Шымкентті қымбатшылық ҚЫСҚАН СОҢ, басқа аймақта күй қандай?

  • Шымкентте азық-түлік бағасы күн сайын қымбаттап жатыр. «Жалақы аз, күнкөріс қиын» дейтін тұрғын көбейген. Cатушылар тамақтан қаржысын қатты үнемдейтін, алатын затының ақшасын бөліп төлейтін адам көп дейді.

Шымкент қаласының тұрғыны Ербол – бес баланың әкесі. Әйелі Гүлсім бала күтімімен демалыста отыр. Ербол қаладағы жеке меншік компаниялардың бірінде заңгер болып жұмыс істейді. Айлық жалақысы – 200 мың теңге (470 доллар). Балаларына 55 мың теңге (130 доллар) жәрдемақы және алады.

Көп балалы отбасының табысы күнделікті тамақтан артылмайды. Ербол жалақысын алған бойда бір айға жететін азық-түлікті сатып алуды әдетке айналдырған.

– Көріп тұрсыз, баға өскен, ал жалақы сол қалпы. Ең керек деген азық-түлік пен тазалағыш заттарды 60 мың теңгеге сатып алдым. Бұдан бөлек картоп, пияз, сәбіз, қызылша, асқабақ сияқты көкөніске 20 мың теңгедей жұмсаймын. 60 мың теңгеге бір жілік жылқы етін сатып аламын. Коммуналдық төлем айына 30 мың, бензин – 20 мың теңге, төрт баламның тамағы мен жол шығыны – 20 мың теңге, қалған ақшаны бөліп төлеуге сатып алған киім-кешекке жұмсаймын. Жеміс-жидек, айран-сүт алуға ақша жетпей жатады, – дейді ол.

Ерболдың айтуынша, бір жыл бұрын азық-түлік пен коммуналдық төлемге 100 мың теңге жететін. Күнделікті айран-сүт, жеміс-жидек сатып алуға мүмкіндігі болған.

Мысалы, 2020 жылдың аяғында 1 литр сүт 200 теңге еді. Қазір 300 теңге. 25 келі шығатын бір жілік жылқы еті 50 мың теңге болса, қазір 60 мың теңгеге жеткен.

– Байқасаңыз, дүкеннің көбінде қарызға алу, бөлеп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Демек, мен сияқты тамақты, киім-кешекті, дәрі-дәрмекті кейде қарызға алатындардың саны көп. Бұл – жұрттың жалақысы жетпей, күнкөрісі қиындай түскенінің белгісі. Несиесі бар, пәтер жалдап тұратын адамдардың жағдайын айту қиын. Өмір сүру керек болған соң, осылай барын құрап, жоғын сұрап, күнелтіп отырмыз, – дейді Ербол.

Шымкентте күнделікті тұтынатын тауар бағасы өскенін саудагерлер де, жергілікті билік те мойындайды. «Азаттық» тілшісі бағаның жайын білу үшін тұрғындар «арзан» деп жиі баратын сауда орталықтары мен базарларды аралап көрді.

Орталық базар маңында адам ығы-жығы. Базарға кіргеннен сол жақ бетте азық-түлік, көкөніс, ет сататын сауда сөрелері бар. Сатып алушылардың дені көкөніс пен дәнді дақыл сататын маңда жүр. Ет пен сүт өнімдерін сататын жақта адам аз. Киім-кешек жақта жүргендер қарасы тіпті сирек.

  • Шымкент сауда орталығындағы ұн бағасы.

– Бұл жолы баға бірден көтерілді. Әсіресе ұн бағасы ұшты. Екі апта бұрын 7700 теңге болған 50 келі бірінші сортты ұнды қазір 9500 теңгеге сатып жатырмыз, – деді аты-жөнін айтқысы келмеген сатушы әйел.

«Майдың бағасын айтсаңызшы» деп сөзге араласты сұйық май мен қанттың ең арзанын алып жатқан ер кісі. «Енді қалай күн көреміз? Бағаны бақылайтын, тұрақтандыратын өкімет бар ма?» – деді сұраулы жүзбен.

  • Шымкенттегі сұйық майдың бағасы.

Ұн мен өсімдік майының күрт қымбаттағанын әкімдік өкілі де мойындайды. «Биыл өсімдік майының бағасы шарықтады. Шымкент қаласында ұн мен ұннан жасалған өнім бағасы солтүстік өңірдегі нарыққа тәуелді. Биыл бидайдың бітік шықпауы, қуаңшылық ұн бағасына әсер етті», – деді «Азаттыққа» Шымкент қалалық ауыл шаруашылық басқармасы сату бөлімінің басшысы Қайрат Базарбеков.

Базарда ұннан бөлек, жұмыртқа мен сүт өнімдері бағасы да қатты өскен. Сатушылар кейінгі екі аптада жұмыртқа 10-15 теңгеге, сүт 50 теңгеге қымбаттады дейді. Мал етін алушы азайып, одан әлдеқайда арзан құс етіне сұраныс көбейген.

  • Cауда орталығындағы жұмыртқа бағасы.

– Қанша жыл сатушы болдым, бірақ жұмыртқа бағасының дәл бұлай қымбаттағанын көрген емеспін. Бұрын ауылдан сүт әкелуші де көп еді. Қазір іздеп барып әкелеміз. Құстың да, малдың да азығы қымбаттаған соң, баға да тұрақтамай жатыр, – дейді сүт сатып тұрған әйел.

Базарда сатылып жатқан азық-түлік кей сауда орталықтарындағыдан қымбат. Мысалы, қанттың келісі базарда 320 теңге болса, сауда орталықтарында – 287 теңге. Орталықта бір адамға 2 келіден артық қант сатылмайтыны ескертілген. Ең арзан күріштің келісі базарда 270 теңге болса, сауда орталығында 223 теңге.

Сауда орталығындағы көкөніс бағасы базардағы көтерме бағамен бірдей. 1 келі картоп – 160 теңге, пияз – 70 теңге, сәбіз – 180 теңге, қырыққабат – 185 теңге.

Қайрат Базарбековтің айтуынша, жергілікті билік кәсіпкерлермен келісіп, жұрт күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың бағасын тұрақтандыруға күш салып жатыр.

Бұл үшін әкімдік кәсіпкер, фермерлермен келісімшарт жасасып, оларға бағаны тұрақтандыру қорынан айналымға қарыз ақша береді, ал кәсіпкер тауарды нарықтағыдан төмен бағамен сатады. Бұл тізімге күріш, бірінші сұрыпты ұн, нан, айран-сүт, сиыр еті, жұмыртқа, сұйық май, қант, тұз, картоп, сәбіз, пияз сияқты азық-түлік түрлері кіреді.

Базарбеков бағаны тұрақтандыруға кәсіпкерлерге биыл 0,1 жылдық пайызбен 5,4 миллиард теңге бөлінгенін айтады. Шарттарды орындаған кәсіпкерлер алған ақшаны жыл аяғында қайтарып беруі тиіс.

Миллион тұрғыны бар үлкен шаһардың төрт ауданында азық-түлікті бұлайша сату, жылжымалы әлеуметтік сауда орнын ашу, жәрмеңке өткізу қандай нәтиже береді? Осы тәртіппен сатылып жатқан «әлеуметтік маңызы бар тауар» бағасы нарықтағыдан 10-15 пайызға арзан дейді шенеунік.

Базарбектовтің айтуынша, қаладағы сегіз сауда орталығында бірінші сұрыпты жұмыртқа әр данасы 33 теңгеден сатылады. «Азаттық» тілшісі әкімдік атаған сауда орталықтарының екеуіне барып, ондай бағада жұмыртқа таппады. Сауда орындарында жұмыртқаның ең арзаны 45 теңгеден сатылып жатты.

Әкімдік өкілі сиыр етінің келісі орташа есеппен 2200 теңге дегенмен, ең арзан базар мен бордақылау орталықтарында еттің бағасы 2400–2700 теңге көлемінде болды.

Әкімдіктің «бағаны тұрақтандыру» механизмімен «әлеуметтік маңызы бар тауар» деген белгімен Шымкенттің ірі сауда орталығында сатылып жатқан көкөністің келісі нарықтағыдан шамамен 20-50 теңгеге арзан, бірақ тауар сапасы нашар көрінді. Картоп, сәбіз, пияздың тым ұсағы, шірігі көп. Соның да арасынан тазасын теріп алып жатқандар бар.

  • Шымкент сауда орталығындағы әлеуметтік бағамен сатылатын нан сөресі бос тұр.

«Әлеуметтік маңызы бар тауар» ретінде ұсынылған 475 граммдық нанның бағасы 73 теңге, бір адамға екі наннан артық берілмейтіні жазылған сөре бос тұр. Сөре жанында нан келетін уақытты күтіп адамдар жүр.

Ресми дерекке сүйенсек, Шымкент азық-түлік бағасының индексі бойынша Қазақстанның облыстары мен республикалық маңызы бар қалалары арасында 11-орында тұр. Яғни, Шымкент арзан қала қатарына жатады. «Арзан қаладағы» ахуал осындай.

Қазақстанда инфляция бірнеше ай қатарынан рекорд жаңартып жатыр. Тамызда жылдық инфляция көрсеткіші 8,7 пайыз, ал қыркүйекте 8,9 пайыз болған. Қыркүйек айының өзінде инфляция 0,4 пайыз болды.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн