Тергеу департаментін КІМ ТЕРГЕЙ АЛАДЫ?

Қазақстанда кез келген күштік құрылымдар, әсіресе жедел тергеу топтары арасында белгілі бір органның ішкі жағдайына қатысты былық-шылықты сыртқа шығармау тәртібін ұстану қағидасы – бұрыннан қалыптасқан жағдай.

Сондықтан Алматы қаласы Экономикалық тергеу департаменті жеке құрамының бір топ қызметкерлерінің мемлекет және Бас прокуратура басшылығы атына жазған хатының көшірмесі редакциямызға келіп түскеніне таң қалсақ та, хаттың мәтінінде баяндалған жайттарға еш таңырқаған жоқпыз. Өйткені хатта жазылған жағдаяттар өзге де мемлекеттік құрылымдарда кең етек жайған. Бірден ескерте кететін жайт – осы хаттың негізінде бұған дейін «Время» газетінде мақала жарық көрген болатын (https://time.kz/articles/territory/ 2019/05/15/kinzhal-burka-i-smartfon). Біз болсақ, әріптестеріміздің сол жарияланымда айтпай кеткен жерлерін толықтырып, хат мазмұнында есімдері аталмай қалған адамдарды жариялауға бел будық.

Хат мәтінінде Алматы қаласы Экономикалық тергеу департаментінің (ЭТД) жеке құрамының бір топ өкілі аталған мекемеде болып жатқан былықтарды баяндап, мемлекет басшылығынан жағдайды реттеуге араласуды сұрайды. Заң мен әділдік тұрғысынан қарағанда, көтерілген мәселеге орай бірден тиісті құзырлы тексеру тобы құрылып, хатта баяндалған фактілерді теріске шығару немесе оны растау әрекеттері жасалуы тиіс еді. Бірақ Қазақстанның жағдайында заңдылық пен әділдікке қол жеткізудің қаншалықты күрделі екенін айтып жату артық болар. Сондықтан бұл жағдайдың соңы Қазақстанда қалыптасқан заңсыздық бағытында өршіген екен.

Иә, көп ұзамай Алматы қаласының ЭТД-іне тексеру тобы келіп, қызметтік тексеріс жүргізе бастайды. Бірақ ол тексеріс хатта баяндалған сорақы жайттарды емес, сол хаттың авторларын анықтауға бағытталды. Салдарынан хатқа қатысы бары да, жоғы да әртүрлі себептермен жұмыстан қуылып, кейбірі тіпті шетелге қашып кетуге мәжбүр болған.  

Хатта не айтылған дейсіз ғой? Сол баяғы жүйелі жемқорлық пен қызмет бабын асыра пайдаланушылық кез келген мемлекеттік қызметте кең тараған жағдай: таныс-тамырдың қызметтік өсуі және сол «блатной» қызметкерлердің жұмыс жүгін «қара жұмыскерлерге» артып қою, басшылықтың той-думанға әуестігі мен қызметтік сорақылықтар. Қарап отырсаңыз, отандық мемлекеттік қызмет – баяғы жартас, сол жартас кейпінде қалып отыр. Биліктің бүкіл тізгінін өз қолында ұстаған бұрынғы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлықты құртуға сөз жүзінде қанша талпынса да, іс жүзінде қолынан келмеді. Сол себепті Назарбаев жасай алмаған күрес жаңа президент Тоқаевтың қолынан келеді деуге сену қиын.

Хаттың мәтініне сенер болсақ, Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментіндегі қызметтік қиыншылықтар мен өрескел жағдайлар осы мекемеге Бекзат Усеновтың және оның «командасының» келуінен басталған. Усеновтың кім екеніне кейінірек тоқталамыз. Әзірше тексеру комиссиясы туралы айтып өтейік.

«Астанадан тексеруге келген Мемлекеттік кіріс комитетінің комиссиясы бастапқыда жұмыстарын тәп-тәуір бастап, біраз жұмыстың шаңын көтерді. Алайда комиссия мүшелеріне жайылған дастархан, монша және көрсетілген сый-сыяпаттан кейін, оларды танымай қалдық. Хатымызда көрсетілген заң бұзушылықтар жайына қалды. Одан қалды, жеке құрамды мәжбүрлі түрде «полиграфтан» өткізіп, шағымданушылардың өздерін анықтай бастады» – деп, көрсетілген хатта.   

Сонымен қатар хаттың біраз бөлігі Бекзат Усеновтың орынбасары Адай Нигматулинге арналған. Ол бұрын өзімен бірге жұмыс жасаған сенімді 15 қызметкерін ЭДТ-іне алып келген. Сол мезеттен бастап жеке құрам арасында «өзіміздікі» және «бөтендер» деген жіктелу басталған. Нигматулин қол астындағылардан «қомақты істерді» – мемлекетке келтірілген зиян мөлшері 50–100 млн теңгеден кем түспейтін қылмыстарды ашуды талап ететін болған. Алайда ондай қылмыстарды қалай ашу керектігін жетік түсіндіре алмаған.

Есесіне жүрген жерінде өмірінің 14 жылын жедел қызметке арнағанын мақтанышпен айтудан арыға аспаған. Бұған қоса, жұмыс жиындары кезінде алып келген «өз адамдарын» үнемі мақтап, «өзгелерді» жермен жексен етіп отыруды әдетке айналдырған. Хат авторларының пайымынша, Нигматулиннің де және онымен бірге еріп келген қызметкерлердің де мемлекеттік бюджетке қатысты қылмыстармен жұмыс жасау тәжірибесі болмаған. Олар тек жасырын ойын автоматтары мен астыртын цехтарға байланысты көлеңкелі экономикалық қылмыстармен жұмыс жасап келген.

Департаменттің әрбір жедел басқармасында түр-түсі әдемі, денесі сымбатты жедел аға уәкіл болып тіркелген сұлу қыз-келіншектер бар. Шындығында, олар қылмысты ашумен емес, шай-кофе әзірлеу, базарға барып келу секілді ұсақ-түйек қызметтермен айналысады. Ал басшылардың қызметтік бөлмелері кондиционер, тоңазытқыш, жерсеріктік телевидение, қымбат жиһаздармен жабдықталған. Басшылыққа жақын қызметкерлер жұмыста серуен құрып, алкогольдік ішімдіктерге әуестеніп жүрген кезде олардың жұмысын «қара жұмысшы» қызметкерлер атқарады.

Үстіміздегі жылдың 19 сәуірінде Нигматулиннің туған күні аталып өтеді (фотосы). Әрине, жедел-тергеу қызметкерлері арасында кең тараған «кабинеттік нұсқамен» жайылған дастархан мен бастыққа тапсырылған сыйлықтар ағыл-тегіл болған.  

Хаттың авторлары: «Нигматулинге сыйға тартылған қымбат смартфоннан бөлек, оның үстіндегі киім мен қанжар Шешенстан Республикасынан арнайы тапсырыспен алдырылған» – деп жазады.  Осы орайда әлеуметтік желіде бай дастархан төрінде думандатып, сол үшін жұмыстан босатылған Байқоңыр қаласының прокуроры Азамат Баянбайұлы еске түседі. Сонда прокурор Баянбайұлына салынған тыйым Нигматулинге рұқсат етілген бе деген сұрақ туады.

Оның жауабын біз өзіміздің инсайдерлік дереккөзбен болған әңгіме барысында таптық. Адай Нигматулиннің тайраңдап жүруінің астарында оның Бекзат Усеновпен жақын достығы себеп болған сияқты. Өйткені Бекзат – анау-мынау емес, елбасының туған інісі Болат Назарбаевтың туған күйеу баласы.

Ал Нигматулиннің шектен шыққан ісі Қазақстанның бас прокуроры Ғизат Нұрдаулетов пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Әлік Шпекбаевқа «қызығушылық» тудырғанымен, оның артында тұрған Бекзат Усеновке тістері бата алмайды. Оның да себебі айқын – «Болат Назарбаев» деген атау бүгінде кез келген мемлекеттік қызмет лауазымынан жоғары екені мәлім. Ал елде қалыптасқан жағдай бойынша, «Болат Назарбаевтың күйеу баласы» деген «лауазым» бүгінде Қазақстанның билік иерархиясында қалыптасқан атаққа айналып бара жатқаны да аса құпия жағдай емес…

Сондықтан ұры-қары мен күйеу балалардың заманы сайран құрып тұрған шақта әділдік іздеу – бекер машақат болар. Бар үміт тек президент Тоқаевтың сөзін дәтке қуат етумен ғана шектеліп тұр.

  • «Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда, дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам болып күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен  алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық», –- деп айтқан еді мемлекет басшысы.

Ал президенттік лауазымын сайлау арқылы заңдастырған Тоқаев мырзаның тісі «Болат Назарбаев», «Бөке» немесе «БН» деген «лауазымы» бар адамға бата ма, жоқ па – оны ел президентінің жемқорлықты түп-тамырымен құртуға бағытталуы тиіс жуық маңдағы әрекеті айқындаса керек…

Сырым ДАТОВ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн