Қазақтың саны НЕЛІКТЕН азайып қалды?

«2009 жылғы халық санағы кезінде Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева еді. Бұл қыз біздің Көкпекті ауданының тумасы, осындағы Самар ауылының орыс мектебін алтын медальмен бітірген. Өте алғыр, білімді, қызмет баспалдағына да ешкімнің көмегінсіз, өз күшімен көтерілген. Жазығы жоқ, қылмысы жоқ сол қыз нақақтан күйді. Оның бар кінәсі – санақ нәтижесінде қазақтың нақты санын айтып қойғаны.
  • Жуықта халық санағының қорытындысы шығады. Он жылда бір рет өтетін бұл санақ биыл қалай жүргізілгенін еске алсақ, елдегі қазақтың үлес салмағы 70 пайыздан аспайды деген күдік бар. Себебі – орысқұл билік қазақ халқының санын «өсірмей», оны тұқыртып ұстаудың барлық айла-шарғысын жасайтын сияқты.

Соңғы бір ғасырдың ішінде қазақтың табиғи жолмен өсуі неліктен кібіртіктеп қалды? Осы сұрақ халықты мазалап келеді. Бұл сұрақтың жауабын әріден іздесек, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде патшалық Ресейдің қазақтан солдат алу тарихына тап боламыз. Бірақ бұл соғысқа қанша қазақ тартылғаны және 1916 жылы қазақтан солдат алу туралы ақ патшаның жарлығына қарсы көтерілісте қанша қазақ қырылғаны жөнінде нақты айғақ жоқ. 1919–1922 жылдардағы азамат соғысы кезінде 1 миллионнан астам қазақ қырылды деген жалпылама дерек қана бар.

Алдымен соғыстан қашып, кейіннен ашаршылықтан зардап шеккен қазақ отбасылары Қытай, Ауғанстан, Түркия жеріне босып кетті. Жол-жөнекей олардың көпшілігі қырылды. Ал 1920-30 жылдардағы аштықтан қырылған қазақтардың санын кейбір тарихшылар екі миллионға жеткізеді. Совет өкіметі зорлықпен ұжымдастыру науқанын жүргізіп, қазақтың малын тегіс тартып алып, тігерге тұяқ қалдырмаған 1930–1933 жылдары 4 миллион қазақ аштан қырылып, екі миллионы шетел асып кеткені айтылады.

Осыдан соң іле-шала 1937 жылғы сталиндік репрессияның өткір қылышы миллионға таяу қазақтардың басын шауып, баудай түсірді. Одан да көбін түрмеге тоғытып, Сібір айдады. Осы кезеңдерде де өлгендердің санына әлі күнге жете алмай келеміз.

Көп ұзамай Екінші дүниежүзілік соғыс басталып (1939–1945), бұл зұлматта қанша қазақтар қырылғанының саны туралы мәліметтер де екіұшты. Мұндағы соғыста тұтқынға түскендер хабарсыз кеткендердің қатарына ілініп кеткен сиақты.

Советтік жолмен жүріп келе жатқан біздің билік те әр кездердегі қазақтың бас көтергендерін өлтіріп, оны жасырып әлек. 1986 жылғы Желтоқсан кезінде Алматыдағы қазақ жастары мен студеттерінің қаншасы қырылғаны да солар сияқты су аяғы құрдымға кетті. Оны біздің билік совет өкіметіне жауып, өздері сүттен ақ, судан таза шықпақ. Қазір біздің тарихшылар бұл тақырыпқа көп жолағысы келмейді.

Кейбіреулер Желтоқсанда қырылған жастардың ата-аналары қайда, олар балаларын неге іздемейді, шу неге шығармайды дейді. Іздегенде – қалай іздеді! Оған да билік қарсы амал тауып, КГБ-ны төрт аяғын тік тұрғызды. Өлген балалардың ата-аналарын КГБ күні-түні іздеп, аласұрды. Оларды тауып, балаларыңды іздесеңдер қылмыстық жазаға өздерің тартыласыңдар деп қорқытып, алдап-арбап, қолдарынан қолхат алды. Олар болса, бастан құлақ садақа, баламызды іздемейміз, ешкімге ештеңе айтпаймыз деп жазып берді. Сөйтіп өз балаларынан өздері бас тартып, аруақтары алдында күнәға батты. Іздеудің аяғы осылай тәмам болды. Надан, қорқақ қазаққа не айтуға болады?!

Билік қалай жасырса да, шындықты айтып, озбырлыққа қарсы күрескен қазақтың тұлғалары болды. Алматыдағы ҚазПИ-дің оқытушысы Кәрішал Асанов Қазақстан билігіне қарсы шығып, Желтоқсан көтерілісі жөнінде ашық жазды. Бір кітаппен ғана шектеліп қалған жоқ, он шақты кітап жазып қалдырды. Осы жолда ол қудаланды, жұмыстан шығып қалды, көптеген әділетсіздіктерді басынан өткерді. Жазған кітаптарының қазір біреуі де жоқ, өзі де өмірден өтіп кетті.

Сол сияқты Алматы Архитектура және құрылыс институтының кафедра меңгерушісі болған Әркен Уақов туралы да айтпасқа болмайды. Ол кезінде Москвадағы Ломоносов атындағы универверситетті қызыл дипломмен бітірген. Желтоқсан көтерілісі кезінде студенттерді алаңға өзі бастап шыққан. Өзінің «Геноцид» деген кітабында өлген студенттердің санын 4167 деп, нақты санын көрсетіп кеткен де – осы Әркен. Әркен Уақтың сол аталған кітабын да қазір май шаммен іздеп таппайсың.

Жас жазушы Нұржан Қуантайұлы Желтоқсан қырғыны жөнінде былай дейді:

«Өкінішке қарай, біздің елдің архивтерінде сақталған материал жойылып кеткен деп естиміз. Цифрға жүгінген тарихшылар үшін бұл орны толмас олқылық. Бірақ осыдан жиырма жыл бұрын Серікболсын Әбділдин: «Москваның архивтерінің бірінен желтоқсан дүрбелеңі туралы 37 том жатқанын өз көзіммен көрдім», – деп айтып отырды. Сондықтан бізде жойылып кетсе де, Мәскеуде бар. Түптің түбінде бәрі қалқып су бетіне шығады, тарихшылар сол дүрбелеңнің түп себебін, жастарды арандатқан дөкейлердің аты-жөнін, үш күнгі жазалау операциясының әр минутына дейінгі жай-жапсарын бәрін жазады. Оған күмән болмасын.

Әйткенмен, сатуға шығарылмаса да, кітапханада жоқ болса да, шындықтың бетін ашатын құнды құжат, күшті кітап жоқ емес. Мысалы, Әркен Уақ деген автордың Мәскеуден шыққан «Геноцид против казахского народа» деген кітабы бар. Ол кісі Желтоқсанда ұсталғанда, жоғары оқу орнының доценті, ақыл тоқтатқан азамат еді. Жазалаушы машина оны да еңіретіп соттап жіберген». («Жас Алаш», №100–101 б. 15 желтоқсан 2020 ж.).

Жаңаөзен. Бұл – Алматыдан кейінгі ең қасіретті де қайғылы оқиғаға толы қалалардың бірі. Мұндағы қазақ мұнайшылары еңбекақыларын даулап, жеті ай бойы бейбіт митингіде тұрды. Дәл 2011 жылдың 17 желтоқсанында күтпеген жерден Калашников автоматынан ажал оғы жаңбырша жауды. Сөйтсе, алдын ала мұнда 90 полицияны автоматпен қаруландырып, дайындап қойған екен. Мақсат – митингіні тоқтат деген жоғарының бұйрығын орындамаған мұнайшыларды жазалау. Митингіде тұрған мұнайшыларды да, сол күнгі мерекеге жиналған адамдарды да әп-сәтте қырып жіберген. Билік әдеттегі өтірігіне басып, 16 адам ғана өлді деп хабар таратты. Автоматтың бір магазинінде ғана 30 патрон бар деп есептегенде, 90 автоматтан 2700 оқ шыққан екен. Оқиға ортасында болған мәскеулік журналист Елена Костюченко түнде 80 өліктің жатқанын санап шыққан және тәуелсіз басылымдарға жариялап жіберген. Ал жараланғандардың көбін Жаңаөзендегі ауруханаға сыймағандықтан, Ақтау қаласындағы ауруханаларға жөнелткен. Онда қаншасының өлгенін ешкім айтпайды.

Бұл қантөгісті ұйымдастырған сол кездегі ішкі істер министрі, генерал-майор Қасымов: «Керек болса, тағы да атамыз», – деп, бұл қылмысты өз мойнына алды, бірақ кім тапсырма бергенін айтпады. Іле-шала бұл «ерлігі» үшін билік оған бірден генерал-полковник шенін берді. ІІМ-нің бұрын-соңғы тарихында мұндай жоғары шенге ешкімнің қолы жетпеген.

Кезінде қазақтың саны түріктермен деңгейлес болған дегенді бір газеттерден оқып қалып едім. Оны қойып, біз халық саны бойынша көршіміз өзбектерден де көш кейін қалып қойыппыз. КСРО құлағанда (1991 ж.), өзбектер мен қазақтардың саны деңгейлес – 18 миллион болған. Олар біз сияқты көп ұлттымыз деп даңғойланбады. Біздегі сияқты «ассамблея» деген жалбағай ұйым олардың түстеріне де кірмейді. Өзбекстанда да басқа ұлттардың өкілдері бар, бірақ оларды бауырына тартып, барлығы бір тілде – өзбекше сөйлейді. Мектептері де өзбекше. Шеттен келіп, біреу орысша сөйлесе, оларға ешкім жауап қатпайды. Өзбекте бұл жазылмаған заңдылық. Келімсек адам еріксіз өзбектің тілін үйренеді. Бір ұлт – бір тіл. Тіл біреу болған соң, ынтымағы да, бірлігі де жарасқан мығым, әрі бекем ел.

Назарбаев алғаш президент болғанда, Қазақстан халқын 20 миллионға жеткіземін деп еді. Қане жеткеніміз? Қалай жетеміз, әу баста тәп-тәуір басталған көші-қонды тоқтатып тастады. Оларды орысша білмейді деп – бір кемсітті, бізге масыл болды деп – екі кемсітті. Қазір шетелден Қазақстанға жете алмай, үш миллионнан астам қазақ жылап-еңіреп жүр. Қытайдағы қазақтар байтал түгіл бас қайғының кебін киіп, көбі концлагерьге қамалған. Қаншасы қырылғанын бір жан білмейді. Ара түсуге қазақ билігінде қауқар жоқ. Туған-туыстары бұл жақта арызданса, билік есігінен қаратпай, ит қосып қуып тастайды. Түрмеге қамайды, айыппұл салады. Қытайдан қашып-пысып өткен қазақтарды да түрмеге қамайды, азаматтық бермейді. Сайрагүл сияқты азаматтық ала алмаған қазақтар шетелдерге кетуге мәжбүр болды.

2009 жылғы санақ бойынша есептесек, қазір біздегі қазақтың саны 15 миллионға да жетпейді. Шынын айтқанда, қазақтың санын өсіруге біздің билік құлықты емес. Сол соңғы халық санағында қазақтың санын үш рет кемітті. Ол үлкен дауға ұласып, қазақтың санын қолдан кеміткенін халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов марқұм ашына жазды. Осы 2009 жылғы халық санағы кезінде Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева еді. Бұл қыз біздің Көкпекті ауданының тумасы, осындағы Самар ауылының орыс мектебін алтын медальмен бітірген. Өте алғыр, білімді, қызмет баспалдағына да ешкімнің көмегінсіз, өз күшімен көтерілген. Жазығы жоқ, қылмысы жоқ сол қыз нақақтан күйді. Оның бар кінәсі – санақ нәтижесінде қазақтың нақты санын айтып қойғаны.

Биылғы санақтан да нәтиже күту – тумаған сиырдан уыз дәметумен бірдей. Онлайн түрінде өткіземіз деп бір айтты, 91 сұрақ болады деп тағы шықты. Бәрінен бұрын бұл санаққа 9,1 млрд ақша бөлінді дегенде, жағамызды ұстадық. Таяуда теледидардан санақ аяқталды, санақшылар үй-үйді аралауын тоқтатты деп, ауыздарын қу шөппен сүртті. Сонда әлгі миллиардтарды кімге бөлді? Тағы сол теледидардан халық саны 19 млн. 200 мың деді, онысы түпкі нәтижесі ме, жоқ шамамен айтқаны ма – түсініксіз. Қазақтың санын мүлде айтпады.

Коронавирус пандемиясы басталғалы Қазақстанда қанша халық өлді? Оны да біздің билік боғын жасырған мысық сияқты айтпай отыр. Билік қанша тыраштанғанымен, пандемия басталғалы зираттың көлемі екі есеге көбейіп кеткенін Семейдің халқы айқайлап айтып жүр.

Ресей мен Қазақстанның шекарасы алаң ашық. Біз Ресеймен өкпе-бауырымыз жабысып қалған бір мемлекет сияқты күй кешіп келеміз. Заң жүзінде шекара бар, іс жүзінде – жоқ. Ресейде 150 миллионға жуық халық тұрса, біздегі мөлшер 20 миллионға да жетпейді. Қазірдің өзінде пандемия жайлаған Ресеймен шектесетін екі облыс – Солтүстік Қазақстан мен Павлодар «қызыл» аймақта қалып отыр. Қазақты қырып-жойып, санын азайтқан Ресейдің әр замандардағы билігі екенін енді жасырудың қажеті жоқ.

Осындайда кезінде Сыртқы экономикалық байланыстар министрінің орынбасары, Қазақстанның шетелдердегі елшісі болған Болатхан Тайжанның мынау айтқаны ойға оралады. Ол көптеген мұсылман мемлекеттерінің бірінші басшыларына кіріп: «Қазақстан тәуелсіздігін қалай сақтап қала алады?» деген сұрақты бір-ақ қойған. Сонда солардың барлығы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Кем дегенде бір ғасыр Ресейден бойларыңды алыс ұстап тұрғанда ғана тәуелсіздікті сақтап қала аласыңдар», – деп жауап берген екен.

Әрине, кезінде оның бұл сөздерін Назарбаевтың естімей қалуы мүмкін емес. Бірақ ол өзінің билігін ұзақ уақытқа сақтап қалу үшін, қазақты қасақана Ресейдің құлдығында ұстап, байлап матап қойды. Ал соның зардабын қазақ халқы әлі тартып келеді. Өскенді, өркендегенді былай қойып, оның қанды шеңгелі қазақтың қыл мойнын онан сайын қылғындырып, тырп еткізбей ұстап отыр.

Ратбек АРЫНҰЛЫ,

Көкпекті кенті (ШҚО)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн