Қазақстан екі уран кенішін ҚЫТАЙҒА САТТЫ

  • «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы «Орталық» ӨК» серіктестігіндегі үлесінің 49%-ын Қытайдың China General Nuclear Power Corporation еншілес кәсіпорнына шамамен 435 млн АҚШ долларына сатқан, деп хабарлайды Аrasha.kz.

Еске салсақ, «Орталық» ӨК» ЖШС-і – «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес кәсіпорны. «Орталық» ӨК» серіктестігі Мыңқұдық және Жалпақ уран кен орындарын игеруде.

«Мәміле аяқталғаннан кейін, «Қазатомөнеркәсіп» өз үлесінің 51 пайызын сақтап қалады, ал CGNPC немесе оның үлестес компаниясы «Орталық» ӨК» серіктестігіндегі қатысу үлесінің 49%-ын сатып алады, бұл ретте әріптестер уран сатып алуды осы кәсіпорындағы өзінің қатысу үлесіне пара-пар көлемде жүзеге асыратын болады» делінген«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы осы орайда таратқан ақпаратта.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы акционерлік капиталының 75%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі, 25%-ы – «Астана» халықаралық биржасы мен Лондон қор биржасында еркін айналымда. Ал «Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының үкіметі. Яғни, Қазақстан үкіметі елдің жерасты қазба байлығын шетелдерге сату үрдісін жалғастыру үстінде.

Қытайдан ҚАШҚАН үш қазақ

  • Қазақ-қытай шекарасын бұзып өтіп, Шыңжаңнан қашып келген үш қазақ – Қайша Ақан, Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы Қазақстаннан азаматтық немесе үшінші елге кетуге мүмкіндік беретін куәлік сұрады, деп хабарлады «Азаттық». Ал Көші-қон полициясының өкілі «шекарадан заңсыз өткендерге Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіндігі жоқ» дейді.

Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарға жасалып жатқан қысымнан қашып, 2018–2019 жылдары шекара бұзып, Қазақстанға келген Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы және Қайша Ақан Қазақстан Ішкі істер министрлігіне өтініш тапсырып, азаматтық немесе «үшінші елге кетуге» рұқсат беретін куәлік сұрады. Қазақстан былтыр қазанда Әлімұлы, Мұсаханұлы, Ақан және тағы бір Шыңжаң қазағы – Бағашар Мәлікұлына уақытша бір жылға босқын мәртебесін берген.

Алайда Қайша Ақан босқын мәртебесін алғанымен, ешқандай жеңілдік болмағанын, әлеуметтік жағдайының нашарлағанын айтып, «ең аяғы телефонымызды да өз атымызға тіркей алмаймыз» деді. Көші-қон полициясы, заңгерлер мен адвокаттар үшеуіне «Қазақстан заңы бойынша, сотталған адамдар азаматтық ала алмайтынын» айтқан.

Сонымен, тәуелсіз сарапшылардың пікіріне қарағанда, үш «қашқын» қазақ өз Атажұртынан пана таба алмай, кезіндегі Сайрагүл Сауытбай сияқты шетелге кетуге мәжбүр болуда. Ал Қытайдың саяси зәрінен қаймыққан Қазақ өкіметі этникалық отандастарын қорғауға дәрменсіз екені кезекті рет дәлелденді.

ДАТ-ақпарат

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн