Шымкентте жүргізушілер ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚТЫ

blank
  • Кеше 3 ақпанда Shymkent Bus автопаркінің жүзден астам жүргізушісі мен кондукторы жұмысқа шығудан бас тартып, жалақыларын көбейтуді талап етті.

«Азаттық» тілшісінің хабарлауынша, сәрсенбі күні таңертең автопарк маңына жиналған жұмысшылар жалақыларының мардымсыздығына, жұмыс берушінің «орынсыз» талаптарына қарсы шыққан. Олар жұмыс берушінің төлем картасы енгізілсе де, қолма-қол ақша төлейтін жолаушылардан түсетін ақшаға қатысты жоспар жүктеп қойғанына шағымданды.

«Өз басым айына 150 мың теңге аламын. Қолға таза 120 мың түседі. Кондукторлар мүлде төмен алады. Жалақылары 70 мың болғанымен, оның өзін де дұрыс бермейді. Біз төлем картасына қарсы емеспіз, тек жүргізушілерге нақты жалақы белгілеп, көбейтсін. Жоспарды алып тастасын. Жағдайды жақсартсын», ­­­– деді жүргізушілердің бірі.

Наразылар жұмыс берушілер автобусты жуу, түскі тамақпен қамтамасыз етуі тиіс болса да, ол міндетін орындамайды деп те шағынды. Жоспарды «орынсыз» көтеретінін де айтты.

«Кешке келесің – жоспарды көтеріп тастайды. 2–5 мың теңге қоса салады. Не кондукторға айлық жоқ, не жүргізушіні жарытпайды. Төлем картасын кондуктор болмаса, халық валидаторға ұрмайды. Біздің жан-айқайымызды кім естіп жатыр? 70 мың теңгелік айлық кімге жетеді? Біреудің несиесі бар, біреудің пәтерақысы бар. Директор «осы жерге қоныңдар» дейді. Сонда бала-шағамызды кім бағады?» – дейді кондукторлардың бірі.

Ереуілшілерге қала әкімі Мұрат Әйтенов келіп, оларды жұмысқа шығуға үгіттеген. Кешке дейін мәселелерін шешіп беруге уәде берген. Бірақ жұмысшылар оған көнбеген.

Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, Shymkent Bus басқару компаниясында 450 шақты жүргізуші істейді. Соңғы бір жылда автобустардың толық жаңарғаны хабарланған. Құрылтайшысы – «СПК «Shymkent» акционерлік қоғамы.

Бұл екі арада

ЖАҢАЖОЛ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ жалақыны өсіруді талап етті

  • «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Жаңажол кенішінде клининг қызметін көрсететін «Биккор» серіктестігінің жұмысшылары 2 ақпан күні жалақыларын көбейтуді талап етіп, жұмысқа шықпай қойды. Олар сәрсенбі күні де жұмысқа шығудан бас тартқан.

Желіде тараған видеода Жаңажолдағы мұнайшылар жатақханасы мен асханалардың тазалығына жауапты жұмысшылардың жалақысы аздығына шағымданып тұрғаны байқалады.

– Біздің талабымыз – айлығымызды ең болмаса 100 мың қылсын! Өзіме келсем, осында істегеніме 10 жыл болды. Он жылдан бері 55 мың теңге айлықпен жүрмін. Қалай ашуланбайсың?! – деді ереуілшілердің бірі.

Жаңажол кеніші Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында орналасқан. Аудан әкімдігі Жаңажол кенішінде ереуіл басталғанын растады. Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландиннің айтуынша, видеодағы адамдар – «Биккор» компаниясының жұмысшылары.

«Биккор» компаниясы басшылығының өкілі Әділхан Итбаев жұмысшылар наразылығына «КМК Мұнай», «АМК Мұнай» мұнайшыларының ереуілі себеп болды деп санайды. Басшының сөзінше, ереуілге шыққандардың міндеті уақытша өзге жұмысшыларға жүктелген. Яғни, жұмыс тоқтамаған.

– Кеніштегі тазалыққа жауапты адамдар мұнайшы, бұрғылаушы сияқты ақша алғысы келеді. Олай болмайды ғой. Қолымыздан келгенді істеп жатырмыз. Биылдан бастап жұмысшыларымыз үш мезгіл тегін тамақ ішетін болды, – дейді Әділхан Итбаев.

«Биккор» басшысы «Азаттықтың» «50–55 мың жалақы аз ба, көп пе?» деген сауалына «Қазақстандағы ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінен көп» деп жауап берді.

«Биккор» компаниясы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Жаңажол мұнай кенішінде клининг қызметін көрсетеді. Компанияда вахталық әдіспен 481 адам жұмыс істейді.

Azattyq.org

ТОҚАЕВ ХАЛЫҚТЫ АЛДАП, жерді Қытайға жалға бере ме?

blank
  • Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жер кодексіне түзетулер енгізуді тапсырды. Сондай-ақ президент Жер жөніндегі комиссияны қайта жандандыру қажет екенін айтты. Билік жер туралы жырды қайта көтеріп жатқанына қарағанда, Қытайға жерді жалға бермей тынбайтын секілді. Ал мұның арты халықтың жаппай алаңға шығып, көтеріліс жасауына түрткі болмай ма?

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бір емес, бірнеше рет «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп айтты. Сарапшы Қазбек Бейсебаев жер сатылмайтынын жақсы білетінін, алайда жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесі түбегейлі шешілмегенін айтады.

«Негізі мораторий жарияланған заңда жерді шетелдіктерге жалға беруге рұқсат етілген. Нақтырақ айтсам, шетелдіктерге жерді 49 жылға жалға беру заң бойынша шешіліп қойған. Президент «Жер сатылмайды» деп қайта-қайта айта бергеннен гөрі «жер шетелдіктерге жалға берілмейді» деп нақты айтуы керек еді. Бұл бір.

Екіншіден, заңнан жерді шетелдіктерге жалға беруге мүмкіндік беретін бапты алып тастау керек. Тоқаев нақты әрекет етпей, Жер мәселесіне байланысты комиссия құрып, талқылайық деп отыр. Комиссия құрып әуре болғанша, Жер туралы заңды парламентке қайтарып, жерді шетелдіктерге сатылмайтын және жалға бермейтіндей етіп бекіту керек. Басқа сөздің бәрі – бос сөз», – дейді сарапшы.

Қазақтың жеріне іргеміздегі Қытай елі қызығушылық танытып отырғаны белгілі. Қазбек Бейсебаев Қытайға жерді жалға бергеннен гөрі өзіміз одан өнім өндіріп, сатқан тиімді екенін айтады.

«Үкімет жерді кімге жалға бергісі келіп жанығып отыр? Мәселен, іргеміздегі Ресейде ауыл шаруашылығына қажетті жер жетеді. Ал екінші бір алып көршіміз Қытайға ауыл шаруашылығына қажетті құнарлы жер керек. Себебі халқы миллиардтан асқан Қытайға күнделікті қорек ететін азық-түлік қажет. Біздің бидайымыздан бастап, ет, көкөнісімізге дейін Қытай қызығып отыр. Сондықтан да жоғары шенді шенеуніктер Қытайға жер беруге құлшынып отыр деп ойлаймын. Қытайға жерді жалға бергенше, біз неге сол жерге әртүрлі өнім егіп, сол тауарды сатпаймыз? Неге осы жұмысты үкімет ұйымдастырып, жүргізбейді? Билікте отырған адамдар халықтың қамын ойлап отырған жоқ, өзінің қалтасының күйін күйттеп отыр», – дейді ол.

Иә, расында, қазақтың жеріне Қытайдың көз алартып отырғаны жасырын емес. 2009 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Қазақстаннан соя мен рапс өсіру үшін 1 млн гектар жер сұрағанын айтқан болатын. Бұл мәселе қоғамда пікірталас туғызып, халық қатты наразылық білдіргеннен кейін басылған.

Әйтсе де, арада 10 жылдан астам уақыт өткенде жер мәселесі тағы да алдымыздан шығып отыр. Денесінен ет кесіп алса үндемейтін халық жер дегенде алаңға алқынып шығатыны белгілі. Осы ретте «билік неге жер сатуға құлшынып отыр?» деген заңды сұрақ туындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жер мәселесі жөнінде комиссия құрамыз деп халықты алдағанша, неге Жер туралы заңды парламентке қайтарып, халықтың көңілінен шығатын заң қабылдап бермейді? Егер Жер туралы заң халықтың талап-тілегіне сай қабылданбаса, онда биыл наразылық оты бұрқ ете қалуы мүмкін. Билік мұны неге есепке алмай отыр? Не де болса, биыл «Не бел кетер, не белбеу кетер» дейтін жыл болмақ.

Аслан АМАНБАЙ

Аrasha.kz

Айтпақшы

Пайдаланылмаған жерді ҚАЙТАРЫП АЛУ мерзімі бір жылға қысқарады

Қазақстанда пайдаланылмаған ауыл шаруашылық жерлерін қайтарып алу мерзімін екі есеге қысқарту ұсынылуда, деп мәлімдеді ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров.

«Пайдаланылмаған ауыл шаруашылық жерлерін қайтарып алу мерзімін екі жылдан бір жылға дейін қысқарту, космомониторинг мәліметі негізінде сот тәртібімен қайтарып алу, қағаз түрінде хабарлама жіберуді SMS-хабарландыру арқылы электронды форматқа көшіру бойынша заң жобасы әзірленді, қазір ол үкіметте қаралуда», – деді Омаров сейсенбідегі үкімет отырысында.

ҚазТАГ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн