Парижде түйілген ҚАНДАЙ ПАЙЫМ?

Екі күннен бері әлеуметтік желінің қазақстандық сегментінде азаматтық қоғам өкілдерінің Париж конференциясы төңірегінде сөз өршіп тұр.

Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдин мен Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев қатысқан бұл не жиын? Оны ұйымдастырған кім немесе қандай ұйым? Онда қандай тақырыптар көтерілді? Қоғамда қызығушылық тудырған осы және басқа да сұрақтар төңірегінде айтып беруді сұрап, біздің тілшіміз конференция делегаты, «Ақиқат» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ермұрат БАПИҒА телефон арқылы хабарласқан еді.

– Ереке, мұндағы жұртшылық аң-таң болып жатыр: ең алдымен аяқ астынан Парижде жиналған конференцияның аты-жөні және ұйымдастырушылары туралы айтып беріңізші!

– Біріншіден, бұл аяқ астынан болған жиын емес: соңғы бір айдың шамасынан бері конференцияны ұйымдастыру ісіне жәрдем берумен мен де айналыстым. Біраз қоғамшыл белсенділермен коеференция жұмысына қатысу, оның күн тәртібін алдын ала талқылау жөнінде келісім жасалды. Парижге «Ақиқат» партиясының делегаттарын мен бастап бардым. Делегация құрамында басқа да азаматтық белсенділер бар.

Екіншіден, конференцияның «аты-жөнін» айтар болсам, оның толық нұсқасы – «Қазақстан азаматтық қоғамы өкілдерінің (сонымен бірге – шетелде жүрген) конференциясы». Оның негізгі ұйымдастырушысы – Дрезденде (Германия) тұратын Серік Медетбековтің жетекшілігіндегі Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросы. Естеріңізде болса, былтыр сәуір айында Брюссельде өткен «Жаңа Қазақстан» форумының құрылтай жиынын да осы бюро ұйымдастырған еді.

– Серік Медетбековтің кім екенін біздің газеттің оқырмандарына қысқаша таныстырып өтсеңіз.

– Ол – кезінде Рахат Әлиевтің қысымы салдарынан шетелден саяси баспана сұрап кетуге мәжбүр болған медиа-менеджер. Бүгінде Қазақстанға хабар тарататын «Русское радионың» әуе толқынындағы жиілігі осы Серік мырзаның «Рик» радиосының иелігінде болған еді. Ол жиілікті президенттің күйеу баласы, аты шулы Рахат тартып алып, Медетбековке қылмыстық іс қозғап, оны шетелден саяси баспана сұрап, қашып кетуге мәжбүр еткен. Сондықтан елдің бірінші отбасына тиесілі бүгінгі «Русское радионың» түпкі иесі осы Серік Медетбеков – Париж конференциясын ұйымдастырған негізгі тұлға.

– Жөн екен. Ал Ақорданың билігін шулатқан бұл конференцияда қандай мәселелер қозғалды?

– Негізгі тақырып елге мәлім және қоғамның созылмалы дертіне айналған мәселе – Қазақстандағы қазіргі саяси жағдай болды. Оны жіліктеп айтудың қажеті болмас деп ойлаймын: елдегі барлық қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық проблема қазір ас үйдегі әңгімелер ауқымынан шығып, бүгінде алаңдар мен митингілерге бет алған тақырып.

Сонымен бірге елде жүріп жатқан президенттік сайлаудың ойын-сауығы төңірегінде де біраз сөз қозғалды. Бірден айта кетейін, сайлауға қатысу және оған бойкот жариялау мәселесі мұндағы конференцияда да елдегі сияқты екіге жарылған пікірталасқа ұласты. Сол пікірталастың нәтижесінде туған конференция құжаттарын қосымша салып отырмын: газеттің мүмкіндігі келсе, ол құжаттарды оқырманның назарына ұсынған жөн болар еді. (Конференцияда қабылданған Меморандум, Резолюция мен президенттікке үміткер Әміржан Қосановқа арналған тапсырманың жобаларын төменнен оқып алыңыз – Ред.).

Ал конференцияда талқыланған күн тақырыбының барлығы, түптеп келгенде, биыл өтуі мүмкін парламенттік сайлауға дайындық мәселесіне тірелді. Менің ойымша, биліктік ресурстардың көмегімен сайланып алған соң, президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентті тарқатып, кезектен тыс сайлау шақыруы әбден мүмкін. Міне, конференцияда осы науқанға дайындық мәселесі жан-жақты талқыланды. Әсіресе азаматтық қоғамдағы жастарды сайлау науқанына дайындық жұмыстарына кеңінен тартып, олардың креативті мүмкіндіктерін пайдалану әдістері тереңірек сөз болды.

– Мәселен? Ол қандай әдістер болуы мүмкін?

– Сіздерге салса, бәрін жайып сала қою керек, ә? (Күлді). Ал анығында Америка ашпаймыз: жиналған жастар қазіргі коммуникативті-технологиялық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануды қолға алу мәселесін сөз етті. Жастар дейтінім – делегаттардың 95 пайызы 40 жасқа жетпеген жастар болды. Қазақстаннан барғандардың ең үлкені – мен болдым.

– Әкежан Қажыгелдин мен Бергей Рысқалиев мырзаның конференцияға қатысу жағдайы туралы не айтасыз?

– Оларды ұйымдастырушылар конференция спикерлері ретінде шақырған екен. Басқа делегаттардан олардың ешқандай артықшылығы болған жоқ. Екеуі де өзгелер сияқты бір-бір дауыспен қатысты.

– Бұлар елде қылмыстық жазаға сырттай тартылған азаматтар ғой… Жиналған жастар арасында қорқыныш болған жоқ па?.. Ертең елге келгенде, қудалауға тап боламыз-ау деген сияқты…

– Ондай сезімнің болған-болмағанын жастардың өздерінен сұрау керек шығар. Ал менің ойымша, бұл екі азамат алапес ауруына ұшыраған жоқ. Оларды жазықсыз жалалы еткен – қазақстандық биліктің қитұрқылығы. Мәселе сол баяғы сырттай тергеу мен сырттай соттауда. Ақорданың билігі бұл ноу-хау технологияны өте жақсы меңгерген: билікке шет жақтан қатер төндіруі мүмкін адамды сырттай соттай салу – шырт түкіруден де оңай айлаға айналды. Сондықтан мен үшін Әкежан аға мен Бергей бауыр – ешқандай алапесі жоқ адамдар.

– Ал «Ақиқат» партиясын осы екеуі қаржыландырады деген айыптаудан туатын проблемадан қорықпайсыз ба?

– Одан несіне қорқам? Біріншіден, «Нұр Отанды» қаржыландырып жүрген «жүндіқолдар» жыл сайын пашкі-пашкісімен сотталып жатыр. Олардың санынан жаңылдық. Екіншіден, Бергейдің берген дәнеңесі болса, кез келген тексерушіге жол ашық: келсін, тіміскілесін!

–­ Ендеше «Ақиқаттың» жолына бастаңыз! Іске сәт, Ереке!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн