ЕРКІН ЕРГЕ ескерткіш ОРНАТЫЛДЫ

  • Көкшетау қаласында көрнекті мемлекет және партия қайраткері, Еңбек Ері Еркін Әуелбековке арналған ескерткіш ашылды.

«Еркін Әуелбеков басқарған 10 жыл ішінде Көкшетау облысы тек Қазақстанда ғана емес, Одақта да халық шаруашылығы саласын дамыту бойынша көшбасшылардың біріне айналды. Осы кезеңде сол заманғы жоғары дамыған қалалық және ауылдық инфрақұрылым құрылды», – деді рәсімде сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.

Бірақ ескерте кетейік, Еркіндей ерге ескерткіш қою және оны орнату халықтан жиналған қаражат есебінен жүзеге асты, Н.Назарбаевтың қудалауына душар болған азаматты ел зердесінде сақтауға билік тарапынан көк тиын да бөлінген жоқ.

Еске салайық, Еркін Әуелбеков (1930–1999) – ҚазКСР астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі, Көкшетау, Торғай және Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, КСРО Халық депутаты болған. КСРО тараған соң, елге оралған арда азамат ҚР президенті Н.Назарбаевтың кеңесшісі қызметін місе тұтуға мәжбүр болды.

Айсұлу ОСПАН,

«D»

ВАЛЮТА ҚОРЫ $55 миллиардқа ҚЫСҚАРДЫ

  • Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (ҚР ҰҚ) валюталық активтері 2016 жылғы $72 млрд-тан 2021 жылғы қазанға қарай $ 55 млрд-қа дейін төмендеді, деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі ұсынған Қазақстанның мемлекеттік қаржыларын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында.

 «ҚР ҰҚ қаражатын пайдаланудың өсуіне және мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуіне байланысты 2016 жылдан бастап ҚР ҰҚ валюталық активтерінің жыл сайынғы төмендеу үрдісі байқалады (2016 жылғы $72 млрд-тан 2020 жылы $58,7 млрд-қа дейін). 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында ҚР ҰҚ валюталық активтері $57 миллиардқа дейін төмендеді, ағымдағы жылдың тоғыз айында ол $55 млрд-қа дейін қысқарды» делінген тұжырымдамада.

Өз кезегінде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті Қазақстан Ұлттық қорына салықтық жарна төлеу бойынша көшбасшы өңірлер мен аутсайдерлерді атады.

«2021 жылдың 10 айында ҚР Ұлттық қорына салықтар мен төлемдерді ең көп төлеген Атырау облысы – Т735 млрд, екінші орында – Батыс Қазақстан облысы, Т424 млрд, үшінші орында – Маңғыстау облысы, Т269 млрд», – делінген МКД есебінде.

Есепке сәйкес, бірқатар облыстардың сомасы барынша төмен. Мәселен, Ақтөбе облысы Ұлттық қорға Т70 млрд салық төлеген, Қызылорда – Т49 млрд, Нұр-Сұлтан – Т41 млрд. Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент Ұлттық қорға мүлде салық төлемеген, делінген есепте.

ҚазТАГ

 

Ақтөбе фермерлері МИТИНГКЕ ШЫҚТЫ

  • 15 қарашада Ақтөбе фермерлері митингке шықты. Жергілікті әкімдік рұқсат берген бұл наразылықта ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалар айтылды. Ақтөбе фермерлерінің қауымдастығы ұйымдастырған акцияға жүз шақты адам қатысты. Наразылардың арасында Қарағанды мен Батыс Қазақстан облысының фермерлері де болды.

«Бізде судың жайы қиын. Қуаңшылықтан мал шығыны көп болды. Өзімнің 17 бас ірі қарам арам өлді. Мал ішетін суды айтпағанның өзінде кей ауылдарда ауыз су да жоқ. Халық суды өзеннен ішіп отыр», – деді митингте Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан келген Талғат Бәйкенов.

Фермер Арман Әшімовтің сөзіне қарағанда, биыл Қарағанды облысында дала өрті көп болып, шаруалар жайылым мен шабындықсыз қалған. Қарағандылық фермерлер мемлекет қолдауына зәру. «Жем-шөп субсидиясы әр аймақта әртүрлі төленеді. Ақтөбеде ірі қараға 30 мың, Қарағандыда 5 мың теңгеден берілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі о баста ірі қараға 30 мың, жылқыға 25 мың теңге, қойға 5 мың теңге беріледі деген болатын. Облыстан субсидия сұрасаң, «бізде ақша жоқ, министрлік ақша бөлмейді» дейді. Министрлік облысқа сілтейді. Осылайша фермерлерді дал қылып қояды. Шаруалардың наразылығынан соң, Қарағанды облысында биыл 200 миллион теңге субсидия бөлінді. Бұл тым аз. Осы себепті ірі қараға 5 мың теңгеден беріліп жатыр. Оның өзін қуаңшылықтан зардап шегіп отырған шаруа қожалықтары ғана алды», – деді Арман Әшімов.

Митингке қатысушылар Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне отыз шақты талап қойды. Оның ішінде субсидия мәселесінен өзге, жер құнарын арттыру туралы арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігі, дала өртімен күресу үшін арнайы техника бөлу сияқты талаптар бар.

 

Көңіл айту

ДЕМОКРАТ ДӘУЛЕТ ЕДІ…

Белгілі қазақстандық саяси қайраткер және ел тәуелсіздігінің тұғырын орнатуға қатысқан танымал қаржыгер Дәулет Сембаев 87 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

1998 жылғы зейнетақы реформасын жасаушылардың бірегей маманы Дәулет Сембаев әр жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесі аппаратының кеңесшісі, ҚазКСР хатшылығының меңгерушісі, ҚР Министрлер Кабинетінің вице-премьері болған, Ұлттық банкті басқарған, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы болған, сонымен қатар биліктің жоғары эшелондарында басқа да басшылық қызметтер атқарған.

2001 жылы құрылған «ДВК» қозғалысын қолдап, 2003 жылы Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілов, Әлихан Байменов, Ораз Жандосов пен Людмила Жуланова төрағалық еткен демократиялық «Ақ жол» партиясын құрушылардың бірі болған

ДӘУЛЕТ СЕМБАЕВТЫҢ

қайтыс болуына байланысты туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.

«ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн