СЫЙЛЫҚТЫ халық берген ҚАЛАМГЕР

  • «Біз Сізге Мемлекеттік сыйлықты «Елім-айдың» алғашқы кітабы шыққанда-ақ беріп қойғанбыз. Екінші және үшінші кітабы шыққанда «Еңбек Ерін» бергенбіз. Ең бастысы, бағаңызды, қадіріңізді ел-жұртыңыз біледі… Әрине, жоғарыға жағынып, жағымпазданып, мықтылардың алдында құрдай жорғалап жүрсеңіз, атақ пен сыйлықтың бәрін қалпақпен қағып алар едіңіз! Бірақ халықтың арасында абырой-беделіңіз, сүйкіміңіз болмас еді. Халық ақымақ емес, кімнің кім екенін біледі… Сіз дұрыс жолмен жүріп келесіз, Аға!
  • Қазіргі қазақ әдебиетінің тұғырлы тұлғасы Софы Сматаев 80 жасқа толды. Газетіміздің тұрақты авторы, қайраткер-қаламгер ағамызды мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, жазушы жайындағы жазбаны жөпелдемеде жария етіп отырмыз.

Софы аға, сіздің есіміңізбен жастайымнан таныспын. Шығармаларыңызды бала кезден жата-жастана оқып-өстік. Ең алғаш қолыма «Елім-ай» романыңыз түсті. Атақты «Елім-ай» әнін жаттап өскен бізге бұл шығармаңыз керемет әсер етті. Ата тарихымызға деген қызығушылығымызды оятты. Бас алмай, қызыға, құмыға оқып шықтым. Тамсанып, таңдай қаққаным да әлі есімде. Тарихи шығарма жазу асқан жауапкершілік жүктейді. Жаза басып, бір жерінен қателік жіберсең, шығармаңның көк тиындық құны болмайды. Ендеше тарихи тақырыпқа қалам сілтеу, шығарма жазу оңай емес. Сіз осы бір жауапкершілікті жете түсінгенсіз, жақсы сезінгенсіз. Оны өз шығармаларыңыздан анық аңғаруға болады.

Қазақ халқының басынан не өтпеді, қандай қиыншылықтарға тап болмады дейсіз?! Тарихи оқиғалардың желісін үзбей, шып-шырғасын шығармай, жүйелеп шыққансыз. Сол бір ауыр кезеңдегі халқымыздың басынан кешкен тағдыр-талайын, тұрмыс-тіршілігін, мұң-зарын, уайым-қайғысын мейлінше шынайылықпен, ерекше шабытпен, асқан шеберлікпен суреттегенсіз. Оқып отырғанда, сол дәуірдің тарихи оқиғалары көз алдыңнан түйдектеліп көшіп жатады. Тарихи тұлғалардың көркем бейнесін де келістіре кейіптегенсіз. «Ханның бәрі – қанішер, батырдың бәрі – қарақшы» деп оқытқан заманда сіздің бұл еңбегіңіз тыңға түрен салғандай болды. Хандарға, билерге, батырларға деген қасаң көзқарасымызды өзгертті. Ішіміз жыли бастады. Көп нәрсеге қанықтық, білдік, сезіндік, ой түйдік. Ел мен жердің қамын ойлап, атқа қонған Әз Тәуке, Болат, Абылай хандардың, Әбілқайыр, Барақ сұлтандардың, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнібек, Есет батырлардың жанқиярлық ерліктерін әдемі өргенсіз. Көркем бейне жасаудың, образ сомдаудың шын шеберісіз! Төгіліп тұрған тіліңіз қандай?! Нағыз әдеби, көркем тіл. Ақындық шабытпен жазылған. Шынында да, көркем шығарма көркем жазылуы керек қой! Қазір осы көркемдіктен айырылып бара жатқан сияқтымыз.

«Елім-ай» роман-эпопеяңыз – шын мәнінде, қандай мақтау-марапатқа болсын лайық үлкен еңбек, кемел һәм кесек шығарма. Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың сөзімен айтар болсақ, «Софының «Елім-ай» дилогиясы – ыстық жүрекпен, шебер де шешен тілмен, зерек зердемен жазылған, азаматын ерлікке, әлеуметін бірлікке шақыруымен әсерлі туынды». Айтматовтан асырып не айтамыз?! Мемлекеттік сыйлық дәл осы шығармаңызға берілуі керек еді. Амал қанша, бұйырмады. Десе де, осы шығармаңыз арқылы жалпы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөлендіңіз, қолдауына, махаббатына ие болдыңыз. Шын суреткерге бұдан артық бақыт бола ма?!. Қаламгерлік тұрғыда асығы алшысынан түскен, бағыңыз жанған жазушысыз, шашасына шаң жұқпас шын жүйріксіз. Бұл Сізге деген халықтың берген бағасы, ыстық ықыласы. Мемлекеттік сыйлық алған шығармалардың барлығы бірдей халықтың жүрегінен орын алады деп айта алмаймын. Ал «Елім-ай» романының шоқтығы биік, орны – төр.

Құдайға тәуба, еселі еңбек еттіңіз, тоқтаусыз жазу жаздыңыз. Тындырғаныңыз, халқыңызға бергеніңіз көп. Ол жағынан ешқандай өкінішіңіз жоқ шығар?! Шығармаларыңыз бірінен кейін бірі ел баспаларынан кітап болып басылып шығып жатты. Атап айтар болсақ, «Армысың, ана!» (Әңгімелер, повесть. А., «Жазушы», 1970), «Алау» (Повесть. А., «Жазушы», 1974), «Елім-ай» (Роман. 1-кітап. А., «Жазушы», 1976; 2-кітап. Роман. А., «Жазушы» 1980; 3-кітап. А., «Қазығұрт», 2003), «Ақжелең» (Роман. А., «Жалын», 1979), «Қобыланды батыр» (Повесть. А., «Жалын», 1981) «Алғашқы асу» (Повестер. А., «Жалын», 1982), «Бұлақ» (Роман. А., «Жазушы», 1983), «Ғарышқа көз тіккен жер» (Әңгімелер. А., «Жалын», 1985), «Мәңгілік бастауы» (Роман. А., «Жалын», 1987), «Үш пайғамбар» (Мақалалар. А., «Дәуір», 1992), «Әзіл-әзәзіл» (Пьесалар. А., «Өнер», 1988), «Елім-ай» (Роман-трилогия. «Санат», 1998), «Жарылқап батыр» (Роман. «Айқос», 2000), «Қайран жастық» (Повестер. Астана, «Елорда», 2001), «Елім-ай» (Роман-трилогия. «Атамұра», 1-кітап; 2–3-кітаптар. «Фолиант», 2003), «Біз – құлмыз ба, кімбіз?». (Роман. «Елорда», 2005), «Базарың құтты болсын» (Киноповестер), «Аналар-ай – Даналар-ай» (Дастан. «Құс жолы», 2008) кітаптарыңызды айтсақ та жеткілікті шығар.

Сіз алып та, шалып та жығатын балуан сияқтысыз. Жан-жақтысыз, көп қырлысыз… Әдебиет табалдырығын ақын болып аттадыңыз! Одан ойыңыз толысып, прозаға ойыстыңыз. Драматургияны да біраз шиырладыңыз. Қандай жанрда қалам тербесеңіз де, нендей шығарма жазсаңыз да, жауапкершілікті естен шығарған, өз деңгейіңізден бір пәс те түскен, төмендеген жоқсыз. Қаламыңызбен ғана емес, жаныңызбен, жүрегіңізбен, қаныңызбен жаздыңыз. Ол әр шығармаңыздан білінеді, көрінеді, байқалады. Қай жанрда болмасын өз сүрлеу-соқпағыңызды салдыңыз, құс жолындай айшықты ізіңізді қалдырдыңыз! Ешкімге ұқсамайтын өз үніңіз, дара қолтаңбаңыз және айтарыңыз бар…

Сонау 1968 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Астана оттары» атты өлеңдер мен балладалар жинағыңыздан бастап, күні кешегі «Мен – ұлымын алаштың» атты кітабыңызға дейін үйімдегі кітап сөресін толықтырып, айшықтандырып, ажарландырып тұр. Бас-аяғы жиырма бес кітап жазыпсыз. Әрине, ауыз толтырып айтарлықтай мол мұра, асыл қазына. Негізгі прозалық кітаптарыңыз – «Елім-ай» роман-трилогиясы, «Ақжелең», «Бұлақ», «Мәңгілік бастауыш», «Біз құлмыз ба, кімбіз?» романдарыңыз; «Алау», «Алғашқы асу», «Қайран жастық» – повесть, әңгімелер жинақтарыңыз, сондай-ақ «Жұмбақ қыз», «Жамбыл», «Жаяу Мұса», «Айбибі – Нарбота», «Бойдақтар» операларының либреттоларыңыз, «Сен кімсің?», «Әзіл-әзәзіл», «Жұлдызым менің жоғары», «Тағдырлар», «Алтын құндақ», «Зар заман», «Далам-ай – панам-ай», «Қазақша кек қайтару», «Қазақша көкірек керу», «Көгілдір такси», «Той үстіндегі топалаң», «Көрер ем күнім туса», «Тосқауыл», «Үміт пен күдік» пьесаларыңызды түгел оқыдық. Оқып қана қойған жоқпыз, көп нәрсені көңілге тоқыдық. Тәлім-тағылым алдық, үйрендік. «Аймаңдай», «Біржанның соңғы жұлдызы», «Тағы да Еңлік-Кебек» киносценарийлерін жаздыңыз. Сонымен бірге В.Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасын, венгр жазушысы И.Добозидің «Сейсенбіден бейсенбіге дейін» повесін, ұйғыр жазушысы Х.Абдуллиннің «Жолдастар», Ю.Мухлисовтың «Садыр палуан» романдарын, Короленконың, В.Солоухиннің, А.Лупанның, Е.Исаевтың, Вс.Иванов, П.Загребельныйдың әңгіме, өлеңдерін тәржімаладыңыз. Және қалай аудардыңыз?! Төгілдіріп, мөлдіретіп, қазақтың жазушысы жазғандай, төл туындыңыздай жатық аудардыңыз. Сөз жоқ, саналы ғұмырыңызда еселі, қажырлы, толымды еңбек еттіңіз. Өз шығармаларыңыз көптеген шетел тілдеріне аударылды. Әрине, мақтау-марапаттан да кенде емессіз. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатысыз. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегерісіз.

Талант-дарыныңыз бен білім-білігіңіз бір басыңызға жетіп артылады. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Қазақ елінің қабырғалы қаламгеріне айналдыңыз. Қазақ әдебиетіндегі өз орныңызды ойып тұрып еншіледіңіз. Енді ол орыннан ешкім де бір қарыс жылжыта алмайды. Тарихта қалатын дара тұлғасыз. Қалам ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткерісіз! Азамат – Ақынсыз, Қайраткер – Жазушысыз! Күрескер – Қаламгерсіз! Қарақан басыңыздың қамынан гөрі, ұлт мүддесін жоғары қоя білесіз. Еліңізге қаламыңызбен де, сөзіңізбен де, ісіңізбен де қалтқысыз қызмет етіп келесіз! Өткен және бүгінгі күннің тыныс-тіршілігін, қуаныш-сүйінішін, өкініш-күйінішін, қайғы-қасіретін, әттеген-айларын көркем сөзіңізбен кестелеп, кемел болашақ туралы сыр шертесіз, ойланасыз, толғанасыз. Әрине, қандай мақтау-марапатқа да лайықтысыз.

Біз Сізге Мемлекеттік сыйлықты «Елім-айдың» алғашқы кітабы шыққанда-ақ беріп қойғанбыз. Екінші және үшінші кітабы шыққанда «Еңбек Ерін» бергенбіз. Ең бастысы, бағаңызды, қадіріңізді ел-жұртыңыз біледі. Халыққа қадірлісіз, сүйкімдісіз, құрметтісіз! Абыройыңыздан айырылған, сүйкіміңізді жоғалтқан, қадіріңізді қашырған, адалдықтан айныған жоқсыз! Еліңізге, ұлтыңызға, халқыңызға, өнерге, әдебиетке, қаламыңызға адалсыз. Туған халқыңыздың сөзін сөйлеп, сойылын соғып келесіз. Еліңіздің есебін түгендеуде ештеңеден қаймықпайсыз, тартынбайсыз, ақиқат жолында ақ алмастай жарқылдайсыз! Еңсеңіз – тік, түр-тұлғаңыз – кесек, тұғырыңыз – биік. Өмірлік ұстанымыңызға, азаматтық көзқарасыңызға тәнтіміз. Тізеңізді бүккен, бүгежектеген жеріңіз жоқ. Айтарыңызды ашық айтып, жазарыңызды қаймықпай жазып келесіз! Биіксіз, ірісіз, кең көсіліп сөйлейсіз, кесек турайсыз… Ұсақтыққа, жасықтыққа, пасықтыққа жаныңыз қас. Жағыну мен жағымпаздануды білмейсіз, оны ар санайсыз. Бізге, кейінгі жас буынға осы қасиетіңіз ұнайды, біз үшін ғаламат үлгі-өнеге!

Әрине, жоғарыға жағынып, жағымпазданып, мықтылардың алдында құрдай жорғалап жүрсеңіз, атақ пен сыйлықтың бәрін қалпақпен қағып алар едіңіз. Бірақ халықтың арасында абырой-беделіңіз, сүйкіміңіз болмас еді. Халық ақымақ емес, кімнің кім екенін біледі. Біліп отыр. Сіз екінші жолды, қасиетті де қастерлі жолды таңдадыңыз! Бұл – бұралаң-бұлтарысы көп қиын жол, бірақ дұрыс жол… Сіз дұрыс жолмен жүріп келесіз, Аға! Қашанда халқыңызбен біргесіз. Құдай теріс жолға түсуден сақтасын, осы абыройыңыздан айырмасын!

Өзіңіз сияқты қайсар да талантты ұлдары бар халқымыздың болашағы жарқын боларына, қазақ әдебиетінің туы ешқашан жығылмайтынына кәміл сенемін!

Міне, мерейлі 80 жасқа толып отырсыз. Сізге берген Құдайдың ең үлкен сыйы осы. Бұл жасқа келген де, келмеген де бар. Мәселе – қалай келуде?! Сіз осынау мерейлі жасқа ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктермен, зор табыспен, ірі жеңіспен келіп отырсыз. Қолыңыздан қаламыңыз түскен жоқ. Қал-қадіріңізше туған еліңізге ақ-адал қызмет етіп келесіз. Жұмыр басты пендеге, елі мен халқын сүйетін қаламгерге бұдан артық бақыт жоқ. Шын бақыттысыз, Аға! Бағыңыз баянды болсын, қуанышыңыз ұзағынан сүйіндірсін! Қашан да мерейіңіз үстем, мәртебеңіз жоғары, абыройыңыз асқақ болсын!

Біз Сізді қазақ әдебиетінің классигі деп білеміз! Солай танимыз, бағалаймыз. Шынында да солай! Сіздің шығармаларыңыз әлі талай ұрпақтың таным-түсінігін ұштап, көзқарасын қалыптастырып, көңіл көкжиегін кеңейте түсеріне сенімдіміз!

Аман болыңыз, Аға! Ғұмыр-жасыңыз ұзақ болсын! Халқыңыздың сүйіспеншілігі мен қалың оқырманыңыздың ыстық ықыласына бөлене беріңіз!

Думан РАМАЗАН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн