Тимур тойынып БОЛҒАН ЖОҚ…

·       Тимур Құлыбаев Qazaq Oil жанар-жағармай станция желісі иелерінің біріне айналды. «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай станциялар желісі жекешелендірілгеннен кейін бір жарым жылдан соң оның құрылтайшылары қатарына Joint Technologies ЖШС енді.

Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев («Кипрос» ЖШС арқылы) пен Раушан Сағдиеваға тиесілі. Бұл жөнінде 4 қараша күні компания құжаттарына сүйенген Forbes сайты жазды.

Сайт ақпаратынша, қазір Qazaq Oil деген атқа көшіріліп жатқан «ҚазМұнайГаз» станциялар желісі 2019 жылы сәуірде жекешелендірілген. Келісім құны 60,5 млрд теңге (сол кездегі курс бағамымен 163,3 млн доллар) болған. Қазір станциялар желісі PetroRetail компаниясына қарайды. Компания сайтындағы мәліметке қарағанда, республика бойынша «ҚазМұнайГаз» станциялар желісіне 342 жанар-жағармай станциясы кіреді.

Forbes жазуынша, PetroRetail құрылтайшыларының арасында Тимурдан бөлек Prime case ЖШС (Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлер тізіміне енген Данияр Әбілғазин мен Head company ЖШС-ға тіркелген) мен Руфат Ходжалаков (Атырау облысының ауыр атлетика федерациясының төрағасы, «ҚазМұнайГаз» өңдеу маркетинг жетекшісі болған) бар.

Head company компаниясының құрылтайшысы – бұрын Қаржы министрлігінде лауазымды қызмет атқарған, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының мүшесі Бауыржан Тойбазаров.

PetroRetail – Тимур Құлыбаев портфеліндегі мұнай өнімдерімен айналысатын жалғыз актив емес. Оның GasEnergy деген атпен белгілі дизель және бензин сатумен айналысатын «Автогаз Трэйд» компаниясында да үлесі бар. Желі Қазақстанның ірі алты қаласында жұмыс істейді, 41 жанар-жағармай кешені мен түрлі тасымалдаушыларда 115 газ моноблогы бар.

Американың Forbes журналы биыл сәуірде Тимур Құлыбаев пен оның әйелі Динараның (Назарбаевтың ортаншы қызы) жиынтық байлығы 5,6 миллиард доллар (әрқайсысында 2,8 миллиард доллардан) деп бағалаған. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар өз меншігіндегі «Алмэкс» компаниясы арқылы елдегі ең ірі коммерциялық банк – «Халық банкке» иелік етеді. Биыл Тимур Құлыбаев елдегі ең ірі әуежай – Алматы аэропортын түрік холдингіне 365 миллион долларға сатты.

Azattyq.org

 

 

 

ҚАЙРАТ-КҮЙЕУ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?

  • «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) Ұлттық компаниясы «ҚазТрансГаз» АҚ (ҚТГ) акцияларының 100%-ын «Самұрық-Қазына» АҚ (Қор) пайдасына 1 теңгеге берді, деп хабарлады «Азаттық» ҚМГ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚМГ 9 қараша күні ҚТГ акцияларының 100% қордың пайдасына берілгені туралы хабарлайды. Мәміле сомасы – 1 теңге. 9 қарашада ҚМГ мен қор арасында 2021 жылғы 11 наурызда жасалған сенімгерлік басқару шартының қолданылуы тоқтатылды. ҚТГ акцияларын қолға беру ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» қорын басқару жөніндегі кеңестің 2020 жылғы 3 маусымдағы тапсырмасын, сондай-ақ мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаевтың 2021 жылғы 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген газды барлау, өндіру және тасымалдау жөніндегі ұлттық операторды құру туралы тапсырмасын орындау үшін жүзеге асырылды», – делінген кеше таратылған хабарламада.

Мәміле алдында бірқатар заңды және қаржылық шарттарды орындау, оның ішінде ҚМГ кредиторлары мен тиісті мемлекеттік органдардың келісімдерін алу болды. «Бірінші кезеңде 2020 жылдың қазан айында ҚМГ $750 млн сомасына еурооблигациялар қайта қаржыландырылды, бұл ретте жаңа шарттарда ҚТГ шығару мүмкіндігі көзделген болатын. Келесі кезең барысында 2021 жылғы маусымда ҚМГ-ның қалған еурооблигацияларын ұстаушылардың ҚТГ бөлуге келісімі алынды. Бұдан басқа, мәмілені өткізу ҚМГ-ның банк-кредиторларымен, оның ішінде жеке қарыздарды қайта қаржыландыру жолымен келісілді», – деп нақтылады «ҚазМұнайГаз».

Жұмыс кезеңдерінің бірі үкіметтің 2021 жылғы 8 қарашадағы «стратегиялық объектіні иеліктен шығару туралы» қаулысын қабылдау болып табылады, оған сәйкес ҚМГ сатып алу-сату шартын жасасу арқылы қордың пайдасына ҚТГ акцияларының 100% пакетін иеліктен шығару бойынша мәміле жүргізуге рұқсат етілген.

«Қазіргі уақытта ҚМГ барлық кредиторлары ҚТГ-ны Қордың жеке еншілес компаниясына бөлуді мақұлдады. Бұл ретте ҚМГ-ның 2021 жылғы тоғыз айдағы шоғырландырылған қаржылық есептілігі ҚТГ-ның қаржылық есептілігін қамтитын болады. 9 қарашадан бастап ҚМГ ҚТГ-ны тануды тоқтатады және 2021 жылғы капиталдағы өзгерістер туралы шоғырландырылған есепте ҚТГ беру жөніндегі мәміленің нәтижесі «акционерге өзге бөлу» ретінде көрсетілетін болады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ҚМГ қарызы ҚТГ бөлу нәтижесінде $1,1 млрд-қа (берілген кепілдіктерді қоса алғанда, $1,6 млрд-қа) төмендейді деп хабарлайды «Азаттық».

Ал «ҚазТрансГаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Қайрат Шәріпбаев екенін ескерсек, құны бір теңгелік сауда-саттықтың түпкі мақсаты әзірге белгісіз деп пайымдайды тәуелсіз сарапшылар. Жекелеген пікірлерге қарағанда, «Самұрық-Қазына» қоры алдағы уақытта бұл компанияны сенімді басқаруға беру жүйесі арқылы жеке меншікке сатып жіберуі мүмкін. Сондықтан әзірге үлкен күйеу қайда қалды деп, «мазасыз» сұраққа алаңдаудың қажеті бола қоймас.

ДАТ-ақпарат 

 

ҚАЗАҚСТАН

түрмелер еліне

АЙНАЛАДЫ?

  • Қазақстанда 2029 жылға дейін жиырма жаңа түзеу колониясы салынады, деп хабарлады ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

«Алдағы 3 жылда (2022–2024) Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 4 мекеменің (түзеу мекемелері – ҚазТАГ) құрылысы жоспарланған (жалпы 2029 жылға дейін 20 мекеме салу жоспарлануда). Олардың әрқайсысында сотталғандар үшін 1,5 мың жұмыс орны бар өнеркәсіптік аймақтар болады», – деді Тұрғымбаев дүйсенбіде мәжілісте өткен үкімет сағаты барысында.

ҚазТАГ

 

 

 

Оқу ақысын төлеуге НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ

  • Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ 10 жылға дейінгі мерзімге 20% мөлшерлемемен оқу ақысын төлеу үшін кепілсіз кредиттерге кепілдік береді, деп мәлімдейді ҚР БҒМ Қаржы орталығы.

«Қазақстан студенттері оқудың ақысын төлеу үшін негізгі қарыз сомасын төлеу мерзімін 10 жылға дейін кейінге қалдыра отырып кепілсіз кредит ала алады. Несиелер бойынша кепілдікті қамтамасыз ету ретінде «ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ кепілдігі болып табылады, – деп ҚР БҒМ Қаржы орталығының дүйсенбіде таратылған хабарламасында айтылған.

Мәліметтерге сәйкес, пайыздық мөлшерлеме 20% құрайды. Кредиттің жеңілдікті кезеңі – бұл оқу мерзімі және негізгі оқу курсын аяқтағаннан кейін жарты жыл, бұл кезде кредит бойынша тек пайыз ғана төленеді. Содан кейін негізгі қарызды төлеу мерзімі басталады.

Қазақстанның барлық өңірлерінде және еліміздің барлық жоғары оқу орындарында оқу үшін жеке куәлікті немесе паспортты, ҰБТ/ТКТ сертификатын немесе соңғы сессияға транскрипт пен ЖОО-мен шартты немесе оқу кезеңіндегі құнын көрсете отырып, төлем шотын ұсына отырып, нысаналы кредит алуға болады делінген ақпаратта.

ҚазТАГ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн