«ТОЙҒАН ТОҚТЫ» ТОҚАЕВ Күшікованың сөзін қайталай ала ма?

  • Ертең Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЕЭК) кезекті отырысын өткізеді, деп хабарлады ҚазТАГ мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің сөзіне сілтеме жасап.

Ескерте кетейік, келісілген кезек бойынша Қазақстан – ЕЭК-тің өтпелі кезеңдегі төрағасы. Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда, бұл «жиынға Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, президенттер – Владимир Путин (Ресей), Александр Лукашенко (Беларусь), Садыр Жапаров (Қырғызстан), Никол Пашинян (Армения) және ЕЭК алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысады.

«Онлайн режимде өтетін Жоғары ЕЭК отырысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланып, ортамерзімді перспективадағы міндеттер қарастырылады», – депті Уәли мырза.

Жөн-ақ! Әйтеуір бұл одаққа кірген соң, оның «ынтымақтастық мәселесін» ауық-ауық сөз етіп тұрмасқа болмайды. Оның үстіне экономикалық бірлестіктен бұрын, Ресейдің сойылын соғатын саяси одаққа айналған «ЕврАзЭС»-тің өз ішінде былық та, әлімжеттілік те көп.

Былығын біртіндеп реттеп алар, бірақ Ресейдің әлімжеттілігіне, пұшайман президенттер Путин патшаның әпербақандығына қарсы әл көрсетер түр танытпайды. Мәселенки, кезінде Еуразиялық одақ құрылар тұста «бұл үлкен нарықта тауарлар еркін айналып, бизнес қызметтер кедергісіз жүреді» деген Назарбаевтың сөзі әдірам қалды. Путин патшаның пәрменімен Ресей өз елінің нарығын қорғаймын десе, оның «Фитосанитария» деген кедендік құрылымы «тырнақ астынан кір тауып», пойыз түгілі, бір тонна көкөністі кіргізбейді. Ондай кесапаттық кедергілер жөніндегі ақпарат интернет иірімінде иін тіресіп тұр. Ал Қазақстан жағы өз «одақтасы» алдында шыр-пыр болып, әлгі бір тонна қиярында қиянат жоқ екенін дәлелдеп әлек болатыны екі күннің бірінде таусылмас жырға айналды.

Міне, осы кедергілер төңірегінде сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова арнайы брифинг өткізіп, біраз «барьердің» бетін ашты (қаз-қалпында):

«Мы сталкиваемся со случаями скрытых ограничений во взаимной торговле. Чаще всего они устанавливаются нашими партнерами в отношении товаров, по которым высокий уровень конкуренции. В том числе, в случаях активизации производителей отдельных стран, ориентированных на экспорт», – депті ол Еуразиялық одақ елдері арасындағы интеграция проблемасын сөз етіп.

Президенттер құзырындағы мұндай батыл пікірді Күшікова бике өз еркімен айтты ма, жоқ әлде Тоқаев мырза өткізетін одақ басшылары жиыны алдында айт деп, оның аузына Ақорда салып берді ме – ол жағы бізге беймағлұм. Қалай болғанда да, құрып кеткенде вице-министрдің деңгейінде болсын, «экономикалық одақ» деген аты бар құрылымды қылқындырған басты мәселе сөз болды.

Бұл арада вице-министр ханымның сөзіне өз тарапымыздан бір ремарка қыстыра кетейік: Күшікованың «чаще всего барьеры устанавливаются нашими партнерами» дегені – әрине, Белорусь немесе Қырғызстан емес. Қазақстанның мұнайына зар болып отырған Лукашенко мен біздің базарларға өнімін өткізуге мүдделі Жапаров «барьер» қойып, өле алмай жүрген жоқ. Вице-министрдің жасықтау болса да, астарлы айтқан «партнері» – Путин мен Ресей. «Барьердің» атын ашық айтуға қышыр жоқ, айтпайын десе, жағдай жағадан алып барады.

Содан, шамасы, біздің «интеграторлар» ойлана келіп: «Күшікова, сен сөзді баста, Путин қайтер екен, көрейік» деген болу керек, жоғарғы жиын алдында экономикалық одаққа озбырлық жасаған Ресейдің әрекеті әупіріммен сөз болды.

Күшікова бике білдірер-білдірмес қылып, айтарын – айтты-ау, бірақ оның «такая практика противоречит идее экономической интеграции» деген тұжырымын «тойған тоқты» тақылетті Тоқаев Путин патшаның алдында жалтақтамай қайталай ала ма? Міне, гәп осында!

Ермұрат БАПИ

Қазақстанның тұқымы ҚҰРИЫН ДЕП ТҰР…

  • Қазақстан толығымен импортқа тәуелді және азық-түлік тәуелсіздігін жоғалтады, деп есептейді сенатор Ақылбек Күрішбаев.

«Тұқым шаруашылығы мен селекциялық ғылым саласында сыни жағдай қалыптасты, оны шешуді кейінге қалдыруға болмайды. Тұқымдық материалдың сапасы төмендейді, демек, фермерлердің өнімі жыл сайын нашарлайды. Сорттар мен будандардың 70%-ға жуығы, ал бірқатар дақылдар бойынша және одан астамы бізге шетелден әкелінеді. Демек, біз импорттық жеткізілімдерге толықтай тәуелдіміз және өзіміздің азық-түлік тәуелсіздігімізді жоғалтып жатырмыз. Сонымен қатар әкелінетін тұқымның көпшілігі біздің топырақ-климаттық жағдайымызға бейімделмеген», – деді Күрішбаев өткен бейсенбі күнгі сенат отырысында.

Ол бөлінген мемлекеттік субсидиялар шетелдік тұқымдарды арзандатуға жұмсалатынын, ал отандық ғалым-аграршылар 2021 жылы әлі күнге дейін өз жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыру ала алмағанын атап өтті.

Осыған байланысты сенатор жергілікті жоғары өнімді және күйзеліске төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттары мен будандарын құруды ынталандыруды және осы процеске отандық аграрлық ҒЗИ мен жоғары оқу орындарын, Биотехнология орталықтарын, сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдарды қосуды ұсынды. Сонымен қатар сенатор тұқым шаруашылығы жүйесіне мемлекеттік қолдауды күшейтуді және отандық сорттарды субсидиялау тетігін қайта қарауды ұсынды.

ҚазТАГ

 

«Саяси тұтқындар» тізімі ТАҒЫ ЕКЕУГЕ ТОЛЫҚТЫ

  • Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі 19 мамырда «саяси тұтқындардың» жарияланған жаңа тізіміне жақында ғана шектеу жазасы түрме жазасымен алмастырылған петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерхан (суретте) мен астаналық белсенді Жәнібек Жүнісовті қосты.

Нұрбол Өнерхан – СҚО-ның Бірлік ауылынан шыққан азаматтық белсенді. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бейбіт митингілер мен акцияларға қатысқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Былтыр күзде Петропавл соты «тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны» үшін оның бостандығын екі жылға шектеген. Жақында 4 мамырда «пробация шарттарын бұзғаны үшін» түрмеге жабылды.

Жәнібек Жүнісов – «тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін» («Көше партиясы» қозғалысы) үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу изоляторында отырған астаналық азамат. Қоғамдық белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Ол 2021 жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр.

Еске сала кетейік, тізімге кейінгі кезде енген белсенділердің көбі «ҚДТ-ДВК» қозғалысы мен «Көше партиясына» қатысы бар деп күдікке ілінген. Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған бұл құрылымдарды Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев«терроризмді насихаттады» деп сотталған Алмат Жұмағалиев бар.

Azattyq.org

Балаева бике бастығының УӘДЕСІН ОРЫНДАЙ МА?

  • «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға 2018 жылы бұрынғы министр, ал қазір – Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев берген уәдеге қатысты үндеу жолдады, деп хабарлады ҚазТАГ қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әділ сөз» Аида бикенің есіне салып өтті: 2017 жылдың қараша айында ҚР ақпарат министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында 2018 жылы БАҚ қызметін реттейтін мүлдем жаңа заң бойынша жұмыс басталатынын айтып, «біз келесі жылдан бастап кірісуге дайынбыз, бірақ бұл бір жылдан астам жұмыс, өкінішке орай, менің ойымша, екі-үш жыл қажет болады», – делінген бейсенбіде таратылған хабарламада.

Сол кезде «Әділ сөз» тез арада Мининформацияға жаңа заң жобасын әзірлеуде ынтымақтастық көрсетуге ұсыныс жасап, оған 2018 жылғы қаңтарда вице-министр Алан Әжібаевтың қолы қойылған келісім жауабын алды. Қор атап өткендей, «бірнеше жыл өтті, ел басшысы «еститін мемлекет» саясатын жариялап, жүйелі түрде жүргізіп келеді», енді жаңа заң қашан жасалады деп нақты сұрақ қойды.

Иә, Аида ханым, заң қашан жасалады?

ДАТ-ақпарат

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн