ЕДЕЛ-ЖЕДЕЛ СОТ Мамайды Байбекке ЖЕҢДІРІП БЕРДІ

  • 15 маусымда Алматының Әуезов аудандық №2 сотында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай арасындағы дауға қатысты сот шешімі оқылды, деп хабарлады «Азаттық». Сот Жанболат Мамайды шенеунік жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеді.

Судья Райхан Сартаева Байбекті жемқорлық жасады деп айыптаған фильмдегі мәліметтер шындыққа жанаспайды деп тапты. Осылайша Байбектің «ар-намыс пен беделге нұқсан келтіру» бойынша сотқа түсірген шағымы толық қанағаттандырылды, дейді сот шешіміне сілтеме жасаған «Азаттық».

«Сот шешім күшіне енгеннен кейін, он күннің ішінде 28 минут қазақша және 26 минут орысша шыққан фильмді өшіруді міндеттеді. Бірақ біз өшірмейміз. Сот шешімін апелляцияға береміз. Қазақстандағы соттардан өтіп, халықаралық ұйымдарға шағымданамыз. Бұл сөз бостандығын тұншықтыру» деді соттан кейін жауапкердің бірі Инга Иманбай «Азаттық» тілшісіне.

Сарапшылар Байбектің «басшылығымен» өткен бұл сот саяси сарында өтті деп бағалайды. Бұл орайда сотта жауап берушілер жағының адвокаты Ғалым Нұрпейісов былай деді (қаз-қалпында):

 «Меня очень сильно удивила скорость рассмотрения данного дела в суде. Все дела, которые связаны с политическим аспектом, они почему-то проходят в ускоренном режиме. Предполагаю, что данный ускоренный режим был необходим для того чтобы сократить коррупционное поле.

Согласны ли мы с решением суда? Нет. Мы не рассматривали личную жизнь истца, то есть Байбека, мы рассматривали его деятельность в период с 2015 по 2019 годы. Соответственно вся информация о его деятельности была предоставлена стороной ответчика в полном объеме… В любом случае мы не согласны с данным решением».

Еске салсақ, Байбек пен Мамай арасындағы сот дауының туындауына сәуір айында шыққан фильм-зерттеу түрткі болған. Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі «Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан» арнасында «Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы» атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті «мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды», «Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты», «құрылысқа және көлік тұрағына» қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің «жерін берді», «пара алды», «көмір мафиясын құрды» және Алматыдағы ЖЭС-2-ні «газға көшіруді кешеуілдетті», «адам құқықтарын бұзды» деп айыптаған.

Сейсенбі күні сот жоғарыда айтылғаннан бөлек, Мамай мен Иманбайды 860 мың теңге көлемінде сот шығынын төлеуге міндеттеді. Олар психологиялық-лингвистикалық сараптамасы үшін тағы да 75 мың теңге төлеуі тиіс.

Жауап беруші тарап аудандық соттың шешіміне қарсы апелляциялық шағым бермек. Әлбетте, билікке бағынышты қалалық сот та Жанболат жақты жақтап шықпасы айқын. Бірақ қалай болғанда да, Мамайды Байбекке жеңдіріп берген соттың тарихы қалың елге тарады. Бауыржан Байбек айрандай болған абыройын ел ішінен жиып-теріп ала алмасы айқын.

ДАТ-ақпарат

 

Бұл екі арада

ЕШҚАШАН СОТ БОЛМАҒАН

заңгер Қазақстан Жоғарғы сотының коллегия төрағасы болып тағайындалды.

Бұдан бір аптаға толар-томас бұрын – 10 маусым күні ғана ҚР Жоғарғы сотының судьясы болып сайланған Қанат Мусин кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жоғарғы соттың әкімшілік істер алқасының төрағасы болып тағайындалды.

Бір қызығы – кеше шыққан жарлық 15 күннен кейін – шілденің 1-інен бастап қолданысқа енеді екен. Ал ең қызығы – Қанат Мусин өзінің 30 жылдық заңгерлік еңбек өтілінде ешқашан сот саласында судья болып қызмет етпеген. Енді ешқашан сот ісін жүргізіп көрмеген заңгер бақандай Республика Жоғарғы соттың әкімшілік істер коллегиясын басқаратын болды.

Егер Мусин мырзаның өмірбаянына көз жүгіртер болсақ, ол әр жылдары прокуратура органдарында, Әділет министрлігі саласында және басқару әкімшіліктерінде ортан қол қызметте болған. Әбүйір болғанда, оның еңбек өтілінде ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты болғаны жөнінде ақпарат барын жасыруға болмайды. Бірақ біздің елде депутаттар қалай «сайланатыны» айтыла-айтыла бітіп болмас жырға айналған тақырып…

Әлбетте, соттан әділет іздеген халық соттың өз іші былыққа батып жатқанынан бейхабар. Мәселен, соттың төменгі буындарын былай қойғанда, Жоғарғы сотының ішінде төраға Жақып Асанов пен оның орынбасары – Азаматтық істер коллегиясының төрағасы Мейрамбек Таймерденовтың арасында тартыс жүріп жатқаны жөнінде біздің инсайдер-тілшілер ақпарат жинастыру үстінде. Бұл енді газеттің алдағы сандарының бірінде жария болатын бөлек әңгіменің тақырыбы.

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн