Батырлар рухына ДАҢҒАЗА жоба қажет емес!

«Қазақстан халқының, республика басшылығының, Парламент депутаттарының және БАҚ назарына» деген ескертпемен газет редакциясына хат келді. Танымал тіл жанашыры, павлодарлық ұлт қайраткері Руза Бейсенбайтегі бекерге шыр-пыр болмайтынын қапер қылып, сол хатты қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Батыр аталарымыз Жасыбай мен Олжабайға Баянауылда салынатын ескерткіш туралы. Ескерткішті салу керек, бірақ өңірдің тумасы/тұрғыны ретінде біраз ақпаратқа сүйеніп, соған бөлінген қаржы туралы ой-пікірімді айтпақпын.

Бірінші айтпағым, шығындалуы тиіс 1 миллиардтан астам теңге – бұл тап-таза ысырап. Елге танымал кәсіпкер, қоғам белсендісі Арман Шораев Астана әкімі Кульгиновтың 92 млрд теңгеге бір көшені жөндеуге бөлген ақшасына 160 шаршы метрден тұратын 5 мың үй, 10 балабақша, 3 мектеп, 2 поликлиника – әрине, барлық коммуникацияларымен, яғни шағын қалашық салуға болатынын есептеген видеосын көбіміз көрдік. «Өзіміздің» Бақауов (Павлодар облысының экс-әкімі – Ред.) кезінде 36 мың теңге тұратын батарейлерді 336 мыңға сатып алғанын да білеміз.

Ескерткіш салу да дәл осы жағдайлар сияқты. Кеше ғана Керекуде салынған Абайдың ескерткішіне 55 млн теңге қаражат кетіпті (оның өзінде өз құны қанша – мұны да әкімдік бізге жеткізбейді). Екі батырдың ескерткішіне 100 млн теңге де кетпес (өйткені астындағы тасы мен дайындалатын жері –бір деген сияқты).

Салынатын жері демекші, саздауыт, тұзды, сортаң жерге, жобада көрсетілгендей, айналасына ағаштар егу үшін, топырағын ауыстыру қажет – қаржының көп бөлігі соған кетпекші. Неге ескерткішті Қарағанды мен Жасыбай жақ жолдың бойына (жазда мыңдаған демалушылар келеді) немесе Баянның кіре беріс жағына, көрнекі жерге орналастырмасқа? Сонда топырақ ауыстырудың қажеті де болмаушы еді.

Екінші, Баянауылда 40 жыл тұрған, жергілікті тұрғындарға астанадағы Бәйтеректей болып кеткен, 2 рет күрделі жөндеуден өткен (соңғысына көп болған жоқ) стелланы басқаға ауыстырмақшы, оның құны бақандай жарты миллиардқа жуық теңге?! Ал дәл осы уақытта Баянауылдың өзі әлі канализация мен тазарту жүйесінсіз отыр. Үлкен ауылдың нәжіс сулары көл жаққа ағары белгілі. Соңыра лайланған, лас көлдерге кім барады? Баянның су жүйесінсіз отырған 9 ауылы тағы бар. Осы жүйелерді тарту үшін сол ауылдардың әрқайсысына орташа есеппен 200 млн теңге кетеді екен. Біраз ауылдардың арасына 30 жылда бір рет те жол салынбаған. Айта берсе, мұндай қажеттілік шыға беретіні сөзсіз! 

Шектен шығып жатқан инфляцияны қаперге алмай (бұған да биліктің кінәсі жоқ деп кім айтады?), пандемия кезінде одан әрмен табыстары азайып жатқан ауыл жұртына емес, туристік табыс көзін бұғаттауы мүмкін экологияға емес, орасан зор қаржыны мәдениетке бөліпті. Бірақ ақыры бөлінген соң, мәдениет саласының өзінде де осы соманы тиімді пайдалануға болады ғой? Мәселен, басқасы – басқа, бірақ дәл Баянауылда өлкетану музейі неге жоқ? Бұл ауданда осы салаға қаржы бөлінуі тиіс басқа да нысандар жеткілікті болар.

Жоғарыда көрсетілген объектердің біраз бөлігін (аудан тұрғындарымен келісе отырып) қос батырға арналған ескерткішпен қатар салуға болатыны көрініп тұр. Бірақ Сқақов бастаған әкімдік 1 миллиардты тек екі батырға – бір ескерткіш салуға және стелланы айырбастауға ғана жұмсайын деп отыр. Тылсымнан тартып айтар болсақ, тапшылықта отырған халқының жағдайына қапаланған қос батырдың рухы облыс әкімінің бұл әпербақан шешіміне назаланып жатқан да шығар…

Әкім қалайша осылай шешіп отыр? Әлде жартысына жуығы демеушілердің ақшасы (олар көбіне сұраусыз болады), тура сұрағанда, «распилдың» көзі ме? Тендерде болатын жемқорлық әрекеттерді біздің өңірде ешкім алып тастамаған шығар? Бұны сіздерден сұрап отырмын, Сқақов мырза?

Сөз соңында осы 1 миллиардтан астам ақшаның (бұл біздің салық төлеушілердің және демеушілердің де ақшасы, қазақтың байлығы, халықтың жұмыс күші арқылы құралатын қаражат) қайда кетіп жатқанын бір тиынына дейін халық алдында есеп беруіңізді талап етеміз!

Өңірдегі депутаттардың да қалай сайланатынын білеміз – көбісі әкімдіктің қалауымен өткен. Сондықтан олардың әкімнің шешіміне келісім беруін халықтың келісімі деп есептемейміз, Сқақов мырза!

Жалпы, жер-жердегі барлық әкімдер халықтың салығынан жиналатын қаржыны алдағы жылдың бюджетіне жұмсаудың алдында барлық республикалық, жергілікті БАҚ-тарға жазып, халықтың тікелей талқылауынан, халық өзі сенетін/сайлайтын тәуелсіз эксперттердің сараптамасынан өткізгеннен кейін ғана бюджетті игеру институты қалыптасуы керек. Сонда жемқорлықтың күрт азаяры да сөзсіз.

Құрметпен, Руза Бейсенбайтегі,

Кереку қаласы

Айтпақшы

СУ ҚҰБЫРЫ ЖОҚ БАЯНАУЫЛ

1 миллиардтық ескерткішке қарық болады

Баянауыл ауданы экономикасының нақты секторы бөлімі мемлекеттік сатып алулар порталына Олжабай және Жасыбай батырларға ескерткіш орнатуға тендер жариялаған. Хабарландыру 2021 жылы 24 мамыр күні ілінген. Өтініштерді қабылдау 8 маусымда аяқталған.

Порталда ілінген хабарландыруда көрсетілген мәлімет бойынша, ескерткіш орнатуға бөлінетін қаржы – 793 717 460 теңге. Бірақ лоттық техникалық ерекшеліктері бөлімінде жұмыстың сметалық құры 949 733 767 миллион теңге деп көрсетілген. Яғни, Олжабай мен Жасыбай батырларға арналған мемориалды кешеннің құрылысына 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ.

Павлодар облысы Баянауыл ауданының шенеуніктері миллиардтарға ескерткіш қоюмен ғана емес, әуежай мен су құбыры қаржысын жымқырумен де жалпақ жұртқа танымал. 2021 жылдың қаңтар айында Баянауыл ауданының экс-әкімі Оразгелді Қайыргелдинов ұшып-қонуға жарамсыз әуежайды қабылдағаны үшін 3,5 жылға сотталған. Ауданның қазіргі әкімі Қанат Кәрімовтің сөзінше, әуежай үлкен ұшақтар мен туристерді қабылдау үшін жанындағы тауды бұзу қажет.

Бұдан бөлек, былтырғы жылдың желтоқсан айында ҚР Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің Телеграм-арнасында дәл осы Баянауыл ауданына қатысты ақпарат жарияланған. Онда 2017–2019 жылдары Баянауылдағы су құбырларының құрылысына бөлінген 1,2 миллиард теңге бюджет қаржысының жымқырылғаны жөнінде айтылған. Сол уақыттан бері аталмыш оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге оның немен аяқталатыны белгісіз.
 Мalim.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн