«БІР БАЛАМДЫ – ҚЫТАЙ, екіншісін Қазақстан қамады» – дейді пикетке шыққан ана

Кеше бұл жерге бір күн бұрын 10 күнге қамалған белсенді Байболат Күнболатұлының анасы 60 жастағы Зауатхан Тұрсын келіп, полиция ұлын заңсыз қамағанын айтып, босатуды талап етті.

9 ақпанда Алматының әкімшілік соты консулдық алдында Қытайда қамалған інісін босатуды талап етіп, акция өткізген Байболат Күнболатұлын 10 күнге қамаған еді. Оған Әкімшілік кодекстің 488-бап 6-тармағы бойынша («Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу») айып тағылған.

«Менің бір баламды – Қытай, бір баламды Қазақстан қамады. Елім, жерім деп келгеннен кейін, көргеніміз осы болып отыр. Полиция баламды нендей айыппен қамады? Түсіндіріп берсін. Ұлымды да босатсын», -– деді Зауатхан Тұрсын.

Сәрсенбі күні консулдық алдында Зауатхан Тұрсынмен қатар Шыңжаңда қамалған немесе Қазақстанға өте алмай отырған қазақтардың туыстары болды (суретте). Олар Қытай түрмесінде «жазықтан-жазықсыз отырған» жақындарын тез арада босатуды және Қазақстанға жіберуді талап етті.

Қытай консулдығы қақпасына арнайы колонка орнатып қойған. «Індет кезінде акция заңсыз» екенін сәт сайын ескерткен колонка акцияға келгендердің дауысын естіртпей, пікірлерін айтуға кедергі жасады. Колонкадан «консулдықтың ерекше қорғаудағы нысан, оны сурет-видеоға түсіруге болмайды және түсірген адамдар жауапкершілікке тартылады» деген ескерту жасалды деп хабарлайды «Азаттық».

Кейінгі кезде Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтар Қытай консулдығы алдында жиі пикет өткізіп жүр. Олардың бірі туыстарының Қытайда «негізсіз айыптармен» ұзақ жылға сотталғанын айтса, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей отырғанын айтқан. Олар Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен «Қытайда қамалғандар – Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз» деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген, дейді «Азаттық» тілшісі.

«ДАТ-ақпарат»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн