Аягүл МАНТАЙ: Қазақтың интеллектісін ӨЛТІРУ ОЙЫНЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Біздің анықтама

  • Аягүл Мантай – Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Байқоныс ауылында дүниеге келген. «Жаңбырлы көктем» және «Жүрекке оралу» атты әңгімелер жинағының авторы. «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты, Баққожа Мұқай атындағы әдеби байқаудың жүлдегері. 2010 жылы «Әдебиет номинациясы» бойынша Президент стипендиясының иегері атанды.

– Аягүл, біздің газетте «Дат!» айдары аясында сұхбат берген жаңа кейіпкерді оқырманға таныстыруға арналған «Біздің анықтама» деген рубрика бар. Сіз осы анықтамада өзіңізді қалай таныстырар едіңіз?

– Екіжүзді, жағымпаз, бетіне бетперде киген жасанды адамдарды қабылдай алмайтын, мұндай адамдармен ымыраға келмейтін қырсықпын.

– Сіз жоғары оқу орнын бітірген соң, Мәскеуде тағы да қала тұруды шешкен екенсіз. Оның себебі неде? Алматы мен астанадан жұмыс табылмады ма, әлде елдегі кедейшілік, әділетсіздік, заңсыздық сияқты мұң-зар сіздің «баз кешіп» кетуіңізге себеп болған жоқ па?

– Соңғы он жылда елде өмір сүру қиындаған үстіне қиындай түсті. Мұны көзі ашық, саналы адамның бәрі біледі. Жұмыссыздық көбейді. Елді жағымпаздық жайлады. Ешкімге жағымпаздана алмайтын, жағымпаздық қолынан келмейтін, мінезі өткір адамдарға қазіргі қазақ қоғамында өмір сүру қиын. Олар өздерін қоғамға мүлдем керексіз сезінеді. Жоқ, қоғамы оларды керексіз сезінеді. Әдебиетте, мәдениетте, білім саласында, жалпы қоғамның қай саласында да жағымпаз адамдардың дәуірі жүріп тұр. Себебі билік осыған әкелді. Билік қазақтың ешкімнің алдында жағынып бас имейтін өр мінезін таптап тастады. Мінез деген рух емес пе?!

Елде жүрген соңғы жылдары жұмыссыз қалдым. Сосын Мәскеуге кеттім. Мәскеудегі беделді Ресей Халықтар Достығы университетіне магистратураға түстім. Магистратура бітірген соң, Мәскеуде қалдым. Жасырмаймын: «Елге барсам, тағы да жұмыссыз қалам ба?» деген қорқыныш болды. Мен ғана емес, Мәскеуде оқу бітірген жастардың көбісі елге қайтқысы келмейді. Елге қайтқандарының кейбірі Мәскеуге қайта оралды.

Біздің елде қазір интеллектуал, потенциалы мықты жастарға өмір сүру қиын. Шетелде білім алған жастар еркін, олардың ойы азат. Ойларын көбісі еркін, ашық айтады. Меніңше, оларды «неге шетелге кетті, неге шетелде қалды?» деп жазғыруға болмайды. Шетелден оралып, елдегі жүйеге көңілі толмай, қатты депрессияға түсіп кеткен жастарды білем. Депрессияға түсіп, өздерін жоғалтып алғанша, не өздеріне қол жұмсап өлгеннен, шетелге кеткендері дұрыс.

Үлкен талант – үлкен эгоист. Олар энергиясын сыртқа шығармаса, потенциалын танытпаса болмайды. «Өз еліңде ұлтан бол» деген сөзді біздің жүйеде шектеулі, білімсіз адамдар айтады. Шетте жүріп те туған жерге пайда келтіруге болады. Шын талантты адам, шын білімді адам, шын ұлтшыл адам ұлтына, еліне пайданы сыртта жүріп те жасайды.

Бізде қазір қазақтың интеллектісін өлтіру ойыны жүріп жатыр. Тұлғаларды таптау ойыны жүріп жатыр. Қазақты мәңгүрттендіру ойыны жүріп жатыр.

Сізді сұхбаттасуға шақыруға «Фейсбук» желісіндегі бір жазбаңыз себепкер болды. Өз кезегінде сол жазба (төменде) сіздің парақшаңызды сүзіп шығуға мәжбүр етті: азаматтық ой-пікіріңіз ашық және елдегі «800 жазушымен» салыстырғанда, әлдеқайда батыл екен. Оның шет жағасын өзіңіз де жазған екенсіз: «Елді жағымпаздық жайлаған» деп. Басқаныкі – басқа, ал оқырманның ғана бағасы мен талғамына тәуелді болуы тиіс ақын-жазушының жағымпаздығын қалай түсінеміз?

– Маған үш-төрт ақын-жазушы «Фейсбукқа» ойларыңды ашық жазасың, байқашы, жазбай-ақ қойшы» деп ақыл айтты. «Неге сіз де билік, қоғам туралы ойыңызды ашық жазбайсыз? Азаматтық позицияңызды көрсетпейсіз? Бірақ бәрің дамыған, демократиялы мемлекетте өмір сүруді армандайсыңдар» дедім мен оларға. «Қазір біз ғана емес, ешкім жазбайды ғой…» деп, олар өз уәжін күмілжіп айтады.

Әкем мен жалғыз інім бірінен соң бірі дүние салып, анамның қасында бір жылдан аса болдым. Елде де ойымды ашық жаздым. Керісінше, елде тұрғанда батылдау жаздым. Себебі елдегі ахуалды терең сезіндім. Ойыңды ашық жазу үшін, шетелде тұру шарт емес.

Біздің ақын-жазушылардың көпшілігі еркін емес. Еркін емес адамда мінез болмайды. Ал әдебиетті еркін ойлы адамдар жасайды.

Біздегі әдеби байқаулар кәдімгі қара базардағы сауда секілді. Әдеби байқауда қайта-қайта жүлде алатындардың талантына күмәнмен қараймын. Олардың көпшілігі жағымпаздықпен, апа-көкесін жағалаумен, тіпті байқаудың жүлдесінің ақшасын бөлісуге келісіп, «бәйге» алып жүр. Әдеби орта – Авгийдің ат қорасы.

Қазақ әдебиетінде дипломаттар көп. Әдебиетіміздің бір соры – осы дипломаттар. Бойында дипломаттық қасиеті қатты дамып кеткен ақын-жазушы әдебиетте ешқашан құбылыс бола алмайды. Шынайы ақын-жазушы ғана шынайы әдебиетті жасайды.

– Айтпақшы, «жағымпаздық» дегеннен шығады, өткен жылдың соңында елдегі мәдениет пен өнердің 70-тен астам танымал лауреаттары мен орденді өкіліне Президенттік стипендия тағайындалғаны есіңізде шығар: сол тізімнің ішінде Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының үш лауреаты (Темірхан Медетбек, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке) болмады. Жалпы осы «шүлен таратудың» саясаты ұлттық, халықтық һәм мемлекеттік мүдденің мұқтаждығына сай деп ойлайсыз ба?

– Президенттік стипендия берудің де өз саясаты бар. Қателеспесем, Президенттік стипендия алатын ақын-жазушылардың тізімін Жазушылар одағы ұсынса керек. Темірхан Медетбек, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке – пікірін ашық айтып жүрген ақын-жазушылар.

Әрине, бұл «шүлен таратудың» астарында ешқандай ұлттық, халықтық мүдде жоқ. Билік әртүрлі сыйлық, стипендия арқылы өз жақтастарын жинағысы келетіні белгілі ғой. Біздің елде сыйлықтың да, стипендияның да құны мен салмағы жоқ. Сыйлық пен стипендияны алдың-алмадың – еш маңызы да жоқ.

Мысалы, менен көп ақын-жазушылар «Жазушылар одағының мүшесісің бе?» деп сұрайды. «Жоқ» десем, «Өтіп алсаңшы» дейді. Жастар жағы «Сіздің Одаққа мүше емесіңіз қызық екен» дейді. Маған Жазушылар одағына мүше болу не береді? Неге керек? Одаққа ешқашан мүше болмаймын.

– «Фейсбуктағы» бір жазбаңызда «елді биліктің өзі революцияға әкеле жатыр» деген екенсіз. Назарбаевтың «тұрақтылығына» құлағы әбден тұнған халық революциядан ғана емес, «революция» деген сөзді қолданудың өзінен қауіптенеді. Ал сізді батыл сөйлеуге (жазуға) итермелеген қандай құдірет?

– Қазір қазақ қоғамы – хаос. Жемқорлық өршіп тұр. Оңтүстікте мектепке мұғалім болып тұру үшін, адамдар 500 000–800 000 теңгенің арасында пара беріп жатыр. Тіпті пара беріп қойып, жұмысқа тұра алмай жүрген адам қаншама?! Мамандығы бойынша қазақ тілі, биология пәнінің мұғалімдері сағат болмай, ағылшын тілі мамандығын сырттай оқып алып, мектепте ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Өзі ағылшын тілін білмейтін мұғалім оқушыға қайдан ағылшын тілін үйретеді? Жоқ, парасын берсе, таныс тапса болды – мұғалім болып жұмысқа орналаса береді. Биік лауазымды қызметтерде де жағымпаз, білімсіз адамдар толып жүр. Олар айналасына өзі секілді жағымпаз, білімсіз адамдарды жинап алған.

Арыстағы жағдай анау! Тиісті адамдардың салғырттығынан қаншама адам стресс алды. Қаншама адамға ажал қаупі төнді. Өлім құшқандар бар. Сосын әлі қалыпқа келмеген, снарядтан толық тазармаған Арысқа халықты «лақтыра салды». Бұл – халықты басыну. Арыстықтар Шымкентте болса, митингке шығады деп қорықты. Кеше ғана «Бек Эйрдің» ескі ұшағы құлап, қанша адам мерт болды.

Қазақстан – демографияға тәуелді мемлекет. Халқымыз ұшақ құлап өле берсе, әлеуметтік қиыншылықтан өртеніп өле берсе, өзіне қол жұмсап өле берсе, демография қашан дамиды? Әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған, жұмысы жоқ, жұмысы болса, тапқан ақшасы пәтері мен тамағынан артылмайтын, билігі даусын естімейтін қорғансыз адамдар…

Соңғы жылдары қасіреттен көз ашпадық. Себебі билігіміз рухани ауруға ұшыраған. Іріп-шіріген, қартайған билікті халықтың тағдыры алаңдатпайды. Билігі рухани ауруға ұшыраған елдің үлкен бөлігінің басын діни уағызшылар, Қабатов пен әншілер басқарады.

Жалпы, егер сірескен саяси жүйе жуық арада өзгермейтін болса, онда елде болуы мүмкін төңкерістің табиғатын қаламгерлік пайыммен қалай сипаттап берер едіңіз?

– Халық қазір ешкімге сенбейді. Шын мәнінде, халыққа билікті өзгерту қиын емес. Бір-ақ күнде өзгерте алады. Егер бізде алда-жалда көтеріліс бола қалса, көрші елдегідей «форматта өтпейді». Ешқандай ғимараттар қирамайды, дүкендер тоналмайды. Қазақ – интеллектісі жоғары халық.

Қазаққа қантөгіс керек емес. Бірақ қазаққа халықпен санасатын билік керек. Қазақты Қытайда азаптау лагерінде азаптатып қоймайтын мінезді билік керек. Былыққа батқан авиация, теміржол саласын ретке келтіретін билік керек. Білім, медицина, әртүрлі саладағы жемқорлықты жоятын билік керек. Өзінде биліктің жартысы жоқ Тоқаев саяси реформалар жасайтынына күмән көп.

Кейде мемлекеттің айбарлы болуына халық санының аздығы да, экономиканың төмендігі де себеп емес. Билігінде мінез, рух болу керек. Біздің билікте сол рух пен мінез жоқ. Өз халқымен санаспайтын билікпен ешбір елдің билігі санаспайды.

– Сіз біраз жыл Ресейде – Мәскеуде жүрген қазақ қызы ретінде Кремльдің Қазақстанға деген геосаяси пиғылын пайым сарасынан тыс қалдырмаған боларсыз: біздің елде саяси жүйені өзгертуге бағытталған төңкеріс бола қалса, путиндік Ресейдің тарапынан Қазақстанға қатер туады деген сарапшылар пікіріне қатысты қандай ой айтар едіңіз? Әлде бұл қауіп бос дақпырттың долбары ғана ма?

– Әрине, Ресей Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда да өз саясатын жүргізгісі келетіні бәрімізге белгілі. Ресейге өзінің айтқанынан шықпайтын қазақ билігі керек. Назарбаев билігі – орыс мүддесін аспандатқан билік болып тарихта қалады.

Ал, Аягүл бике, енді өзіңіз «көрерсінін көріп», жемісін теріп (?) жүрген өрісті бір шолып өтейік: Қазақстанның әдебиеті тәуелсіз елдің тағдыр-тақырыбын арқалап кете алды деп ойлайсыз ба?

– Тәуелсіздік жылдардағы қазақ тағдыры талай шығармаға арқау болады. Дегенмен, жазуға потенциалы жететін жазушылардың еңсесін әлеуметтік қиыншылық басып тастады. Ал өзгелері «атақ пен сыйлықты қалай аламыз?» деген «маңызды сұрақпен» бас қатырып жүр…

– Соңғы 20-25 жылда қазақ әдебиетінде құбылыс жасаған қандай авторды және қандай шығарманы атай алар едіңіз?

– Құбылыс тудырған ерекше шығарма есімде жоқ.

– Яғни, «есіңізде жоқ» болса, елде де болмағаны ғой… Сұхбатыңызға рахмет!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Желідегі жазбалар

ШАРШАҒАН Отанымызды ҚҰТҚАРАЙЫҚ!

Баяғыда бір режиссердің кино түсірілім алаңына барғам. Киноға түсіп жатқан актерлердің əжептəуір танымалдылығы бар. «Хайуан, хайуан» деп айқайлап, актерлерді құл секілді көреді. Бір актер сөз қайтара алмайды. Олар қорғансыз. Олар сол режиссердің ғана емес, жүйенің құрбаны. Егер сөз қайтарса, жұмыссыз қалады. Себебі ол режиссердің билікте «крутой» достары бар. Жылпылдап, жағынып, соларды жағалап жүреді. Ол олардың тілін табады. «Бас рөлдегі қыз жасанды ойнайды» деп едім, басым бəлеге қалды. Сөзге кеп қалдық. 

*** 

 Қатемен жазатын бір журналисті білем. «Ол редакторға соғым əкеп береді, сол үшін жұмыстан шығармайды» дейтін білетіндер. Өтірік-шынын кім білсін? Сол журналистің қызметі көтеріліпті. Таңқалатын не бар? Солардың заманы ғой. Бұл биліктің маңында қаншама сауатсыз жүр емес пе? Сол журналисті бəрі құттықтап жатыр. Олар да оның сауатсыз екенін біледі. Бірақ ешкім «сен ол орынға лайық емессің» деп айтпайды. Ең болмаса, қарсылығын құттықтамай көрсетпейді. Себебі олар біреудің жақсылығын бөліскеннен, бұның «бір көмегі тиіп қалар» деп ойлайды, үміттенеді. 

***

Билікке барған таныстарым бар. Көрген жерде сəлеміміз түзу. Жарып бара жатқан білімі, потенциалы жоқ. Енді бұл билікке жанып тұрған жастар емес, орта деңгейлі адамдар керек секілді. Солар көп өтпей, мұрнына есекқұрт кіріп, адам танымай қалады. Ойбой, байғұстар адаммен кергіп сөйлеседі ғой. Интеллектісі төмен олар халықтың қамын қайдан ойласын? Олардың деңгейі жоғары болса, өзгеріп шыға келмес еді. 

Қазір көп жер жанып тұрған жастарды жұмысқа алғысы келмейді. Қауіптенеді. Бағынбай ма деп қорқады. Кемшілігімді, қателігімді, ішкен-жегенімді аша ма деп қорқады. Жүйе жағымпаз адамдардың санын арттырды. Жағымпаз адамдардың образын жасады. Отандық арналарда үндінің төмен сортты сериалын қаптатып, қазақтың интеллектісін өлтіру жұмысымен айналысты. Қазақты қорқытып-үркітіп, құлдық сана деңгейіне түсіргісі келді. 

*** 

Адам құндылығы… Кешіріңіз, біздің қоғамда адам тым құнсызданып кетті. Адамда құн қалмады. Оны атып кетуге, басып кетуге, жаншып кетуге болады. 

Жүйе батпаққа батқан. Саяси элитаны тұтас өзгертпей, саяси реформалар жасамай, батпақтан шыға алмайды-ау жəне өздері де шыққысы келмейді. Себебі үйренген жерлері, батпақта жата беру өздеріне ұнайтын секілді. 

Мен эволюциялық жолмен дамығанды қолдаймын. Бірақ билік халықпен диалог жасамаса, онда революциядан басқа жол жоқ. Билік құлдыраудың соңғы шегіне жетті. Революцияны қалайық, қаламайық – соған өзі келе жатырмыз.

***

Мəскеуде де қара жұмыс істеп жүрген қазақтар бар. Оңтүстік Кореяға нан іздеп қанша қазақ кетті? Олардың күйі қандай? Құқығы қорғалған ба? Өз елінде құқы қорғалмаған адамдардың, шетелге билігі қайыршы секілді қаңғытып жіберген адамдардың құқы қайдан қорғалсын? Билік жерінің астын, үстін тонап, ішіп-жеп, кекіріп, байлықтың иесі – халықты қаңғыртып, тентіретіп жіберді. Қазақтың кешірімшілдігін, көнбістігін, мейірімділігін пайдаланып, білгенін істеді. Халықтың шыдамы шегіне жетті. Енді жиі болып тұратын толқуды баса алмайсыңдар, енді білгендеріңді істеп, кекіріп отыра алмайсыңдар! 

***

«Азаттықтың» журналистерін жалдамалы əйелдерге ұрғызу – бұл енді психикасында ауытқуы бар адамдардың бұйрығы. Биліктің түбіне осы адамдар жетеді.

***

Елдегі көптеген саяси процесстер биліктің іріп-шірігенін ғана емес, ешқандай емдеуге келмейтінін көрсетеді. Билік құлдыраудың ең төменгі шегіне жетті. Бұл билікпен диалог жасау мүлдем мүмкін емес. Əр ісіне «қоқыс» араласып кеткен бұл биліктен не күтуге болады? 

*** 

Елді жағымпаздық жайлаған. Көп жерде адамдар жағынумен өмір сүріп жатыр. Олай болмаса, жұмыстан шығады. Бұрын ірі сөйлейтін, потенциалы бар ағалар жағымпаздықтың исі шығатын жазба жазып жатса, билікті сынап жазған жазбаларға қарсы жағымпаздана жазба жазса, оларды да біртүрлі аяйсың. Тапсырма екенін сезесің, болмаса жұмыссыздықтан аузы əбден күйген. 

Біздің жалғыз Отанымыз бар. Жағымпаздықтан, парақорлықтан, жемқорлықтан, сатқындықтан, биліктің айналасындағы сауатсыздардан, мисыздардан шаршаған Отанымызды құтқарайықшы…

Аягүл МАНТАЙ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн