Шымкентте НАН қымбаттады

  • Шымкентте нан бағасы өсіп кетті, нан қауымдастығы түсінік беруден бас тартты, деп хабарлады «Хабар 24».

«Жаңа баға сатып алушыларды да, сатушыларды да қуантпады. Енді әлеуметтік нанның бағасы 80 теңге. Яғни, 5 теңгеге қымбаттаған. Нан қауымдастығы түсінік беруден бас тартты», – делінген кеше таратылған хабарда.

Әкімдік те нан бағасын көтеруге мәжбүр болғандарын айтып отыр. «Себебі базарда ұн, ашытқы, өсімдік майы және ЖЖМ бағасы қымбаттаған. Нан пісірушілер үнемі шығынға ұшырап келе жатқандарын, тіпті нан пісіруді тоқтатуға дайын екендерін айтып шағымданған. Олар бір нанның бағасын Т87 деп белгілеуді сұраған. Алайда бүгіннен бастап, оларға тұрақтандыру қорынан ұн жеткізілген, оның әлеуметтік бағасы Т132/кг», – делінген хабарда.

ҚазТАГ

93 КҮН ТҰРҒАН наразыларды полиция ҰСТАП ӘКЕТТІ

  • Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп, 93 күн бойы наразылық өткізіп жүрген бір топ адамды 11 мамыр күні полиция ұстап әкеткен.

«Қытайда қалған жақындарын іздеген аналар әдеттегідей Қытай консулдығының алдында пикет өткізді. Ол жерден тікелей эфир түсіріп, екінші нысан Қытай банкіне бардық. Біз консулдық алдынан кеткен соң, үш адамды – Ақиқат Қалиоллаұлы, Нұрзат Ермекбайқызы және Гүлпия Қазыбекқызын полиция алып кетті. Қытай банкінің алдында іс-шара өткізген соң, Жеңіс Зарқанұлы үйіне барған, оны сол үйінен алып кетіпті. Банктен шыққан соң, үшінші жер – Қытайдың Sinooil жанармай құю станциясына бардық. Ол жерде наразылықты тікелей эфирге түсірдім. Эфирімді аяқтағаннан кейін көлігімізге барып отырмақ болып едік, көліктің айналасын полицейлер қоршап тұр екен. Сол жерден бәрімізді алып кетті. Қайта эфирге шығуға мүмкіндік болмады, телефонымды бірден тартып алды. Менімен бірге тағы төрт адам – Алмахан Мырзанқызы, Тұрсынгүл Нұрақай, Халида Ақытқанқызы және Бикамал Кәкенқызын ұстап әкетті. Мені Медеу аудандық полиция бөлімшесіне алып барды. Ал қалғандарын қайда әкеткенін білмеймін, – деді Байболат Күнболатұлы Медеу аудандық полиция бөлімшесінен шыққан соң.

Күнболатұлының айтуынша, полиция бөлімшеде Қытай консулдығы алдындағы наразылық шаралары жайлы сұраған. «Бөлімшеде маған бір видеоны көрсетті. «Консулдық алдында наразылыққа шыққандармен бірге сөз сөйледің» дейді. Мені ұстап алды да, қандай айып тағарын білмей, бірнеше сағат жүрді. Хаттамаға қол қоймадым және түсініктеме жазбай қойдым. Кейін кешкі тоғыздан аса «ертең келіңіз» деп қолыма шақырту беріп, босатты, – дейді ол.

Күнболатұлы полицияның мұндай әрекетін сес көрсету деп санайды. «Азаттық» тілшісі ұсталғандардың бірі Тұрсынгүл Нұрақайдың босатылғанын анықтады. Қалғандары жайлы әзірге ақпарат жоқ, телефондары өшіп тұр.

Қытайдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген адамдарды полиция ұстағаны туралы «Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина мен құқық қорғаушы Ерлан Қалиев те жазды. Олардың сөзінше, полиция ұсталғандарды Медеу және Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген.

Алматы қалалық полиция департаментінен бұл жағдай туралы комментарий алу мүмкін болмады.

Azattyq.org

Жалған тарих КІМГЕ КЕРЕК?

10–11-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламалары жайлы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі, елдің «демократиялық жолға түскені» жайлы жазылады. Бірақ оқулықтарда теңгенің құнсызданғаны, Шаңырақ пен Жаңаөзен оқиғасы, саяси қайраткерлердің қазасы туралы айтылмайды. Осы орайды «Азаттық» тарих оқулықтарына енбей қалған 30 жыл ішіндегі елдегі негізгі оқиғаларды тізіп шығыпты:

Совет Одағын сақтап қалу

Жоғарғы Кеңесті тарқату

Президент билігін күшейткен Конституция

Теңге мен оның құнсыздануы

Жас түркілер құрған ҚДТ қозғалысы

Шаңырақ оқиғасы

Нұрқаділов пен Сәрсенбаевтың атылуы және «Рахатгейт»

Назарбаевтың елбасына айналу тарихы

Жаңаөзен оқиғасы

Ұлтаралық жанжалдар

Сөз бостандығын шектеу

Жемқорлық мәселелері

Елдің жаңа тарихында болған осы елеулі оқиғаларға «ДАТ» топтаған тізімді қосайық:

Экс-вице-премьер Ғалым Әбілсейітов бастаған «Азамат» қозғалысын жабу (1995-96 ж.);

Елдегі бірінші оппозициялық партия «РНПК»-ның құрылуы мен жабылуы және Әкежан Қажыгелдинді қудалау (1998–2000);

Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысы бар «Қазақгейт» жемқорлық шырғалаңы (1999–2008);

Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбілязовтың сотталуы (2002);

Жер дауына қатысты мәселелер және Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотталуы (2003–2021);

«Ақ жол» партиясын бөлшектеу тарихы, «Азат» партиясының жабылуы (2004–2006);

«Алға!» және «Алға, ДВК!» партиясын қудалау (2006–2011);

Болат Әбіловтың саяси қызметі және оның оппозициядан кетуге мәжбүр болуы (2006–2013);

Әділетсіз және өрескел заңбұзылушылықпен өткен Қазақстан сайлаулары (1998–2021);

Иманғали Тасмағамбетовтің биліктен кетуі (2017);

«Арыс» полигонындағы жарылыс (2018);

Бес бірдей сәбидің өртеніп кетуі және көп балалы аналар қозғалысы (2018–2021).

Дат-ақпарат

Еуропарламент қарары ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

blank
  • 11 мамырда құқық қорғаушылар Әлима Әбдірова (суретте) мен Ольга Климонова Ақтөбе облысы әкімдігінің алдына барып, пикет өткізді. Құқық қорғаушылардың сөзінше, бір адамдық пикет өткізу үшін олар қала әкімдігіне биылдыққа 22 рет хабарлама берген.

Ақтөбедегі Әбілқайыр хан ескерткішінің жанына алдымен құқық қорғаушы Әлима Әбдірова барып, «Соттар мен Назарбаевқа санкция салуды талап етемін!» деген жазуы бар плакат көтерді. «Бүгін Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқықтары туралы қарар қабылдағанына тура үш ай болды. Еуропарламентте қазақстандық кей шенеуніктерге санкция салу туралы да айтылды. Мен де Қазақстан соттары мен Назарбаевқа санкция салынуын талап етемін! Өйткені тура 37-жылғыдай шешім шығаратын соттарды Назарбаев тағайындап отыр. Сол жылдары қазақ зиялылары түгел қаза болған еді. Тірі қалғаны ГУЛАГ-қа жіберілген. Дәл сол кездегідей мына адамдар құқық қорғаушылар туралы мәлімет жинап, үнемі басқан ізімізді аңдиды», – деді Әбдірова өзін бейнетаспаға түсіріп тұрған бейтаныс жігітті нұсқап.

Әлима Әбдіровадан соң Әбілқайыр хан ескерткішінің жанына құқық қорғаушы Ольга Климонова шықты. Климонова мен Әбдірова алты жыл бұрын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілерін қорғаймыз деп жүріп істі болғанын айтты. Сондықтан олар «Қазақстанда балаларды азаптан қорғаудың салдары – өмірлік жаза!» деген жазуы бар плакат ұстап шықты.

«Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы он жылдық тәжірибеме сүйене айтар болсам, Қазақстанда осындай азаматтық акциялармен ғана бірдеңе өзгертуге болады. Өйткені біздегі мемлекеттік мекемелер, соның ішінде заңның орындалуын қадағалауы тиіс прокуратура да, соттар да жұмыс істемейді», – деді құқық қорғаушы Климонова.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн