Баспасөз заңы НЕГЕ ҚҰПИЯ жасалып жатыр?

Журналистер үндеуі

  • Қазақстан Республикасының президенті Қ.-Ж.Тоқаев мырзаға

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Адам құқығы саласының заң шығару процесіне азаматтық қоғамды тарту жөнінде Сіздің ұсыныстарыңызды қолдай келе, бұқаралық ақпарат құралдары қызметін реттейтін заң жобасының дайындалуын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғамды, БАҚ пен журналистік ұйымдарды қатыстырмай, құпия түрде жасап жатқаны бізді мазалайтынын хабарлаймыз.

 Бұл жөнінде 24 мамыр күні ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева былай деді: «Осы кезеңде үлкен аналитикалық дайындалу жұмысы жүргізілуде. Біз оны аяқтағаннан кейін, барлық мүдделі тараптарды қатыстырып, талқылаймыз».

Сөз еркіндігі мен ақпаратты таратуға күрделі шектеулер жоспарланып жатқанын өзге де жарияланымдардан біліп отырмыз. Медиа-сарапшылардың ойынша, чиновниктердің «жаңа» ұсыныстары, мәселен, блогерлерді тіркеу, әлеуметтік желіні қолдануды шектеу, интернет теледидарды ауыздықтау – мемлекетіміздің халықаралық міндеттемелеріне және қоғам мүддесіне қайшы келеді.

21-ғасырдың жаңа заңы мемлекеттің бақылау, шектеу мен жазалау функциясын күшейту үшін емес, Конституцияда жазылған сөз бостандығы кепілінің нақты механизмдерін және Қазақстан ратификациялаған халықаралық пактілер мен келісімдерге сәйкес келуін қарастыруы керек. 

Еліміздің журналистік қоғамдастығы мен үкіметтік емес ұйымдардың бұқаралық ақпарат саласында заңнаманың сарапшылық зерттеулері және құқық қолдану практикасы жөнінде таптырмас байсалды тәжірибесі бар. Біздің ойымызша, мемлекеттік органдар заң жобасын дайындаудың бастапқы кезеңінде-ақ үкіметтік емес сектормен тығыз байланыста болғаны жөн. Ал чиновниктердің деформацияға ұшыратқан құжаттың «қаңқасын» дамыту, жақсарту – ақылға сыйымсыз, қай жағынан да нәтижесі шамалы болады. 

Еліміздің қоғамдық өмірін көп жағдайда нақтылайтын «Бұқаралық ақпарат құралы туралы» заң жобасының азаматтық қоғам мен журналист өкілдерін қоса отырып, басынан ашық, алқалы түрде дайындалуына ықпал етуді Сізден өтінеміз!

Осы өтінішті қолдап, қол қоямын:

  • Журналистика ардагерлері – Рысбек Сәрсенбай, Серғазы Мұхтарбеков, Сәбит Сүлейменов, Бағдат Мүптекеқызы, Жұмаш Кенебай, Қалыбек Атжан, Нұрлан Нұрғазин, Айгүл Омарова, Жұмабике Жүнісова, Асхан Асан, Сағымбек Молдабек, Ғалым Есенсариев, Ажар Файзулла, Клара Камарова, Дәурен Қайып, Айша Тұрмағамбетова, Ғалия Әженова («Әділ сөз» қоры).
  • Журналистер – Ермұрат Бапи (ДАТ» газетінің шығарушысы), Исатай Балмағамбетов (Атырау – «Алтын Орта» газетінің бас редакторы), Қайырбек Тарихұлы (Атырау – «Ақ жайық»), Диана Сапарқызы (Қарағанды – «Информбюро»), Лұқпан Ахмедьяров (Орал – «Уральская неделя»), Шара Елеусіз (Ақтөбе – «Жұлдыз-Звезда» газетінің бас редакторы), Бақытгүл Мәкімбай («ДАТ» газеті), Есенжол Елекенов (Орал – «Уральская неделя»), Серік Әбікенұлы (Талдықорған – «Жетісу» ТВ-арнасының редакторы), Тұрсын Қалимова («Айқын» газеті), Жеңіс Құспан («Жаңалық.kz»), Жазира Байдалы (Balbal.kz), Мейіржан Әуелханұлы (KzNews), Ізгілік Нагиев («Білім жолы – Нұрлы жол»), Бауыржан Сисенов (Атырау – «Қызылқоға» газетінің бас редакторы), Анара Сулеева (Шымкент – «Темірқазық-Ой» газетінің редакторы), Зухра Камбарова (Түркістан – «Сарыағаш» газеті), Сабыр Мақажанов (Талдықорған – Pravo.kz), Жанай Амантурлин (Атырау – «Дендер» газетінің бас редакторы), Сарсенбек Қызайбекұлы (фотограф-фрилансер), Мариям Бейсенова (ТВ-«Апорт»), Күлтегін Аспанұлы (Qazaq Times), Динара Мыңжасар (Nege.kz), Меліс Сейдахметов (Qamshy.kz), Дина Елгезек, Жұмабек Керімбек, Камшат Тасболат, Инга Иманбай, Дәнеш Байболат, Жанар Қанафина, Айша Өтебәлі.
  •  Дүрия Даниярова (Алматы обл. Іле аудандық мәслихатының депутаты), Жанара Балғабаева (журналистер адвокаты), Самат Мәлімбай (университет оқытушысы), Өмір Шыныбекұлы (педагог, блогер), Мейіржан Темірбек (Өскемен – педагог, блогер) және басқалар.

Барлығы 95 адам

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн