Мұнай-газ саласын ХАЛЫҚҚА ҚАЛАЙ қайтарып аламыз?

  • «Маңғыстау аймағы жылына өндіретін 18–20 млн тонна мұнай Дубайдан екі есе көп. Құм үстіндегі Дубай сияқты құлпырып, гүлденген батыс аймақтары қайда? Дубайдың халқы жұмақта өмір сүріп жатыр, ал Атырау мен Ақтау – қайыршылықтан көз ашпаған қалалар.
  • Соңғы жылдары елімізде мұнайшылардың ереуілі жиілеп кетті. Ереуілшілердің талабы жыл басынан бері тағы да белең алып, оның үстіне жанар-жағармай тапшылығы мен қымбатшылығы дендеп, елді дүрліктіріп барады.

Сонымен, «қара алтын» өндірушілердің мазасы неге қашты? Жалақының мардымсыздығы, күнкөрісінің қияндауы, т.б. түйткілдер, әрине, басты тақырып. Дегенмен, батыс өңірде орын алған қай ереуілге зер салсақ та, ереуілшілер талабы Қытайдың иелігіндегі кеніштерге тіреледі. Бұл дегеніміз – өз елімізде өндірілетін мұнай мен газдың иесі – Қытай экспансиясына деген наразылықтың белгісі емес пе?

Жат жұртқа сатылып кеткен мұнай кеніштерінің меншіктік сапасына үңілейікші: «Ақтөбемұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Құмкөл», «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ», т.б. мұнай кеніштері шетелдіктердің иелігінде. Осы компаниялардың барлығында дерлік Қытайдың қомақты үлестері бар.

Сонда деймін-ау, Қазақ мемлекетінде өз қаракөздеріне, олардың болашақ ұрпақтарына не қалды? Мынау деген масқара емес пе?! Тіпті миға сыймайтын сорақылық қой? Кейбір ақпарат құралдарында Қазақ елінде мұнай-газ саласы бойынша 250 кеніште 104 түрлі кәсіпорын өндіріспен айналысады деп көрсетілген. Осы компаниялардың көпшілігінің иесі қаптаған қытай (жалпы, елімізде айдаһар мемлекеттің үлесі бар 2783 компания жұмыс істейді екен).

Бұл аз болса, отанымыздағы 3 ірі мұнай өңдеу зауытының екеуі Қытайдың еншісінде (осы екі зауыттың меншіктік үлестерінде шытырман хикаялар бар сияқты). Енді келіп, жанар-жағармайдың бағасы қымбаттады деп шырылдаймыз. Бар байлығымыз жат жұртта, шүршіттердің иелігінде болса, кімнен көреміз?

«Ақтөбемұнайгаздың» 96 пайыз үлесі кезінде Қытайға сатылып кетті. Бірақ мен бұл деректерге күмәнмен қараймын. Себебі осы «үлестен» өзіміздің алаяқтар да кенде емес. Биліктегі біздің жебірлер қалай көздері қиып, осынау 100 пайызға жуық мұнайды мол қорымен қытайлықтарға сата салады? Бұл жерде бір шикілік бар. Бұл мәселе әуелден екі жақтың күйттеген бірлескен шаруасы емес пе? Алдын ала ымыраласып, аталмыш компанияның активтерін өзара бөліп-жарып, оффшорлық аймақтарға асыру жағын қарастырғандай көрінеді маған.

Әрине, бұл менің жеке пікірім. Енді қарап отырсақ, сырт жақтағы бұл компанияның активтері есебінен тіркелген мекемелердің ішкі тірлігінде Қазақ елінің азаматтары мен қытайлықтар қол ұстасып жүр. Сөйтіп, оффшорларда тіркелген фирмаларының құрылымдарын сан құбылтып, алаяқтық әдістерді қолданып, салықтан жалтарудың айласын меңгерген. Осылайша еліміздің байлығын тонаудың түрлі жолдарын тапқан (мысалы, «КМК Мұнай» төңірегінде ереуілшілер көтерген дау-дамайды айтсақ болады). Мұндай сыбайластықты ұйымдасқан қылмыстық топтың қаракеті деп айтуға әбден болмай ма?

Жалпы, қытайлықтар елімізде ресми тіркелген отандық фирмалар арқылы да білгендерін істеп, тайраңдап жүр. «Отандық» деп аталып жүрген осы беймәлім фирмаларға (бұл заңды тұлғалардың артында кімдер тұр деп ойлайсыздар?) қытайлықтар инвестиция құйып, бұлардың ішкі тірлігіне араласып, өз мақсат-мүдделерін іске асыруда. Нағыз гәпті осы жерден іздеу керек. Мысалы, қытайлық компания «Petrostroy» ЖШС-і бірнеше (қазақстандық) серіктестік арқылы құралады. Жеке жарғысына елімізде шектелмеген барлық қызмет түрлерін кіргізіп қойған. Тіпті «жерді алып-сату» деген құзыреті бар көрінеді. Бұл қалай? Мұнай компаниясына жердің бетін сатып алу құзіретін кім беріп отыр?

Ақтөбе облысында осы жылғы қаңтар-ақпан айларында мұнайшылар ереуілі орын алған «КМК Мұнай» АҚ-ның 49 пайызына Панамада тіркелген Yukon Energy Holding SA компаниясы ие болса, қалған (50%+1 акциясына) қытайлық «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы қожалық етіп отыр. Осы «Панама» деген оффшорлы аймаққа біздің елдің де шенді-шекпенділерінің қатысы бар екені көрсетілген деректер бұрынырақта жұртшылықты біраз шулатқан жоқ па? «ДАТ» газетінің өткен сандарының бірінде (25.02.2021 ж.) «КМК Мұнай» компаниясындағы өрескел былық-шылықтарды халқымыздың жанашыр азаматы Нұртаза Қадырниязов «Китайская ловушка для казахских нефтяников» атты мақаласында аяусыз әшкерелеп, ел алдына жайып салған. Аталмыш компанияның қитұрқылық әрекеттерін жіліктеп көрсеткен. Бұл тек қана «КМК Мұнай» компаниясындағы алаяқтық.

Бұл жерде биліктің өз ішінде жүрген опасыздарының арамза қылығын атап кеткен жөн. Ереуілдеген мұнайшылардың бала-шағасының көз жасына биліктегілердің өздері де кінәлі. Көрсетілген мақаладағы былықтарда, яғни мұнайшылардың еңбегін қанап, тайраңдап жүрген фирмалардың тірлігінде атышулы Е.Досаев, Б.Каниев, Ю.Пак, т.б имансыздардың қатысы бар екені тайға таңба басқандай етіліп көрсетілген. Осындай жымысқылық әрекеттердің тереңіне сүңгіп, анық-қанығына көз жеткізетін күн маңдайымызға қашан туар екен?

Маңғыстау халқының тіршілігі мен күнкөрісінің көзі саналатын «Маңғыстаумұнайгаз» бен «Қаражанбасмұнай» компанияларында да 50 де 50% деген жымысқы әрекетпен тағы да жалмауыз айдаһар елімен бөліскен. Бұл деген біздің жемқор биліктің тарапынан сатқындық емес пе?

Ақпарат көздеріне үңілсек, ресми емес дереккөздер елдегі мұнай активтерінің 49 пайызы алпауыт Қытайдың еншісінде екенін көрсетеді. Ал экономист Ілияс Исаев болса, Қытайға мұнай акцияларын сату экономикамызға төнген қауіп екенін, еліміздегі мұнай секторының 50 пайызын Қытай иеленіп отыр деген ресми мәліметтер бар («Жас Алаш», 29.12.2020) деп жазады. Бұл дегеніміз – еліміздегі «қара алтынның» тең жартысының қызығын Қытай компаниялары көріп отыр деген сөз.

Сонда деймін-ау, Қазақ елінде мемлекеттік мүдде, халықтың мақсат-мұраты деген жоқ болғаны ма? Қарап отырсақ, өткен отыз жылда ата-бабамыздың ұрпақтарына қалдырған жерінен 2,5 млрд тонна мұнай өндіріліпті (басқа да ұлан-ғайыр байлықтарымызды есептемегенде). Осыншама көлемдегі «қара алтыннан» түскен көл-көсір пайда қайда кетті? Соншама қазына байлыққа ие бола тұра, миллиардтаған, балаңның баласына кететін сұмдық қарызға баттық. Бүгінгі таңда әзірге 162 миллиард доллар шамасында сыртқы қарызымыз бар көрінеді. Қалай болғанда да, мұндай көлемдегі борыш биліктің талмай көксейтін 2050 жылға дейін аяулы ұрпақтарымызға қайғы-қасірет әкелетіні анық. Неге халқымыз шеті жоқ несиеге ұрынып, тапқаны күнкөрісіне жетпей, қиналып, азып-тозып жүр? Көп балалы, мүгедек жандары бар аналар «Нұр Отанның» кеңсесінде, әкімшілік ғимаратында бала-шағасымен неге түнеп жүр?

Мәжіліс депутаты Е.Смайыловтың ақпарат көздеріндегі дерегіне жүгінсек, елімізде миллионға жуық бала кедейшілікте өмір сүреді екен. Бұл халық қалаулысының парламент мәжілісінің төрінде айтқан дерегі. Қалай сенбейсің? Табанымыздың астынан 2,5 млрд тонна «қара алтын» өндіріп отырып, осындай көлемдегі адам айтқысыз мол байлықтан түскен көл-көсір пайдамен Қазақ еліндегі 18 млн халықты алтынмен аптап, күміспен қаптап тастауға болмайтын ба еді! Егемендікті еңсеріп, тәуелсіздігімізді тәубе еткен 30 жылда биліктегі басшы-қосшыларымыз Отанымызды аяусыз тонап, бар дүние-мүлкімізді талан-таражға салып, қара халықты қу тақырға отырғызған сұрқия саясатын – геноцид деп айтуға болмас па екен? Депутаттың үкіметке сауал жолдап шырылдағанындай, миллионға жуық өскелең өреніміз өз елінде, өз жерінде ашқұрсақ болып, берекеті қашып жүрсе, бұған не деп айтуға болады?

Сондықтан, ештен – кеш жақсы демекші, әбден құрып кетпей, Қытайға құл болмай тұрғанымызда, мұнай-газ өнеркәсібіндегі кеніштерді мемлекет меншігіне көшіру керек! Қытайға экономикалық бодандықтан құтылудың басқа жолы жоқ.

Ұлттық компаниямыз деп мәз болып жүрген «ҚазМұнайГазда» (ҚМГ) не қалды? Акционерлік қоғам иелігінде: «Қазақойл-Ақтөбе» (67 пайыз), «МаңғыстауМұнайГаз» (50%), «PetroKazakhstan» (33%), «Теңізшевройл» (20%), т.б. компаниялар бар көрінеді. Ендеше бар деп отырған бұл заңды тұлғалардың атауы қандай, бұлардағы үлестеріміз қанша?

Қарап отырсақ, 2020 жылы 24 желтоқсанда Атырау аймағындағы 7 мұнай-газ учаскесі шетелдіктерге онлайн-аукцион арқылы сатылған. Сатылымға түскен кен орындардан құны жоғары Сарайшық (43 млрд тенге) және Забуруньдегі (16 млрд тенге) учаскесінің құралтайшысы – нидерландылық «PetroQazad» ЖШС-і («Жас Алаш», №104, 29.12.2020). Осы алақандай ғана Нидерланды еліне біздің мемлекеттің берешек сыртқы қарызы 49 млрд доллар. Ал бұл мемлекеттің Қазақ еліне құйған инвестициясы – бар болғаны 7,3 млрд доллар. Осыны қалай түсінуге болады?

Жалпы, ұрлық-қарлық жолмен сыртқа кеткен қаржы-қаражаттың көпшілігі Нидерланды, Люксембург, Кипр, Мальта сияқты елдердегі оффшорлық аймақтарда тіркелген компанияларда сақталады. Біздің елдің алаяқтары, жоғарыда көрсетілгендей, салықтан жалтарудың қитұрқылықтарын жақсы меңгерген.

Бізде жауабы беймағлұм бір сұрақ бар. Елімізден тоналып, қолды болған қаржы, яғни қашып-пысқан ақшалар өзімізге кері айналып, алаяқтардың инвестициясы түрінде құйылып жатқан жоқ па? Дұрыс мемлекеттер, халқының алдында жауапты елдер өз қаржысын инвестиция есебінде жарату үшін, жемқорлық жайлаған елдің маңына да жоламайды. Сөйте тұра, миллиондаған инвестицияны біздің елге кім немесе кімдер әкеліп жатыр?

Еске салсақ, 2000-жылдардың басында «Өзенмұнайгаз» компаниясының акциялары Лондон қор биржасында саудаға түсіп, инвесторлардың қолына өтті. Көп ұзамай-ақ, аталмыш мекемеде қаржы-қаражат жөнінде мәселе туындады. Тап сол уақыттан бастап мұнайшылардың жанайқайы өршіп, арты 2011 жылғы Жаңаөзен қан төгісіне әкеліп соқты. Мұнайшылардың талап-тілектері мен мақсат-мүдделері аяқ асты етілді. Бүгінде қазақ билігі мұнайшылардың заңды құқықтарын қорғауға араша түсіп, жанашырлық таныта алмай отыр. Себебі Маңғыстаудағы мұнайдың басым бөлігі қытайлық компаниялардың қолында. Мемлекеттік деңгейдегі коррупция деген осы емес пе?

Өндіріліген мұнайын тиімді пайдаланып, халқының игілігіне жаратып отырған, 10 млн-ға жуық қана халқы бар Біріккен Араб Әмірліктерін алайықшы. Жұдырықтай жерге ғана орналасқан БАӘ мемлекеті жылына 68-70 млн тонна мұнай өндіреді. Енді салыстырып көріңіз: осындай көлемге жуық мұнайды Қазақстанда тек қана Атырау мен Маңғыстау аймақтары жыл сайын өндіреді. Басқа мұнайлы өңірлерді есептемегеннің өзінде (жалпы, мемлекетіміз жылына 80-90 млн тонна аралығында өнім шығарады). Көрдіңізбе, бір ғана БАӘ-нің жылына өндіретін мұнайын бізде екі мұнайлы өлке ғана қамтамасыз етеді. Яғни, Ақтау мен Атырау өңірінде жыл сайын 68-70 млн тоннаға жуық мұнай өндіріледі екен. Ал Әмірлік елі тұтастай өндіретін мұнайдың ішінде атышулы Дубайдың жылдық үлесі – бар болғаны 10 млн тонна ғана. Қарап отырсақ, Атырау аймағы жыл сайын 40–41 млн тонна мұнай өндіреді – 4 есе көп.

Маңғыстау аймағы жылына өндіретін 18-20 млн тонна мұнай Дубайдан екі есе көп. Құм үстіндегі Дубай сияқты құлпырып, гүлденген батыс аймақтары қайда? Дубайдың халқы жұмақта өмір сүріп жатыр, ал Атырау мен Ақтау – қайыршылықтан көз ашпаған қалалар.

Осы жағдайда біздің халқымыз болса, табанымыздың астында мұнай-газ шалқып жатса да, жанар-жағармай (бензин-газ) қымбаттайды деп жыламсырайды. Жылағанды қойып, жат жұртқа кеткен байлығымызды қайтаруға қарекет істеу керек емес пе? Тірлік істеу керек!

Арсыз билік енді елдік тұрғыдағы маңызды кәсіпорындарды бөлісуге кірісті. Мысалы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының (бұл алпауыт құрылымның төңірегінде де «жыр» көп) құрамындағы: «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром», «Қазақстан темір жолы», «Қазтелеком» және «KEGOC» компанияларының 49 пайызға дейінгі үлесін сатуға шығармақ. Қара халық үлес түгілі, жеуге нан таба алмай қаңғып жүргенде, бұл не жаңалық? Бұл стратегиялық маңызды нысандарды, яғни майшелпек кәсіпорындарды шенді-шекпенділер өздері бөлісіп алайын деп, жанталасып жүр. Бұдан артық шектен шығу, халықты түпкілікті құл қылып қорлауға бола ма? Сіздер не дейсіздер?

Сонымен мұнай-газ өнеркәсібіндегі кеніштерді, басқа да маңызды активтерді мемлекет меншігіне қалай қайтарамыз? Не істеу керек? Қандай әрекет бар?

Қамысбай БЕРСІНБЕРГЕНҰЛЫ,

Ақтау қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн