Среда , 2 июля 2025

СҰРЫҚСЫЗ СӘУІР

Біраз­дан бері жазу-сызу­мен оты­рып, сыр­тқа шық­пап едім, кеше уақыт болып, наға­шы қарын­да­сы­ма Қызыл­сай­ға барып қайт­тым. Көк­тем­гі дала­ның рең-репе­тін көріп, жаман жүдедім. Бұрын «тері сүй­рет­кен­дей» дала­ны талай көріп едік, бірақ сәуір­де «жылан жалаған­дай» дала­ны бірін­ші көруім! Неше жыл­дан бері басқа жер­де қар жау­са, Маңғы­ста­уда шаң жауады!

Міне, бүгін сәуір айы­ның 4‑жұлдызы, әлі шөп бас жар­маған! Ызғы­ған жел, тызғы­ған шаң. Мал топы­рақ жеп жатыр. 60 жыл мұнай мен газ өндір­ген Жеті­бай мен Өзен­нің сиқы­нан жан шоши­ды! Бұл жер­дің бай­лы­ғы­на жер бетінің түп­кір-түп­кірі­нен талай-талай «Эдем-бақта­ры» салы­нға­нын біле­міз. Шене­усіз зор­лық, кене­усіз ұрлы­қтың кеса­па­ты­нан (бұрын Совет­тер Одағы деген импе­рия тона­ды, соңы­нан аты-мәні, тегі-жөні бел­гісіз жын-перия үпте­ді) сол жер­дің иесі сана­ла­тын қаза­қтың көріп оты­рға­ны – ит-азап жұмыс, қор тір­лік, көзі өле­гіз­ген жоқ­шы­лық, екі жастың біріне кел­мей, «төсек­тен тұр­май қалу» және біт­пей­тін ырың-жырың бәсеке! 

Көзі­міз көре қалған көне­лер жер қуаң жыл­да­ры: «Елдің пей­ілі бұзыл­ды, сосын Құдай қай­дан бер­сін?!» деп оты­ру­шы еді. Мен де біраз жасқа кел­дім, елдің пей­ілі бұзы­лға­нын көп­тен бері бай­қай­мын. Бүгін бір-екі бел­гісін ғана айтайын.

Өткен жаз­да тосын да жосын індет­тен қыры­лып қал­дық, бірақ одан да зор масқа­ра­сы – соны сол бой­да ұмы­тып кет­тік! Бұры­нғы иман­ды ата-әже­лер «қызы­л­та­бан қырғын­да» өз баста­ры­нан өткер­ген қасірет­тері түгілі, сонау 1723 жылы өткен «Ақта­бан шұбы­рын­ды» жыл­да­рын аза­лап: «Қара­та­удың басы­нан көш келеді» деп, баба­у­рап оты­рған­да­рын бала күні­міз­де талай көріп едік қой…

Ал сол пәру­а­на-жүрек, кей­у­а­на-көкірек Қаза­қтың бүгін­гі ұрғы­ны­ның ұмыт­шақты­ғы­ның жария бел­гісі: күл­лі жер беті індет­тен опат тауып жатқан­да, сам­саған ресто­ран­дар­да «артқы есік­тен кіріп», той жасау жары­сы баста­лып кет­ті! Сол баяғы – тыр­тақай билеу мен жыр­тақай күй­леу! Бұлар­дың кім­ге қыр қылып, кім­мен бәсе­ке­лесіп жүр­генін өздері де түсін­бей­тініне бәс тігем!..

Жара­ту­шы Ие жеке ада­мға сал­сын, тұтас ұлтқа жібер­сін, күл­лі адам­за­тқа арт­сын, қан­дай сынақты да – адам бала­сы тәу­баға кел­сін деп жібе­реді. Мен де емексіп ем: «Қаза­ғым тәу­ба­шыл жұрт еді ғой, осы кеса­пат­тан дұрыс қоры­тын­ды шыға­рып, ойын түй­іп, бой­ын жиып кететін шығар?..» – деп. Қай-й-й-да саған! Биле­ген­дер – бұры­нғы­ның үстіне ыты­ры­на, күй­ле­ген­дер – одан сай­ын құты­ры­на түс­кен! Құты­рын­ба­са – «феми­ни­стер» атты жын-шай­тан­дар шоғы­ры – 30-жыл­да­ры көше­сін­де қазақ шыбын­дай қыры­лған, 37–38-жылдары Ұлт ардақта­ры топ­тап аты­лған, 86-жылы Киелі қан төгіл­ген қаси­ет­ті төрі­міз­де шеру жаса­мас еді! Құты­рын­ба­са – әлдебір бұралқы міністір Айдың-Күн­нің ама­нын­да Ордаң­ның төріне шығып алып: «Жыныс ауы­сты­рам!» деп жар сал­мас еді! Билік­те тексіз­ге «тәк!» дей­тін бір жан­ның табыл­мауы­ның өзі – сұры­қ­сыз сәуір­дің жұты құсап, кеудеңнің бала­па­нын ұясын­да тыпырлатады…

«Ыты­ры­нған» мен «құты­ры­нған­ның» тағы бір айқын көріністері – «әлем-жәлем» парақ­ша­ла­ры­нан да анық бай­қа­ла­ды. Бәрін қара­ла­удан аулақ­пын, алай­да ділі­нен ізет, тілі­нен күзет кет­кен­дер­дің мол тобы­ры жиы­лып алып инси-сай­тан­дар­дың «алқа­сын­да» оты­рған­дай гулей­ді. Ер-аза­мат атын, тіп­ті ақсақал атағын алып жүр­ген­дер­дің өздері «ұрға­шы-өсек­тің» пешін гүр­летіп жағуда!

Басқа жақта да бар шығар, бірақ Маңғы­ста­уда «еңбек­тің» осы түрі ала­бө­тен дамып кет­кен сияқты. Басқа жұмыс құры­са керек, бұлар­дың кей­піне қарап, «Әжі­бай жақ­сы, Арал жақ­сы» деп, айда­ла­да төбе­ле­сетін баяғы екі ағай­ын­ды әйлең­кес еске түседі… 

Ақы­ры «аза­мат» атты қастер­лі аттан айы­ры­лған екен, бұлар неге «мини-юбка» киіп, «гей-шеру­лер­ге» қосы­лып кет­пей­ді екен деген «ой» келеді. Егер жыны­ста­ры «мешәйт» етіп жат­са, «тегін ауы­сты­рып» беретін міністір­лері бар!.. Бұл бір «күй­ік­тің күл­кісі» сияқты ауы­здан ыры­қ­сыз шығып кет­кен нәй­еті сөз-дағы… 

…Жол бой­ын­да киі­мі жұқа біреу бүр­сең­деп тұр екен, іле кет­тік. «Соңы – кеше, бір­не­ше рет «тасат­тық» бер­дік. Жаң­быр жау­у­дың орны­на шаң көтеріліп кете береді» деді әлгі жігіт сұры­қ­сыз далаға сұр­ла­на қарап оты­рып. Үнде­медім. Айтар ортақ әңгі­ме жоқ еді…

Айт-Ман суреті

Көздіой­ық қонысы,

Маңғы­стау уәлаяты

04.04.21.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн