КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ: Қытайда 100-ден астам адам өліп, 4 мыңнан астамы дертке шалдықты

Қытайдағы коронавирус індетіне байланысты тараған ақпарат майдан даласынан келіп түсіп жатқан хабарларға ұқсайды. Індет ошағы – Ухань қаласы әскердің қоршауына алынған: ұшқан құс пен жорғалаған жәндіктен басқа тірі жан кіріп-шықпайды – жаппай карантин жарияланған.

Дегенмен, сарапшылардың пікіріне қарағанда, Қытай өкіметі індеттің шынайы қатері мен көлемі жөніндегі ақпаратты жасырып отыр. Ал әлеуметтік желілер арқылы тараған там-тұм деректер бойынша, 11 миллионнан астам адам тұратын Ухань қаласы апат алаңына айналған (шетелдік мәліметтерге қарағанда, бұл қалада тіркеуге алынбаған 5 миллионға жуық адам бар). Мәселен, біздің редакцияға германдық қазақ азаматы Өмірхан Алтын жіберген видеоның қорқынышты мазмұны мынадай:

  • Қытайлық дәрігер былай дейді: «Сендер қайда жүрсіңдер, қазір мұнда жағдай өте жаман, дәрігер жетіспейді, біз сегіз адам неге жетеміз?! Сендер бесеуің не істеп жүрсіңдер, бізге жан керек емес пе? Болды, мен істемеймін, /ауруханада/ орын қалмады, мынаның бәрін алып кетіңдер, керек емес, өлсін бәрі!».

Мейірбике былай дейді: Біраз тыныштал! Мен 5-бөлімге бардым, тіпті кімнің аурухана басшысы екенін де білмеймін /сөз ыңғайына қарағанда, қашып кеткен болуы керек – Ред./. Ухань ауруханасында /дәлізде/ үш кісінің өлі денесі жерде жатыр. Жарты күн болды дейді. Ал доғдырлар мен мейірбикелердің мүрделерге қарайтын мұршасы жоқ. Ху Бәй өлкесінде қазір 15 қаланы жапты. 12 өлкеге бірінші дәрежедегі ұқтыру /видео/ түсірілді. Шамамен 100 000 адамға /коронавирус/ жұқты дейді.

(Одан кейін мейірбике өкіріп жылап, былай деді): Өкіметке әсте сенбеңіздер! Өздеріңді құтқарыңдар! /Мұндағы/ медициналық система құрыды. Басшылар қашып кетті! Қала тұрғындары тізерлеп, көмек сұрап жатыр. Қажетті материалдар жетіспейді. /Азық-түлік/ тауар бағасы он есеге көтерілді. Халық жылап, еңіреп жатыр! Ал Пекиндегі бай-патшалар /жаңа жылды/ тойлап жатыр. Революция жақындады ма?! Бүгін таңертең сағат 7-де Ухань қаласындағы Джинь Инь тән емханасында 62 жастағы жұқпалы аурулар бөлімінің докторы Ляң Уды осы аурудан қайтыс болды…».

Бұл екі арада Қазақстан тарапы коронавирус індетіне қарсы қам жасауда. «Азаттықтың» хабарлауы бойынша, Қазақстанның 21 азаматы Қытайдан Алматы облысына өткізу бекеті арқылы эвакуацияланған. «ҚХР-дан Қазақстанның 21 азаматы жеткізілді. Қазақстанның 20 азаматы Гуанчжоу мен Құлжа қалаларында болған, олардың барлығы Панфилов ауданындағы «Нұр жолы» өткізу пункті арқылы шекарадан өткен. Тепловизер арқылы тексергенде, олардың екеуінің дене қызуының жоғары екені (37,5) анықталған. Олар сол мезетте оқшауланып, Панфилов ауданы ОАА жұқпалы аурулар бөлімшесінің бокс палатасына жатқызылған. Дәрігерлер олардан зертханалық талдаулар алды. Сонымен қатар автобустағы 19 адам да обсервациялық госпитальға орналастырылды», – делінген сейсенбідегі хабарда.

Бұған дейін белгілі болғандай, Қытайдан келген бес адам Алматы және Ақмола облыстарында жіті респираторлық вирус белгісімен ауруханаға жатқызылған. Сонымен қатар қазақстандық биліктің шұғыл түрде 2,5 млн қарапайым және 1,3 млн респираторлық бетперде сатып алғаны хабарланған еді.

Сейсенбі күнгі мәліметтерге қарағанда, Қытайда коронавирус жұқпалы ауруынан өлгендер саны 106 адамға жетті, 1291 адамға дерт жұққаны анықталды. Бұл ақпаратты 28 қаңтарда Қытай билігі таратты. Денсаулық сақтау мәселесі бойынша Қытай комиссиясының хабарына қарағанда, коронавирус жұқтырғандар төрт мыңнан асқан.

Қытай билігі вирустың таралу мүмкіндігі өсіп бара жатқанын айтады. Қытай өз ішінде топпен жүретін туристік сапарларға тыйым салды. Коронавирусты жұқтырған адамдар Германия, Шри-Ланка, Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Таиланд, Канада, Непал, Вьетнам, Сауд Арабиясы, Сингапур, Жапония, АҚШ, Франция, Австралияда кезіккен.

Сейсенбі күні Қытай өкіметіне Уханьдағы қазақстандық студенттерді арнайы ұшақпен алып шығу жөнінде Қазақстан тарапынан ұсыныс жасалды. Бұл құтқару операциясына арнайы ұшақ дайындалып, жасақталған экипаж бен дәрігерлер Қытайдың рұқсатын күтіп отыр.

Ал бұл екі арада «Азаттық» Уханьдағы студенттердің жанайқайы жөнінде арнайы жарияланым таратты.

Вирус ошағына айналып, ең көп науқас тіркелген Уханьда қалып қойғандар арасында қазақстандықтар да бар. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Уханьда қазақстандық 210 студент тіркелген. Оның 94-і қазір «жабық қалада» жүр.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Рабиға Сисенғалиева Уханьда қалып қойған қызы Анель Сисенғалиеваның жағдайына алаңдайды. Айтуынша, Нанкин қаласында оқитын қызы «қысқы демалысын өткізу үшін Уханьдағы құрбысына қонаққа барған». Жалғыз перзентін уайымдап отырған ана Қазақстан үкіметінен Ухань қаласындағы студент қызы мен өзге де қазақстандықтарды эвакуациялауды сұрайды. Оның сөзінше, бір ғана Ухань колледжінің жатақханасында қазір 20-25 қазақстандық бар.

«Азаттық» тілшісі Уханьдағы студенттер жатақханасындағы Анель Сисенғалиевамен де сөйлесті. Анельдің сөзінше, Уханьдағы дүкендер мен дәріханалардың басым көпшілігі жабық. «Жұрт себепсіз көшеге шықпауға тырысады. Қаңтардың 22-сі күні сағат 23.30-дан бастап Ухань әуежайындағы рейстердің барлығы тоқтатылды. Қазақстанға ұшпақ болған студенттер жатақханаға қайтып оралды. Дәріханаларда сүзгісі бар маска таусыла бастады. Бұрын мұндай масканың бағасы 10 юань болатын (545 теңге), қазір 30 юаньнан (1600 теңге) асып кетті», – дейді студент.

Анель Сисенғалиева Ухань колледжінің жатақханасына күн сайын дәрігер мен полиция қызметкерлері келіп, студенттердің дене қызуын тексеріп тұратынын айтады. Қаңтардың 22-сі күні жатақханаға келген оқытушылар студенттерге маска үлестірген. «Колледж оқытушылары қаңтардың 23-і күні кешкі бестен кейін терезені ашпауды, көшеге шықпауды тапсырды. Өйткені кешке қала көшелеріне дезинфекция жасалуы керек. Ұсақ дүкендердің бәрі жабылып қалғандықтан, күндіз супермаркеттен азық-түлік әкеп алдық. Супермаркетте де тамақ түрлерінің азая бастағаны байқалады», – дейді ол.

Уханьдағы қазақстандық студенттердің кейбіреуі вирустан «сақтану амалын жасап жатқанын» айтады. 2018 жылдан бері Уханьдағы Хубей университетінде оқып жүрген Ажар Нақыпбек вирус тарап жатқаны туралы бір ай бұрын естіпті. «Әуелде адамдарда ешқандай қорқыныш болмады. Шетелдіктер де, қытайлар да бейқам жүрді. Енді сақтана бастадық. Үйден шықпаймыз. Бөлмені қайта-қайта дезинфекция жасап жатырмыз. Бір-бірімізбен кездескеннің өзінде маска тағамыз», – дейді ол.

Ажардың сөзінше, Уханьдағы студенттер мен қызметкерлердің көбі Қытайда қаңтардың 25-інде басталып, екі аптадай тойланатын жергілікті Жаңа жыл мерекесіне орай қала жабылмай тұрып, үйлеріне қайтып кеткен. «Сондықтан бұрын иін тіресіп өтетін көшелер қазір қаңырап қалды», дейді студент. Оның сөзінше, қала ішінде де сақтық шаралары күшейген.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Жандарбек Бекшин брифинг өткізіп, эвакуация мәселесіне қатысты жауап берді. «Вирус ошағынан шығуға болмайды. Ереже – сол. Ондағы студенттердің сау екендеріне көз жеткізген соң ғана Қазақстанға алдыруымыз керек. Вирус жұқтырған адам сол жерде қалып, сонда емделуі тиіс», – дейді Бекшин.

Бұл вирусқа «2019-nCoV» деген ат берілген – бұған дейін ешбір адамда анықталмаған коронавирустың бір түрі. 2000 жылдары 800-дей адамды мерт қылған Sars вирусы да осы коронавирустың бір түрі еді. Коронавирустар 1960 жылдардан бері белгілі. Белгілері әдеттегі тұмауға ұқсайды: адам жөтеліп, ентігіп, қалтырайды, тыныс алуы нашарлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа вирусқа байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялау мәселесін әлі талқылап жатыр.

Кеше тараған ресми ақпаратқа қарағанда, Қазақстан Қытайда тараған коронавирусқа байланысты осы елдің азаматтарына виза беруді шектеді. Қазақстан үкіметі Қытай азаматтарына берілетін 72 сағаттық транзит визасын да уақытша тоқтатты. Бұдан бөлек, Қытай азаматтарына әуежайда электронды виза әзірлеу процесі де уақытша доғарылды. Соңғы деректерге қарағанда, қазір Қытайда Қазақстанның 1300 азаматы жүр. Олардың жартысы – Хайнань аралына демалуға барған туристер.

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн