АҚОРДА Кремльден ҚОРҚАДЫ

blank
  • Танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев ҚР парламенті сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың «ашаршылықты саясиландырмау керек» деген сөзіне қатысты Аrasha.kz сайтында түсінік берді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл тақырыптың тұмшалануына билік кінәлі деп ашық айтты. «Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлаймыз деп отыр. Менің ойымша, саяси бизнес-элитаның бір бөлігі әлі де тәуелді. Олар деколонизация кезеңінен өтпеді. Бұл дегеніміз – саяси элитаның бір бөлігі күні бүгінге дейін Ресейге қарап, жалтақтап отыр деген сөз», ­­– дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының айтуынша, ашаршылық тақырыбы үлкен мінберлерде талқыланып, зерттелуі тиіс еді. Алайда бұл тақырып билік ауысқан тұста да жабулы қалды. «Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі 20-жылдардағы ашаршылықты зерттеуге пәрмен берді. Бірақ 30-жылдар туралы айтпады. Ол қорықты. Кремль үшін ең ауыр тақырып осы екенін біледі. Сол жылдары 4 миллионнан астам қазақ қырылып қалған деген дерек айтылады. Бұл дерек бар. Ұлтқа жоғалып кету қаупі төнген.

Мен үнемі ашаршылықты геноцид деп жазу керек деп айтамын. Геноцидтің тамыры тереңде. Яғни, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, алдындағы бар малын тартып алу арқылы қазақты өмір сүру құқығынан айыру дегеннің өзі геноцид емес пе? Сонымен бірге мәдениетіміз, тіліміз де құрыды. 4 миллионнан астам қазақ қырылып қалған кезде тілімізден, зиялыларымыздан айырылдық. Не үшін?» – деді Д.Сәтпаев.

Тек ашаршылық тақырыбы ғана емес, осыдан төрт жыл бұрын Алашорданың 100 жылдығы да ескерусіз, елеусіз қалды.

«2017 жылы билік ЭКСПО-ны жарнамалап жатқан кезде Алашорданың 100 жылдығын атап өтуді ұмытып кетті. Ресми мінберден бірде-бір сөз айтылмады. Түсінікті. Ашаршылықты айтса, Кремльдің көңіліне кірбің түсіреді. Алашорда тақырыбы да дәл солай қозғалмай қалды. Алашорда мен қазіргі билікті салыстыруға келмейді. Алашорда – ұлт қаймағы. Қазіргі элита деп жүрген адамдарымыз 30 жылда ештеңе істемеді. Ақорда Ресей ренжіп қалады деп қорқады. Ал Ресейде Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл жүріп жатыр. Ресей депутатының айтқаны бәрінің есінде шығар. Неге? Себебі олар Қазақстанды әлсіз мемлекет деп санайды. Сондықтан тарихты қайта жазғысы келеді», – деді ол.

Саясаттанушы сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «ашаршылықты саясиландырмау қажет» деген сөзін бұрыс деп бағалады. «Сұрақты саясиландырмау керек деген не сөз? Біріншіден, бұл тақырып ұзақ жылдар бойы мүлде қозғалмады. Кеңес тарихы, кейін Қазақстан билігі немқұрайлы қарады. Зерттеу де жүргізілмеді. Егер Қазақстан билігі зерттеу жұмыстарына қаржы бөліп, тарихты зерделесе, біз қазір нақты деректі қолға ұстап отырар едік. Біз емес, шетелдіктер зерттеді. Парадокс. Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын батыс ғалымдары зерттеп жүр. Сондықтан Мәулен Әшімбаевтың сөзіне қарасақ, олар бар күш-жігерін Кремльді қорғауға жұмсап жатыр деп есептеуге болады. Тағы бір деректі айтайын, ашаршылық, ұжымдастыру кезінде 250 ру жойылып кеткен екен. Сұмдық мынау. Ал біз үнсізбіз», – деді саясаттанушы.

Аrasha.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн