Назгүл Қожабек: Адамның тегі ТЫМ НӘЗІК

Әр төртінші баланы шешесі жалғыз бағып отырған елде мектеп оқулығынан «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген мәтелді алып тастайтын кез келді деп ойлаймын.

О баста жеті атаның атын біліп қана қою емес, берісі – жеті ауылды түгендеп жүру, ас пен тойдан қалдырмау, қиналса – көмекке жету, жаугершілікте қорған болу – ер-азаматтың міндеті саналатын қауымдасып күн кешкен заманда өзекті болған мәтел қазір тек балаларды кемсітуге себеп қана. 

– Сонымен, балалар, «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген мәтел бар, ертең жеті аталарыңды айтып келіңдер.

– Апай, мен жеті атамды білмеймін, мамам да білмейді, әкем жоқ. Сонда мен жетесізбін бе?

Осы диалогта мұғалім не деп жауап береді дейсіздер? Анау замандағы «жете» деген сөздің не екенін түсіндіріп беруге екі мұғалімнің бірінің өресі жете ме? Мен сенбеймін. 

Ал балалардың логикалық түсінігі бірден қорытынды шығарады: «Мынау жеті атасын білмейді, демек, жетесіз». Бала «жетесіз» деген не екенін білмесе де, әйтеуір өзі сияқты емес, анау бала «бірдеңесіз», демек, мұның өзінен бірдеңесі кем. 

Иә, бұл менің басымдағы проблема. Үлкен ұл бесінші сыныпта оқып жүргенде бір шығып еді, бүгін тағы да «мама, мен жетесізбін бе?» деген сұрақты естідім. Иә, жауап бере алмадым. Кезінде балаларыма түбінде жеті атасын өзім түгендетуге тура келеді-ау деген нәрсе үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Кейін әкесіне: «Ойбай, өзің кетсең де, жеті атаңды айтып кет» деудің немесе «немерелеріңізге жеті атасын үйретіңіз» деп, соны өзі ойламаған атасының алдына барудың тағы қисынын таппадым. Мен сияқты қатын – бәленбай миллион. 

Оның үстіне әулеттің ақсақалы беруге тиіс тәрбиені, аталар үйретуге тиіс нәрсені мектеп түгендемей-ақ қойсыншы осы. Адамның тегі – тым нәзік нәрсе. Мектепке барған бала – рудың, әулеттің өкілі емес, елдің кішкентай азаматы. Оған география, математика мен физика керек. Жеті атасын түгендеуді отбасына қалдырыңыз. Шешесі сәл саналы адам болса, бала ес білгенше, бір амалын қылар. Өйткені баласы аталасының қызын алып қоя ма деген үрей жалғызбасты ананың бәрінде болмаса да – көбінде бар. Біз ол жағын қадағалауға тырысамыз. Ондай болмаса, бала өскен соң, әкесі өлгенде бір іздейді, сол кезде тауып алар. Әйтеуір мектептің «жетесіз» дегенін естімей өссе – болды.

Иә, айтпақшы. Сол «жетесіз» бала бағып отырған қатындардың бәрі сол балаларын жеті атасын білетін еркектен, әйтпесе тіпті жеті атасын білетін, тегін түгендеп жүретін, дастарханға бата беретін ақсақалдың ұлынан тапқан. Бірақ «мен жетесізбін бе?» деген сұрақты өзі ғана естиді.

Comments

Қуат АДИС:

– Оқулыққа енгізгендегі мақсаты да бар шығар. Оның жауабын министрлік пен кітапты құрастырғандар бере жатар. Алайда осы мәтел жалпы халық арасында қолданыста жүргені дұрыс. Бала әкесіз өссе де (қандай жағдайда да), жеті атасын білгені жөн. Өйткені бізді, қазақты ұстап тұрған осы – тек.

Жұбайлық өмірдің бұзылуына көбіне ер азаматтар кінәлі. Әсіресе арада бала болса. Отбасының жауапкершілігі бүтіндігі ер азаматтың мойынында. Әйел адамның баланы өмірге әкелуінің өзі ерлік. Сондықтан бізге бұл мәтелді емес, ажырасқан әйел туралы «толық емес отбасы», «бүтін емес отбасы» деген ресми атауларды құрту керек. Бүгінгі қоғамда осы сұмпайы сөз көп айтылады. Әсіресе – мектепте. Бұл сонда ана мен баласына ауыр тимейді ме? «Сенің отбасың толық емес» деген сөз кез келген баланың намысын келтіреді ғой… 

Еркек отбасын тастап, басқа әйел алып кетсін, ішімдікке салынып кетсін немесе басқадай жағдайда ажырасып кеткенімен, шешесінде қалған бала сол әкесінің тегінде болады. Өйткені соның қанынан жаралып тұр. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан әйел адам ажырасқан соң, бұрынғы күйеуінен қанша көңілі қалса да, атарға оғы болмай, жек көрсе де, баласына өзінің жеті атасын үйретуі тиіс!

Сәкен ЕСІРКЕП:

– Көпке жақсылық жасағаннан – бірге жамандық жасамаған абзалырақ. Бұл жағдай маған да таныс. Екі жасымнан тек анамның қамқорлығында өскен мен үшін мектепте мұғалімнің жеті атамызды сұрайтын кезі ауыр тиетін. Көп бала саусақтарын санамалап шыққанда, не айтарыңды білмейсің. Бәрі бетіңе қарайды, жаңағы мақал тағы бар. Сабақта ешкімге дес бермесең де, тосылып қалатын сәт. Есейе келе жеті атаны да танып, білдік қой. Бірақ бала кездегі сызат әлі есімде.

Назгүл ҚОЖАБЕК:

– Қуат Адис, баланың намысын «сенің отбасың толық емес» деген сөз емес, бірде-бір рет әкесі келіп, мектептен алып кетпегені өлтіреді. 

Қайрат МҰСАБЕКҰЛЫ:

– Өзіңіздің тегіңізді үйрете беріңіз. Нағашы жеті атасын айта береді әзірше, кейін ер жеткенде өз аталарын біліп алады. 

Онда тұрған ештеңе жоқ.

Жеті атасын білетін еркектен таптым деп отырсыз, әкеңнен не атаңнан сұрап ал, міне, телефоны (т.б.) деуге не қисын керек? Жеке басыңыздың проблемасын шешу үшін, бүкіл ұлтты тексіз қылу – не әңгіме?! 

Текті білу керек, білесің бе деп сұрау да керек – мектепте де, үйде де, далада да.

Назгүл ҚОЖАБЕК:

– Kairat Mussabekuly, «мендей қатын миллион» дедім. Бала да миллион. Ондай қисынға салсақ, қазақтың ширегі жетесіз қазір.

Бибайша БЕЙСЕТАЕВА:

– Бұл – қоғамдағы қаны шығып тұрған проблема. Бұл – ушыққан шиқанның басы. Мектептегі 30 баланың он бесінің ата-анасы ажырасқан. Біздің қоғам жаппай ажырасудың қиындығын енді сезіне бастады. Бұның зардабын әлі бармағын тістегенде, қаны шығатындай болып отырып тартады. Сол жеті атасының ақылын тыңдамағанның нәтижесі осы болып отыр емес пе?

Ұлттық құндылықтардан алыстағанымыз бізді неге алып келді? Анау ауғандық ағайындар арада қанша уақыт өткенде, елге келу үшін жеті атасын түгелдеп отыр емес пе?

Сіз балаларыңызға: «Сен текті атаның ұлысың, сен біздің үлкен махаббатымыз бен адал некеден туғансың. Ата-тегің міне, біліп жүр», – деп үйретіңіз. Әрине, түсінбестік болды деп айтып отыруыңыз керек.

  • Пікірсайыс Назгүл Қожабектің ФБ-парақшасынан іріктеліп алынды. Жазбалардың тыныс белгісінен басқасы – қаз-қалпында жарияланды.

Айтпақшы

ЕКІ ӘЙЕЛІ БАР ЕКІ САТИРИК

Екі күн екі сатириктің әңгімесіне қарық болдым. Астанадан келген Көпен ағам екеуміз белгілі сатирик, әрі композитор Жарылқасын Дәулеттің үйіне бас сұқтық. Достық рәуіште. Байырғы қазақтардай әншейін-ақ бара салдық.

Рас, әуелі телефон шалдық. Телефон шалған Көпекең. Әңгіменің ұзын-ырғасы: «Келіп қалып едім. Құдияр қожа екеуміз үйге кіріп-шықсақ па деп едік…» – болды. Жарылқасын да осы телефон қоңырауын күтіп отырғандай: «Онда қазан көтертіп, моншаға от жағып қояйын», – деді. Көпекең: «Олай болса, қонатын шығармыз», – деп еді, Жарылқасын тіпті қуанып кетті.

Бардық. Мәзбіз. Үшеуміз де. Сағынысып-ақ қалыппыз. Мына төтеннен келген тәжтажал адамдар арасын алшақтатып-ақ жіберген екен. Кездейсоқ қиюласа кеткен мына кездесуге мәре-сәре болдық. Сөзден сөз шығып, «Қалдыбекті де шақырып алайық» дестік. Алайда ол жүрегіне жасаған отадан әлі де толық айыға қоймағандықтан – келе алмады. Болмаса, екі Шәуілдірлік пен екі Шаяндық тең болар едік. Тең емес, Шаяндықтар басым түсер еді. Қалдыбектің қардай бораған әңгімесі арасына біз сөз қыстыра алмас едік. Оның үстіне Шаяндықтар «Облыс әкімі шығатын аудан» мәртебесіне қол жеткізгелі, аттары озып тұр. Жә, ол бөлек әңгіме. 

Шәйланып отырмыз. Жарылқасынның бәйбішесі – Раушанды бұрыннан танимын. Бәйбіше деуім, тағы бір әйел бой көрсетіп жүр. Жарылқасынның сөз саптауынан екінші әйелі екенін шамаладым. 

Үйленгенін білетінбіз. Бірақ екі әйелі де бір дастарқан басында бас қосып жүреді деп ойламаппын. Алайда әңгіме барысында екі әйелдің апалы-сіңлідей тату екенін біліп қана қоймай, бірінің баласын екіншісі бауырына басқанын естігенде, тіпті қайран қалдым. Оған қоса Жарылқасынның екінші қосағынан бес бала сүйіп отырғанын білгенде бар ғой, аузым ашылды да қалды. Ойнақтап жүрген бес бала басыма әрқилы ой салды… Ой салғанда, ата-баба дәстүрінен жаңылып, өмірге келуі тиіс қаншама баланың обалына қалып жүргенімізді іштей мойындадым.

Әйтсе де, Жарылқасын мен Көпекеңде жазық жоқ. Ол екеуі мен айтып отырған «обалшылар» санатына қосылмайды. Көпекең де екінші әйелінен сүйген Жұбанышымен телефон арқылы ауық-ауық сөйлесіп қояды. Менімен сөйлестіреді. Қызығып-ақ қаласың. 

Моншаға түстік. Ет жедік. Мен әңгімені «әйел шаруашылығына» әкеліп тіреумен болдым. Мен үшін бәрі қызық. Қызық емес – таңсық. Жарылқасын болса, баяғының байы сияқты. Екі әйелін де қабағымен жұмсап отыр. Тіпті үшіншіде де ойы бар-ау деп қалдым.

Жалпы Жарылқасынның үйінде өткен екі күндік демалысыма ризамын. Бірталай тәжірибе жинақтадым. Тағы да барамын-ау!..

Құдияр БІЛӘЛ

  • Фотосуретте оңнан – солға қарай: Жарылқасын Дәулет, Көпен Әмірбек және Құдияр Біләл.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн