қайтпас қайсарлықпен ерлік жасап, Кашмирге жетіпті деген мардымсыз хабардың бізге жетуінің арқасында, олардың теңсіздікке қарсы өте сирек кездесетін табандылығы, рухы мен жігерінің мықтылығын Англияны тастап, Атлантиканың ар жағында жаңа қауымдастық құрамыз деп бел байлаған пилигрим әкейлермен[3]; қайсарлықпен перғауынға қарсы шығып, Мұсаның жетекшілігімен шөлге сапар шеккен Израиль балаларымен; азиялық бөліктен шегінісін көне грек жазушысы, әрі қолбасшы Ксенофонт мәңгілік етіп, тарихта қалдырған он мың ержүрек гректермен салыстыруға болар.

Қазақтар Кашмирде өздерінің жайлы орнығып, жақсы өмір сүре алмайтынын түсінгеннен кейін, түрік үкіметінің шақыруымен Түркияға көшуге жиналып жатқанын естігеннен соң, сол жаққа қарай барып, олар неліктен жанын орамалға түйіп, оңайға түспейтінін білсе де, қоныс аударуды шешкенін, еркіндікке қол жеткізбек жолда үш мың шақырымнан астам қашықтықтан өтіп, қандай жағдайларға тап болғандарын білгім келді.

Бұл тарих шын мәнінде он тоғызыншы ғасырдың аяғында, 1899 жылы Оспан батыр туған кезден басталады. Доңыз жылын қазақтар қытайлардан алып пайдаланған. Ол кездері қазақтың тайпалары бұрынғы өзгермеген дәстүрде, Шыңғысхан заманы ғана емес, Ыбырайым мен Исхақ дәуірінен бері бірқалыпты күн кешіп жатқан кезі.

Ыбырам, сол кезде ол өзін осылай атаған, шатырларды қайда тігеміз, оң қол жақтан ба, әлде қолымыздың сол жақ тұсына ма, әлде жазыққа ма, әлде Иудей тауларына тігеміз бе деп, Лұтпен келісіп алады. Қазақтар да дәл осылай өзара және моңғол көршілері, Алтай және Тянь-Шань таулары мен Жоңғария жоталарының адамдар мекендейтін төменгі ойпаттары арасында бөлініп мекендейді. Еврей бабаларының заманындағыдай, бұл аймақта басқа халық тұрған және егіншілікпен айналысқан. Сол дәстүрмен еврейдің ата-бабалары сияқты қазақтар да маусым өзгергенде баспаналарын басқа жерге ауыстырып отырған.

Олар қыраттарға көтерілген, бұл қыраттар Иудеядағы қыраттардан биік, көктем мен жазғытұрым кезінде тау жайылымдары қар түскен шекараға дейін теңіз бетінен үш мыңнан үш мың жеті жүз метрге дейін ерекше көгалды әрі шұрайлы болатын. Сосын қыраттан Орта Азияның шетіндегі қорғануға болатын жазық далаға түскен, бұл жерге күздің салқын суық желі алғашқы қарды түсіретін. Міне, осылай Жаратқанның қалауымен, алдындағы баққан малының жем-шөбі, баспана мен үстіне киер киімінің қамын ойлап, қыран бүркітін қолына алып, феодалдық заман кезіндегі бабаларымыз сияқты, сол аймақты өз қалауынша шарлап өмір сүрген. Ат үстінде желіп келе жатқан кездерінде өздерінің жадында сақталған әртүрлі әуезді әуендерін салады, ол әндердің әрбір шумағы ұзақ нотамен қайырылып, бір таудың етегінен екінші тауға орган аспабының ішегіндей жаңғырып естіледі.

Қазіргі кезде Түркияда тұрып жатқан қазақ босқындарының көпшілігі, бірақ бәрі емес, керей руына жататындар, бұл рудың өкілдері тымағына немесе қалпағына үкінің бір шоқ қауырсынын тағып, басқа рулардан айырмашылығын көрсететін кербездігімен бипазданады. Керей руына жататындардың жалпы саны жүз мыңға жуық, коммунистер тыйым салғанға дейін олар негізінен алғанда кішкентай топтарға немесе аталықтарға бөлініп өмір сүріп келді. Жүзден үш жүзге дейін отбасысы бар бұл топтардың өзінің рубасысы болды. Олардың бар байлығы ақша емес, мал еді, жаңағы топтың ішінде кейбірінің жеке өзінің, кейде қауымның ортақ иелігінде саны он мыңдай қой, екі мың ірі қара, екі мың жылқы және мың түйе болды. Сол себептен де, қазақ қауымының ауасы сансыз маңыраған қой-қозының, мөңіреген ірі қараның, боздаған түйенің дауысына толып тұрады. Осы бір пастораль дыбыстардың арасында түйелердің мойнына тағылған қоңырауларының сыңғыры, сиырлар мен қойлардың мойындарындағы кішкентай жез қоңыраулардың үні естіліп жатады.

Қазақтар қонысқа тоқтап, үйлерін тіге бастағанда, әрбір қарулы ірі малды ауыр жүк көтеруге, жас балаларды тасуға пайдаланады, жас балалар ер жеткен соң, әуелі қойды, сосын сиырды, одан соң атты тоқтатып мінуге машықтанады. Қазақтың ұлы да, қызы да жас кезінен аттың құлағында ойнайды, көптеген жас ұлдары онға толған кезінен бастап, қытайлар мен коммунистерге қарсы шайқастарға қатысты. Біз жоғарыда айтып өткен бүгінгі заманның ең атақты көшбасшыларының бірі Оспан батыр он екіге толғанша шайқастарға қатыспады.

Соғыс өнерін Оспан батырға үйреткен ұстазы, көтерілісшілердің басшысы Бөке батыр еді. Бөке батырдың аты біз үшін Робин Гудтың аты қандай болса, қазақтар үшін де сондай таныс болатын, әрине, Робин Гудтың атын Шығыс Түркістанда білмеген де болар. Бөке батырдың тұсында Маньчжур империясы[4] билеген кезде, қазақтар қытайдың салық жинаушылары мен фермер-қоныстанушыларының өктемдігіне қарсы күресті. Олар салық жинаймыз деген желеумен қазақтың малын тартып алған болса, қоныс аударып келген қытайлар қазақтарды ежелгі жерінен қуып, егін еге бастады. Кейін бұл күрес қытай мен орыс коммунистері қазақтардың қалыпты өмірін марксизм іліміне сәйкес реттейміз деп, оларды колхоздарға зорлап кіргізіп, Кеңес Одағының өнеркәсібін дамыту үшін шахталар мен фабрикаларға жұмыс қолы ретінде пайдалануына қарсы күрес кезінде жалғастырды.

Әскери басшылардың бірі болған, қазір Түркияның Девели қаласының маңында тұратын Құсайын Тәйжіден не себептен отанын тастап кеткендігі жайлы сұрағанымда, ол былай жауап берді:

– Мал сияқты өмір сүргеннен, өлген артық. Мал адамға құдайындай қарайды. Адамның басқаларға осылай қарағаны дұрыс болмайды.

Осыдан жүз жылдай бұрын қазақтың көшбасшысы болған Кенесары дәл осы сөздерді айтқан екен, орыстар бір қазақты алдап, бітімге келу шарттарына көндірген болса керек.

Бізге жеткен аңызда шабарман былай депті:

– Мыңғырған отардың мүйізді қой басшысы арыстанды жеңе ала ма?

Кенесары:

– Арамдық пиғылмен қақпан құрған адам өзінің батырлығын қақпанда қалдырады. Намыстан айрылып, құл болып өлгенше, шайқаста немесе сусыз далада өлген жақсы емес пе? – деп жауап берді.

Осы сенімді серт еткен бүгінгі заманның қазақтары беліне қылыш пен граната байлап, әрине, олар бар болса, иығына мылтық іліп, пулеметпен қаруланып, шайқасу үшін атқа қонды. Бұрынғы Шыңғысхан, Едіге мен Темірланның кезіндегідей, Азияны және оның көлемін жаулап алғысы жоқ еді, олар өздерінің қалыпты өмірін сақтап қалу үшін бұрын-соңды Азия көрмеген, Шыңғысханнан да қуатты, онан да өткен жауыз, империализмнің ең мықты екі алпауыты – Кеңес Одағы мен Қытайға қарсы соңғы шайқасқа шықты. Бұл шайқаста бұл екі алпауытты жеңудің ешқандай мүмкін еместігі оларды тоқтата алмады. Құсайын Тәйжі мен Кенесары айтқандай, мал сияқты өмір сүргенше, өлген артық деп санады.

Алғашында қытайдың ұлтшылдығына қарсы басталған күрестің қытай мен орыс коммунизміне қарсы күресіне жалғасуы бір мерзімде басталып, үдей түсіп, күйініші өршіп, 1930 бен 1951 жылдар аралығында жалғасты. Соңғы жылы бұл күрес өзінің шарықтап өрлеу шағына жетті: босқын қазақтар Такла-Маканның мұзқабақты шөл даласынан, Солтүстік Тибеттің мұз басқан тауларынан асып, Кашмирге жетуімен аяқталды. Бұл жорықтың ең соңғы кезеңі, біздің ойымызша, он бес ай өткен соң 1953–1954 жылдары жалғасын тапты, босқындар Кашмирден әуе қатынасы мен жермен және теңізбен Түркияға жетті. Түркия үкіметінің кеңпейілділігінің арқасында қазақ босқындарының енді баспанасы бар, менің ойымша, олар киіз үйлерінің болғанына риза болар еді.

Қазақтардың басынан кешкен хикаятты айтпас бұрын, оның басты кейіпкерлері жайлы білгендеріммен таныстырайын. Ең біріншісі – Қалыбек (түпнұсқада Қалибектің аты осылай жазылған – ред.), оны туған жерінде көшбасшы деп санайды.  Түрік заңы ешкімге, қызметтегі кісілер болмаса, артықшылық бермейді, барлық ер кісілер тең. Дегенмен Қалыбекті жұрттың барлығымен теңестіруге болмайды. Қалыбектің Салихлидағы үйінде болған адам, оның сол жердегі үш жүз отбасынан тұратын шағын қазақ қауымдастығын әлі де басқарып отырғанына көзі жетеді. Қасында өзінің жауынгер әріптесі және көмекшісі Хамза тұрады. Қалыбек пен Хамза осы кітапқа қазақтардың коммунистермен ұзақ күресі жайлы көптеген ақпаратты берді, екеуі де ұзақ уақыт бойы бұл күресте маңызды міндет атқарған кісілер. Бұл азаматтарға ерекше ризашылығымды айтамын әрі айрықша таңданысымды білдіремін, және де байқаусызда дұрыс түсінбей, олардың көзқарастарының мағынасын бұзып жіберген болсам, шын көңіліммен кешірім сұраймын… Тілмаш болып көмектескен Қалыбектің ұлы Асанға рахмет айтамын.

Қалыбектің дәуірлеп тұрған кезінде, үш үлкен киіз үйі бар еді, үшеуі үш әйеліне арналған. Бұл үйлер өз қойларының жүнінен жасалған, сол жердегі қазақтардың басшысы болғандықтан, басқа қандастарының үйлері сияқты қара, қоңыр, сұр түсті емес, ақ боз кең қанатты үйлер. Қыстаудан жайлауға және күзде қыстауға қайта оралған кездерінде, үйлерінің дүниесін бөлек жинап, әрбір бөлшектерін салмағын елу килограмнан аспайтын етіп буып, керегеге байлап, түйеге немесе өгізге артады. Жығылған әрбір киіз үйдің он немесе он екі бөлшегі болады, оларды жалпақ кестелі белдеулермен таңып, байлаған кезде оның аймағының диаметрі тоғыз метрге жетеді. Ортасында түтін шығатын дөңгелек тесік қалдырылған жерге үлкен шойын қазан қойылады. Оны Қалыбектің ең мықты қарулы түйесіне көтеріп, жүктеу үшін бес немесе алты ер адам қажет. Ол уақытта Қалыбек мыңбасы еді, яғни мың отбасының басшысы, өзінің жеке отарлары мен жылқысының саны бес цифрдан тұрады. Ол басқаратын қауымдастықтың – әр ер адам мен әйелге, ұл мен қыздың жан басына шаққанда жеткілікті жылқы санын айтпағанның өзінде, үш жүз мыңға жуық қойы, он төрт мыңнан он бес мыңға дейін ірі қара малы, тоғыздан он мыңға дейін сауын сиыры және мыңға жуық түйесі болса керек.

Қалыбек пен Хамза алғашқы кезде көрші тұрған. Хамзаны бірінші рет көргенде, алдыңда халқының дұшпандарына қарсы бір жүз он алты рет жекпе-жек шайқасқа қатысқан адам тұр деп ойламайсың. Ол қазір бар болғаны отыз үште, он жасында өзінен жиырма жас үлкен ағасы Жүніс қажымен бірге соғысқа қатысты. Дене бітіміне қарасаң, Қалыбектен әлсіз көрінеді, бірақ ақыл-ойы жағынан алғанда, жиырма жасында полковникке пара-пар атақ алуы көп нәрсені білдіреді.

Өз елінде, Шығыс Түркістанда тұрған кезінде Қалыбек, Хамза және басқа әріптестері азық ретінде жазда құрт пен ірімшікті, қыс бойы етті және жыл бойы нанды пайдаланатын. Қазақтың әйелдері сүт тағамдарынан тамақ дайындауға шебер, сүттен кемінде тамақтың 26 түрін, тастай қатты қойдың ірімшіктерінен (оны тамақ алдындағы жеңіл ас ретінде қояды) бастап, қымыз, ашыған іріткіге дейін дайындайды, тамақтың көбі жолға деп дайындалып және мейрам күндері ішуге беріледі.

Қымыз ерекше бағаланады, оны биенің сүтінен жасайды. Қымызды қолындағы басқа малдың да сүтінен қажет кезінде дайындауға болады. Коммунистер келгенге дейінгі уақытта киіз үйінің керегесінде таспа тоқыма бауға ілінген қымыз торсығы жоқ үй өте жарлы деп саналатын. Торсықтың аузынан көрініп тұратын кішкентай ескекке ұқсас піспе ағашты үйдің кез келген мүшесі өтіп кетіп бара жатқанда, қымыз піссін деп, сапырып, қозғап өтеді.

Түркияда тұратын босқындардың ішінен ерекше атап өтуді қажет ететін, Алтай тауларының батыры болған Оспан батыр жайлы маған бірінші болып айтқан тағы бір адам бар. Жолдастары оны Қарамолда – әнші Қарамолда деп атайды. Қарамолдамен кездесудің алдында ол Оспан батырдың құрметіне батырлық поэма жазыпты. Біз Қарамолданы Түркияның дәл ортасында орналасқан Салихли қыстағынан алты жүз қырық бес шақырым жерде орналасқан Девели қалашығының (бұл жерде саны жеті жүзден сегіз жүзге дейін қазақ босқындарының тағы бір тобы тұрады) қонақүйінің жатақханасының жатын бөлмесінде отырып, өзіміздің кішкентай ғана портативті магнитофонымызға жазып алмақ болып шақырдық.

Қарамолда поэмасының бір бөлігін әнге салып, өз мақамымен жырлап, қалған бөлімін жай ауызша айтып берді. Айтқан жырының әуезі оғаштау болып естілді. Егер, бұл жырын Шығыс Түркістандағы туған жерінде айтқан болса, Қарамолда сол жердің басшысының керемет киіз үйінің нақ төрінде отырған болар еді, ортада қазанның астына тезек не ағаш жағылып жатқан отынның ащы түтіні шаңырақтан сыртқа шығып, түнгі таза ауаға араласып кетер еді. Әлсін-әлсін киіз үйдің сықырлауық есігінің жабыны көтеріліп, ашылып, ер кісілер мен әйелдер, ұлдар мен қыздар шапшаң қимылмен кіріп, әркім өзінің әлеуметтік дәрежесіне сәйкес орынға отырып, калош деп аталатын аяқ киімін есік табалдырығының қасына қалдырған болар еді. Сосын малдастарын құрып, ортадағы ошақтың төрінде киіз текеметтердің үстіне жайылған, керемет шеберлікпен тоқылған кілемдер мен көрпелерге, жастықтарға таңдана қарап, үнсіз отырып жыршыны тыңдар еді…

Шығыс Түркістандағы қазақтың көшпелі жайлаулары жүк машиналарынан зардап шегетіндей жолдардан өте алыс орналасқан. Бірақ кейінгі уақыттарда адам баласы ойлап тапқан осы көліктер олардың қыстауларына жақын жүретін болды. Жүк машиналардың қожайындары әдеттегіше орыс коммунистері болатын, көліктердің үсті Шығыс Түркістаннан жинаған алымдарға – иегелерінен төлемсіз тартып алынған малға немесе бидайға толы болды, мүмкін, қазынаға бай Алтайдың кен қазбаларынан еріксіз еңбек етіп жатқан құлдардың өндірген алтын, вольфрамның да болуы ғажап емес.

Қарамолданың Оспан батыр жайлы жыры бүкіл қазақ поэзиясы сияқты ежелгі тарих пен аңыздарға қатысты біз түсіне бермейтін меңзеу мен тұспалдарға толы болды. Мысалы, «алтын шекпен киген» деген тіркес мені көпке дейін ойландырып жүрді. Бірнеше апта өткен соң, Коньядағы музейге бардым, ол жерде «шыр айналған дәруіштер» деп аталатын мұсылман діни қауымының жәдігерлері сақтаулы. Оның жанында көп ұзамай қазақ босқындарының тағы бір тобы орналасуы тиіс екен. Сонда байқағаным – діни қауымның негізін қалаушы осыдан алты жүз немесе жеті жүз жыл бұрын дұшпанның қаруынан қорғану үшін сауытының сыртынан шекпен немесе арнайы көйлек киген екен. Оспан осындай шекпен киген болса, өкінішке қарай, оның мұндай қасиеті болмапты. Оның өмірі ұзақ жылдар бойы, әрине, өнегелі болды. Бірақ, ақыр соңында коммунистер оны тұтқындады, қазір ол өмірден өтті.

Оспан батырдың қаза тапқанына бес жыл ғана өткеніне қарамастан, ол жайлы аңыз-әңгімелер қазақтардың арасында кең тарап кетті, бүгін оларды «темір тордың» ар жағындағы көптеген қазақтың үйінде жұрттың жасырып әңгімелеп жүргеніне күмәніміз жоқ. Батырды қастерлеушілер сол уақытты оның атымен атап та жүр, біз «1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда» десек, олар «Оспан батырдың қырық жасында» дейді. Соған қарамастан, кейбір босқындар Қарамолданы әзілдеп, батырға басқа адамдар жасаған ерліктерді қателікпен қосып жүрсің деп айыптайды. Кейбір ерліктерді осы хикаятымда да айтып өттім, егер мен қателесіп басқа адамның ерлігін оған қосып қойсам да, сондай ерліктің расымен болғанын айғақтайтын куәлер жеткілікті. Сондықтан да оларды қазақтар жайлы батырлық жырына заңды түрде жатқызуға болады. Себебі бұл бір ғана адамның жасаған ерлігінен де маңызды, өйткені бұл бүкіл бір ұлттың тарихы.

Жыршы өз әндерін орындаған кезде арасында ағаштан жасалған, ұқсастығы гитараға жақындау, бірақ екі-ақ ішекті ұзын аспап – домбырамен сүйемелдеп отырды. Ішекті саусағымен шерткен кезінде, Қарамолда сияқты шебердің кейбір дыбысты табатындығы сонша, бір ішектен екі түрлі нотаны шығаратындай естіледі. Оны қалай жасайтынын білмеймін, бірақ саусағынан бал тамған орындаушы ішектерді шерткенде шығатын дыбыс келесі рет шерткенше бәсеңдемейді. Домбыраның үнін Девелиде бірнеше рет естідім… Қарамолданың орындауында ерекше ғажап кішкентай ария аянышты, тәтті, сағынышқа толы еді. Бұл әуеннің Алтайдан келгенін айтты, бірақ атын айтпады.

Қазақтардың көпшілігі домбырада ойнайды, Түркияда кездестіргендердің біразы ән салып қана қоймайды, сонымен бірге өз әуендеріне өздері сөз жазады. Біз жақында дүниеге келген дәстүрлі әуендерді, осыдан бірнеше ғасыр бұрын жазылған әуендердің де жазбаларын алып келдік. Бірақ көпшілігінің сөздерін бізге өлең айтқан Қарамолда, Қалыбектың үш әйелінің екеуі, жастары он бестен он жетіге дейінгі ұл мен қыздар сияқтылар жазған.

Сонымен бірге Салихлидан тағы бір өлең алып келдік, сыбызғы деп аталатын қарапайым іші қуыс, үш тесігі бар қызықты аспаппен орындайды. Орындаушы қуыс аспаптың жоғарғы жағына тілін салып, оны мүштік қылып әуезді аузының бір бұрышымен орындайды, аспаптың дауысы сүйрекіге ұқсайды. Осындай астарлы құпия мәнермен Қара Ертістің сарқырағанын беретін керемет ерекше әуенді орындады. Қара Ертіс – үлкен өзен, Алтай тауларынан бастау алып, кеңестік Қазақстан мен Сібірдің жазира кең даласын жарып өтіп, Об өзеніне құйып, Арктикаға жетеді.

Менің білуімше, Девели мен Салихлида біз үшін жазбаға түсіріп берген қазақтың музыкасы өзге әлем үшін таныс емес болса керек, тек бір ғана әннен басқасы, бұл әнді орыс армиясы соғыс кезінде жорық әні ретінде пайдаланған. Соның ішіндегісі – «Аққұтанның ұшуы», оны Қалыбектің екі әйелі Хадиша мен Мулия орындаған болатын. Аққұтан қазақтардың сенімінде өлімді білдіретін құс саналады, сондықтан да ол мұңды ән. Бұл әнді бізге жақында ғана әкесі қайтыс болған, шамасы он жастағы кішкентай қыз шерлі мәнерде орындады. «Жерім тау» – сағынышқа толы бұл композицияда Шығыс Түркістанның халқы ерекше ұнататын тау шыңдарының қазақша аттары аталады. Мулия микрофонмен орындаған тағы бір әннің атауы «Жел айдаған», әрине, бұл атаудың атақты аттас кітаппен еш байланысы жоқ. Қарамолда мен оның бірнеше достары «Шәкірттер әнін» ұсынды, бұл ән «Бір Аллаға сыйынып, сендерге ілім әкелдім» деген сөздермен басталады. «Өзгере беретін әлем» және «Уа, жалған» деп аталатын әуендер…

Құсайын Тәйжі осыдан жиырма жыл бұрын Баркөлдегі үйін коммунистердің қысымына тап болғандықтан, тастап кетуге мәжбүр болып, Гезкөл көлінің жағасына орналасқан, ол бұл көлдің атын Кезкөл деп атайды. Көл сөзінің алдындағы «кез» сөзі саусақтың ұшынан білекке дейінгі аралықты және сызғышты білдіреді. Сондықтан да әрбір қазақ Гезкөл деген – ұзын, ені тар, пішіні сызғыш сияқты сулы аймақ екенін ешқашан көрмесе де, бірден түсінеді. Қазақтың көп атаулары сол нысанның атын сипаттайтын мағынада, тілін білетін адамдар үшін түсінікті келеді. Маған «Құс сайраған алқап» ұнайды. Бірақ, мұндай атаулардың бір үлкен кемшілігі бар. Олар ара қашықтығы бірнеше шақырым болып орналасқан әртүрлі елді мекендерде қайталанып, бір жаққа тез жету кезінде адамдарды шатыстырады, бірақ бұның кішігірім орбитада айналып жүрген көшпенділерге қатысы шамалы.

Құсайын Тәйжі әйелдерімен, көмекшілерімен, балаларымен Баркөл және Гезкөлдегі киіз үйлерінде тұрған кезде, оның Сұлтаншәріп деген көрші досы болды. Сұлтаншәріпті Ыстамбұлға жақын жердегі түрік үкіметінің қазақ босқындарын алғашқы рет қабылдап, өз жеріне орналастыру алдындағы «қонақжайлылық орталығында» кездестірген едім.

Мені Сұлтаншәріппен таныстырған адам, Шығыс Түркістаннан келген тағы бір босқын – Мехмет Әмин Бұғра[5] деген кісі, Босфордың азиялық аймағындағы Ыстамбұлға қарсы бетте керемет үйі бар. Мехмет Әмин Бұғра қазақ емес, түркі, олардың көпшілігі фермерлер немесе саудагерлер, қазақтар сияқты Шығыс Түркістанда ұзақ жылдар тұрғандар, сан жағынан қазақтардан әжептәуір көп. Мехмет Әминнің әкесі бұрын Хотанның әмірі, яғни басқарушысы болған адам, кезінде Шыңжаң аймағының, қытайлар оны Шығыс Түркістан деп атайды, үкіметі төрағасының орынбасары болған. 1949 жылы коммунистер провинцияның үкіметін бақылауды қайта қалпына келтірмес бұрын Кашмирге қашып үлгерген. Оның айтуынша, ол осыған әкелген және қазақтардың қарсылық білдіру жолында шешуші рөлді атқарған саяси айла-амалдардың қандай болғанын біледі.

Қалыбек, Хамза, Қарамолда, Құсайын Тәйжі, Сұлтаншәріп және Мехмет Әмин әлі тірі (кітаптың 1956 жылы жазылғанын ескерейік – ред.). Шығыс Түркістанды сақтап қалу жолындағы күресте жетекші рөл атқарған, отандастарының жүрегінде орын алған есімдері мен істері осында аталған басқа кісілер түгелімен о дүниелік болып кетті деуге де болар.


[1] Марко Поло (1254–1324) – италиялық көпес және саяхатшы, «Әлемнің сан алуандығы» деп аталатын атақты кітабында өзінің Азияға сапарнамасын паш еткен. Кітаптағы деректердің шынайылығына, шыққан уақытынан осы күндерге дейін болып келген күмәндерге қарамастан, оның Арменияның, Иран, Қытай, Қазақстан, Моңғолия, Үндістан, Индонезия және Орта ғасырдың басқа да елдерінің тарихына байланысты географиялық, этнографиялық құнды деректердің көзі екендігінде дау жоқ. (Бұдан ары қарай – аудармашының ескертулері).

[2] «Темір перде» (ағылш. Iron Curtain) – саяси клише, алғаш рет 1946 жылы Уинстон Черчилль Фултонда сөйлеген сөзінде қолданды, қырғи қабақ соғысының басталғанын білдірді. КСРО-ны және басқа да социалистік мемлекеттерді Батыстың капиталистік мемлекеттерінен оқшаулайтын ақпараттық, саяси және шекаралық тосқауылдарды білдіреді.

[3] Пилигрим әкейлер – Солтүстік Америкаға жаңа колония құруға келген алғашқы қоныстанушылардың атауы. 1620 жылы құрылған Плимут колониясы (қазіргі Плимут, Массачусетс штаты) ағылшындардың Жаңа Англиядағы тұрақты тұрғындары болған алғашқы ірі елді мекені, Англияның бүгінгі АҚШ аумағындағы (1607 жылы Виргинияда негізі қаланған Джеймстауннан кейінгі) екінші елді мекен. Терең діндарлар болғандықтан, Плимут колониясының алғашқы тұрғындары пуритандық ұстаныммен ерекшеленіп, дәстүрді қолдаушылар болған. Олардың кейбір дәстүрлері америкалық мәдениеттің біртұтас бөлігіне айналған. Сондайлардың бірі – Алғыс айту күнін мерекелеу (бұл күнді алғаш рет пилигримдер Жаңа Плимутта 1621 жылы атап өткен). Мұхиттың ар жағына діни еркіндік үшін көшіп барған пилигрим әкейлердің тарихы – Америка Құрама Штаттарының жалпы тарихы мен мәдениетінің негізі болып саналады.

[4] Ұлы Цин империясы, немесе Ұлы Цин мемлекеті, сонымен бірге Цин династиясы, немесе Маньчжур династиясы деген атпен белгілі, Қытайдың аумағын қамтыған соңғы империя. Цин династиясы елді 1644 жылдан 1912 жылға дейін, 1917 жылы (бар болғаны 11 күнге созылған) қысқа реставрациямен басқарды. Қытай аумағындағы Цин династиясының алдында Мин династиясы болып, сосын Қытай республикасы келді. Мультимәдениетті болған Цин империясы үш ғасырдай өмір сүріп, бүгінгі Қытай мемлекетінің аймақтық негізін қалыптастырды.

[5] Мехмет Әмин Бұғра (1901–1965) – түркілердің мұсылман басшысы, тәуелсіз мемлекет ретінде бірінші Шығыс Түркістан Республикасын құруды жоспарлаған.

  • Редакциядан: «Аспан тау асқан үркін көш» және орысша нұсқадағы «Великий исход казахов» кітаптарына +7 777 233 20 20 нөміріне хабарласып, тапсырыс беруге болады.
Республиканский еженедельник онлайн