Қазақтың саны өсті,ТІЛІ НЕГЕ КЕНДЕ?

Цитата:

  • Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараңды аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес.

 Нельсон Мандела

  • «Мемлекеттік тілді дамыту» бағдарламасына деп, өткен 30 жылда жалпы жиыны 50 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Сонда осыншама қыруар қаржы қайда кетті? Көгерген тіліміз қайда? Енді келіп, лепірген билік 2025 жылы Қазақ елі тұрғындарының 95 пайызы қазақ тілін меңгеретінін айтып, халықтың басын тағы да шыр айналдыруда.

Елдік тұрғыдағы рухани құндылықтарымызды халқымыздың, әсіресе өскелең ұрпағымыздың жадына сіңіру жағы ақсап тұр. «Рухани жаңғыру» деп елді дүрліктіріп, бір шулатып алғанмен, арты өткінші жауындай басылды да қалды. Қазақтың саны, орысшалап айтқанда, «всем чертям назло» өсіп келе жатса да, мемлекеттік тілдің тағдыры жанданудың орнына өз ордасының табалдырығынан аттап шығуға дәрменсіз болып барады.

Бүгінгі таңда елімізде мемлекет құраушы ұлттың – қазақтың саны елдегі халықтың 80 пайызына жетіп қалса да, тіл мәселесі биліктің шылауынан шыға алмай келеді. Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның дерегінше, елдегі халық саны 19 млн-ға, оның ішінде қазақ ұлты 78%-ға жетіп қалған көрінеді («ДАТ», 01.04.2021 ж.).

Қалай болғанда да, жыры көп мемлекеттік тілімізді өз тұғырына қондыратын уақыт жетті. Ресейге де, өзгеге де жалтақтайтын жайымыз жоқ. Біз – әлемдегі өсу динамикасы жоғары елдердің санатындағы мемлекет екеніміз даусыз!

Дегенмен, 2009 жылғы жалпыұлттық санақтың қортындысы бірнеше рет өзгертіліп, 70 пайыздан едәуір асып кеткен қазақтардың санын әдейі азайтып, орысқұл билік өз дегенін істеді. Санақты өткізген министрліктің басшысын нақақ жаламен соттап, есептің нәтижесін «қолдан жасау» жағдайын көрдік.

Менің зерделеуімше, соңғы 7-8 жылда қазақтардың өсімі еселеп артты. Мысалы, соңғы жылдары оңтүстік өңірлерде, әсіресе Шымкент пен Түркістан өңірінде жаңа оқу жылының басында 1-сыныпқа баратын бүлдіршіндер саны еселеп өскен. Кейбір мектептерде бастауышқа баратын баланың саны өскені соншама, әр сынып оқушыларының саны 20–25-ке дейін жеткеніне куә болып жүрміз. Мұндай қуанарлық жағдай Маңғыстау аймағында да байқалады. Еліміздің басқа да өңірлерінде қазақтың өсім ахуалы артуда. Бастауыш сыныпқа баратын оқушыларымыздың 95 пайызы өзіміздің қаракөздер (елімізде жыл сайын 1-сыныпқа баратындардың саны 400 мыңнан асатын көрінеді, яғни жарты миллионды қусырып қалады).

Енді есептеп көріңіз: соңғы он шақты жылдағы мектеп табалдырығын аттаған жеткіншектердің жалпы санын. Қалай болар екен, бұл енді қазақтың үлесі өскенін көрсетпей ме? Бұл фактілер халқымыздың өсімінің жоғары деңгейде екенін білдірмей ме? Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет құраушы ұлттың саны шынында да 80 пайызға жетті.

Біздегі ұлттық санақтың өзі саясаттың құрбанына айналып кетті. Бар гәпті осы жерден іздеу керек. Жалпы, Қазақ елінде байырғы ұлттың санын көбейтпеу жөнінде бір қитұрқылық саясат бар екені рас. Менің білуімше, бұл арадағы басты саясат – елдегі өзгерістерге құштар қазақты тұқыртып ұстауға саяды.

Әйтпесе халқының 80 пайызын мемлекет құраушы ұлт құрайтын Қазақ елінде мемлекеттік тіл өз дәрежесінде неге қолданынылмайды? Осы жауыр болған мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі дау-дабыра бұқаралық ақпарат құралдарында соңғы отыз жыл бойы сөз болып келеді. Бірақ орысқұл билік тарапынан мемлекеттік тілге деген жанашырлық ниет болмады. Қайдан болсын – шенді-шекпенділердің көпшілігі өз ана тілін менсінбейтін болса, барлық мемлекеттік іс қағаздары мен заңнамалар орыс тілінде жасалатын болса…

«Мемлекеттік тілді дамыту» бағдарламасына деп, өткен 30 жылда жалпы жиыны 50 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Сонда осыншама қыруар қаржы қайда кетті? Көгерген тіліміз қайда? Енді келіп, лепірген билік 2025 жылы Қазақ елі тұрғындарының 95 пайызы қазақ тілін меңгеретінін айтып, халықтың басын тағы да шыр айналдыруда.

Қайдағы 95 пайыз?! Еліміздегі халықтың 50 пайызы да мемлекеттік тілді толыққанды меңгеретін түрі жоқ. Билік «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдау мәселесін созбалақтап келеді. Неге? Кім кедергі? Мемлекет құраушы ұлттың мүддесін ескеріп, елді ұлттық даму арнасына бұруға болмас па? Сондықтан бүгінгі таңда қазақ үшін кезек күттірмейтін міндеттердің бірі – «Мемлекеттік тіл туралы» заңды бұлтақтатпай, тез арада қабылдауды биліктен талап ету!

Егер біз дамудың негізін қазақтық-ұлттық мүдде жолына түсіруді бүгін талап етпесек, ертең кеш қаламыз. Өз тілін жетік білетін тұтас бір ұрпақты жоғалтамыз!

Ол үшін бірінші кезекте мемлекеттік лауазымды қызметке, сондай-ақ сайланбалы органдарға (парламент, мәслихат және де барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау, т.б.) үміткерлер тек қана заң аясында – мемлекеттік тілді еркін білу талабы тұрғысында тіркелуі шарт. Яғни, жоғары мемлекеттік лауазымнан бастап, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметке, депутаттыққа үміткерлердің, чиновниктік қызметтерге қабылданатын қызметшілердің ауылдан – астанаға дейінгі барлық деңгейі мемлекеттік тілді толық меңгерген болуы тиіс.

Сөйтіп, кімде-кім заңмен белгіленген сынақтан сүрінбей өтсе ғана, ұлт пен ұлысына қарамай, сайысқа – сайлауға қатысуға жіберілгені орынды болар еді. Бұл жерде халықаралық стандарт сақталып, ешкімнің заң жүзінде құқы шектелмейді (мемлекеттік тілді білмейтіндер мен үйренгісі келмейтіндердің өз обалы – өздеріне).

Бұлай етпейінше, мемлекеттік тілді өз дәрежесіне көтеру мүмкін емес. Ақиқатына келсек, дұрыс елдерде мемлекеттік тілді меңгермеген қызметкерлер – лауазымды орындарда, ал депутат – парламентте отыра ала ма? Әлемде мұндай жүгенсіздік тек қана қазақ мемлекетінде бар екені шындық. Түптеп келгенде, мұндай масқаралықтан, яғни қандастарының ұлттық рухын тұншықтырып отырған орысқұл, арсыз биліктен құтылудың уақыты келді емес пе?

Елдің қазақтық даму жолын қаламайтын қазіргі билік Алаш үкіметінің (1917 ж.) 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтпеді! Кезінде Әлихан Бөкейхан көкеміз: «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні – өзінде, бөлек мемлекет болар» деп армандап кеткен жоқ па? Сол тізгін бүгінде кімнің қолында: қазақтың ба, жоқ әлде ат төбеліндей ғана биліктің бе?! Бөлек мемлекет болғанымыз қайда: Кремль мен Пекинге жалтақтаған билік қазақты қай тығырыққа тығып тастады?

Алаштың 100 жылдығын, Алашорда үкіметінің ғасырлық мерейтойын жоғарғы билігіміз бас болып, ел-жұртты ұйытып, кең байтақ жерімізде Алаштың ұлттық рухын жаңғыртып, ұрпағымыздың ұлттық сезімін оятып, ардақтауға болмайтын ба еді? Кім кедергі? Алаш арыстарының табандылығының арқасында бүгінгі Қазақ елінің көлемді территориялық шекарасы айқындалып, мәңгілікке бекітілді емес пе?

Сонымен, ұлтты рухтандыруға тиісті маңызды шаралар қолға алынып, мемлекеттік тұрғыда аталып өтілуіне парақсыз билік неге қарсы?

Енді келіп, бүгінгі күндері Әлихан атамызға Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының аты беріледі деп, шүкіршілік етіп жүрміз. Осы жерде айта кетер едім, теріскейдегі көптен жыр болып, елді мазасыздандырып жүрген Павлодар қаласының атауын өзгертіп, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атын берсе, құба-құп болар еді. Әлемнің біршама мемлекеттерінде (біздің ел де қалыс қалып жатқан жоқ қой, жетісіп жатпасақ та) халқының жарқын болашағы үшін жанын беріп, арпаласқан көсемдерінің атында қалалар бар емес пе? Сөйтіп, отыз жылдан бері бітпей жүрген дау-дамайға нүкте қойылып, еліміздің терістігін Алаш рухы қорғап тұрмас па екен? Бір оқпен екі қоянды атып дегендей, орекеңдердің ауызына құм құяр едік.

Сонымен қатар қазіргі аты бар да, заты жоқ (қаншама ұлтаралық қақтығыстар, дау-жанжалдар орын алғанымен, алдын алуға септігі тиді ме?), Қазақстанның халық ассамблеясы ғимараттарының негізінде Алаштану орталығын ашып, халқымыз руханиятының көтерілуіне жаңа динамика беру қажет деп ойлаймын. Жалпы, «Алаш» ұраны қазақтың басын біріктіру, елдік мұратқа жетуді көздеу емес пе? «Алаш» бағдарламасының негізгі идеялары ұлт рухын көтеру, тіл саясатын мемлекеттік деңгейде ұстануға түрткі болмай ма? Қазақ үшін істеген тірліктерін ұрпақтарымыз ешуақытта ұмытпауы керек, өсиет етіп, жадымызда мәңгілік сақтау парыз.

Соңғы жылдары біз «жерімізді саттырмаймыз» деп, жер үшін күресіп жүрген кезде елдегі саяси режимнің кесірінен тіліміздің де нәубетке ұшырау қатері төнгенін сеземіз бе?! Жері бар да, тілі жоқ ел кімге керек? Қытай мен Ресейден басқа ешкімге керек емес! Ұлттық рухымыздың өлгені деген осы емес пе?

Ойланайық, ағайын! Шамасы, елдегі саяси режимді түбірімен өзгертпей, біз ұлттық тұрғыда дамитын ел бола алмаспыз. Барлық проблема – бүгінгі билікте. Егер ол билік бүгінгі күйінде қала берер болса, жуық жылдары біз жерден де, тілден де, елдік мүддеден де айырылған дүбәрә халыққа айналамыз!

Қамысбай БЕРСІНБЕРГЕНҰЛЫ, Ақтау қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн