ҚАЖЫГЕЛДИНДІ ЕЛГЕ ҚАЙТАРУ – Қазақстанды тығырықтан шығарудың бір жолы

  • Газетіміздің өткен санында ҚР премьер-министрі (1994-97жж.), саяси эммиграциядағы саясаткер Әкежан Қажыгелдиннің «Не істеу керек?» деген мақаласы жарияланған еді. Қазақстанның азаматтық қоғамына арналған бұл тезистерде елдегі демократиялық оппозицияның басын біріктіру және елдегі саяси режимді реформалау мәселелері сөз болған-ды. Бүгін біз танымал саясаткердің ұсыныстарына орай профессор Есенғазы Қуандықтың үндеуін жариялап отырмыз.

Елдегі кейбір қазақтар сәуегейленіп, «Әкежан қартайды», «уақыты өтті», енді Арон Атабек, Макс Боқаев, Иманғали Тасмағамбетов, Мұқтар Әбілязов секілді жаңа адамдар билікке келуі керек дегенді айтады. Мәселен, Байгали Меирамгалиев (қаз-қалпында) деген желі қолданушы «Фейсбукта»: «…Менять шило на мыло, только время терять. Нужны другие, новые люди. Люди из народа, такие как Арон Атабек, Макс Бокаев. Кто ценой своей, свободой доказал, кто он такой…», «Әкежан Қажыгелдин ұры және алаяқ…» – деп жазыпты.

Иә, Арон Атабек пен Макс Боқаев – ұлт патриоттары. Олар елдегі өзгерістер жолында бостандықтан айырылған азаматтар. Бірақ олардың мемлекет басқару тәжірибелері мен саяси білімдері аздық етеді. Әр азаматтың басқа адам қайталай алмайтын өзіндік қабілеті болады. Аронды Әкежанға қарсы қою – саясаттан мақұрым, сауатсыз адамның ісі. Ал Әкежанды жалбағай жамандау – билік жасаған саясат технологиясының әдісі және рушылдық, жершілдіктен туған көреалмаушылық пен саяси сауатсыздықтан туындаған теріс пиғыл.

Ал И.Тасмағамбетов өзі айтқандай, «Назарбаевтың өнімі». Оның Назарбаевқа арнап: «Сіз қазаққа 128 қаған мен хандар жасамаған жақсылықты жасадыңыз» деген сыңайдағы сөз ауанынан оның қандай басшы боларын білдірсе керек. 2003 жылы премьер-министр болып тұрғанда, жерді сатуға мүмкіндік беретін заңды парламентке ұсынған да сол – Тасмағамбетов. «Шаңырақтың» үйлерін тас-талқан етіп бұздырған, халық жанашыры Арон Атабекті 18 жылға түрмеге айдатқан да Иманғали.

Ал Әкежан Қажыгелдин ешқашан Н.Назарбаевты мақтамаған, одан кешірім сұрамаған, намысын сақтап қалған саясаткер. Өзіне басты саяси қарсылас болатын Әкежанды 10 жылға сырттай соттатып, «шетелге ақша тықты» деп іздеу салған кезде Назарбаевтың өзінің ұрлығы әшкереленіп, «Қазақгейт» процесінде жауап беруші болғаны әлі күнге ел есінде болса керек. «Өзін-өзі үш рет атқан» марқұм Заманбек Нұрқаділов Назарбаевтың тапсырысы бойынша оның арандатуына еріп, Әкежанға жала жапқанын өкінішпен мойындап, кейін кешірім сұраған деректер тарихта «бұлтартпайтын» факт болып қалды.

Біз енді еліміздің тығырықта қалған қазіргі дағдарысты жағдайына бас ауыртуымыз керек. Ол тығырықтан шығу үшін, бүкіл халық болып атсалысу ауадай қажет болып тұр.

Елді ондай тығырықтан әлемдік дәрежедегі экономист-саясаткер ғана алып шыға алады. Ал әлдекімдер айтқандай, Әкежан «есептен шыққан», «қартайған» саясаткер емес. Ол Назарбаевтан 12 жас кіші, Тоқаевтан бір жас қана үлкен, Ресей президенті Путинмен құрдас, алдағы наурыз айында 69 жасқа шығады. АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джозеф Байден 79 жаста. Дана халқымыз айтқан ғой: «Ақылды – басқа, ақымақ – жасқа қарайды» деп.

Назарбаевтың қысымымен Әкежан алыс шетелде 23 жыл бойы эмиграцияда жүрсе де, туған елінің қамын жеп, Отанының келешегі үшін алаңдап, президент Тоқаевқа бірнеше рет Қазақстанды саяси-экономикалық тығырықтан қалай алып шығудың, сыбайлас жемқорлықты жеңудің, шетелге аударылған миллиардтаған қаржыны елге қайтарудың жолын, жоспарын көрсетіп, талай хат жазғаны көпшілікке аян. Бірақ бір отбасының иелігіне айналған, өзара шырмауықша шатысқан Қазақстан истеблишменті Әкежан ұсынған бағдарламалық жоспарларға назар аудармауда. Ұлттың қамына қатысты кеңеске құлақ аспау – қазақтың «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ұлағатты сөзіне саяды. Өзі білуге шамасы жетпесе де, мұндай өзім білем деген өзеуреу, білімділерге тыраштанып жала жабу әрекеті мемлекеттің болашағын құрдымға кетіруге апарары сөзсіз.

Әкежан Қажыгелдин қуғындағы Мұхтар Әбілязов секілді «мен премьер-министр болам» деп, алыстан аттандап жатқан жоқ. Жастар ел басқарсын, біз жол көрсетейік, тәжірибелерімізбен бөлісейік деген ақсқалдың сөзін ғана айтуда. Қажыгелдин Әбілязов секілді жұртты митингіге шығыңдар деп арандатқан жоқ.

Халықты өмір бойы алдап, қорқытып-үркітіп, шексіз билікті мәңгілік жүргізу, мемлекетті теспей сорып, байыған үстіне байи беру мүмкін емес. Ескі билік елді жаңа жолға сала алмайтынына көз жетті. Қазақстанды кім тығырықтан алып шығады? Бұл қазір көзі ашық, көкірегі ояу миллиондаған отандастарымыздың көкейіндегі маңызды сұрақ. Қазақтың саяси элитасын екшеп, саралай келе, елді дағдарыстан алып шығуға Әкежан Қажыгелдиннің мүмкіндігі еркін жетеді деген ойға келдім.

Біріншіден, оның жоғары биліктегі тәжірибесі мол. Еліміз өте қиындық көрген 1994–1997 жылдары ол премьер-министр болды. Халықтың есінде болар, 1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық ақшамыз – теңге айналымға енгізілгенде, АҚШ-тың 1 доллары – 4 теңге 80 тиынға бағаланған. Арада 11 ай өткенде, Әкежан Мағжанұлы Сергей Терещенкодан үкіметті қабылдап алғанында, 1 доллар 53 теңгеге жеткен еді. Яғни, тек 11 айда инфляция 1104 пайыз болды! Оның үстіне Терещенко мырза шетелден қарызға алғаннан 2,5 миллиард долларды «әлдебіреулерге» қайтпайтын қаржы ретінде үлестіріп жіберген. 1997 жылдың қазан айының ортасында Қажыгелдин отставкаға кеткенде, 1 доллар 67 теңге ғана болатын. Яғни, 36 айдағы инфляция – 1100 пайыздан 26 пайызға түсті!

1996 жылдың қорытындысымен Әкежанға Адам Смит атындағы «Жыл реформаторы» әлемдік сыйлығы берілді. Бүкіл посткеңестік мемлекеттердің басшылары арасында осы беделді реформаторлық сыйлықты алған жалғыз адам – Қажыгелдин. Адам Смит атындағы халықаралық сыйлық – экономика мен қаржы саласында мемлекеттік дәрежеде үздік жетістікке жеткен, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шебер, ғылыми негізде шеше білген өте жоғары білімді мамандарға берілетін сыйлық.

Екіншіден, Қажыгелдин бүгінде әлемдік экономиканың қайнаған ортасында жүрген саясаткер. Ол әлем елдері экономикасын зерделеп, дағдарыстағы экономиканың қыр-сырын жетік зерттеген маман. Оның үстіне ол – дүние жүзі мемлекеттерінің басшылары мен көпшілік ірі саясаткерлерге танымал тұлға. Халықаралық дәрежедегі беделі жоғары. Оған кезінде Назарбаев тарапынан қудалауға ұшырағанда, Европаның демократиясы дамыған 16 елінің территориясында еркін жүріп-тұруға болатын «Еркіндік паспорты» берілді.

Үшіншіден, ол 23 жыл бойы Европа мен АҚШ-та тұрып, демократияның құндылығын көзімен көрген, көкірек көзінен өткізген азамат. Қазақстанда күн өткен сайын өршіген сыбайлас жемқорлыққа қатыспаған адам. Осы тұрғыдан келгенде, Қажыгелдин мемлекет, қоғам, қазақ үшін ауадай қажет саяси менеджер.

Төртіншіден, Қажыгелдин әу бастан іргедегі қаупі зор Қытаймен емес, қияндағы Жапониямен экономикалық ірі серіктес болуды қалаған-ды. Ол әлемдік демократия мен демократиялық негіздегі ғаламдық экономиканың көшіне еруді аңсаған қайраткер.

Бұл пікірлер негізсіз айтылмаған, тарихта саяси қудалауға ұшырап, кейін мемлекет басқарған ел басшыларының өмірінен алынған тұжырым. Нельсон Мандела өмірінің 45 жылын оппозицияда, оның жартысына жуығын түрмеде өткізген кейін, Оңтүстік Африка Республикасының президенттігіне сайланып, мемлекетіне демократия орнатып берген.

Эмиграцияға кетуге мәжбүр болған Хамит Карзай да АҚШ бастаған ірі демократиялық елдер қолдауымен кері оралып, Ауғанстанның президенті болды. Алысқа бармай-ақ, іргедегі қырғызда «жемқор» атанып, түрмеге қамалған Садыр Жапаровты өз халқы түрмеден босатып алып, өздерінің президенті етіп сайлады.

Тоқ етерін айтқанда, Әкежанның жұрт айыптайтындай қазақ халқына жасаған қиянаты жоқ. Әкежанды жұрт білмей жазғырады, оны «колхоз» бен «совхозды» таратқан басшы, Орта жүз территориясында орналасқан 5 облысты жапқан Қажыгелдин деп лақап таратты. Қисынға келмейтін осы айыптың жала екенін жұрт әлі күнге білмей, билік таратқан өсектің өзегімен адасуда. Қажыгелдин 1994 жылдың соңында – қазан айында үкімет басына келгенше, республиканың барлық колхоз, совхоздарын С.Терещенко мен Н.Назарбаев талан-таражға салып біткен. Бұл авантюралық әрекетке Әкежанның еш қатысы жоқ.

Мен көзі ашық, елін, қазағының келешегін ойлайтын азаматтарға айтарым: Әкежанды елге қайтару қозғалысын құруды ұсынамын. Бұл ұсынысымды өздерін патриотпыз, бірігейік деп жүрген, бірігудің мәнін түсінген азаматтар: әсіресе Жанболат Мамайға, Макс Боқаевқа, Әсем Жәпішоваға, Азаматхан Әміртайға, Нұржан Әлтаевқа, Тоғжан Қожалиеваға және т.б. есімдері аталмаған қоғам белсенділеріне арнаймын. Құр сөзбен «революция» жасайтын «диван батырлары» қажет емес.

Біз бірігіп, француз философы Жан Жак Руссо көрегендікпен айтқан: «Күшенгіш биліктің барлығы күлкілі жағдайда болады: олар билеп-төстеу үшін халықты ноқталап, өлместің жағдайында ұстағысы келеді, соған қарамастан, олар сол – өлместің күнін көріп отырған халықтың арқасында күшейіп кетсек деп дәмеленеді», – деген саяси бағасынан қорытынды шығарып, билікке қарсы бірігіп күресуге шақырамын.

Есенғазы ҚУАНДЫҚ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн