Жанболат МАМАЙ: Біздің басты талабымыз – БИЛІКПЕН АУЫЗ ЖАЛАСПАҒАН, ары таза күштердің бірігуі

  • Бұдан бұрын белгілі болғандай, тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек туралы «Ютуб» желісінде жариялаған видеоны өшіруден бас тартып, сот шешімін орындамағаны үшін, сотқа шақырту алған еді.

Еске салсақ, қос партия жетекшілерінің арасындағы сотқа дейін жеткен дауға биыл көктемде Youtube’те жарияланған «Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы» атты зерттеу фильмі себепкер болған еді. Онда Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің «мемлекеттік қызметте жүріп, үлкен бизнес-империя құрғаны», «Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапқаны», «құрылысқа және көлік тұрағына қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің «жерін бергені» мен «пара алғаны» жайлы айтылған болатын. «Нұр Отанның» нөкер-басшысы бұл фильмде айтылған фактілерді дәлелдеуді талап етіп, Жанболат Мамай мен оның келіншегі, белгілі журналист Инга Иманбайды сотқа берген еді.

Биылғы жаз айларында өткен азаматтық сот фильмдегі дәлелдер дәйекті емес деген желеумен Жанболат Мамайға фильмді желіден өшіруді міндеттеген болатын. Ал Мамай бұл шешіммен келіспей, келесі сатыдағы сотқа апелляциялық шағым берген-ді. Еске салсақ, осыған дейін сот шешімін орындамағаны үшін Жанболат Мамайға айыппұл салынған еді.

Ал жуықта Жанболат Мамайға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде хабар тарады. Осы мәселенің мән-жайын білмек үшін және елдегі соңғы қоғамдық-саяси жағдаяттар туралы әңгімелесу мақсатында Жанболат Мамаймен сұхбаттасқан едік.

«Байбекке садақа» деп 1 миллионнан астам ақша төледік. Оны Бауыржан Байбекке халық садақа ретінде жинап берді. Байбек бойынша сот шешімі орындалмады деп күні кеше маған және келіншегім Инга екеуіміздің әрқайсымызға 140 мың теңгеден айыппұл салды.

– Жанболат мырза, жуықта сізге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны жөнінен хабардармыз: сіздің бұл жолғы «кінәңіз» не болды?

– Иә, қылмыстық іс қозғалғаны рас. Бірнеше рет тергеуге де бардым. Бірақ жауап беруден бас тарттым. Айтарымды – сотта, елдің алдында айтуға шешім қабылдадым. Бұл жолғы маған таңылған «айып» – билік өкілін «қорлау». Еске салайын, 18 қыркүйекте Алматыдағы Абай ескерткішінің алдында митинг өткіздік. Сол жиынның алдында екі күн бұрын қалада өз шаруасымен жүрген партия белсендісі Ырысбек Тоқтасынды полицейлер ұстап алып, ай-шай жоқ, 15 тәулікке қамап тастады. Артынан Қарағанды қаласынан Алматыға келе жатқан Дәурен Достияров пен Теміртас Нағыметуллаевты Шамалған станциясы маңынан «СОБР» жасақтары күштеп ұстады. Оларды да 15 тәулікке қамады.

Ал тура 18 күні алаңға жете бергенімізде полицейлер жапа-тармағай жабылып, біздерді ұстауға тырысты. Сол жердегі халық мені қорғап қалды да, Абзал Достияровты полиция алып кетті. Киімдерімізді жыртып, өзімізді жерге құлатты. Кейін белгілі болғандай, Абзалды полиция бөлімшесіне жеткенше ұрып-соғып барған. Полицейдің осындай заңсыз әрекеттерін көріп, биліктің тапсырмасын орындаудағы жендеттік «ынтасына» ыза болып, дәл мұны жасап жүрген қызметкерлер «отанына опасыздар, ертең Қытай бізді басып алса, соларға болысып, Қазақстанда концлагерь салуға даяр тұр» дедім. Ол пікірімді қазір де дұрыс деп санаймын. Міне, менің осы сөзім полицейдің ар-намысына тиген, оларды қорлаған болып шықты. Соған байланысты қылмыстық іс қозғады.

Қазір «тергеу» аяқталып, материалдармен танысып жатырмыз. Кейін прокуратураға, одан әрі сотқа жібереді. Жалпы алғанда, бұл биліктің Демократиялық партияға қысымы деп түсіну керек.

– Айтпақшы, бұған дейін де сізге қатысты бірнеше іс қозғалған еді. «Мамай неге қамауға алынбайды?» деген дүдәмәл жұрттың есіне 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан бергілерін атап өтсеңіз?

– Дұрыс айтасыз, мен бір емес, бірнеше рет қылмыстық іске тартылдым. Ең бірінші рет 2011 жылы әкімшілік қамауға алындым. Ақтау қаласында. Ол кезде марқұм Болат Атабаевпен бірге Маңғыстау мұнайшыларын қолдап жүрген кезіміз. Ереуілдің қайнап тұрған тұсы. Сол кезде «полицияға бағынбадың» деп, 10 тәулікке қамады. Одан кейін 2012 жылы «Жаңаөзен ісі» бойынша басқа да азаматтармен бірге қылмыстық жауапкершілікке тартылдым. Бір айдан астам тергеу абақтысында қамауда отырдым. Осы уақыттың ішінде Атабаев екеуіміз этапты да, Алматы, Ақтөбе және Ақтау абақтыларын да көрдік. Бірақ халықаралық ұйымдардың қысымымен билік бізді босатуға мәжбүр болды. Түрмеден шыға салысымен, «Трибуна» газетін шығардық. Оның өзін қаншама рет жапты! Миллиондаған айыппұлдар салынды.

2017 жылы үстімнен тағы да қылмыстық іс қозғалып, 7 ай абақтыда отырдым. Сол кезде түрмеде қатты қысым көрдім, «пресс-хата» деп аталатын жазалау камерасында бірнеше тәулік отырдым. Мұнда маған «таңылған айыпты мойындап, кешірім сұрау» жөнінде қысым жасалды. Бірақ бұған мойынұсынған жоқпын. Түрмедегі қысым туралы ақпарат қорғаушым арқылы сыртқа шығып кетті де, халықаралық ұйымдар үлкен шу көтерді. Содан кейін билік бұл заңсыздықты тоқтатуға мәжбүр болды. Бірақ сонда да мені соттап, 3 жылға бас бостандығым шектелді, пробациялық бақылауда болдым.

– Бір сөзбен айтқанда, түрменің кермек дәмін біршама татқан екенсіз. Ал енді кезекті қысымның мақсаты не деп ойлайсыз?

– Тергеу қазір аяқталды. Бұл іс бойынша 40 тәулікке дейін қамауға алуы мүмкін. Билік осы іс арқылы бізге белгі бергісі келіп отыр деп санаймын: «Тоқтаңдар, доғарыңдар бәрін, әйтпесе ұзақ жылдарға қамаймыз» деп. 2017 жылы да тура солай болған. Аздап қысымды бастайды да, біртіндеп оны күшейтеді. Алған бетіңнен қайтпасаң, бір күні сау етіп келіп, үйіңде тінту жүргізіп, өзіңді қамап тастайды. Қазір де сол сценарий қайталана ма деген қауіп бар.

Бұл қылмыстық істі қозғау арқылы билік сіздің саяси белсенділігіңізді тұсап тастау әрекетін жасап жатыр деп айта аламыз ба?

– Әлбетте! Мүмкін, 16 желтоқсанның алдында бізді тыныштандырғысы келетін болар. Себебі биыл Жаңаөзен қырғынына 10 жыл толады. Соның алдында халықты көшеге бастап шықпасын, наразылық танытпасын деген мақсаты болуы мүмкін. Бірақ бұл бізге қарсы дайындалып жатқан үлкен саяси қудалаудың алдындағы дайындық деп санаймын. Біздің күресіміз биліктің шымбайына батқаны сөзсіз: Назарбаевтың «Нұр Отандағы» бірінші орынбасары Байбекті әшкере еттік; мәжілісті басқарып отырған Нығматулиннің біраз байлығын қопарып көрсеттік; Қайрат Мәми, Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев сияқты шенеуніктер туралы фильмдер түсірдік. Қазір де зерттеу жұмыстарымыз жалғасып жатыр. Қаншама митингтерге шығып жүрміз. Осының барлығы билікті бізге қарсы шара қолдануға итермелейтіні сөзсіз.

Айтпақшы, дәл осы қылмыстық істен бөлек, айыппұлдардың астында қалдым қазір. «Байбекке садақа» деп 1 миллионнан астам ақша төледік. Оны Бауыржан Байбекке халық садақа ретінде жинап берді. Байбек бойынша сот шешімі орындалмады деп күні кеше маған және келіншегім Инга екеуіміздің әрқайсымызға 140 мың теңгеден айыппұл салды. Одан бөлек, митингке шыққаны үшін белсенділерге бірнеше айыппұл салды. Бұл да биліктің бізге қарсы қолданып отырған қысымы екені даусыз.

– Бұған қосымша сізді қаралау науқаны жүріп жатқанын сезетін шығарсыз. Жалпы, сіздің саяси қызметіңізге сенімсіздік тудыратын әлемжелідегі сөздің қайдан және қалай шығатынын өзіңіз қалай пайымдап жүрсіз?

– Ол түсінікті ғой. Бізге қарсы бүкіл мемлекеттік аппарат жұмыс істеп жатыр. Байбек басқарып отырған «Нұр Отанның» өзінде қаншама ботоферма мен тролльдар бар! Солардың барлығы жабылып, бізге қарсы қаралау науқанын өткізуде. Тіпті менің бір қабатты үйімнің үстінен дронмен ұшып, «Жанболат Мамай зәулім үйде тұрады» деп өтірікті соқты. Бірақ қарапайым үйді көріп отырған ел бұған күлді. Одан басқа мемлекеттік органдардың қаншама боттары бар. Солардың тарататын бір ғана әңгімесі – «Мамай неге қамалмайды?» дейді. Газеттің мінберін пайдаланып, осы сұраққа жауап бере кетейін. Біріншіден, билік мені 10-15 тәулікке қамап, сағымды сындыра алмайтынын түсінеді. Ал олай қамағаны керісінше, менің ел арасындағы абыройымды көтереді деп санайды. Сондықтан «Жанболатты қамамайды» деген сөз тарату – оларға саяси технология жағынан әлдеқайда тиімді тәсіл болып тұр. Екіншіден, қамай алмай отыруының себебі – біз Батыс дипломаттарымен, халықаралық ұйымдармен тығыз байланыстамыз. АҚШ дипломаттары біздің іс-әрекетімізді жіті қадағалап отыр. Біз де олармен кездесіп, елдегі қудалау, саяси репрессия жайында хабарлап отырамыз.

Ал қазіргі Назарбаев жүйесінің қорқатыны не? Батыстың санкциясынан үрейленіп отыр. Әсіресе Еуропарламент депутаттары санкция салу мәселесін ашық қозғаған соң, олар бірқатар саяси тұтқындарды босатуға да мәжбүр болды. Сондықтан бізді қамаса, ертең Назарбаевтың шенеуніктеріне санкция салынуы әбден ықтимал. Себебі Батыста бізді қолдайтын демократиялық күштер бар. Биліктің қауіптенетіні де сол.

Ал мұны билікшіл блогерлер мен тролльдар басқаша таратып, «биліктің адамы болған соң қамамайды» деп соғады. Сәл қисынға салсақ, Назарбаев өзін, Байбек сияқты жандайшабын сынатып қоятын, тіпті өзінің туған күнінде Алматыда билікке қарсы дүркіретіп митинг өткізуге мүмкіндік беретін камикадзе ма? Жоқ, әрине. Біз ашық, ымырасыз күресте жүрміз. Ал бұл билікке ұнамайды.

Бізді қаралау науқанын жүргізіп отырған тағы бір топ – Франциядағы Әбілязов бастаған боттар. Ол соңғы екі жылда әбден зорығып бітті. Жақтастары қалмады десек те болады. Өткен айда митингке шақырды. Қанша адам шықты? Алматыда – 3 адам. Бітті. Интернетте де қазір оны тыңдаушылар күрт азайды. Соған опынып, күйініп, күресті Назарбаевпен емес, бізбен жүргізіп жүр. Бірақ «ит үреді, керуен кешеді». Өтірік сөздің барлығы желге ұшуда. Біз ісімізбен, әрекетімізбен ақиқат жолында екенімізді дәлелдеп келе жатырмыз. Жер сатуға қарсы наразылық ұйымдастырдық. Несиелік амнистия бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Шындықты айтып, күнделікті ақпарат таратып жүрміз. Сол жолдан таймаймыз.

– Ал бүгінгі азаматтық қоғамның шашыраңқы жағдайын немесе тіпті бір-біріне қарсы әрекетін қалай түсіндіріп берер едіңіз?

– Саяси күштерді ыдыратуға әрекет жасап жүрген екі топ бар деп ойлаймын. Бірі — кеудемсоқтыққа салынып, «оппозиция мен ғана болуым керек» деп санайтын, өзінен басқа адам көшбасшы болмауы керек деп іштарлыққа салынатын топ. Оны басқаратын — қашқын банкир Әбілязов. 2019 жылға дейін ол оппозициялық алаңды «меншіктедім» деп ойлап келді. Жалпы, бұл адамды мен саясаткер деп санамаймын. Ол кәдімгі саудагер. Саудагердің ойы қандай? Монополия орнатсам, нарықта жалғыз ойыншы болсам дейді.

Сіздің есіңізде болар, 2009 жылы «Азат» партиясы елдегі оппозициялық күштердің бірігу идеясын ұсынды. Сонда қарсы болған кім? Дәл осы Әбілязов бастаған топ еді. Қазір де оның «саудагер» психологиясы өзгерген жоқ. Ал енді саясатта ондай болмайды. Қоғамда түрлі саяси күштер болуы керек. Олармен тіл табысуың, қажет кезде бірігуің қажет. Бірігу деген – бірлесіп митинг өткізу, наразылық таныту деген сөз.

Қоғамдағы саяси топтарды ыдыратуды көздейтін екінші топ – ол биліктің жансыздары. Себебі биліктің мақсаты – барша оппозициялық күштерді біріктірмеу. Бір-бірін қараласын, бір-біріне қосылмасын деп, түрлі қитұрқы айла жасайды. Өз жансыздарын оппозицияның ішіне жіберіп, солар арқылы көшбасшыларды өзара жауластырып, қырқыстырады. Ондайлар қоғамдық ортада өріп жүр. Бірақ негізгі мәселе тек қана оппозицияда емес.

Басты проблема – бүгінгі қоғамның белсенділігінің төмендігінде. Егер халық жаппай қозғалысты бастап, өз құқығын қорғаса, митингтерге шықса, жағдай мүлдем басқаша болар еді. «Митингтен не пайда?» деп оның мән-мазмұнын түсінбейтін адам аз емес. «Митингке шықсам, ұстап әкетеді» деген үреймен жүргендер қаншама. Оппозицияның мақсаты – сол халықты ояту, үрейін жеңдіру. Назарбаевтың басты тұғыры – күштік құрылымдар емес. Сатқын шенеуніктер де емес. Оның басты тұғыры – үрей болып тұр. Көзге көрінбейтін, қолға ұстауға келмейтін үрейді ел арасына таратты. Соның арқасында елді тонауды жалғастырып отыр. Қашан біз сол үрейді жеңеміз, сонда ғана әділдік үшін күресте жеңіске жетеміз.

– Иә, Демпартия ұйымдастырып жүрген митингілердің селдір өтуіне қоғамның тұтасқан күше айналмауы әсер етіп жүргені рас қой?

– Қазақстандағы протестік көңіл-күйдің динамикасын қарасаңыз, кең көлемді толқулар әрбір 3-4 жыл сайын болып тұрады. Мысалы, 2016 жылы жер митингілері өтті. Одан кейін қоғам мүлгіген тыныштықта болмаса да, біршама бәсеңсіп қалды. Үш жылдан кейін, 2019 жылы, Назарбаев биліктен формалды түрде кеткен соң, ауқымды наразылық акциялары болды. Билік оны да түрлі амалдармен басты. Қазір, міне, 2 жыл өтті, митингке адам көп шықпай жатыр. Бірақ оның орнына әлеуметтік желіде саясатқа қызығатын адамның саны күрт өсті. Мысалы, біздің Youtube-арнамызды бір айдың ішінде 650 мыңға дейін адам қарайды. Екі жылдың ішінде жазылушыларымыздың саны 350 мыңға артып, қазір 400 мыңнан астық. Бұл бір ғана платформадағы көрсеткіш.

Жалпы алғанда, қазір елде саяси оқиғаларды қадағалап отыратын, қоғамдық күштердің әрекетінен хабардар 1 миллионнан астам адам бар. Ал ол миллионның отбасы, туған-туыстары, достары бар. Сонда бірнеше миллион адамнан асады деген сөз. Бұл – протестік қозғалыстың үлкен потенциалы барын көрсетеді. Ерте ме, кеш пе, бұл миллиондар әділдікті талап етеді. Шыдамның да шегі болады. Миллиондардың төзімі неден және қай кезде таусылады – оны ешкім дөп басып айта алмайды.

Бірақ өзгерістің күні жақындады. Назарбаев толық болмаса да, биліктен кетті. Қалай болғанда да, оның билігі бара-бара әлсірейді. Кілем астындағы «бульдог иттердің» төбелесі сыртқа шығады. Элита ішінде ыдырау басталса, бұл елдегі жағдайға да әсерін тигізері анық. Сол кезде күреске әбден дайын болуымыз керек.

– Дегенмен сіз қазіргі назарбаевтық саяси режимге үзілді-кесілді қарсы саясаткерлердің бірі бола тұрып, қоғамдағы басқа да саяси күштер мен қозғалыстарды Демпартияның қатарына қосылуға немесе азаматтық қоғамға ортақ ұйым құруға шақырмайтыныңызды қалай түсінуге болады?

– Азаматтық қоғам деген – жалпылама ұғым. Азаматтық қоғамда бәрі бар: бірі құқық қорғаушы, бірі сайлаудағы бақылаушы, бірі – ымырасыз күрескер, бірі – грант кеміріп жүрген кәсіби қызметкер. Ал олардың барлығын бір ұйымға қалай біріктіруге болады? Ол мүмкін емес. Түрлі оппозициялық топтардың болуы – қалыпты үрдіс. Одан сөкеттік іздеудің қажеті жоқ. Егер партиялардың тіркеуі жеңілдесе, қазір Қазақстанда көптеген саяси ұйым құрылар еді. Бұл бәсекелестікті күшейтеді, саяси өмірді тірілтеді. Билік сондықтан оған бармай отыр.

Ал Демпартия қатарына қосылуға біз елді ашық шақырып отырмыз. Қатарымызда боламыз, бірге күресеміз десе, оған ешқандай тыйым жоқ. Келемін, пікірлесемін деген адамға мекен-жайымызды айтып қояйын: Алматы, 8-ықшамаудан, 4а үй, 413-кабинет. Демпартия қатарына қосылғысы келген адам келсін, бірлессін. Қатарымызда біраз азаматтар бар. Барлығы елде өзгеріс жасауды армандайтын патриоттар.

– Сіз жетекшілік ететін Демпартия басқа ұйымдардың шақыруына да үн қатқан, тұтасқан протестік қозғалыс құруға ықылас білдірген кезі болмаған екен. Қазақстанның демократиялық күштерінің коалициясын құру жөніндегі бастамаға да Демпартия жауап қатпағаны қалай?

– «Қазақстанның демократиялық күштерінің коалициясына» кімдер кірмек сонда? Өз басым сондай ұйым құрылады дегенді естімеппін. Ал енді бұрын шенеунік болып, «Нұр Отанның» қатарында шайқап жүріп, бес жұлдызды қонақ үйлерде жиын өткізгіш топтардың ұйымы болса, әрине, біз оған қосыла алмаймыз. Бірлесетін адамыңның ары таза, беделіне нұқсан келмеген болуы керек. Әйтеуір бірігу керек деп, көлденең көк аттыға қосыла кетуге болмайды. Оны сіз де жақсы түсінетін боларсыз. Адамның кім екенін жақсы білсеңіз, оның адалдығына күмәніңіз болса, артында кім тұрғанын нақты түсінсеңіз, кімді алдап бірігесіз? Бүгін бірігіп, ертең ажырасып жататын жағдай жоқ. Бізде биліктің қолдауымен құрылған өлі туған ұйымдар бар. Солар «бірігейік» деп шақырса, оның артында билік тұрғанын біле тұра, қалай барамыз? Ол мүмкін емес.

Ал Демпартия бірлікке шақырмайды деп айта алмаймын. Талай шақырдық. Айттық. Тіпті қаралағандарға біршама уақыт жауап та бермей жүрдік. Бірақ мұны әлсіздікке балағандар болды. Сондықтан бізге орынсыз соқтығып, күйе жаққандар жауапсыз қалмайды. Дер кезінде қарымта қайтарамыз. Ал өзіміз кім-көрінгенге ұрынып, біреуді қараламаймыз.

Бірігудің формасын біз ұсындық. Біріккісі келсе, алаңға шықсын! Митингте бірігейік. Ел – ортақ, жер – ортақ. Барлығымыздың мақсатымыз бір болса, наразылық акциясына шығайық. Бір күнде!

Қазір де бірігетін тақырыптар бар. Саяси тұтқандарды қудалауды тоқтатуда бірігуіміз керек. Қытай экспансиясына қарсы бірігу қажет. Назарбаевтың іріп-шіріген жүйесіне қарсы бірігуіміз керек. Алаңға шығып, наразылық танытып бірігейік. Осыны ашық айтып жүрміз.

– Демпартияның «жеке-дара шабуы» ұйымның астыртын демеуші акционерлері қойып отырған талап деп түсінетін сарапшылар пікіріне қандай уәж айтар едіңіз?

– Ондай сарапшылардың пікірін бірінші естуім. Себебі Демпартияның ешқандай акционері жоқ, болуы да мүмкін емес. «Акционер» кәсіппен айналысатын фирмада, ақша табуды көздейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестікте болады. Ал партияда «акционер» болуы мүмкін емес. Қолдаушыларымыз, жанашырларымыз көп. Оның ішінде кәсіпкерлер де, ғалымдар да, түрлі саланың білікті мамандары да аз емес. Бірақ қолдаушылардың ешқайсысы бізге «анаумен бірігесің, мынаған қосылмайсың» деп талап қоймайды, қоя да алмайды. Барлық шешімді партия ішінде ақылдасып, кеңесіп, бірлесіп қабылдаймыз. Бізде барлығы ашық, әділетті түрде өтеді. Демпартия «жеке-дара» шабады» деп те айта алмаймын. Басқа да қоғам белсенділерін тартып, бірнеше митинг өткіздік. Жерді қорғап қалуға үлесімізді қостық. Өзге де белсенділермен бірлесуге, ақылдасып, кеңесуге біз әрқашан ашықпыз. Бірақ біздің басты талабымыз – билікпен ауыз жаласпаған, ары таза күштердің бірігуі.

– Тағы да сол жекелеген сарапшылардың пікіріне қарағанда, келесі президенттік сайлау кезекті рет мерзімінен бұрын өтетін түрі бар. Демпартия осы қитұрқы науқанға дайын ба? Оны мемлекеттік тіркеуден өткізу процесі қазір қандай жағдайда?

– Алдағы президенттік сайлауға қатысамыз деп дәл қазір айту ертерек болар. Барлығын уақыт көрсетеді. Ал Демпартияны тіркеу мәселесін жеделдету – қоғамның қолында. Егер саяси реформаны талап етіп, өзгерісті қалап, мыңдаған адам алаңға шықса, біз ғана емес, басқа да партиялар тіркелер еді. Сондықтан қазіргі заңнамамен тіркейміз деп, басымызды тас қорғанға соға беруге болмас. Алдымен талап қойып, билікті заңды өзгертуге мәжбүрлеп, одан кейін тіркеу мәселесін қозғаған дұрыс деп санаймыз.

Дәл қазір тіркеусіз де біраз шаруаны атқарып жүрміз. Қолымызда мөріміз болмаса да, халықтың жүрегінде, ой-санасында орнымыз бар. Бастысы сол емес пе?! Әйтпесе бізде тіркелген, бірақ ешқандай жұмыс жүргізбейтін өлі партиялар да бар ғой. Ал Демократиялық партия бүгінде «Нұр Отанмен» тікелей шайқаса алатын, оның басшысының бірі Байбектің тас-талқанын шығарған саяси күш. Оны ешкім де жоққа шығара алмас.

– Жөн! Егжей-тегжейлі сұхбатыңызға рақмет! Іске сәт!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн