Мамай мен Байбек «ШАЙҚАСЫ» жалғасып жатыр

blank
  • Бауыржан Байбек туралы видеоларды өшіруден бас тартып, сот шешімін орындамағаны үшін қоғам белсендісі Жанболат Мамайға сот 140 мың теңге өсімпұл белгіледі.

Алматының Әуезов аудандық сотында қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен журналист Инга Иманбайдың ісі қаралды. Сотқа шағымды жеке сот орындаушы Жайнар Әлсейітова түсіріп, ерлі-зайыпты белсенділер биыл маусымның 15-інде Әуезов аудандық сотының шешімін орындамауына байланысты өсімпұл өндіруді сұраған.

Сот орындаушысы жауап берушілерге сот шешімін қыркүйектің біріне дейін орындау жөнінде бірнеше рет ескерту бергенін айтты. Қыркүйектің 27-сіне дейін бұл талап орындалмағандықтан, қыркүйектің 1-28 аралығындағы 27 күнге 157 518 теңге өсімпұл өндіріп беруді сұрады.

Сотта сөйлеген Жанболат Мамай Бауыржан Байбектің «жемқор» екенін дәлелдейтін құжаттарды бұған дейінгі сот елемегенін, сол себепті сот шешімі орындалмайтынын айтты. Екі жақты тыңдаған судья Рәбиға Абдолданова Жанболат Мамайды қыркүйектің 3-і мен 27-сі аралығындағы 24 күнге 140 мың теңге өсімпұл төлеуге міндеттеді. Енді Жанболат Мамай апелляциялық шағым түсірмек.

«Біз екі мың құжат, видеомен Бауыржан Байбек қызметін асыра пайдаланғанын дәлелдедік. Сондықтан ол видеолар интернетте тұрады, өшірілмейді. Бұл материалдық қысым болса, оны да көрейік», – дейді журналист Инга Иманбай.

Еске салсақ, биыл көктемде Жанболат Мамай Youtube-тегі «Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан» арнасында «Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы» атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті «мемлекеттік қызметте жүріп, үлкен бизнес-империя құрды», «Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты», «құрылысқа және көлік тұрағына» қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің «жерін берді», «пара алды», «көмір мафиясын құрды» және Алматыдағы ЖЭС-2-ні «газға көшіруді кешеуілдетті», «адам құқықтарын бұзды» деп айыптаған.

Бауыржан Байбектің заңгері бұл сөздер «нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелденуі тиіс» деп сотқа шағымданған.

Сот Жанболат Мамайды шенеунік жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеді. Судья Байбекті жемқорлық жасады деп айыптаған фильмдегі мәліметтер шындыққа жанаспайды деп тапты. Осылайша Байбектің шағымы толық қанағаттандырылған. Судья Райхан Сартаева сот шешімін шығарғанда, талапкер және жауапкер тарап ұсынған құжаттарды «толық зерттегенін» айтқан.

Azattyq.org

 

 

НАЗАРБАЕВТЫҢ ӨЗІ ТҮГІЛІ, оның атындағы алаңды күтуге ҚЫРУАР ҚАРЖЫ КЕТЕДІ

  • Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Оралдағы алаңын күтіп ұстауға 215 млн-нан астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

 «Тапсырыс беруші – «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» меммекемесі; атауы – аумақты жөндеу/абаттандыру жұмыстары; қосымша сипаттамасы – ҚР Тұңғыш Президентінің 2021–2023 жылдарға арналған алаңын күтіп ұстау, БҚО Орал қаласы»; жоспарлы сомасы – 215 104 464 теңге», – делінген Мемлекеттік сатып алу порталында орналасқан лот сипаттамасында. Сома үш жылға есептелген: бірінші жылы Т43 928 571,43, екінші жылы Т61 514 285,71 және үшінші жылы Т109 661 607,15 жұмсау жоспарлануда.

ҚазТАГ

Мәселенің мәні

ҚАЗАҚСТАНДА автокөлік НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Өткен жылдары Оңтүстік Кореяға іссапармен бардым. Бірнеше күнде шаруамды бітірген соң, ақыры келіп тұрмын ғой, елге көлік жібере салайын деп шештім. Ондағы осымен айналысатын жігіттер біздің елдегі көлікті заңды рәсімдеу өте қымбатқа түсетінін ескертті.

Содан не керек, әрі ойлап, бері ойлап, қозғалтқыш көлемі ең төмен (себебі, кедендік рәсімдеу, тағы басқа алымдар қозғалтқыш көлемі аз болса, арзандау түседі дегенді естіп алғам) көлік жібермекке бекідім. Ондағы ойым – «әуелі бір рет көрейін, бәрі сәтті болып жатса, артынан тағы алдыртармын» болды. 

Әлқисса, содан Инчоннан бір «Kia Morning» атты 2018 жылғы, бар-жоғы 11 000 шақырым «шапқан» шағын көлік таптық. Қозғалтқыш көлемі 1 литрден аспайтын, бірақ GDi тектес, турбо орнатылған, комплектациясы өте жақсы көлік болды. Содан ол көлікті $4800 (сол кездегі бағаммен 1 872 000 тг), жөнелту құны $1700 (663 000 теңге), жиыны Алматыға $6500 (2 535 000 тг) келіп тоқтады.

Қызықтың бәрі елге келген соң басталды. Майда-шүйде шығындары есте қалмапты, ірі бастыларына тоқталайын. Келген бойда 710 000 теңгені кедендік алым үшін брокерге бердім, ол көлікті рәсімдеп берді. Енді болған шығар десем, келген көлігіңнің біздің Кедендік одақ атты қамытты мойынға кигенде міндеттенген, жаңылыспасам, «Euro 5» стандартына сәйкес келетіндігін дәлелдейтін сәйкестік сертификатын алу қажет екен (жанар-жағар майларымыздың сапасы керемет артып кетіпті-міс). Бұл мәселені 2016 жылдан бері монополист «автоөндірушілердің» құзырына беріп тастапты. Бұрынғы сәйкестік сертификатын бере алатын тәуелсіз мекемелердің бәрін жапқан. Яғни, кәрістің «Хюндайын» әкелсең, Нұрлан Смағұловтың «Астана моторсының» «батасын» алуың керек. Олай болмаған жағдайда, көлігің есепке қойылмайды. Қысқасы, оған да, жаңылыспасам, 200 000 тг шығындадық. Енді автоцонға барып, нөмір алатын шығармыз десем, «утильсбор» төлеу керек екен. 

Содан салып ұрып, «Оператор РОП» ЖШС-на келдім. Менің таңданысымда шек болмады. Себебі, біздің құдіретті мемлекет бізге – түбі күмәнді ЖЕКЕ компанияға бір жыл да жүрілмеген, қозғалтқыш көлемі 1 литрден аспайтын жап-жаңа көлігім үшін 380 000 теңге «утилизациялық алым» төлеуге мәжбүр етті.

Осымен болған шығармыз дегенмін. Сөйтсем, көрер «қызығымыз» әлі таусылмапты. Көлік тіркеуге келсем, «алғашқы тіркеу» (первичная регистрация) деген алым алдымнан шықты. Соның өзіне менің «почти» жаңа көлігіме қосымша 71000 теңге төлеп, нөмір мен техпаспортқа мемлекеттік алым (12000 тг) тағы төлеп, әрең бітірдім ғой. 

Сонда Кореядан 2 535 000 теңгеге келген менің кішкентай ғана, жылы жаңа көлігімді Қазақстанда рәсімдеу үшін тағы қосымша 1 373 000 тг төледім. Оның 797 000 теңгесі кеден, Қаржы министрлігі секілді мемлекеттік органдарға төленген қаражат болса, қалған 580 000 теңгесі мемлекет қолдан лобби жасап отырған жеке компаниялардың есебіне кеткен қаражат. Тағы еске сала кетейін, бұл осы кішкентай ғана көлікті сол кездегі АЕК (МРП) көлемі 2525 тг болғанда кеткен қаражат. Ал қазір АЕК өсті, яғни қазір бұл алымдарға одан да көп сома кетеді. 

Сонымен, неліктен біздегі автокөлік бағасы қымбат екеніне көздеріңіз жете бастады ма?

Нұраддин САДЫҚОВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн