Жағымпаздың екі монологы

1. Тірі кезінде

Сіз кетпеңіз!

Сіз кетсеңіз –

Мына дүние

Қақ жарылады ғой.

Сіз кетсеңіз –

             Солтүстік Мұзды мұхит

Жер шарына

Топансу боп жайылады ғой.

Құдай басқа бермесін:

Тынық мұхит

Тыныштығынан айырылады ғой.

Бүкіл Африка,

Бүкіл Америка,

Бүкіл Азия,

Бүкіл Еуропа

Қара жамылады ғой.

Сіз кетпеңіз!

Жер жүзі дәл қазір

Күнді емес,

Сізді айналып тұр ғой.

Сіз қазір

Аспан астындағы

Темірқазықсыз!

Сол қазыққа

Дүние байланып тұр ғой!

Сіз кетпеңіз!

2. Өлген соң

Атаңа ғана лағынет!

Ақыры кеттің бе! –

Бәрін бүлдіріп,

Бәрін тындырып,

Өттің бе!

Бүге-бүге

Екі тізем

Күс болды ғой.

Қайтадан тіктеп тұруым

Күш болды ғой.

Күйіне-күйіне

Мына дүние

Бұзылып кете жаздады ғой.

Иіле-иіле

Бел омыртқам

Үзіліп кете жаздады ғой.

Енді сен

О дүниеде

Пейіштің нұрын емес,

Құрт пен құмырсқаны

Іріңдей былжыратып,

Сорып жатасың!

Аптапты күнде де,

Көріңнің ішінде –

Қалшылдап! –

Тоңып жатасың.

Енді мен

Жағынуды аңсап,

Басқаша адам,

Басқаша атырап табам!

Мен саған енді

Топырақ салсам да,

Доңыз сарыған

Топырақ салам!

Атаңа ғана лағынет!

Темірхан МЕДЕТБЕК

 

АРМАН – АСҚАРҒА: Сендердің өмірлерің 5 ТИЫНҒА ҚАЖЕТСІЗ!

  • Өткен аптада ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Алматыда Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесу өткізген еді. Бірақ ол кездесуде қандай мәселе талқыланып, недей уағдаластық жасалғаны алматылықтар үшін аса қызғылықты болмады.

Себебі Еуразиялық үкіметаралық кеңес пен «Digital Almaty» форумы аясында өткен кездесу кезінде Алматыда транспорттық коллапс болды: қаланың орталық көшелері толықтай жабылып, көлік кептелісі екі елдің президенттері кездескен кезден де қиын болды. Жұмыс аяғында Алматыда транспорт қозғалысы толықтай қаңтарылып, қала халқының ашу-ызасын тудырды. ҚР үкіметінің премьері Алматыға келгенінен хабардар қалалықтар өз кезегінде әлеуметтік желілерді балағат пен «боқтыққа» толтырды.

Осы орайда белгілі қоғамшыл азамат, «Қазақстан Барысы» жобасының негізін салушы Арман Шораев «Фейсбук» желісі мен «Ютуб» арнасында Асқар Маминге арнап видео-үндеу жолдады (қаз-қалпында).      

 «Құрметті Мамин мырза!  Ресейдің премьер-министрі ме, келіпті, бір адамның кесірінен 2 миллион тұрғыны бар Алматымыз кептелісте қалды. Бір адамдар жұмысына жете алмай, бір адамдар балабақшаға, мектепке баласын апара алмай жатыр.

Айналайындар-ау, сендер кімсіңдер, бүкіл жолды тоқтататын?! Сендерді біреу өлтіріп жатыр ма, сендерге біреу тиісіп жатыр ма? Сендердің өмірлерің ешкімге бес тиынға керек емес, кездессеңдер – кездесіңдер, Бурабайда немесе Катон-Қарағайда немесе айдала бар ғой. Құдайға шүкір, Қазақстанның жері бар, бір тесікке апарып, сол жерде әңгімелесіңдер, түкке тұрмайтын әңгімелеріңді сол жерде шешіңдер. Алматыға тиіспеңдерші!».

Расында, Арман азаматтың айтар жөні бар: мұндай транспорттық тығырық қазақтың 30 жылдық «көсемі» Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресейдің патшасы Владимир Путин Алматыға келген кезде де болмаған. Премьерлікті паңқыта алмаған Мамин әлде Алматы жұртына Қазақстан экономикасын қалай тығырыққа тап қылғанын көлік кептелісі тәжірибесімен танытайын деді ме, әлде премьерлік таққа қайтадан қонжиған құдіретін көрсетейін деді ме, әйтеуір бүкіл қаланың полициясын көшелерді жабуға жұмылдырған еді…

Ермұрат БАПИ

ҚАЗАҚСТАНДЫ ереуілдер толқыны ТЕҢСЕЛТІП ТҰР

  • «Азаттық» радиосының порталы хабарлағандай, 8 ақпанда Ақтөбеде «Сағыз Петролуем» компаниясының 60-қа тарта жұмысшысы компания кеңсесі алдында жалақыны өсіруді талап етті.

Атырау және Ақтөбе аймағында мұнай барлау және игерумен айналысатын компанияның қызметшілері басшылыққа жолданатын хатқа 188 адамның қол қойғанын айтып, жұмысшылардың бір бөлігі жол қиындығына және жұмысқа байланысты келе алмағанын жеткізді. Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, олар 90–160 мың теңге көлемінде жалақы алады, ал бұл қымбатшылық кезінде ештеңеге жетпейді.

«Мен өзім 4-разрядтағы электрикпін. Табысым – 135 мың теңге. Экологиялық төлемді қосқанда қолға тиетіні 160–170 мың теңге. Менің бала-шағам бар. Олардың балабақшасы бар. Несие өтейміз. Қымбатшылық болса мынау: күн сайын баға өсіп жатыр. Жалақымыз жетпейді. Негізі бұл әңгіме үш жылдан бері айтылып келе жатыр. 2018 жылы бір рет 7 пайызға жалақы өсті. Бірақ жаппай айлық көтерілген жоқ», – деді компания жұмысшысы Қуаныш Жеңсікбаев.

Жұмысшылар індет кезінде мерзімі бір айдан асып кеткен 30–35 күндік вахтаны 15 күнге қысқартуды да талап етті, дейді ереуілшілер сөзіне сілтеме жасаған «Азаттық».

«Бір айдан астам уақыт бала-шағамызды, отбасын көрмейміз. Бұл біз үшін ауыр. Бір айда адам моральдық тұрғыда қажиды. Бізде қандай да бір оқиға туындаса, вахта мерзімі 15 күннен асқан жұмысшыны жауаптан босататын ереже де бар. Сол себепті вахта мерзімін қысқартуды талап етіп отырмыз», – деді жұмысшылардың бірі.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, «Сағыз Петролуем» Ақтөбе мен Атырау облыстарындағы бірнеше кенішке иелік етеді. Дүйсенбі күнгі жиынға Қағанай, Тасқұдық, Ащыкөл, Шоқат-Дулат, Сарқұмақ-шығыс, Сарқұмақ-батыс, Жантерек кеніштерінен мұнайшылар келген.

Бұл екі арада тағы да «Азаттық» хабарлағандай, 8 ақпанда Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының бір топ тұрғыны облыс әкімдігіне келіп, үш жыл бұрын сүруге кетеді делінген тұрғын үйлерінің орнына басқа баспана талап етті. Наразылар апатты жағдайда тұрған үйде паналау мүмкін емес дейді.

Тұрғын Жадыра Сұлтанғалиеваның айтуынша, Құлсары қаласындағы 1-шағын аудан мен вокзал маңындағы жалпы жиыны 74 пәтерлік екі үй 2018 жылы әкімдік шешімімен апатты деп танылып, әкімдік тұрғындарға өз беттерімен басқа үй табуды ұсынған.

Құлсарылықтар 1988 салынған бұл екі үйдің фундаменті үгіліп, жерге бір метрдей шөккенін, қабырғасы жарылып, үйдің ішін көк басып, тұруға мүлде мүмкін болмай қалғанын айтады. Олардың сөзінше, бұл мәселе сегіз жылдан бері талқыланып келеді. Билік тұрғындарға бір бөлмелі пәтер үшін 4 миллион теңге, екі бөлме үшін 6 миллион, үш бөлмеге 8 миллион теңге, төрт бөлмелі пәтерге 10 миллион теңге ұсынып, қалған рәсімдеу құжаттарын өз күштерімен дайындауды тапсырған, дейді ереуілші тұрғындардың наразылығын жария еткен «Азаттық».

«Нұрлан Ноғаев (Атырау облысының бұрынғы әкімі – Ред.) астанаға көпір, Түркістанға сауда үйін салып берді. Сонда біз Жылыой ауданының тұрғындары уды жұтып отырып, топырақ-шаңның арасында отырып, неге бір болмашы 4-6 миллион теңгеге үй ала алмаймыз? Бюджетке ақша түсіп, салық төленіп жатыр. Пандемия кезінде жұмыс та жоқ. Несие де бермейді, зейнетақы қорында ақшамыз да жоқ», – дейді Жадыра Сұлтанғалиева.

ДАТ-ақпарат

УКРАИНА Ресей арналарын ТОҚТАТТЫ

  • Украинада Ұлттық Қауіпсіздік және Қорғаныс кеңесінің шешімімен ресейшіл негізгі телеканалдарға санкция салынды, ол Зеленскийдің жарлығымен қуатталды.

Жарлық бойынша, 3 қаңтарда сағат 12.00-ден бастап барлық ресейшіл кабельді каналдар өз трансляцияларын тоқтатты, өйткені жарлық жарияланған сәттен бастап күшіне енеді делінген. Бұл каналдарды Путиннің кіндік туысы (кум) болып келетін Медведчук қадағалайтын.

Осыған байланысты Украинадағы ресейшіл күштердің арасында қатты истерика жүріп жатыр. Мысалы, ресейшіл Ютуб-каналдар Украинада осыған орай қарсыластар митингісі басталады деген, алайда бір қызығы – оларды қорғап бірде-бір адам шықпады. Тіпті олардың Ютуб-каналдарын да ешкім қарамапты – небәрі 3 мың адам ғана қараған, ал ол 45 млн-дық Украина үшін дым да емес.

Бұған АҚШ-тың реакциясы көп күттірмеді: олар бұл қадамды барынша қолдайтындарын жеткізді. Егер Қазақстанда халқымызды әбден улап біткен РФ каналдары жабылса, ең алдымен АҚШ қос қолдап қолдайтыны көрініп тұр, алайда ол Тоқаевтың қолынан келе қоймас, ал анау… (Н. Назарбаевты меңзейді – Ред.) оған керегі де сол, оған керегі – елдің іріп-шірігені.

Әрі қарай не болады – оны көрерміз, бірақ қазіргі таңда Ресей ештеңе де жасай алмайды, өз басында мұнар жеткілікті.

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн