«ХАЛЫҚ СЕНІМІ» қозғалысы құрылды

  • Елімізде шынайы саяси реформаларды жүзеге асыруға мүдделі, ел арасында танымал бір топ қоғам белсенділері «Халық сенімі» қозғалысын құрғанын жария етті. Бұл жөнінде кеше – 23 маусымда Алматыда баспасөз мәслихаты өтті.

Дипломат, экономист, жазушы, ақын, ауған соғысы ардагерлері мен заңгерлерден жасақталған ынталы топтың ішінде Қазбек Бейсебаев, Марат Уатқан, Талғат Айтбайұлы, Байдәулет Дәркембай, Ғабиден Жәкей, Болат Шарахымбай және басқа да белсенді азаматтар бар. Сөз алған спикерлердің мәлімдеуінше, қозғалыс қоғамнан қолдау тапса, ол болашақта саяси партияға айналмақ. Осы мақсатта қозғалыс өкілдері алдағы уақытта аймақтарды аралап, өздеріне жақтастар іздемек.

Баспасөз мәслихатында Қазбек Бейсебаев пен Ғабиден Жәкей «Халық сенімі» қозғалысының тең төрағасы ретінде таныстырылды.

 «Баға шарықтап, адамдардың күн көруі күн санап қиындап барады. Пандемия осыған дейін жасырып келген барлық проблемаларымызды ашып берді. Билік болса, өзекті мәселелерді шеше алмайтын, дәрменсіз екенін көрсетті. Осыған дейін біздің атқамінерлеріміз туындаған мәселелерді ақшамен шешіп келсе, енді ол ақша да бітуге таяу қалды. Тығырықтан шығу үшін, билік Ұлттық және зейнетақы қорларына қол салды. Осыған дейін айтылып келген бірде-бір мемлекеттік жоба іске асқан жоқ. Жобаны орындамағаны үшін бірде-бір шенді жауапқа тартылмады. Өтелмеген сыртқы қарыз бар. Бұлай кете берсе, мемлекеттігімізден айырылу қауіпі төніп тұр. Сол себепті «Халық сенімі» қозғалысын кейіннен партияға айналдыруды мақсат еттік. Жағдайды қолымызға алмасақ, келешек ұрпақ алдында кешірілмес күнәға батамыз», – деп, Қазбек Бейсебаев ойын ортаға салды.

«Халық сенімі» қозғалысына қатысты толыққанды мәліметті газетіміздің келесі санында оқи аласыздар.

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн