Халықтың өзін-өзі басқару МӘСЛИХАТЫН ҚҰРАЙЫҚ!

Биліктің «алдау сайлауынан» без, «жергілікті өзін-өзі басқару» жүйесіне көш!

  • Елге танымал саясаткер тұлға, 1970-90 жылдардағы саяси тұтқын, «Азат» қозғалысының («Қазақ елі» бірлестігі) төрағасы Хасен Қожа-Ахмет әлеуметтік желілер арқылы Қазақ еліне мәлімдеме жариялап, оның көшірмесін «ДАТ»-тың редакциясына да жолдаған екен. Біз оны төменде қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Әлемде әр халықтың мыңдаған жылдар бойына табиғи сұрыпталудан қалыптасқан элитасы (рубасылары, хандары, корольдары) өз елінің мүддесін қорғауды қасиетті парызы санаған. Осы арқылы жер бетінде өзінің қайталанбас ұлттық құндылықтары бар түрлі этностар жойылмай өмір сүріп келген.

Қазақ елінде «ғаламдастырудың» бастамасын Ресей отаршылдары атқарып қойған. Әсіресе 1928–1929 жылдары күштеп жасалған коллективтендіру қазақтың мыңдаған жыл қалыптасқан ел болудың рулық-туыстық жүйесін жойып, жасанды идеяға негізделген партиялық жүйе таңылды. Тәуелсіздік жарияланып, көппартиялылыққа жол берілді деген 30 жыл бойында елдегі жағдай сайлаулар арқылы да еш өзгермеді. Себебі:

1. Бірпартиялы КСРО кезінде билік тағайындаған жалғыз кандидатқа «дауыс беруге» мәжбүрленген халық «сайлаулар ештеңені өзгертпейтініне» 74 жыл бойында көз жеткізген. 

2. 1991 жылдан «тәуелсіз болдық, демократия, көппартиялық жасаймыз» деушілер тоталитарлық жүйе кезінен билік басында қалғандықтан, 1993 жылғы Конституцияда сайлауға кандидаттыққа өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі жазылғанмен, дауыс беру нәтижелерін бұрмалау арқылы билік тек өз адамдарын парламентке өткізді;

3. «Саяси партиялар туралы» заң бойынша мемлекеттегі күллі облыстарды аралап, бәлен мың қол жинау үшін көп қаржы қажет. КСРО үкіметі «тап жауларымен күрес» ұранымен елдегі ауқатты адамдардың мал-мүлкін тәркілеп, атып, қамап, шетелге қашуға мәжбүр қылғандақтан, 74 жыл бойына айлық жалақыға қарап келген халықта партия құрар қаржы қайдан болсын?! 

4. Халық қаржысыз болғандықтан, елдегі партияларды биліктің өзі мемлекеттік бюджетті ысырап етіп құруда. Аттары әртүрлі мұндай «көппартиялықтың» қожайыны біреу – Қазақстан билігі болғандықтан, нәтиже КСРО кезіндегідей – бірпартиялылық күйінде қалды; 

5. 1995 жылы парламентті таратып, президент өзі «қабылдаған» Конституция бойынша 49 орындық сенатқа өзінің 15 адамын тағайындаса, ал Қазақстан халқы ассамблеясына 9 депутатты халықтық сайлаусыз-ақ тағайындауға жол берілді.

Сайлау заңына түрлі жымысқы өзгертулерден соң, 10 қаңтарындағы (2021 ж.) ҚР Парламентінің мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына кандидаттарды тек биліктің құрған «қуыршақ партиялары» ғана ұсына алатын болып, өзге халық сайланудан мүлде шеттетілді. Сөйтіп, сайланбалы билік тармағы – парламент «тағайындалмалы билік тармағына» айналып, қазір Қазақстан «республика» деген көзбояуынан мүлде айырылды. 

6. Егер «батыс» айтатын эволюциялық (сайлау) жолмен халық билікке ықпал ете алмаса, революциялық та жол бары белгілі. Алайда оны қолдануға да Қазақстан халқына жоғарыда айтылған, партия құруға бөгет себептер: халықтың қаржысыздығы, мемлекет көлемінің кеңдігі мен халқының аздығы, елді мекендердің ара алшақтығы, т.б. кедергілер бар. 

7. Тіпті бір қаржылы қазақ партия құрмақ болса да, оған Н.Назарбаевтың «батасы» керек. Болмаса «жөргегінде тұншықтырылады». Ал «Саяси партиялар туралы» заң өзгертіліп, партияны 100 адам құра алатын болса да, Әділет министрлігі сол жиналған 100 қолдан міндетті түрде қателік тауып, не арнайы енгізілген біреу: «мен қол қойған емеспін», я «қателесіппін» деп, тіркемеуге сылтау табары – біз бастан кешкен мәселе.

Енді не істеу керек?

Ағылшынның атақты саясаткері Уинстон Черчилль: «Демократиялық жүйенің кемшіліктері бар, бірақ адамзат одан артық жүйені әлі ойлап тапқан жоқ» дегенде, ол, әрине, ғасырлар бойына хан билігін де тежей білген қазақтың «Дала демократиясы» жүйесі болғанын білмегені анық. Рубасы мен билердің хан алдында тайсалмай сөйлеуінің негізгі сыры – артында қолдаушы руы, рудың өзін-өзі қамтамасыз ететін экономикасы тұрған. Ал қазіргі «партиялық» жүйемен, биліктің тізімімен тағайындалатын депутаттардан қоғамның шынайы жағдайын айтардай батылдық күту – бекершілік. 

Қазақстан тірелген саяси тығырықтан шығудың жолы – заң шығарушы орган – парламентті құру жүйесін өзгерту. Бұл үшін біз «партиялық сайлау» деген «мәңгілік алдау» жүйесінен бас тартып, үкіметтің араласуынсыз-ақ халық өзі таңдаған «тура билерін» парламентке өкіл (делегированный представитель) етіп жібере алатындай «жергілікті өзін-өзі басқару» жүйесіне көшуге тиіспіз. Бұл үшін:

1. Қазақстанның әр ауданында жергілікті белсенді азаматтардан «Халық мәслихатын» құрып, ол: өз ауданы көлеміндегі істелінуге тиіс шаралар тізімін жасап (жол салу, жарық, су, газ жүргізу, т.б.), «биліктің мәслихатынан», әкімшіліктен аудан қаржысы жергілікті істерге жұмсалуын, артылса ғана Астанаға жіберілуін бақылауы керек; аудан әкімінің тек жергілікті ел білетін, ешқандай партияның мүшесі емес адамнан сайлануын талап етеді; аудан жерінің шетелдіктерге, олигархтарға берілгенін анықтап, оны жергілікті халыққа қайтарады; қытай, т.б. шетелдік кәсіпорындар аудан жеріне салынбауын, демографиялық ахуалды қадағалайды, т.б.

2. «Халық мәслихаты» аудандағы үйлерінде тіркеуде тұратын жергілікті адамдар болғандықтан (Ақсақалдар кеңесі сияқты), ешқандай Әділет министрлігі мекемелерінде қосымша тіркелуді қажет етпейді; 

3. Биліктің өз «қалаулыларын» парламентке тағайындаған «сайлауынан» кейін, халық Қазақстанда әділетті қоғам орнар деген үмітінен мүлде айырылды. Қазақ халқы тарихта басына қара бұлт үйірілген кезеңдерде игі жақсыларын пана тұтқан. Ал Қазақстан билігінде 30 жыл отырып, елді тоздырған топты «игі жақсыларымыз» деуге бүгінде ешкімнің аузы бармайды.

Ендеше халық «игі жақсысын» қитұрқы тәсілдермен билікке жеткен қулардан емес, өз ортасынан іздер уақыт келді. Сондықтан халық бір-біріне ұқсас «партиялық бағдарламаларға» (танымайтын біреулерге) дауыс бермей, әр ауданның жұрты «ел сенімін ақтар игі жақсымыз осы» деген білетін адамын парламентке өзі ұсынуға тиіс. 

4. Билік 30 жыл бойына «Конституцияларды» халыққа үнемі жоғарыдан таңып, мемлекетті неофеодализм түнегіне ендірді. Бұл түнектен Қазақстанды тек халық «төменнен» өзі жасайтын Конституция алып шықпақ. Жергілікті «Халық мәслихаты» парламентке өкіл адамды таңдауға, бірлесіп Жаңа Конституция жобасын жасауға халықты жұмылдыруға тиіс.

Жаңа «Халықтық Конституцияда» әкімшіл-әміршіл жүйеден қалған, авторитаризмді орнықтырған бабтар (лауазымдар) болмауға тиіс. Парламент бір палаталы болып, «тағайындаған депутаттардан» тұратын Сенат пен Халық ассамблеясы деген болмайды. 

Халықтық парламент Жаңа Конституцияда ҚР жоғары билігінің лауазым түрлерін белгілеген соң, сол қызметтерді (премьер-министр, әртүрлі министрлік қызметтер) атқарамын деуші азаматтардың өтініштерін Парламенттік комиссиялар қарап, конкурстан өткенін қызметтерге бекітеді. (Осылайша биліктегі сыбайластық пен жемқорлықтың тамыры қырқылмақ).

АҚШ штаттарындай, аудандар өз өкілдерін парламентке тікелей жіберетіндіктен, ортадағы «облыстық мәслихат, әкімшілік» сияқты әкімшіл-әміршіл жүйеден қалған бюрократтық құрылым қажетсіз болмақ. Қазіргі облыс орталықтары және арнайы мәртебелі қалалар бір-бір аудан ретінде саналып, өз «Халық мәслихаттарын» құрып, парламентке өкіл депутатын жібереді.

Жаңа Конституцияда қандай бабтар болуға тиіс деген жаңа терминдерге қатысты ұсыныстарын, өзге де туындаған сұрақтарын жұртшылық, аудан «Халық мәслихаттары» және парламентке таңдалған депутаттар «Азат» қозғалысы («Қазақ елі» бірлестігі) құрған «Конституциялық реформаны Үйлестіру орталығына» мына адрестерге жолдауын сұраймыз: 

  • Алматы қаласы, 050060. Гагарин даңғылы, 181-үй, 20-пәтер. Е-майл: 3825761@)mail.ru; тел. 8 707 495 2132. Хасен Қожа-Ахмет;

Орал қаласы. Аманжол Зинуллин. Тел. 8 705 567 1866. Е-майл: [email protected] 

Қазақстанның әр ауданында белсенді азаматтар «Халық мәслихаттарын» құрып, 1995 жылғы Конституцияда жазылғанымен, іске асырылмай жатқан «жергілікті өзін-өзі басқаруды» қолға алуы, биліктің араласуынсыз парламентке өз өкілетті депутатын ұсынуы, осылайша «партиялық жүйе арқылы сайлау» деген алдаудан бас тарту – Қазақстанды саяси тығырықтан шығаратын жол болмақ. Іске сәт, ардақты халайық! 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн