Темірхан МЕДЕТБЕК Осылай кете берсек…

Осылай кете берсек –

Жіңішкеміз үзіліп,

Жуанымыз қылдай болады;

Қызымыз күңдей,

Ұлымыз құлдай болады.

Осылай кете берсек…

Ойласам;

Өзегім өртеніп,

Жаным тұншығып,

Демім алқынады.

Осылай кете берсек –

Ойдағы суат тартылып,

Бойдағы қуат сарқылады…

Осылай кете берсек ­­­–

Түптің түбінде

Не болып,

Не қоярын­ –

Кәміл білеміз:

Киім таңдамайтын

Диуанадай,

Тиын талғамайтын

Қайыршыдай

Өмір сүреміз.

Осылай кете берсек…

  •  
blank

ПАРЫҚСЫЗ ПОЛИЦАЙЛАР ҚАТЫНДАРМЕН ЖҰЛЫСТЫ

  • Бірнеше айдан бері әлеуметтік желілерде әртүрлі наразылық тудырған заң жобасына байланысты бір топ әйел дүйсенбі күні министрліктер үйіне барған еді.

«Азаттық» радиосының хабарлауынша, бір топ әйел «Отбасындағы зорлық-зомбылық туралы» заңды түсіндіруді талап етіп, Еңбек және Әділет министрліктерінің ғимаратының алдына жиналды. Ведомство шенеуніктерінің жауабына қанағаттанбай, жаңадан «тағайындалған» депутаттар отырған Парламент үйіне беттеген кезде, олардың жолын полицияның арнайы жасағы (ОПОН) бөгеді.

Оқиға орнында болған журналистер таратқан дерекке қарағанда, 30 шақты әйелге 100-ден астам «спецназ» қарсы тұрған. «Бүгінгі еркектердің әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуден басқаға шамасы келмеді» дейді наразы топтың бір өкілі.  

Талапшыл әйелдерді оқиға орнынан әкетпек болған кезде полиция жасағы  бірнеше әйелмен жұлысқан. Бірақ қатындарша жұлысқан полицияға бағынбаған әйелдер жаңадан сайланған депутаттардың сыртқа шығуын талап етті.

Түстен кейін наразылармен сөйлесуге қалалық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының жетекшісі Дәурен Бабамұратов келді, деп хабарлады осы орайда КZnews.kz порталы. Былтырғы сайлауда «Қосанов жобасын» жүзеге асыруға қатысып, чиновниктік лауазымға қол жеткізген бишікеш полицияға қарсы пәрмен көрсеткен наразы әйелдерді сабыр сақтауға шақырды. «Баланы ата-анасынан тартып алады деген мәселе заңда жоқ» деген Бабамұратовтың сөзіне әйелдер: «Ондай нәрсе бар!» деп шулап жауап берді.

Еске салсақ, былтыр қыркүйекте мәжіліс 49 баптан тұратын «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. 18 қаңтарда министрліктер үйіне келген наразы әйелдер заң жобасында бұлыңғыр ұғымдар көп екенін айтып, оны мақұлдаған және әзірлеген шенеуніктермен кездескісі келетінін айтқан, деп хабарлайды «Азаттық».

Отбасы құндылықтарына және ішкі мәселесіне қауіп-қатер төндіретін «шикі» тұстары көп деп жиі сыналып жүрген құжатқа наразылар артып келеді. Заң жобасының толық мәтіні қолжетімсіз. Билік тарапынан жалпыхалықтық деңгейде ашық түсіндіру жұмыстары бастала қойған жоқ, деп хабарлайды Кznews.kz порталынан.

«ДАТ-ақпарат»

blank

 «НҰР ОТАННАН» ШАРШАДЫМ» – деген азамат партиядан шықты

  • Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, қоғам белсендісі Біржан Қожақовтың видеоүндеуі желіде тарап кетті. «Ғибадат» ЖШС-ның директоры, «Мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби демеу» әлеуметтік жобасының авторы өтіріктен шаршағанын айтқан.

«2-3 күннен бері әбден ойланып, нақты шешімге келдім. Бұл шешім – «Нұр Отан» партиясынан өз еркіммен арыз жазып кету. Қазір сол «Нұр Отан» ғимаратына барып, «Нұр Отан» партиясынан шығу жөнінде арызымды жазып, халықпен бірге болғым келеді. Өтіріктен әбден шаршадым», – дейді ол.

Әлеуметтік желіден билік партиясына деген халық наразылығын жиі көріп жүргенін айтқан қоғам белсендісі  «Қарызым болмасын» деп, партия берген төсбелгі,  партиялық билет, үгіт-насихат киімдерін кері тапсыратынын айтқан.

«Байлық не керек – адал болмаса, билік не керек – әділдік құрмасаң» деген сөздің жаны бар. «Нұр Отаннан» кетем деп шешім қабылдадым. Не болса да халықпен бірге болайын. Мен тек бір нәрсені түсіндім: «Нұр Отан» партиясынан мәжілісте, сенатта отырғандардың көпшілігі зейнеткерлер. Олар лауазымды басшылар, бұрынғы министр, вице-министр болғандар. Мүгедектер үшін мәжіліс, маслихаттар жабық секілді. Екі аяғымыз кесілгесін, ақылымыз да қысқаратын болып тұр. Меніңше, ойлары солай сияқты. «Қаланған кірпіш кәдеге асқанын, қағылған шеге орнын тапқанын, жігіттің халыққа жаққаны – шырақ жаққаны деген сөз бар. Халқым аман болсын, ел аман болсын! Әділдік орнасын!» – дейді Біржан мырза видеоүндеуде.

«Алтын жүрек» марапатының иегері Біржан Морякұлы 2017 жылы «Шапағат» медалімен марапатталған. 2015 жылы ол «Демеу» мүгедектерді қорғау қоғамының негізін қалады, ондағы мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қолайлы жұмыс орнымен қамтамасыз ету және жаңа мамандықтарға оқыту арқылы өмірдің барлық салаларында тең жағдай жасау болатын. Ол 2002 жылы қызметтік міндеттерін орындау барысында екі аяғынан айырылды.

Аrasha.kz

blank

«ҚУАТ НАЙМАН»

үш жылға сотталуы мүмкін

  • Елге «Қуат Найман» деген атпен танымал қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов өзіне қатысты сот отырысы өтіп жатқаны туралы хабарламадан кейін мәлімдеме жасады. 

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында: «Егер күресуге тұрарлық дүние болса, жалғыз да майданда жауынгер», – деп жазба қалдырды. 

Айта кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында спортшы көпшілікті Ковид індетін таратуға қатысы болуы мүмкін деген тікұшақтарды атуға және дезинфектор мамандарды соққыға жығуға шақырған болатын. Бүгінде осыған қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Егер тағылған айып дәлелденсе, спортшы үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал сот отырысының қорытындысы әзірге жарияланбады.

«D»

Берік Имашевқа АНТ ҚАБЫЛДАУ құқығын кім берді?

blank
  • Осындай сұрақпен елге белгілі қайраткер азамат Ауыт Мұқибек өзінің «Фейсбук» желісінде арнайы пост жазған еді. Онда ол 15 қаңтар күні ҚР Парламенті Мәжілісінің жаңадан сайланған депутаттары берген антты Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың қабылдауға қақысы жоқ дейді.

Біз елдегі оралман ағайындар проблемасына қатысты үлкен мәселелер қозғап жүрген ақын азаматқа хабарласқанымызда: «Парламент депутаттарынан ант қабылдау – тек қана ел президентінің құзырындағы рәсім», деді ол.

Ауыт мырзаның уәжі – заңды. Бірақ Тоқаевты төмендетуді тұрақты тақырыпқа айналдырған назарбаевтық «кітапхана» ант қабылдау рәсімін ОСК төрағасына нақақ жүктегені – айдан анық мәселе. Бұл – елдің иесі президент емес, Қауіпсіздік кеңесінің қожайыны екенін құдасы арқылы ишарат қылған Назарбаевтың кезекті интригасы.

Айтпақшы, «сайлау» деген спектакльге тыйым сала алмаған және ант қабылдаудың қасиетті рәсімі былдыр-былдыр қазақшамен қойылымға айналған соң, біз де Тоқаев мырзаның президенттігіне төшкі қойдық. Бұдан былай «ДАТ» оны тек «Тоқаев» деген тегімен ғана атайтын болады.    

«Бейкүнә» президентке араша түскен Ауыт-ақынның «Фейсбуктағы» жазбасын төменде қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Ермұрат БАПИ

«Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңының 24-бабында «Ант қабылдауды Президент өзі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады» – деп жазылған. Ал «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» Конституциялық заңының 9-бабында: «4) Парламент депутаттарының Қазақстан халқына беретiн антын қабылдайды» – деп, депутаттардың берген антын қабылдау Президенттің құзыретіне берілгені тіпті ашық көрсетілген.

Сонда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевқа Мәжілістің төрінде отырып, депутаттардың антын қабылдайтын мұндай құқықты кім беріпті?!

Естеріңізде болсын, халық сайлаған заңды Президенттің Конституция және Конституциялық заңдармен бекітілген құқықтары мен құзыреттеріне ешкімнің ешқашан қол сұғуға қақысы жоқ!!!

Жаңа сайланған депутаттар бақыттан басы айналып жүріп, бұл заңды білмеді делік. Алды үш, арты екі кезектен сайланып отырған ескі депутаттар неге бұл заңсыздыққа жол береді?! Әлде олар да халыққа кімнің алдында тұрып ант беретінін әлі түсінбей ме?!

Заң талабын заң шығарушы органның өзі бірінші болып сақтауы керек қой! Әсіресе Қазақстан Республикасының Конституциясын!!

Сондықтан Мәжілістің VII шақырылым депутаттарының берген антын заңсыз деп танып, бұл салтты Заң талаптарын сақтай отырып қайта өткізу керек!

Ауыт МҰҚИБЕК, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн