КЕЗЕКТІ ҚАСТАНДЫҚ

Желідегі жазбалар: ЖОЛДАУ

Жолдауды көрген қазақ тілі өксігін баса алмай, ұза-а-а-ақ жылады. Жұбатуға жан баласы келген жоқ. Мемлекеттік тіл мемлекеттік биліктен кезекті рет күйреп, жеңіліп жатқанда, «Әліппені» құшақтаған бір бала қазақ мектепке барды. 1 қыркүйекте президент қазақ тілінің арқасынан қағып тұрып, қанжар сұққанын бала білген де, сезген де жоқ.

Қазақ тіліне қарсы ұзақ жылдан бері ұйымдастырылып, жасалып келе жатқан мемлекеттік биліктің кезекті қастандығы бұл жолы да жүрісінен жаңылмады. Қазақ тілімен бірге сол тілмен ғана тірі болатын тұтас ұлттық мәдениет, әдебиет, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып жеңілді.

Ешқашан басқарушы класты жеңіп көрмеген, онымен күресіп жеңуге болады деген түсініктің өзінен өлердей қорқатын қоғамның өзі жоқ, өлі сөзі бар. Билік – қоғамға, қоғам – билікке лайық. Қазақ тіліне және сол тіл жасаған ұлы дүниелерге екеуі де лайық емес.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

Тәуелсіздік кілтін РЕСЕЙГЕ БЕРДІК

Тәуелсіздікті тапсыру барлық жағынан жүріп жатыр.

Біріншіден, Ресейдің қысымымен тіл белсенділерін қудалау мен қазақтарды «нацизммен» айыптау. Яғни, шет мемлекет біздің мемлекеттің тіл саясатына тікелей араласты.

Содан кейін біз сол мемлекетпен цифрлық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық және барлық мемлекеттік технологияларды олардың қолына беріп қойдық. Яғни, шетелде біздің «ЭЦП» болады. Біз электронды-цифрлық қолтаңбаны бейтаныс адамға бермеуге тырысамыз, ал билік оны шетелдің қолына неге тапсырды?

Өйткені РФ бізді іс жүзінде басқарады. Біз Ресейге бүкіл мемлекеттің электронды кілтін береміз. Және бұл – территориямыздың бір бөлігін иеленуден де қауіпті. Қалай болғанда да, мұндай жабайы идеяны кім ойлап тапты? Әрі бұл біздің елде цифрландыру деңгейі ресейліктерден әлдеқайда жоғары болғанына қарамастан.

Ал РФ «Сбербанкі» бұл тұрғыда ең тиімді кеңсе емес. Демек, бұл бізді Ресейдің цифрлық колониясына айналдыратын таза саяси келісім екені анық.

Сонымен қатар біз атом электр станциясын салғымыз келеді. Енді реакторлардың ресейлік болатыны да түсінікті, әрине, олар салады және қызмет көрсетеді. Бұл орыстарға толық энергетикалық тәуелділікке түсетінімізді білдіреді.

Осылайша біз Ресейдің идеологиялық, цифрлық және энергетикалық құлдығында боламыз. Яғни, біз іс жүзінде егемендігімізден айырыламыз. Жарайды, егер олар оны күшпен алса бір басқа, бірақ біз оны өз еркімізбен, өз қолымызбен береміз!

Тағы да қайталап айтамын, лингвистикалық, цифрлық және энергетикалық егемендіктен айырылу – бұл ерікті түрде Тәуелсіздіктің кілтін толық беру. Біз бұған жол бермеуіміз керек! Бірыңғай цифрлық платформа туралы кешегі келісімді жою қажет.

Бұдан былай барлық маңызды шешімдерді тек референдум негізінде қабылдаймыз, содан кейін халықтың еркін білдіреміз. Біз егемендіктің ерікті түрде берілуіне шамамыз келмейді, әйтпесе біздің ұрпағымыз қарғысқа ұшырайды.

Руслан ТҮСІПБЕКОВ

ТҰРАН ОДАҒЫ ҚҰРЫЛУЫ ТИІС

Тұран елдерінің тұтастығын ойласақ, шұғыл Түркі елдері одағын құруымыз керек! Өйткені, шығысымыздан Қытай, солтүстігімізден Ресей империялары қусырып тұр. Енді оған Оңтүстік Азиядан тәліптер басқаратын Ауғанстан да қосылды!

Екпіні қатты Ердоған ер бастаған ел басшыларының мойнында түркі мемлекеттерінің тәуелсіздік тағдыры, территориялық тұтастық қауіпсіздігі тұр! Біз Ресей бастаған біраз елдермен Еуразиялық Экономикалық одақта бармыз. Енді сол секілді Түркі елдері одағы да іргемізді бекемдей түсуге берік негіз болар еді.

“Ақымақтың айтқаны келеді” дегендей, ақыр “Тұран одағы құрылады” деп айқайлап жүрген Жириновскийлердің сөзін шындыққа айналдырайық. Ол кеше ойға сыймайтын оттауын тағы да жариялап, Орта Азия елдері өздерін тәліптерден қорғайтын Ресейдің губернияларына айналуы керек деп соқты… 

Тағы да қадап тұрып, қайталап айтамыз, Тәуелсіз Түркі елдері үшін қазір ең басты мақсат – Түркі Одағын құру!

Ең болмаса, туыс елдердің тұтасуын өзгеден сұрамай  өзіміз шеше алатын шығармыз деп үміттенеміз.

Қазыбек ИСА, ҚР Парламентінің депутаты

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн